Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2739 0 пікір 7 Мамыр, 2016 сағат 14:00

ІС ҚОРЫТЫНДЫЛАНЫП, МІНДЕТТЕР БЕЛГІЛЕНДІ

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің отырысында өңірдің 2016 жылғы І тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және IІ тоқсандағы міндеттері қаралды.


Негізгі баяндаманы облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов жасады.

Баяндамашының айтуынша, ауылшаруашылық өнімінің жалпы көлемі - 58,1 млрд. теңгені құраған. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 2015 жылмен салыстырғанда 3,4 мың гектарға артып, 929,6 мың га жетті. Көктемгі дала жұмыстары басталып, қажетті дизель отын, минералды тыңайтқыштар, гербицидтер сатып алынды. Барлығы 69,4 мың тонна мал және құс еті өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 8,5%-ке көп.

Өнеркәсіпте 128,1 млрд. теңгенің, ал өңдеу өнеркәсібінде 100,6 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Жергілікті мазмұн бойынша 5,1 млрд. теңгеге келісімшарттар жасалды, оның мемлекеттік сатып алулардың жалпы көлеміндегі үлесі 66,9%-ті құрады. Жаңа 7 нысан іске қосылып, 5 өндірісті кеңейту есебінен қосымша 169 жұмыс орны құрылды.

Шағын және орта бизнес туралы айта келіп Л. Тұрлашов 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аталмыш сала субъектілерінің саны 6,6%-ке артып, 161,5 мың бірлікті құрағанын жеткізді.

«Бизнестің жол картасы - 2020», «Балапан», «Өңірлерді дамыту - 2020», «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы» бағдарламаларының орындалу барысы туралы да баяндап, орын алған кемшіліктерді, жұмысты дұрыс үйлестіре алмай отырған аудандарды атап өтті.

Атқарған жұмыстары және алдағы міндеттері туралы Райымбек және Ақсу аудандарының әкімдері хабарлады.

Сөз алған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Бекішовтің хабарламасы көктемгі егіс науқанының барысы, дақылдар егу, ет және сүт өндірісі саласының дамуы, қант қызылшасын өсіруді ұлғайту мәселелері жөнінде болды. Оның айтуынша, қазіргі кезде 6350 га қант қызылшасы себілген, егістік жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Сонымен қатар С. Бекішов Ақсу қант зауытын қалпына келтіру жұмыстарының белсенді атқарылып жатқанын айтты.

Құрылыс жұмыстары мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Т. Бектасов биылғы жылға және келесі жылға ауысатын барлық құрылыс нысандары жайлы баяндады.

Жиын қорытындылай келе облыс әкімі А. Баталов жалпы бүгінге дейін атқарылған жұмысты оң деп бағалауға болатынын, дегенмен әлі де іске қарқын қосу қажеттігін атап өтті.

- Барлық бағыттағы жұмыстарды жылдамдату керек. Жан-жақты жоғары нәтижеге қол жеткізуге барлық мүмкіндіктеріміз бар. Ең бастысы Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы әрі тиімді орындауымыз қажет. Қазіргі кезде тұрмыстық қатты қалдықтарды жинақтау мен өңдеу мәселесін шешуге күш салуға тиіспіз. Бұл істі Талдықорғаннан бастау керек. Газдандыру да өте ыждаһаттылықты талап етеді. Сонымен қатар тариф мәселесін шешу де күн тәртібінде тұр. Әлеуметтік мәселе де тұрақты назарда болуы тиіс. Алда мектеп емтихандары, жазғы демалыс. ҰБТ-ны өткізу, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру басым бағыттың бірі болуы керек, - деді А. Баталов.

Сонымен қатар инвестиция тарту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту ісін жалғастыру туралы тапсырма берді. Мәселен, биылғы жылы облыста 84 балабақша салу жоспарланса, соның 75-і – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырылмақшы. Сөйтіп, Алматы облысындағы мектепке дейінгі мекмелермен қамту деңгейі 87 %-ке жететін болады.

Abai.kz

 

 

0 пікір