Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Сын 6463 0 пікір 12 Мамыр, 2016 сағат 12:20

САУЫТБЕК ҚАШАН АҒЫЛШЫНША СӨЙЛЕЙДІ?

Офшорда ақша жасырғандардың тізімінде аты әшкереленген Қазақстанның Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің мектептердегі «Үш тілділік» реформасына зиялы қауым өкілдері өре түрегеліп, қарсылық танытып жатқанын жазған болатынбыз.

Тіпті, Ақордаға арнайы хат жолдап, орта мектептердегі негізгі білім беру тілі ретінде – ағылшын тілін енгізуге наразылық танытқан топ енді Ақордаға өздері барыпты. Бұл туралы «31» арнаның жаңалықтар қызметі хабарлайды.

Орта және жалпы білім беретін мекемелерде бірыңғай білімді өзге тілде оқыту – балалардың сауатсыздануына әкеліп соқтырады деп есептейтін белсенділер – ағылшын тілінің сағатын арттырсын деген балама ұсыныс айтып отыр. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының өзі қандай да бір реформаны қабылдар алдында халық пен қоғам өкілдерімен ақылдасуды мықтап тапсырса да, Ерлан Сағадиев мырза бұған елең етер емес деп есептейді Ақорда алдына жиылған зиялы қауым өкілдері.

Осының алдында жазғанымыздай, Білім министрінің бұл бастамасының шикілігін академиктер мен профессорлардың өздері растаған еді. Мысалы, Академик Асқар Жұмаділдаев мырза, «ағылшын тілін үйрету – қазақ тілінің есебінен жүргізілмеуі тиіс. Математиканы қазақ тілінде «қақпайтын» оқушыға, оны ағылшын тілінде үйрету деген дарақылық» деген еді.

Алайда министр бұл пікірмен де санаспайтынын аңғартты. Қазақтың «бұралқы сөз бұтыма» дейтін қысыр мәтелін министр Ерлан Кенжеғалиұлы берік ұстанатын секілді.

Талай жыл «Егемен Қазақстан» газетін басқарып келіп, биыл ғана Мәжілістегі депутаттық мандаттың біреуі бұйырған Сауытбек Әбдрахманов мырза болса, үш тілділікті қолдайтынын айтыпты.

«31» арна тілшілеріне пікір білдірген су жаңа депутат Сауытбек Әбрахманов, «мектеп қабырғасында үш тілділікті енгізуді қолдаймыз» депті.

«Қандай жұмысты бұрынғы революциялық әдіспен емес, көкейге қонымды эволюциялық жолмен жүру керек. Біз халқымыздың үштілді болуын қолдаймыз. Ол жұмыстың негізі мектеп қабырғасында қалануы керектігін қолдаймыз. Мерзімі жөнінде көп ойлану керек, асығыстыққа бармау керек», - дейді Мәжіліс депутаты.

Айтпақшы, қазақ тілінде жарық көретін еліміздің бас газетін (мемлекеттік позиция тұрғысынан) басқарып келген депутаттың мектептерге үш тілділікті енгізуді қолдайтыны депутаттық ұстанымы деп, түсіністікпен қарағанымызбен, қазақ мектептеріндегі оқушылардың миынан мипалау жасайтын, қазақ тілінің аясын шектеп, негізгі пәрменді ағылшын тіліне ауыстыратын реформаға қатысты азаматтық ұстаным тұрғысынан «ләм-мим» демеуін түсіне алмадық.

Айта кетейік, жақында Астанадағы «Қазақстан» концерт залында KATEV қорының ұйымдастыруымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына әлемнің 25 мемлекетінен жас өнерпаздар жиналды. Әлемнің 25 мемлекетінен түрік лицейлерінде білім алып жатқан өнерлі өрендердің басын қосып, айтулы мерекеге тарту ретінде «Жарқын болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасы халықаралық деңгейде аталып өтілді. Мозамбик, Уганда, Сенегал секілді жырақтағы түрі басқа болса да, тілі қазақ оқушылар келіп, қазақ тілінде ән шырқап, өлең оқыған жиында Мәжілістің атынан Сауытбек Әбдрахмманов сөз сөйледі. Астана төрінде дүниежүзінен жиналған оқушылар қатысқан қазақ тілінің білім олимпиадасынының гала-концертінде мінберге шығып, құттықтау сөйлеген депутат Сауытбек Әбрахманов айды аспанна бір-ақ шығарды. Әуелде әжептәуір Мемлекеттік тілде сөйлей бастаған депутат кенет ресми тілге жүгінгеніне залдағы көрермен де, сахнадағы өнерпаздар да, тіпті БҒМ атынан келген өкіл ханым да аң-таң қалды.

«Жаркын болашақ это одно из самых примеров дружбы народов и языков» деп бастаған Мәжіліс депутаты сөзінің соңын «Да Здраствует Жыркын болашаковцы!» деп бірақ түйіндеді.

PS: Үш тілділікті қолдайтын депутат Сауытбек Әбдірахмановтың қазақ тіліндегі газеттің басшысы болғанын ескеріп, оның Мемлекеттік тілге жүйріктігіне сезіктенбейміз. Өткен жолы Астанадағы жиында алқа-қотан алдында «Да здасвуйлатқанын» да көрдік. Енді бізді "Депутат Сауытбек Әбірахманұлы қашан ағылшын тілінде сөйлейді?" деген сауал толғандыра бастамаса болғаны...

Нұргелді Әбдіғаниұлы 

Abai.kz

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2179
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2578
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2487
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1676