Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Қоғам 7558 0 пікір 13 Мамыр, 2016 сағат 09:42

"ПЕРВЫЙ КАНАЛ ЕВРАЗИЯ" - КІМНІҢ АРНАСЫ?

Бұл шағын мақала әуелі орыс тілінде жазылды. Себебі, Ресейден тәуелсіздік алдық деп қысы-жазы думандатып той-тойлап келе жатқан 25 жылдан бері қазақ тілінің оңалмай қалған ахуалы, жалпы қазақтың ұлттық мәселесі туралы бұқаралық ақпарат құралдарында қазақша айтылып та, жазылып та келе жатқан небір жан шырылына орыстілді басылымдардың оншалықты үн қоспайтынына әбден көзіміз жеткесін орысша жазуға мәжбүр болдық.

Және үкіметтегі қазақтардың қазақша жарияланымдарды оқымайтынын, оқыса оған жауап беруді де қажет деп есептемейтінін, ал орысша басылымдарда шыққан болмашы ғана сын-материалдың өзіне де «сразу среагировать» ететінін де білеміз. Міне, қызық, осы мақаланың орыс тіліндегі сол нұсқасын «Тенгри kz»,  «zona kz», «матрица» деп аталатын орыстілді үш сайтқа жібергенімде оны осы үшеуінің бірде-біреуі жариялауды қажет деп таппады. Сондықтан сол мақаланың жалпы мазмұнын яғни өзімді-өзім қазақшаға сөзбе-сөз тәржімалағаным былай болып шыққан еді.

Иә, «Первый канал Евразия» деп аталатын телеарнаның осы бір үш жүргізушісінің «журналистік» сөйлеу, өздерін экран алдында ұстау мәнеріндегі ерсіліктерін  баспасөз бетінде жариялауды көптен бері армандап жүретін едім. Енді міне, «Жас Алаш» газетінде жарияланған (04.05.2016) «Кім сатқын?» деген мақаланы оқып болғасын осы «Евразия» телеарнасының орыс тіліндегі «Главные новости» бағдарламасы арқылы берілетін, расы қайсы, өтірігі қайсы екені беймағлұм жағдаяттарға деген көзқарасымды бұдан әрі іркуге болмасына анық көзім жетті.  «Жас Алаштағы» мақаланы оқымай тұрып та «Главные новостидағылардың» жер сатылуы мен шетелдерге жалға берілуіне қарсы шыққан наразылықтарды сынап-мінеп, кекетіп-мұқатып, дереу Украинада болған уақиғаларды еске сала, әсіресе, жүргізушілер Аймира Шаукентаева мен Руслан Смыковтың соншама суырыла, өршелене, кеуделерін тынымсыз қозғалақтатып сабақ үлгерімі өте нашар оқушылардың миына дәл осы жолы бүкіл ғылым-білімді құйып тастағысы келген мұғалімше екілене сөйлеуіне және осы наразылықтарды әлдебір шетелдегілер туғызып отыр дегенге  мегзеп отырғанына онсыз да ызаланып, тіпті осы екеуінің қимыл-әрекетіне жиіркене қарағаным да рас.

Иә, күніге кешкі сағат 20.00-де осы «Евразия-1» телеарнасын ашып қалсаңыз, мұндағылар көбіне «әлқиссасын» әуелі Украинада болып жатқан уақиғалардан бастайды. Уақиға болғанда қандай дейсіз ғой? Тыңдап отырып, апыр-ау, мына елдің құрып бітуіне енді неше күн қалды екен, бұл неткен азап шегіп жатқан ел деп өз-өзіңізден зәреңіз қалмайды. Тіпті, Украина деген жер бетіндегі ең заңсыздық орнаған, билік басындағылары кілең өз елінде ойына келгенін істеп есіріп кеткендер, бұл елдің тұрғындары амалсыздан өздерінің ешқандай да, ешнәрсеге де хұқы жоқ адамдар екеніне амалсыз шыдап отырғандар және басқа да өрескелдіктер мен келеңсіздіктер жайлаған ең бейшара ел екен деп қалуыңыз бек мүмкін. Қысқасы, осындағы «Вобщем» деген «колонканың» автор-жүргізушісі Аймира Шәукентаеваша сөйлейтін болсақ, «Вобщем Украинаның жағдайы қиын». Ал ел президенті Порошенко мен оның айналасындағылар ше? Бас-аяғы бірнеше минут А. Шаукентаеваның «Вобщемі» мен Р. Смыковтың «Кстатиін» көріп шыққан аңғал көрермен Украинадан да, Порошенко мен оның айналасындағылардан да безіп кетуі мүмкін. Одан әрі әлгі аңғал көрермен жер бетінде ең бір салихалы да әділ саясат жүргізіп отырған адам жалғыз Путин деп қалуы да ықтимал. «Главные новостидегілер» Путинді былайғы мақтауы аз болғандай Американың шекараға өз әскерлерін шоғырландыруына байланысты Путиннің жаңадан үш дивизия жасақтағанын айта келе титрді «Дальновоидная политика» деген жазумен толықтырып қойды. Жүргізушілер осылайша Украина мәселесін «талқылап» болғаннан кейін енді Американы «қолға алады». Оның басты кейіпкерлері Хиллари Клинтон, Трамп, «кеткелі отырған» Обама және басқалары. Олардың бәрі Путин, Медведев, Лавров сияқты Кремльдегі «бейбітшілік сүйгіштер» мен «гуманистерге» қарағанда кілең бір күлкілі және саяси көзқарастары тұрақсыз, тайыз да әділетсіз адамдар ретінде суреттеледі. Шәукентаеваша айтқанда «вобщем» солай. Ал Смыковше айтсақ, «кстати» бұл телеарнаның «Главные новостиі» Қазақстанда қазақ тіліне лайық орын – мемлекет төріндегі орын неліктен орыс тіліне беріліп қойылғаны, не үкімет басшысы Кәрім Мәсімов, не басқа министр атаулы бүкіл есеп-қисабы мен баяндамасын неліктен тек  орыс тілінде жасайтыны, қазақтың жүздеген ауылдары иесіз қаңырап қалғаны, иесі барының адам шошырлық жай-күйі туралы сыңар ауыз сөз айтпайды. Ресейдің зымыран бөлшектері құлайтын жер неліктен орыстың орманы мен батпағының ортасынан емес қазақтың жерінен берілгені, оны халықтың келісімінсіз беруге ешкімнің тіпті президенттің де хұқы жоқтығы туралы да бұл телеарна жаны шығып жатса да үнін шығармайды. Оның есесіне бұл арнадағылар әнеугүні жерді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де қарсы көтерілгендерге әлдебір шетелдегілер 50, 100, 150 доллардан беріп отыр деген сияқты әрі жалған, әрі жымысқы ақпаратты да айтып қалды. Олар мұндай арандатушылықты қайдан, кімнен алды және  бұл журналистер осынысы үшін неге қылмыстық жауапқа тартылмайды деп әлі бір-бірімізге алақ-жұлақ етуден басқа қолдан келер қайран жоқ. Олардың  бұл әдісі осыдан бірер жыл бұрын елінің, шекарасының тұтастығы мен украин тілінің, ұлтының аман-саулығы үшін көтеріліп жатқан украин халқы туралы жалған, жала ақпарат таратқан Ресей ақпарат құралдарының әдіс-тәсілін қайталау екені көзі ашық кім-кімге де түсінікті нәрсе.

Енді сол Руслан Смыковтың «Кстати» айдары (өздері «оны колонка» деп атайды) туралы. Өз басым Смык деген сөзді қазақтан да, орыстан да естіп көрген емеспін. Алайда, әңгіме онда емес, тек осы Смыков мырза хабардың бас кезінде әуелі жүргізуші Алуа Кетегенова мен  Аймира Шәукентаеваны жаңа көргендей бір-екі минут солармен тілдесіп  отырады да сосын барып экранға қарап «Кстати, здравствуйте!» дейді. Бұл кәдімгі «Айтпақшы, ассаламуалейкум» немесе «Айтпақшы, саламатсыздар ма» деген сөз. Мүмкін, Р. Смыков мұнысын өзінің тележурналистикада ашқан «жаңалығы» деп есептейтін шығар, бірақ, он сегіз мың ғаламды жайлаған бірде-бір тіршілік иесінің   «айтпақшы ассаламуалейкум» немесе «кстати здравствуйте» деп амандасқанын сонау алғашқа қауымдық құрлыстан бермен Қазақстаннан басқа естіген ел жер бетінде жоқ шығар, сірә! Және осы Р. Смыков өзінің осы «жаңаша немесе Смыковша амандасуын» айтып болғаннан кейін бүгін Қазақстанның тәуелсіздік алғанына пәленбай күн болды деп неліктен әлдебір ең соңғы күнді күтіп жүрген адамша күн санап отыратыны да түсініксіз. Әлде Смыков мұнысын да «тәуелсіз ел журналистикасына енгізген «жаңалығым» деп ойлай ма екен?

Ал журналистика мәселесіне келсек, қандай бір уақиға немесе жаңалық туралы хабар жүргізіп отырған журналист ол туралы өзінің пікірін, өзінің көзқарасын қосып, онысын сюжет мәтініне енгізуіне болмайды. Хабар барысында журналист біреуді кінәлап, біреуді жақтап сөйлеуі де оның біліксіз, мәдениетсіз екенін көрсетеді. Көрермен бұл жағдайда оны өзі жақтап сөйлеп тұрған тараптың қолшоқпары немесе жалдамалысы екен деп ойлап қалары сөзсіз. Яғни, журналист хабар кезінде байқамай айыптаушының немесе қорғаушының рөлін ойнап кетуден сақтануы керек. «Роль ойнап» дегеннен шығады А.Шәукентаева мен Р.Смыков хабар жүргізіп отырғанда  өз басым оларда Мәскеудің баяғы кеңестік үгіт-насихат тәсілдерінің сарқыншағы бар сияқты көрінеді де тұрады. Бұл журналистер болған уақиғаны немесе шетел жаңалықтарына қатысты  хабарды баяндап отырған да дауыс ырғағын өздерінің сол уақиғаға көзқарасына қарай жиі өзгертіп, қолдарын, саусақтарын қозғалақтатып, біресе тыжырынып, біресе қабағын түйіп, тіпті кейде көрерменнің санасына өз пікірін сіңірмекке қатты тырысатыны анық көрініп тұрады. Тіпті, Смыков қыза-қыза келе «Я считаю», «Я» деп өршеленгенін де көрдік (11.05.2016). Ал студиядағы «Правда» деген жазудың өзі сол кеңестік-ресейлік «Правда» газетінің шрифтімен жазылғанын кездейсоқтық деу барып тұрған аңқаулық болар еді. Бұл  аз болса, олардың енді бір жобасы баяғы кеңестік Ресейдің құрамындағы республикаларға ортақ «Родина» деген атпен аталуының аржағында не жатыр деп ойлайсыз? Егер бұл шын тәуелсіз Қазақстанның телеарнасы болса, оларға «Отан»,  «Отанымыз–Қазақстан» деген атаулардың бірі бұйырмай, «Родина» деуі қалай? Бұның бәрі аз болғандай бұл арна журналистері ара-тұра өздерін «Первый канал Казахстана» деп атайтыны да жұмбақ. Р.Смыковше айтқанда «кстати» бұл телеарнаның журналисі Аймира Шәукентаеваның қазақ жерін шетелдіктерге сату мен жалға беруге қарсы жұртшылықтың наразылығына Батыс пен Барак Обаманың қатысы бар дегенді жұмбақтап айтқаны туралы «Жас Алаш» газеті өте орынды пікір айтты. Және сол наразылық шерулерді «Евразия» журналистері әнебір кездегі Қырғызстандағы, Украинадағы, Ливиядағы аласапырандармен салыстырамын деп сол аласапыран нәтижесінде Бакиевтің, Януковичтің ел байлығын тонаған ұры атанып, елін тастап қашып кеткенін, ал Ливия президенті Каддафидің тәні бір жақта басы бір жақта қалғанын  жұрттың есіне салып, саяси зор қателік жіберіп алғанын байқамады ма екен? деп газет өте орынды сауал қойған.

Біз өзімізді әлемде де, өз елімізде де болып жатқан алуан уақиғаларға салауаттылықпен қарай алатын көзі ашық азаматпыз деп білеміз. Ал «Евразия» («Первый канал») телеарнасын көріп отырғанда жеке өз басым ол маған ұдайы Ресейдің саясатын жақтап отырғанын көргендей боламын. Сондықтан, жоғарыдағылардан, әсіресе, жаңадан ашылған Ақпарат және коммуникация министрлігінен бұл өзі кімнің, қай елдің арнасы екенін де білгім келеді де тұрады. Осыным дұрыс па, әлде бұрыс па?

Мырзан Кенжебай

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2177
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2577
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2483
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1675