Жексенбі, 5 Шілде 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 41065. Жазылғандар — 13614. Қайтыс болғандар — 188
Біздің шенеунік 4018 0 пікір 18 Мамыр, 2016 сағат 13:00

ҚАСЫМОВТЫҢ «ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ» ТҮКІРГЕНІ БАР МА?

Депутаттың қазақша сұрағына орысша жауап берген Ішкі істер министрі Қ.Қасымов орнынан алынуы керек

 

16 мамыр күні  Парламентке  келген  ҚР Ішкі Істер министрі  Қалмұханбет Қасымов   өзіне Қазақстанның мемлекеттік тілінде сұрақ қойған Мәжіліс депутаты Генадий Шиповскихтің сауалына  Ресейдің мемлекеттік тілінде жауап берді.

Өткенде ғана, осыдан тура  үш ай бұрын 16 ақпанда  ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  Алматыдағы жиында    сұрақ қойылған   тілде жауап бермегендер қызметтерінен қуылсын деп бұйрық берген болатын.

Президенттің сол  тапсырмасына байланысты түсінік берген сол кездегі Президенттің баспасөз 
хатшысы (бүгінде Ақпарат және қоммуникация министрі) Дәурен Абаев: «Өзінің сөзінде Президент шенеуніктер мемлекеттік қызмет көрсете отырып, азаматтардың тілдік сауалын ескеруі тиіс екенін қадап айтты.

«Тілдер туралы» заңда «мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың азаматтардың өтініштеріне жауаптары және басқа құжаттар мемлекеттік тілде немесе өтініш етілген тілде қайтарылады», деп жазылған.

Шенеуніктер кейде заңның бір бөлігін ғана ескеретін жағдайлары болып тұрады. Ел Президенті, міне, нақ осындай заңды жартыкеш түсінетін мемлекеттік қызметкерлерге қарата айтып отыр. Мысал ретінде ол  орыс тіліндегі өтініштерді келтірді, алайда осы қағида билік өкілдері қазақтілді азаматтарға жауап қайтара алмай қалатын жағдайларға да қатысты.

Сондықтан да осы тақырып төңірегіндегі алаңдаушылыққа негіз жоқ. Мемлекеттік тілді дамыту –  мемлекеттік саясаттың басымдықты бағыттарының бірі және оны кез келген кемсіту Қазақстанның ұлттық мүдделеріне қайшы келеді»-деп нақты жауап берді.

Елбасы тапсырмасына байланысты ертеңіне-ақ   Президент әкімшілігі бүкіл мемлекеттік органдарға тексеріс жүргізіп, тәртіпке келтіріп қойған болатын.

Конституциямызда Қазақстанның мемлекеттік тілі -қазақ тілі деп тайға таңба басқандай, соқырға таяқ ұстатқандай жазылып тұр.

Сонымен бірге “Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» ҚР Заңының 4 бабына сәйкес — Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi.
Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар
мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға  міндетті.

  “Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» ҚР Заңының 11 бабы бойынша “Мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдардың азаматтардың өтiнiштерi мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде берiледi”.

Ендеше,

 1.Парламент қабырғасында  Мәжіліс депутатының қазақша сұрағына  орысша жауап берген;

2.Қазақстан Республикасы Конституциясының 7 бабы мен Қазақстан Республикасы “Тілдер туралы Заңының” 4,11 баптарын бұзған,

3.ҚР Президенті тапсырмасын орындамаған;

4.Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді кемсітіп,  Қазақстанның ұлттық мүдделеріне қайшы әрекет жасаған  

Ішкі істер министрі Қ.Қасымов орынан алынуы керек.

Жоқ, біздің заңдарымыз бен Елбасының ерекше  тапсырмалары Ресей тілінде сөйлегендерге жүрмей ме?

Қазыбек ИСА

Мақаланың түспнұсқасы: qazaquni.kz

Abai.kz 

0 пікір