Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
46 - сөз 3868 0 пікір 7 Желтоқсан, 2015 сағат 09:27

АУЫЛДАҒЫ КИНОТЕАТРДЫ КЛУБ ДЕЙТІНБІЗ

Неге екенін ауылдағы кинотеатрды біз «клуб» дейтінбіз. Бала күнімізде бұл клубта тек үнді фильмдері қойылатын сияқты еді. Ауылдағы әр үйде ас ішетін бөлменің қабырғасында радиоқабылдағыш ілулі тұрады.

Кенет Алматыдан беріліп жатқан түскі демалыс концерті үзіледі де «Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар!» деген дауыс шығады. Бұл радио дикторы емес. Бұл ауылдың бүгінгі басты мәдени жаңалығын хабарлау үшін әуе толқынына шыққан киномеханик Дәмен ата. Жасы ол кезде елулерде, бірақ балалары «ата» дейді. "Бүгін қалқоздың құлыбында Індияның "Кто и как" атты көркемсуретті фильмі болады...". Билет бағасы оқушыларға 20 тиын. Киномеханиктің Дәурен атты ұлы біздің класта оқиды. Сондықтан Дәмен ата кейде бізді тегін кіргізеді. Бірақ "Өй, есектің т...ғы құсап былқылдаған...!" деп шымшып-шымшып алады. 

Көріп отырған киномыздың тоқтап қалуы көп. Мұның екі себебі бар. Бірінші лента үзілгеннен. Оның жарасы жеңіл, 3-4 минуттың ішінде кино қайта жалғасады. Ал кейде "Танцор диско" сияқты әне келеді, міне келеді деп көп күттірген фильмдер көрші Киров ауылы мен бізде бір күнде қойылады. Мысалы, Кировта басталуы сағат 2-де болса, бізде 3-те деген сияқты. Ондай кезде Дәмен кісі сағат екілер шамасында көрші ауылдың клубында отырады. Сосын фильмнің экраннан өткен бірнеше табағын ала салып «Урал» мотоциклімен бері қарай заулайды. Киноны бірден бастай алмайды. Алдымен лентаны басына қарай айналдыру керек, яғни "отмотать" етіп алу керек. Бұл қолмен жасайтын, біраз уақыт алатын жұмыс. Осындайда үзілген кино тез жалғаса қоймайды. Шыдамсыз балалар оның не себепті тоқтағанын білмейміз. Ысқырып, шулап, азан-қазан боламыз. 
Дәмен атаның балалары да шетінен киномеханик. Кейде біз олардың жұмыс бөлмесіне кіреміз. Дәурен лентаны «отмотать» етіп отырады. Еденде лентаның қиындылары жатады. Біз оны жарыққа ұстап қараймыз. «Қара, мынау жігіттің төбелесіп жатқан жері ғой!» дейміз. 

80-жылдардың соңына қарай "видик" деген нәрсе шықты да жұрт клубқа баруды қойды. Киномеханик жұмыссыз, клуб иесіз қалды. Колхоз тараған кезде клуб бірнеше адамның үлесіне тиген екен, дереу бұзып, шыққан материалын бөлісіп алды.

Дәмен ата кәріліктің ауруы меңдеген кезде қаладағы ұлы Дәуреннің қолына келді. Бір күні «Балам, ауылға апар. Повестка келді» депті. Ертесі ауылға әкетеді. Оның ертесі қайтыс болыпты. Жақында Дәуренге көңіл айта барған едік. Мұнда жазылған нәрсенің көбін сол кезде атасын еске алып отырып әңгімеледі.

Ержан Әбдіраман
Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір