Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Әдебиет 8533 0 пікір 21 Желтоқсан, 2015 сағат 10:57

ӘБІШ АЛЛЕЯСЫ

Хикаят

Құпия ішке сыймайды

Е.Раушанов

Эпилог

Өнер адамы – қызық халық.

Көбіміз кісінің көзі тірісінде турасын айтуға шорқақпыз. Я ол кісі өмірден өтіп - басына ескерткіш қойылған кезде, я тас мүсін тұғыры алдында, немесе жылдар өте жазылар естелік кітабына үн қатқанды ұнатамыз. Азамат туралы жарқыратып жақсы айту – көбіне ол адам бақилық болғанда жүзеге асады. Осыны дәстүрге айналдырып алдық. Мына фәниде қасыңда, қатарыңда келе жатқан кісі жайлы білгеніңді бүкпесіз айту ерсі секілді ме. «Ерсіні» қойшы, ол адам туралы қытымырлау пікір білдірсең, қатарларың үдере шуласып: «Беті-жүзіне қарамай сойып салыпсың», - деп езу қиғаштайды... я болмаса білген тәуір сөзіңді айтсаң: «Жәркеленшіп, жалпақтап бағыпсың», - деп басын шайқап шыға келеді... Былай бұрсаң арба сынады, былай бұрсаң өгіз өледі. Бұ қазаққа жағып болмайсың.

Айтып-айтпай тәуекел дедік. Жалпақ шешейлік жасап жайдақтатпай, я болмаса жер табандатпай, қаламгер көзіндегі Әбіш туралы аз-кем білгенімізді, қатар жүріп басымыздан өткізген оқиғаларды ақ қағазға түсіруді жөн көрдік.

Жүріс-тұрысынан көсемдігі көрінбейтін, өмірдің ұңғыл-шұңғылына тамыршыдай тап басып ене білетін, уәйім мен мұңы егіз жаратылған үлкен суреткер Әбіш Кекілбайұлы туралы таза көңілден шыққан көркем баян деп біліңіз.

1. Шыңыраудың мөлдірі

Бұл күнде кісіні таңқалдыру қиын.

Өмір ағысы таудан құлаған өзен секілді, күресе білмесең, ағынға қарсы жүзе білмесең, жаңқауық секілді жағаға шығарып тастайды. Күнге қурап, аяқасты болып, ешкімге керегің болмай жатқаның содан. Осы жүрген бір кісідей маңдайдың терін күніге бес сапырып бейнет шектік, ілім-білімнің соңына күндіз қолға шам алып түстік, саусақты сүйел етіп, көз майын сарқып көркем шығарма кестеледік. Біреуді таңқалдырайыншы деген дәме болмапты.

Осы күні төсегінен теріс тұрып, түйе секілді теріс дәрет сындыратын бишікеш байдың ойы – қалтасын қампайта түсу, сіңірі шиқылдаған кедейдің арманы – қарынның қамы. Адам баласы шыр етіп жарық дүниеге келгеннен көзге түседі: үлкендер «адам болады ма» деп сынайды, кішілер «шекесін тасқа соғып құламасыншы» деп қарауыл қарайды, қатар-құрбылар «сүрінсе-сүрінсе екен» деп кісінің шалыс басқанын тамашалайды.

Әр адамның жан дүниесі құлыптаулы сандық.

Сол сандықтың ішінде қандай қазына жатқанын құлпын ашқан кісі ғана біледі. Көп пенденің сандығы ашылмастан кетеді. Ашуға бел шешіп кіріскен, сөз дерті меңдеген француз жазушысы Бальзак айтқан пікір бар: Дүниені дүние еткен құштарлық дейді жазушы. Адам бойындағы қан қызуы – құштарлық біреуді патша етеді, келесіні басыбайлы құл қылады, соғыс та, сүйіспендік те, ғылым да, білім де қан қыздырған құштарлықтан туып жатады.

Сол айтқандай - кісінің жан әлеміне үңілуден асқан барақат, байлық жоқ па деп ойлаймын. Жер үстінің дүлей тайфуны мұхит бетінде өтеді, ал адам жанының арпалысы көбіне іштен тынып, тереңде, жүрек түбінде жүріп жатады. «Жүректе көп қазына бар» деп ақын айтқандай, адамның сыртқы дүниемен қатынасы, қызық көруі, сүйсінуі, сүюі, реніші, өкпесі, наласы, уәйімі, сағынышы, мұңы, бәрі-бәрі, ақтара білген адамға - ет жүректің бүлкілінен, сезім сарайынан серпіліс тауып сыртқа шығады.

Ендеше кейіпкеріміздің жүрек қазынасына үңіліп көрелік.

Әбіштің көкірек кеніші көлдария секілді, ол аса көп біледі; көп оқып, тереңнен тоқиды. Кітап оқуы да ешкімге ұқсамайды. Кітапты біз секілді жүргізіп оқымайды, ашқан бойда жіті қарап жіберіп келесі бетті аударады... оны да  қарай сап аударады... қарай сап аударады... өстіп дамылсыз парақтап жылжып кете береді. Бейне кітап бетін суретке баса сап, келесіге... баса сап, келесіге... ауысқан фотограф секілді. Көз суретіне түсіріп дағдыланған.

Күнделік жазуы да мүлдем өзгеше.

Күнде толтырмайды. Ой оралымын, осы қалай деген сөз саптасын дәлме-дәл етіп, естен шығып кетпей тұрғанда, қолы қалт етіп босай қалғанда күнделігіне маржандай ғып түсіре қояды. Күнделігінің өзі қысқа-қысқа новелла секілді оқылады.

Осы Әбіш 80-шы жылдар басында Алматыдағы қазіргі Жарбосынов атындағы урология ғылыми-зерттеу Орталығына емделуге жатқаны есімде.

Көңілін сұрағалы түс әлетінде ат ізін салғам. Жеке палатаға жатқызыпты. Сырттан кеп енсем – палатада жан жоқ. Медбике: «УЗИ-ге түсіруге алып кетті, күте тұрыңыз», - деп сыпайылап орындық ұсынды. Бос орындыққа тізе бүккенім сол. Терезе алдындағы жазу үстелінде күнтізбе дәптер көзіме оттай басылды, беті ашық қалыпты. Маржандай әдемі жазу жанарымды арбап жіпсіз жетелей жөнелгені. Бас салып оқи бастағанымды білмей қалыппын.

О, құданың құдіреті!

Қазіргі өзінің саушылық жайы, ахуалы туралы бір ауыз сөз жоқ. Соңғы жылдары оқыған кітаптары туралы ой толғанысы, арғы-бергі әдебиеттің жай-күйін төндіре, төгілдіре тербетіпті. Шыңырау құдықтың тіс сындырған тастай мөлдір суы секілді көкейіме сіңіп барады. Мейірім қанады.

Әбіш сары сәскеде дүниеге келген екен.

Шешесі Айсәуле о заманда – қарулы келіншек, айы-күні жетіп тұрғанына қарамай, үй іргесіндегі үлкен үлекті жетелеп, қыр астынан отын әкелуге қам жасапты. Әш-пұш дегенше қыр асып кете барады. Түйені қалың баялыш  пен сексеуіл арасына маңқ еткізіп шөгере салып, жалма-жан томар сындыра бастайды. Кәдуілгі қураған сексеуіл, баялыштың томары, мал жемейді, отқа салсаң шоғы жуғарақта сөнбейді. Сары даланың бір кездегі үлпілдеген көркі, бұл күндегі аяқ сүріндірген түбіртегі. Аяғы ауыр келіншек қос қанар томарды әзер жиып, үлгеріп, үлектің екі бүйіріне қоржын етіп буып-түйіп, «әйт-шүу!» - деп бұйдасын тартады. Маңқ етіп түрегелген жануар аңызақ желден көні кеуіп шөлдеді ме, танауын шулатып, дәп алдында, қарға адым жерде жіті адымдаған бұйда ұстаған келіншекті тапап кетердей, еңіске қарай еңкілдеп желеді.

Ауыл төбесі көрінді.

Жапырайған жертөле, жаппа там, тоқал там кілең.

Анадайдан көрші әйелдер байқап қалады. Айсәуле келіншек үй іргесіне жетер-жетпесте, түйені шөгеріп үлгерместен, ішін басып, ошақ басына ыңғайсыз жүрелеп отыра кетеді. Әлденені іштей сезген, қазан маңында күйбеңдеп жүрген көрші әйел етегіне сүрініп жүгіріп жетеді. Толғақ қысқан келіншекті қолтықтан алып үйге сүйрейді. Сол екі арада қоңсылас әйел төбе көрсетеді. Екеулеп жертөлеге енгізеді.

Нәресте шар етіп жарық дүниеге келеді.

Үй қасында оқшау құдық бар. Қай заманда кім қазғаны белгісіз. Ол тұрған тепсеңде су таяздан шығады. Сондықтан бүгін қазылған құдық ертең құлап жатады. Не сиқыры бары белгісіз – осы құдық әлі күнге орнында. Қашан келсең – мөлтілдеген тұнық су. Шырадай жанған ару қыздың жанары секілді, сімірсең тіс сындырардай, мейірің қанады.

Кейінше білді. Анасы алғаш белі қайысып жүріп су тартып, сол құдықтың тастай суын қазанға жылытып, нәрестені іңгәлатып шомылдырады. Ауыл шалдарын шақырып, алдарына бір-бір шара жүгері көже тартып, ұлына ырым ғып үлкендердің батасын алады.

«Таудай бол, балам, өркенің өссін» деген дардай сөз қарадомалақ сәбидің құлағында қалады.

Ой, дүние-ай!

Жылдар жылжып өте берді. Қызылиек күн өртше қызарып батады. Дөңгелегеннен дөңгелеп көкжиекке еңкейген кезінде жарық әлемнің жарықтығы неге қанқызылданып шыға келетінін кешқұрым сәби шіркін анасынан сұраған дейді. Айсәуленің қабағына таңғы будай мұң көлеңкесі қалқыпты. «Қайдан білейін, құлыным, - дейді үні іріп, - батыста сойқан соғыс жүріп жатыр дейді ғой, соғыс дегенің кісінің қызылала қаны көрінеді, қан көп аққан соң көкжиекті түгел алған шығар». «Көкем қашан оралады?», - дейді тілі жаңа шыға бастаған қарадомалақ. «Қайдан білейін, құлыным, - дейді бейбақ ана, - мені Қарағандыға көмір қазуға алып кетпей тұрғанда келсе игі»... Анасының қауіп қылатын себебі бар. Мына Айсәуле Таушық деген жердегі шахтада ертеден қара кешке еңбектеп жүріп көмір қазады. Жер бетіне шыққан көмірді шағын шөмішті вагонеткаларға теңселдіре тиеп, Сартас айлағына жөнелтіп жатады. Одан кемеге тиеліп әрі әкетіледі. Жас келіншек ер кісідей қарулы еді. Күйеуінен үш қыз, бір баламен қалған оған кенже қызы емшектен шықпай жатып, күйеуінің орынына шахтаға түсуге тура келді. Төрт жетімекті асырау оңай емес. Шаңы бұрқыраған, ауасы тар жер астынан бойын тартпай, қайласын сілтеп бұрқылдатқан үстіне бұрқылдатушы еді. Қайла сілтеуі салмақты еді. Өзгелерге ұқсап қақалып-шашалып жер бетіне жиі көтерілмейді. Келіншектің алқын-жұлқын қимылына неміс алған Донбастан келген шор мойын бригадир түнеукүні: «Ай, Айсәуле, ерлерден еш қалыспайсың, қара жерді ойып түсесің, қарулы кісілерді Қарағанды шахтасына жөнелту керек деген пәрмен бар, құда қаласа, бұйырса – білек күші мықты кісілердің тізіміне сені де қосып қоям!» - деп қайдағыны бықсытып еді. Қаншама айлар өтті, неше күндер қызарып батты... бригадирдің әлгі айтқан оқтай суық сөзі санасынан жуылар емес-ай!

«Немістен босатылған Донбастан келген кісілер қайта көшіп жатыр. Уақытша ашылған мына шахталар жабылады. Сонда мына шиеттей балаларды шырылдатып қайда қаңғимын» - деп іштей уайым жейді.

Қарғадай көзінің ағы мен қарасы әлі жас. Ертелі-кеш жер қазба баспананың желкесіндегі құз жартасқа өрмелеп шығып алып, айналаға алақтап, жол қарайды да отырады. Жұрттың баласы секілді шаруаға үйір емес. Өз үйінің бес-алты ешкі-лағының түр-түсін де жөндеп ажырата алмайды. Ұстарамен қырғызған қауқиған басы шыбын тайып жығылардай күнге жылтырап, қай-қайдағы ойға шомып отырғаны отырған.

Сонадайдан өтіп бара жатқан үлкендер үкіше үрпиіп қарайды.

- Әй, ана Кекілбайдың баласы мына отырысымен я елді ұстайтын данышпан болар, я қиял қуып, ой бағып басының ауған жағына қаңғып жоғалар.

- Шахтада істейтін шешесін күтіп отыр-дағы.

- Өзге балалар жүр ғой әне бота бағып, асық ойнап.

- Омақа секілденіп еш табжылмайтынын қайтерсің!

- Әй, бұл бала заман ақырда жердің астын кеміріп жеп тесіп шығатын Әжі-мәжінің елшісі болмасын!

- Қақбас, қайдағыны айтады екенсің!

Өтіп бара жатқан жолаушының сөзінің бірін естісе, бірін естімейді. Ызыңдаған ыстық жел танауын кеседі. Шаңқай түс шыжғыра түседі.

Ана Қаратау жақтан төңкеріліп шыққан нөсер бұлты табан астындағы сахараға жетпей сұйылып жоғалады. Әрәдік төбені айналып қара құс ұшады. Алыстан сауыны келген, ботасын іздеген інген керней шалады. Қыр астынан екі аяғы жерге тимей ұшып келе жатқан анасының жаулығы ағараң етеді. Шынында ғой, анасының пайымынша жар басында жарбиған қарадомалағы тым өзгеше, бұл өзі бір төбе де өзге қыздары бір төбе.

Мінез құбылысы теңіз жақтан шалқып соққан ыстық жел - керімсалға келеді. Әрі үдеп-үдеп соғады, әрі қалыбы тым ерекше жаратылған. Тілдесіп – уәжбен ұстай алмайсың, ерегісіп – тәжікеге ат басын тірей алмайсың, сөз реңкі тым бөтен.

Мысалға дейміз ғой:

Өзгелер қалай өмір сүреміз деп тыртыңдаса, бұл бала не үшін өмір сүреміз деп көкжиекке күн сала қарайды.

Құрдастары қайтіп мал жинап, ақша табамыз десе – бұл көкең ілгергі тілеуіме, шаруа ісіме қаншалық күш-жігер жұмсауым қажет деп қырға қарап аспандайды.

Кешқұрым, алыстан жылтыраған отты көрсе, соған ілесіп кететіндей телміріп бағады. Сүйтіп жүріп мектеп барды. Оны бітіріп оқуға кетті. Оны бітіргесін не істеп, не қоятыны жайында тіс жарған емес.

Бір жылы келді де: «Көшеміз», - деді. «Қайда?..» «Алматыға... мен оқыған қалаға». Айсәуле ешкімге тіс жармады. Бір ай демалысқа келген ұлы бір-екі жолдасын жинап келіп: «Ал, қалай, жолға шығуға әзірміз бе?» - деді. Өне бойы жидіп бара жатқандай. Туды-бітті көрмеген-білмеген қиырға барып, не мұрат таппақ. Ойында сондай сұрақ жатса да анасы: «Әзірміз ғой, құлыным...», - деді.

Ертесіне жүгін тиеп жатқанда жиылып ауылдастары келді.

- Ал, бұл не сапар? – деді таңғалысып.

- Оқуым бітті. Алматыда қызметте қалдым. Апам мен қарындасымды көшіріп әкеткелі келдім, - дейді сөзге сараң баласы. Қапелімде мүдіріп қалған ақсақал жағы: «Өзің үйленген жоқсың. Үстіңде баспанаң жоқ. Енді бой жетіп келе жатқан қарындасың мен егдеріп келе жатқан анаң кімнің босағасын бақпақ?! Одан да жұмысың тұрақтап, келін келтіріп, өз алдыңа түтін түтететіндей болған кезде көшіріп әкетпейсің бе?» - деп көшелі сөз айтып еді. Баласын жөн сөзге иіп келтіре алмасын білгенімен, алған беттен қайтпайтынын сезген ана шіркін сөзге араласты.

- Ықыластарыңа рахмет. Қай-қайсыңа да ризамын. Бірақ, қаршадайынан маңдайынан қақпаған қарағымның бұғанасы бекіп, өз тізгінін өзі ұстап, ат жалына қолы жетсе, тұтамдай жаным қалғанша қасынан қалмаспын деген сөзім бар еді. Сол күніме жеттім. Жағдай айтып, жолынан қалдырып қайтемін, тәуекелін берсін. Құдайдың салғанын көрерміз. Сау тұрыңдар. Амандық болса, талай көрісеміз ғой, - деді.

Жиылған қалың топ, сөзді тиып, көздерін сүртісті. Көшіп бара жатқан үшеуді кезек пе кезек бауырларына басып, біржола ұзап кеткенше, соңдарынан көз алмай, қарап қалысты.       

2. Әуезов

Ең қызығы Әуезовты алғаш көргені. Аудиторияға қасқа бас, мол пішімді, қоңыр костюмді, қоңыр үнді, қоңырқай түсті ұстаз кіріп келгенде қараңғылау бөлменің ішіне сіріңке жағып жібергендей сезілгені.

Ұлы кісінің күлімсірегені. Мейірім шуағы мол жанарын кең ашып қоңыр үнмен сөйлеп жөнелгені.

Қоңыр үннен айықпас қоңыр мұңды сезді со кезде.

- Бәлі, балалар, айтатынымыз Абай ғой, - деп төгілдіргенде бар ғой, құлағы құрғыр бірде ашылып, бірде жабылып, қит етсе алдындағы зор мейір, кең пейіл иесін жоғалтып алардай аңырайғаннан аңырайып қас қақпай тыңдай беріпті. Ұстаз сөзін дәптерге түртуді ұмытыпты. «Бүйірден төтелеп сауал қойсам әбес болар» - деп түйіпті.

Бейне, көкала теңіздің жарға ұрған алыс сарыны құлаққа талып-талып жететіндей. Әуезовты тыңдаған сайын көкірек көзі ашылғандай сезілді. Иә, кісі көкірегі ашылмаған көмбе, құлыптағы сандық. Көрбілте надан кісілердің көкірегі сол баяғы – қалай өмірге келді  - дәп солай қапырық, тымырсық күйінде сәуле түспей өтеді. Ондайды «көркөкірек» деп атайды. Көркөкірек кісілерден маңайына, заманына тиетін мысқалдай пайда жоқ, келді... ішті... жеді... дәретханаға жүгірді... көрді... таңғы будай... сахара сағымындай... сейіліп өте шығады. Ұстазының айтуынша: Абай – қазақ сахарасының бұрқылдап қайнап шығып жатқан тас бұлағы, «ары бар, ұяты бар үлкенге сен, өзі зордың болады ығы да зор» деп өзі туралы айтып кеткендей жарықтық.

Дүниеге неге келіп, қай бағыттан жол іздерін білмей, басына таяқ тиген түйеше сенделген қазаққа қаратып:

екі иығыңды жұлып жеп,

ішкен-жегеніңді есептеп,

мал таптым, дүние арттырдым деп,

мәзденбе, ант мезгілде таразы басына тартарыңды әуел бастан ойлан деп осы қазірден жол көрсетіп, бағыт сілтеп тұрғандай ғой, жарықтық.

Сөзді тауып айту - өнер. Қаншамыз керегінде қажетті сөзді тауып айта алмай адасып жүрміз; қаншамыз тіршіліктің шаң басқан шырғалаң жолынан шыға алмадық; бәз біреулер керекті сөзін керекті жеріне өткізіп баспалдақтап биіктеп үлгерді. Сөздің кепиеті көтерді.

Осыны ойлаған кейіпкеріміз бір күні сәті келгенде ұстазының алдынан өтті, шамына тиіп бүлдіріп алмайын деді ме, абайлап бопсалады.

- Мұха, осында біріміз өлең, біріміз әңгіме жазып шұқынып жүреміз. Бірдеме жазып бірдеме шығарсақ дейміз. Жақында жарық көрген ақындар жинағын құр жібермейміз. Уақыттың көбін кітапханада өткіземіз.

Әуезов оң қолының сұқ саусағымен танауының ұшын саумалап жіберіп тілге келді.

- Бәлі, бұларың жақсы. Бірақ, талаптың соңына түскесін, мықтап түсіңдер. Әйтпесе, толыспаған Толстойлар, шала Шекспирлер сендерсіз де жетеді, - деді жарықтық.

- Солай болса, солай шығар. Алайда, осынау талаптары тау жыққандай көгенкөздердің алдында бір сөйлеп берсеңіз деген өтінішіміз бар. Бүгінгі әдебиеттің әңгімесін сіздің аузыңыздан есту бір ғанибет.

- Бәлі, әдебиеттің әңгімесі «Мың бір түн» ертегісіндей қанша түн айтсаң да түгесілмейтін жыр емес пе?! Ну жыныс тоғай тәрізді. Адасып кетпейік десек, бір тақырыптың төңірегінде пікір түйіп айтқан сөз өтімді болар, шәкіртім.

- Ендеше көкейде қордаланып жүрген біраз сауалды өзіңізге хатқа тізіп берсек неғылады?

- Бәлі, мынауың жөн екен! Жолдас-жораларыңмен ақылдас, ойлас, сосын осы қалай деген сауалдарыңды түгел тізіп алдыма әкеліңдер. Қолым қалт еткенде жауап жазып тастайын. Шәкірт пен ұстаз арасындағы аткөпір диалог болсын. Жаңа әлгіде «кейінгі кезде жарық көрген жинақтар» дедің, жас ақындардың тырнақалдысы. Соларды жинап, басын қосып, жеткізіп бергейсің. Кітаптарын оқып көрелік. Ар жағын ақылдасармыз.

Мына сөзді естіген Әбіш сұмдық насаттанды.

Насаттанбай қайтсін, аспаннан, жеті қат көктің арғы жағынан іздеп жүрген дуалы ауыздан шыққан уәлі сөзі дәп алдынан, «Қазақ әдебиеті» кафедрасы босағасынан табылды емес пе! Ұлы ұстазы зау биік шың басынан жаяулап, аяңдап түсіп келіп, шәкіртіне қол бергендей сезілгені. Осы мезет төбесі көкке бір елі жетпей тұрды. Екі езуі екі құлағында, қалбаң қағып ұшып түрегелді. Жүрегі аблығып ауа жетпей әзер тілге келгені.

- Екі тапсырмаңызды да орындаймын. Біздің жігіттер бір қуанып қалатын болды.

Шәкіртінің асып-тасып қуанғанын, апаш-құпаш қорбаңдап дәптері мен қаламсабын іздегенін, өз-өзінен өстіп шала бүлінгенін көріп жаны жадыраған жарықтық Мұхаң – мәз. Сылқ-сылқ күледі, жанарынан меймілдеген жылы шуақ төгіледі.

Көп ұзамай республикалық жастар газетіне шәкірттердің сауалына ұстаздың жазбаша берген жауабы жарияланды.

Сол күні ғой Әбіш түнімен көз ілмей шықты.

Санасында сеңдей соғылысқан сауал мен жауапқа іштей марқайып, биік таудың басына шыққан кісідей арқаланып, қай-қайдағы қиялдың қанатына ілесіп жеті қат көкке көтерілді ме, шыңыраудың тереңдігіндей ой тереңіне түсіп шықты ма, әйтеуір өз-өзінен аласұрып, арпалысып, алакүлік халге түскені. Төсегінен бозарып түрегелді.

Осы әңгімеден кейін ай өтті ме, өтпеді ме, ол арасы есінде жоқ, Ұлттық университеттің үлкен акт залына, жүз қаралы қалам ұстаған, сөз қуған көгенкөздер ғана емес, күллі әдеби Алматы түгелге жуық жиналған. Әуезов қатты дауылда шайқалған кемедей болып тұрып – төгілдіріп баяндама жасады. «Жыл келгендей жаңалық сезінеміз» деді кемеңгер жан. Екпіні пәрменді, ырғағы бай, ойдан өзінше, өзгеше өрмек тоқи білетін жас өрімдер өсіп келеді деді. Шүкір, іншалла! Қазақтың дүлдүл сөзі әлі бәсін бермепті, кепиеті кетпепті, осынау оқыған жұқа кітапшаларда –  бірі кептер боп, бірі жылы жауын боп, бірі көктемгі қайтқан тырна боп туған жердің түгіне – баяғы партияның қабағына қарап ұран сап, айқайлап шығатын шолақ ұйқастың орнын – ішкі жарасымы бай сезім ағысы ала бастапты деп көзіне жас іркіп тұрып қуанды ұстаз! Тасып төгілгені толқын-толқын сөз ырғағынан сезілді.

Ғасырда бір айтылатын әңгіме болады, ғасырда бір данышпандар жарық дүниеге жарқ етіп дидарын ашады; осы жолғы Ұлттық университеттің кең залында кілең көгенкөз, көңілдері қарындаш түспеген аппақ қағаздай, шетінен асау жылқыдай, шетінен арғы-бергі әдебиет қазынасынан мол оқыған, арманшыл түлектер қыр беткейде өріп шыққан қызғалдақтай құлпырып уәлі сөзге құлақ қойғаны. Баяндамашы толқыды ма, толқымады ма, оншасын біле бермейді, мына кейіпкеріміз ұстазының сөз реңкі жап-жасыл жастық өлкесін тербетіле жебей соққан көктемгі желдей мақтау, сылап-сыйпау, көтермелеу суретіне ұқсаған соң –

Құдай бар екен деп ойлады!

Баяндама аяқталды. Әуезовті тыңдағысы келіп бұрылған жазушылар, сабағын әдейілеп үзген ұстаздар, үлкен залды аузы-мұрнына шығарып лықа толтырған шәкірттер сілтідей тынып, сүттей ұйыды. Қол соғуға ешкімнің дәті жетпеді. Көшелі көрікті сөз құлақтан өтіп, сай-сүйекті сырқыратты. Қабырғалы қаламгер жайлап мінбеден түсіп, қолына ұстаған қағазын қақ бүктеп, костюмінің ішкі қалтасына салып,есікке беттеді. Әбіш ұстазын шығарып салуға ұмтылды.

Есік алдында жеңіл жүйрігі күтіп тұрған. Мұхаң жарықтық жайлап басып мәшинеге жетті, соңынан ілесіп келе жатқан шәкіртін қимаған кісіше пәске кідірді. Әбіштің «қайтсем де, ілесе жүріп, бірер ауыз тілдесіп, шығарып салсам ғой» деген пиғылын іштей түсінді. Мырс етіп күлді.

­- Бә-ә-лі, шығарып салсам деп тұрғаныңды түсінемін. Жарты сағаттай уақытым бар еді, мәшинеге отыр ендеше! Үйге жетіп, сол жерде, мәшине ішінде тілдесейік.

Әбіштің көктен іздегені жерден табылды. Мұншама тасып қуанбас. Төбесі көкке екі елі жетпей, еңкейген кезде құлағы есік жақтауына тиіп, костюмінің етегі қыстырылып, үлкен кісінің тізесін баса лып отырды.

–­ Қайдан келдің? – деп ұстазы сөз сабақтады.

– Үстірттен, Маңғыстау түбегінен.

– Бә-лі, жер түбінен жеттім десейші! Жақсы оқы, көп ізден. Ол жақтағы жақындарың: «Сол баламыздан бірдеме шығады», – деп үміт күтіп отырғанын ұмытпа.

– Кітапхананы күзетшімен бірге жауып шығамыз. Лекциядан қалып көрген жоқпыз. Оқу іздеп келдік емес пе ит өлген жерден.

Мұхтар шәкірт баланың салмақты сөзіне риза болған пейілмен шуақтана жымиды. Жан қалтасынан көлдей орамалын суырып, көзінің алдын, маңдайын сүртті. Төрт бүктеп, қайыра қалтасына салды. Мәшине екпінімен алға лықсып барып, толқып кетіп, қайта тіктелді. Тілге келді.

– Біздің жас кезімізде мұндай жағдай болмайтын. Жазатын қағаз, оқитын кітап тапшы. Бір-бірімізден жалынып сұрап жүргеніміз. Тоя тамақ ішудің өзі үлкен мәселе. Соған қарамай ішіміздегі отты өшіріп алмайық деп, қалам түртейік деп, білмегенді үйренейік деп түн ұйқымызды төрт бөлуші едік. Әсіресе Семей гимназиясының оқытушылары қатал, үйренбеске қоймады. Осы күнгі орысша қатесіз жазатыным – сол гимназияның қатал тәртібінен. Попов деген ұстазымыз болды, аш қарғаша қарқылдап, таң алагеуімнен кешке дейін төбемізден түспеуші еді, орыс грамматикасын әбден құлағыма құйып тастапты...

Сол екі арада жеңіл мәшине Абай даңғылы мен қазіргі Төлебаев көшесінің қиылысына орын тепкен жазушының ағаш қоралы, кең дарбазалы, қос қабатты үйіне жеткізді. Ұстаз бен шәкірт мәшинеден төгіліп түсті. Көше жиегіндегі сарқырап, тастан-тасқа секіріп жатқан арықтан аттап, қақпа алдына тақады. Әбіш қоштасуға оқталды.

– Мен қайтайын, Мұха, лекцияға қатысуым қажет еді. Сіздің әлгі сөзіңіз, мына көңіл бөлгеніңіз өзіме өмір бойғы сабақ, көп-көп рахмет сізге!

– Үйге кір, қазір түскі шайға отырамыз.

– Алла разы болсын, Мұха, дүниедегі зұлымдықтың ең үлкені – кісінің уақытын ұрлау. Уақытыңызды алмайын, ойыңызды бөлмейін.

– Ай, ендеше мына мәшине өзіңді қайыра оқу орнына жеткізіп салсын, – деп айдаушыға бұрылып, нақтылап тапсырып, сосын барып мол денесін тіктеп, қақпадан ішке еніп кетті.

Ой, жарықтық-ай, десеңші! Еш нәрсені назардан тыс қалдырмайды. Мұқым дүниедегі қым-қуыт дүбірлеп өтіп жатқан тіршілік қарбаласын «мынау үлкені», «мынау кішісі» демей, көңіл бөліп, бәріне дегдар, ақылгөй адамның көзімен қарап, жауап іздей жүретініне қарадай қайран қалады ғой. Әйтпесе әлгіде ғана мәшинеге мінерде «жарты сағат бос уақытым бар» деуінің өзі – сол уақыты құрғырды өз бойына, өз ойына лайықтап өлшеп, пішіп жүретіні – жаңағы қас-қабағынан, сөз райынан айна-қатесіз танылып тұр емес пе!

Алып-ұшып университетке енсе, келесі кезектегі сабақ басталып кетіпті. Сол екі арада бір қыз бала жетіп келіп: «Сізді декан шақырып жатыр», – деді.

Декан ағайы журналистиканың майталман шебері, соғысқа қатынасқан, бір аяғын сылти басатын, аққұба өңді, шашын артына ұзарта қайырған, мінезі дөйт, жаралы жолбарыстай аса ызғарлы, шапшаң сөйлейтін кісі еді. Кіріп келген Әбішті жанарымен меңзеп орындыққа отырғызды, бір ауқым тосылып тұрды. Сөзді неден бастарын білмей, қиналғаны сезіледі. Ішкі буырқанған ашу-ызасын баса алмай өзін-өзі әзер тежеп тұрған секілді.

– Осындағы ең қабілетті шәкіртімнің бірісің, – деді гүжілдеп шығатын жуан даусын сәл бәсеңдетіп.

– Мен айтпасам, кім айтады. Байқасаңшы, – деді үнін одан сайын төмендетіп, тегі сыбырлай сөйлеп.

Әбіш ештеңе түсінбей аң-таң.

– Әлгіде сұр үйдің үндеместері келіп кетті. Өзім ғана танимын оларды, сендер білмейсіңдер. Қой терісін жамылған кілең аш қасқырлар. Әуезов, Сәтбаев секілді ағаларды сыртынан аңдып, олар не сөз айтады деп, өсек-аяңды жинап-теріп жүрмесе, ішкен астары бойына сіңбейді. Сол ағаларыңды мазалап, кешегі күңгірт заманның гөй-гөйшіл зар-заман тақырыбы туралы сауал қоя бермеңдер, жарқыным. Ол кісілер байқамай білгенін сендердің алдарыңа жайып салады. Ішін ашады... Міне, сол кезде әлгі сұр үйдің сүмелектері «пәленше түген уақытта осылай деді» деп сырт еткізіп үнтаспаға жазып ала қояды. Мұхаң жарықтықтың жүрегіне түскен 1951-1952 жылғы жарасы әлі жазылып үлгерген жоқ.

Осыны айтып декан ағайы сылқ түсіп, сүлесоқ күйде отырып қалды.

«Жүрекке түскен жара» дегенді Әбіштің алғаш естуі. Осы әңгімеден кейін көпке дейін ұстазын көрсе – бұрынғыдан бетер құрметтеп, бұрынғыдан бетер әлденеше есе көтере қасиет тұтатын тосын мінез тапты. Ұстазы көз алдында Алатауға ұқсап биіктеп бара жатқандай сезілді.

– Бара бер, – деді әлден уақытта декан ағайы. – Байқап жүріңдер, үлкен кісіні көлденең сауал қойып шаршата бермеңдер, сосын осы жерде болған әңгімені ешкімге тіс жарып айтушы болма.

– Құба-құп, – деді Әбіш, – ағаның ақылын тыңдап өскен ұрпақпыз.

Осы әңгімеден кейін, жарықтық Мұхаңның «Жыл келгендей жаңалық сезінеміз» деген дәрі сөзін естіген соң, Әбіш көпке дейін іштей тоғайып, арқаланып, тірі сөздің қасиет-кепиеті көтерген кісідей қанаттанып жүрді. Жазуға шындап бет бұрды. Іштей сезеді. Бір нәрсеге тәубе етеді. Тілін кәлимаға келтіреді.

Анық көзі жетеді: тап өзіне көркем сөздің пайғамбары – Әуезовтың назары түсті.

Көркем сөздің пайғамбары - Әуезовтың назары түсті.

Ұлы суреткердің назары түскен шәкірт тегін болмайды.

Солай екендігіне кейінше дүйім жұрттың көзі жетті.

Өткен ғасырдың 97 жылы Әбіш ұлы ұстазының жүз жылдық тойында, кіндік сарайда, ұзын сөзін иіп келтіріп сөз сөйледі.

Ең әуелі сахнаға жымиып шығып, мінбеге беттеген кезде күн көтеріліп келе жатқандай сезілді. Құдай-ау, көңіл – өмірді, өмір – көңілді құлпыртады деген рас білем. Сол жолым келешек зайыбым Сәулені алғаш кең сарайдағы ауқымы аса зор жиынға алып барғаным есімде. Тәуелсіздіктің қиын жылдары. Күпсінгеннің көбі пәсейіп, дабырайғанның дені желі шыққан доптай аяқасты болып жатқан уақыт.

Әбіш сөзді «еңбегі еш, қаракеті кеш ұлтым» деп бастады. Ұлтының ұятын ұстын етіп ұстаған ұстаз туралы таразыға уағызды емес, уәйімді тартайық деді. Айтып-айтып кеп «Абай жолының» бетінде қалқыған тезисінен тереңдей-тереңдей астарындағы антитезисті аршып көрсеткенде бар ғой – көңіл томағасы сыпырылып, көпшілік көзіне жас үйірді. Бойға жұқпайтын рухани түсіктен айналып өтіп, жүрекке сіңетін адами ізгілікті жазды деп термеледі; «менің қасымда кімсің»  деп нәнсінбеді, «менен артық кімің бар» деп бәлсінбеді, көңіл орнықтыратын көкжиектей кемел көркемдік тапты. Тілекпен туысып, жүрекпен ұғысатын кейіпкер сомдады. Қазаққа біткен көнбістік – рухани мүгедектіктің бір сатысы, көтер басты, сілкін – «Қаралы сұлудағы», «Қараш-Қараштағы» жуастарым деді. Абайдың адамдық уағызы, жүрек лүпілі өлмейді, өлең – сөз апиыны, сұлулық – көз апиыны, бодандық бопсадан мәңгүрт болғанымыз жетеді, уағыздан мәңгүрт болмайық деді; құштарлық пен тоят іздеу азғындыққа, арман мен мұрат іздеу адамдыққа апарады. Адамдықтың шырағын сөндіріп алмаудың амалы – ұстазды ұлықтайық деді.

О, құданың құдіреті! Не керметінің барын кім біледі, шешен мәртебелі мінбеде жұрт білетін етекбасты жайдақ деректі жіпке тізбей, жазушының пәнилік уәйімі мен бақилық аманатын аршып алып дарадай ғып төбесіне көтеріп көзге елестетті. Тақау маңда тірі жүрген періште ме деп қалдым сол мезетте мінбедегі Әбішті.

Әлгіде ғана кең залды кернеп тұрған дүниеғапыл дырду сап тиылып, жұрт сілтідей тұнды. Жан-жағымызбен байқатпай туысып, айтқызбай ұғыстық. Аурасы баурап апты. Іш сарайымыздың дарбазасы ашылды.

1997 жылғы сәуір айының аяғында Әбіш бастаған әдбиет пен өнердің үлкен делегациясы әуелі Мәскеу басып, одан Санкт-Петербург асып жазушының жүз жылдық мерейтойын өткізуге атсалыстық. Өзім екі жерде, Набоковтың табанының ізі қалған батыс беттегі жыныс тоғайда мүлгіген орыс деревнясының аядай кітапханасында, баяғыда Дума дырдуы өткен Таврия мәжіліс залында сөз сабақтадым, елге иығым көтеріліп әжептеуір марқайып оралдым.    

Сүйікті кейіпкеріміздің Әуезовпен алғаш танысу, тілдесу, түсінісу хикаяты осымен тамам.

 

3. Толстой мен Мопассан

Жазу деген сөз дерті.

Сөзбен ауырған адам жазбай отыра алмайды. Осы жолдардың авторы Әбішпен сонау алпысыншы жылдардың басында, Ұлттық университеттің филология факультетінде, 2-3 курста оқып жүрген кездерінде аралас-құралас жүрді, танысты, сыр бөлісті, достасып үлгерді.

Осы күнгі Төлеби көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысқан тұсында о заманда шүпірлеген жерүй тамдар болатын, соның бірін «жалға алып тұрып жатырмыз» деген соң, апақ-сапақта, намазшамның көлеңкесіне ұқсап жетіп бармаймын ба. Сыртта, есік алдында кейіпкеріміз - Әбіштің жерлесі, Үстірттен келіп оқып жүрген Лебен есімді жігіт тықылдап, жұдырығына жөтеліп қойып, примус жағып, шай қоюдың әлегімен күйбеңдеп жүр екен. Әбіш балағымен көше шаңын сыпырып еніп келе жатқан өзімді көріп, жылыұшырады. Сықсиған электр шамының түбінде екі бүктеліп шиқылдатып бірдеме жазып отыр.

- Француз жазушысы Ги де Мопассанның «Өмір» атты романын орысшадан аударып сілікпем шықты, - деп қалың дәптеріне маржандай тізіп жазған қолжазбасын көрсетті. – Оқып берейін бір тарауын, тыңдап көрші, ұқсай ма екен.

Ұқсай ма, ұқсамай ма, ол заманда аударма дегенді кім естіген, аударма мәтінін кім салыстырып көріпті. Әбіш даусын созып оқиды. Кілең жатық сөйлем қазақша сырғи түседі, сүріндірмейді. Нақышы, сөз саптасы тау суындай. Француздар астарлап сөйлеуге, тұспалға, мегзеуге ұста ма, кім білген, қазақтардың астарлап сөйлегені секілді сезімді сілкіп, ойды орап алар оралымдар кәдімгідей еліктіргені. Тықылдап жөтелген Лебен шайға шақырмаса ғой – шығарма қызығымен уақыттың қалай өткенін білмей, байқамай, біріміз бас шұлғып, біріміз қолжазба оқып отыра берер ме едік. Қайтер едік.

О замандағы қалтасы жұқа студенттің үйреншікті дастархан мәзірі: қара нан, ливер колбасасы, маргарин майы, аспаз бозбала мана күндіз маргарин майына булап пісірген макаронды қайта жылытып әкеліп алдымызға тартты. Таяқтай ұзын макарон май сіңірген соң, балдай татиды. Қалайы қасықты көстеңдетіп қарынға ел қондырып алғанша алды-артыға қарау болмайды. Әдебиет әлемі бір пәс естен шыға тұрады-әй.

Әбіш шәугімнен қара шайды құрқылдатып кеп жұтты, шекесінен жылтырап тер шықты.

Қалың дәптерді қайыра қолына алып, парақтап ашып, дауыстап оқи бастады. Үні жарға соққан толқын шуылындай, бірде алыстап, бірде тақап құлақты қажайды. Бір байқағаным: сөйлемдері таяқ секілді шолтаңдап шекеңді ісірмейді, бір пәсте басы, аяғы көрпеден шыққандай көрініп тұрған жоқ, салақұлаш. О заманда қалам ұстаған жас перілер – біразымыз прозаға ден қоя бастағанбыз, ебін иіп келтіріп шұқынып мақала, әңгіме, новелла түрткілейміз. Әйтсе де соншалықты сөйлеміміз ұзара қоймаған кезі. Қарап отырып ұлы ұстаздың «қазақтың өзге жұртынан сөзі ұзын» деген өлең жолы ойға оралады.

Қолдан келсе қажетті сөзді дөп тауып, сөйлемнің ырғағын келістіре созып, салақұлаш етіп құрғанға не жетсін. Біраз жазушы сөйлемді бастауышпен бастап, баяндауышпен тып еткізіп тұжырам деп жүріп ойын жинақтай алмай қалады, әу бастағы силлогизмнен көз жазып, тоғайда адасқан кісідей шаты-бұттылап кетеді. Сонысын іштей сезеді де адасып кетпей тұрғанда – ойыма оралғанды айтып қалайын деп сөйлемді шолтаң еткізіп қарабайырлау құрастыра салады. Реңсіздік содан туындайды. Ой ажары ашылмайды. Мына замандасымның сөйлемді қаншалық ұзарта созса-дағы әу бастағы түпқазық – силлогизмнен адаспай, толықтауышпен толықтырып, анықтауышпен әспеттеп, реңк бояуын бұзбай, қамырдан қыл суырғандай, жібек жіпті ескендей құйылып келетін сөйлем ырғағына тәнті боламын. Мейіріңіз меймілдейді.

Бас шұлғып отырып қалғып кетіппін, сол күні Әбіштің пәтерінде түнеп қаппын. Әлгі оқиғадан кейін қанша уақыт өткені қаперімде жоқ.

...Кешқұрым сіріңке қорабы секілді автобусқа отырып, селкілдегеннен селкілдеп Әбіштің жалға алған пәтеріне жеттік. Осы күнгі Дружба даңғылының бас жағында, қазіргі Алатау қонақ үйінің маңайында, жер үйдің шағындау екі бөлмесін жалдапты. Ұшқасып-тіркесіп кіріп келгенде алдымыздан ақ жаулықты, ақ көйлекті кейуана кісі шыға келгені.

- Құлдығым, жоғары шық, - дейді Әбіштің шешесі алғаш көрген кісіні жатырқамай, бауырына тарта сөйлеп. «Құлыным», «қалқам» дегенді естіп жүрміз ғой, «құлдығымды» алғаш естуім.

- Бірге оқимыз, бір курс төмен, аздап қалам түртеді, - деп Әбіш таныстырды.

- Е, қатарынан қалмаса болғаны құлдығымның.

- Қалмағаны сол – сізге сәлем беремін деп ілесіп алды. Түпкі ойы жылы-жұмсағыңызға қарын шермиту, - деп даудырайды Әбіш.

- Е, шай дайын, жұқпа жауып, бауырсақ пісіріп қойғам, елде күніге жүз қаралы кісіні қонақ қып шығаратынбыз, ашқұрсақ бала-шағаны тойғызу сөз боп па, тәйірі. Төрге озыңдар, құлдығым! Айсәуле апамен алғаш танысуым осы жолы, ұмытпасам, 1960 жылдың қоңыр күзі. Салған жерден ол кісіні өзімнің анама теңестіріп «апа» деп кеттім, көргені көп кейуана әлгі ұшырасқаннан кейін-ақ «Дүкенбай, құлдығым», деп атайтын болды. Кейінгі қырық жылдай тіршілік сапарында сол сөзінен еш уақытта жаңылған емес. Алғаш ұшырасқан мезетте ақ жаулықты, ақ көйлекті, ажарын ашып сөйлейтін  - алды кең ел анасы еді. Табандатқан қырық жыл бойына табиғат берген қалыбынан еш өзгермеді, жарықтық, өзгермей кетті!

Ақ бауырсақты сары майға малып жеп, сүт қатқан қою шайға жіпсіп отырғам. Апыр-топыр түрегелген Әбіш ішкі бөлмеден қобыраған үлкен дәптерді көтеріп шықты. Ішім бүлк ете түсті. Қалың тор көз дәптердің іші сықасқан жазу. Ойпырмайдың шаршамайтынын-ай! Осыншаны қашан жазып үлгердің дегенімше болған жоқ.

- Ги де Мопассанның «Пьер мен Жан» атты шағын романын аударып шыққам, соның бір тарауын оқып берейін, тыңдап көрші.

Аузыма салған бауырсақты қылғынып әзер жұтқам.

- Ау, мұны өзіңе ақы-пұл төлеп аудар деген кісі бар ма, әлде баспа шарт жасасты ма?

- Жоқ, ешкім өтініш жасаған емес. Ұнады, ұнаған соң бір апта кешқұрым қадалып отырып аударып шықтым. Қолым жаттықсын дедім.

- Енді есі дұрыс адам ақы-пұлсыз осыншалық көр бейнетке ұрына ма?

- Енді... ұнаған соң аудардым да шықтым. Ал, тыңда!

Деді де әлгісін дауыстап оқи жөнелді.

Бір анадан туған екі бозбала. Әкелері басқа-басқа. Құлын тайдай тебісіп өскенімен әлгі анасы бір екі ұл – ержеткенше әкелері басқа-басқа екенін білмейді, тіпті келіншектің «еркегімін» деп еншілеп жүрген күйеуіне де бұл сыр жұмбақ. Осы сырды жібек матаның шетінен суыртпақтап жіп тарқатқандай шебер жазушы сусытып әкеп, оқырманды жетелегеннен жетелеп, шығарманың аяғында бір-ақ ашады емес пе.. Әуелгіде теткіп отырып тыңдаған бұл көкең шығарманың шытырман шырғалаңына бір бойлап алған соң – аяғына шыққанша тапжылмастан отырыппын. Көзім бозарып еміне түсіппін. Қалың дәптердің соңғы бетін жапқанда бір ұйықтап оянған Айсәуле анамыз шәугімін сылдыр еткізіп:

- Ашөзек үрпек бас, құлдықтарым, қағаз жүрек жалғамайды, келіңдер шайға, жүрек жалғап алыңдар, - дегенде барып тұңғиық әсерден басымызды көтеріп, бойымызды жинап алыппыз.

Ой-хо-ой, заман-ай деген!

Жылдар жылжып өте берді. 60-жылдардың ортасында мына біздер жоғарғы оқуды тамамдап, бір-бір қызметтің кілтін ұстап, бір-бір кітап шығарып үлгергенде сойқан дырду шулыған шықты. Баспа төңірегінде. Мемлекеттік «Жазушы» баспасында Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романының қазақша аудармасын кітап қып шағыру ісі үш жыл бойына жоспарда тұрады ғой. Баспамен шарт жасасып, пәлен пайыз қаламақысын алып қойған кәнігі аудармашы «беремін» деген қолжазбасын әрі созып, бері созып, көзі бозарып кешіктіріп әзер әкеледі. Кешіктіргені бар болсын. Аударма қолжазбасымен мәтінді салыстырып оқып шыққанда –  зерек редактор бастың аяқ, аяқтың бас болып былығып жатқанын бір-ақ біледі. Әсіресе бірінші том жобаға келмейді. Аяғын апыл-тапыл басқан шалажансар сөйлемге редактор сүрініп жығылады; «халтура», - деп ойбайын салады. Не істеу керек? Жоспарда тұрған, қаржысы желініп қойған классикті қайтсек те қазақша аударып шығаруымыз керек деп баспа директоры үстелді тоқпақтайды.

«Жедел аударып беретін қаламы жүйрік жорға аудармашыны, өл, тіріл, табыңдар» деп пәрмен береді.

О заманда баспа директорының сөзі атқан оқтай, пайғамбардың лебізіндей, талқыланбайды, өлсең де орындап құтыласың.

«Ендеше қаламы жүйрік кім бар?.. Азғана қаламақыға сұрапыл сойқан романды орысшадан қазақшаға қотарып шығатын әпенде ақкөз аудармашы табыла ма?..» дегенде – қос обаның көлеңкесіндей болып осы Әбіш ауызға ілігеді ғой. «Сол ақкөзбен сөйлесіңдер, - дейді баспа директоры, - қалған-құтқан қаламақыға қалпақтай кітапты аударып берсін, мерзімі қысқа, уақыт ырғалып-жырғалуды еш көтермейді, тездетіңдер!»

О заманда баспа директорының мәртебесінен аттылы кісі ығып тұрады, көп ырғасып сөзбұйдаға салу деген болмайды. «Соғыс және бейбітшілік»  романының жөндеуге, ептеуге, септеуге, жобаға келетін томын баяғы шаршаған сарабдал тәржімашының үлесіне, қайта бір қарауына қалдырып; ептеуге, септеуге келмейтін, жер бауырлап жатып алған шалағай жасалған аударма томды әрі итеріп, бері жығып жүріп, бастан-аяқ қайыра тәржімалауға көшеді. Жаңадан жасалатын тәржімаға өз-өзінен бұрқ-сарқ қайнап жүретін арқалы Ғафу ақын мен әдебиет ауылына тақауда ғана ат ізін салған, желкілдеген көк шөптей жап-жас, мөлдіреген бозбала Әбіш тартылады. Сонда ғой бұл көкеміз дүниелік сөз өнеріне өзіше өрнек салып, арналы өзен болып қосылған классиктің қомақты романын «қалай қазақша сөйлетемін» деп бір пәске іштей толқымайды. Ішкі серпіні жеңеді. «Құдайым-ау, аса қиын шаруаны өзім дөңгелетпесем кім дөңгелетеді» деп ойлады.

- Мақұл, - деді, - қанша уақыт бересіздер.

Алдынан жан баласы кесіп өтпейтін қаһарлы баспа директоры жаңсақ естідім бе деп ойлады.

Алдына келіп жүгінетін ақын-жазушылардың сөзінің біссімілласы: «қанша қаламақы төлейсің» дегеннен басталушы еді, мына өрімдей жас бозбала қалың кітапты қақ бөліп аударып шығауға «қанша уақыт бересіздер» деп, пәтуалы жөн сөзін иіп келтіргені таңқалдырды. Жанарын ашып-жұмады.

- Шырағым, баспа дегенің өндіріс қой, ажалдан басқаның ертесі жақсы демей ме!

- Мақұл, емеурініңізді түсіндім, - дейді бұл көкең.

Айтты-айтпады... қарыны құрғыр қоңылтақсып, асхананың вермишель салған сүт көжесінен әбден жеріп, Айсәуле шешеміздің жылы-жұмсағын жеп қайтайыншы деп Әбіш досымның үйіне апақ-сапақта үңірейіп жетпеймін бе. Ол кезде Клара ханымның келін боп түспеген уағы. Қазан-ошақты Айсәуле шешеміздің өзі ұстайды. Қазан-аяғы еш сылдырамайды. Шешеміздің өзі үй тіршілігіне мәйін, сарабдал, аяғының ұшымен басып жүріп істейді, сыбырлап қана тілдеседі. Өзіме де: «Сәлемші болсаң тыныш отыр, көп даңғырлай берме», дегенді ыммен, мегзеумен ұқтырды осы жолым. «Бұларға не боп қалды, қазан-аяқтың сылдырамауы қалай» деп келуін келіп ап іштей толқимын. Ақ жаулықты, ақ көйлекті шешеміз түсіндіреді.

- Әбішжан түкпіргі бөлмеде жазу жазып отыр, - дейді, - күнде табжылмастан жеті-сегіз сағат отырады, құлдығым. Өзі де шәукиіп жүдеп кетті.

-  Не жазады сонда? – деймін сыбырлап қана.

- Қауға сақалды орыс шалын өліп-өшіп қазақша сөйлетіп жатыр. Орысты қазақша сөйлету дегенің дүниенің азабы көрінеді ғой.

Қайран Айсәуле ана, жарықтық, жатқан жерің жарық болғай! Ымдап, мегзеп түсіндіргенін заматында ұқтым, «қауға сақал орыс шалын» қазақша сөйлетудің машақаты, әрі жан азабымен арпалысып жатқан кейіпкерімнің кәпір аяғандай мүшкіл халін айтпаса да іштей түсінемін. Сұрапыл бейнет үстінде толерантты төзімділік танытып, шекесі зіл тартып, ой тереңіне басқыш қойып, сөзден сөйлем туғызып, сөйлемнен өрмек тоқып қадалған үй иесінің үстіне кіріп баруға батпадым.

Бір мезгілде аяқ тықыры құлағына жетті ме, ішкі бөлмеден Әбіштің өзі атқып шықты. Сәлемдесті. Дөңгелек жозы жиегіне дүрс етіп тізе бүкті. Арыстанның жалындай бұрқыраған шашын салалы саусағымен тарап-тарап жіберіп, алақанымен бет-жүзін сыйпап өтті. Сөз сабақтады.

- Сөйлем құрылысы соншалық қиын емес, шалдың. Әйтсе де қатты ағыс астындағы көзге шалынбай кезігетін қойтас секілді мегзеуі мен тұспалы сұмдық күрделі, жайдақ шауып өте алмайсың.

   Сол кеште есімде қалғаны – Алматыға алғаш қар жауды. Құдіреті күшті жаратқан ие көзге көрінбей көктен үлпілдеген мақта сеуіп тұрғандай сезілді. Маужыраған ұйқылы-ояу үйлер үстіне жапалақтаған жылы қар төгіле түседі. Қардың қалыңдығы сонша – жер мен көктің арасына аппақ сейсеп тұтқандай, көше-көшенің жарығы жыпылықтап жер дүние күңгірттеніп кетті. Мына түрімен иықтағы алып таулар бел жаза түрегеліп, жер дүние енді-енді жаратылып жатқандай әсерге бөледі.

О, құданың құдіреті!

Заманында Лев Толстой зиялы қауымды аузына қаратқан әрі ақылманы, әрі «қырсық шалы» бола білді. Жаңа шығармасын ел-елдің зиялы қауымы, сауатты оқырманы елеңдеп күтісті. «Е, Толстой не жазып жатыр екен?» - десті жердің арғы бетінен. «Соғыс және бейбітшілік» романы со заманда Наполеон Бонапартпен ауырған мыңдаған ақсүйектерге шаншу болып қадалды; алдынан жан баласы кесіп өтпеген, жер әлемді зеңбірек гүрілімен-ақ тітіретіп оятқан сүлей императорды осынша жертабандатқаны несі?.. Мәскеудің иті үріп қуған жоқ, бөстегін жылдам көтерген императордың өзі ғой!.. – десті, - Толстойдың мұнысы енді «жазушы-жазушы дегенге әбден аспандап азуын айға білегендік» - десті. Әйтеуір өткен ғасырдағы орыс көркем сөзінің хас шебері, ақылманы Толстойға қаратып қарнын тыр-тыр қасыған мұжықтан бастап, паригі иығын жауып, эполеті кеңірдегін ұзартқан статс-хатшыға дейін ұзын сөзін иіп келтіріп, пікір айтуға келгенде алдарына жан салмады.

Барша сыр мына Әбішке әлдеқашан мәлім, әлдеқашан қыртысы қалың романды оқып-тоқып бар мәйегін бойына, санасына сіңіріп алған. Тек айтқаны:

«Шатақ шалдың шындығы сай-сүйекті сырқыратқан синтаксистік лексиконын бұзып алмасам, қалыбын, қисынын дөп басып танысам деген ой домоклов семсеріндей желкемде тұрып алды», - деді сыр ғып.

- Шатақ шалың логикалық силлогизмді бүр жарған ағашша бұтақтатып ой өруге келгенде адына жан салмайды.

- Орыс тілінде ғой адам санының ішкі жағы – «шап» деген сөзі табылмай, әрі іздеп, бері іздеп, болмаған соң немістің «шенкеля» деген сөзін иіп әкеп Толстойдың орыстың тіліне енгізіп жаңа сөз жасағанын айтсаңшы, - дедім пікіріне пікір қосып, - Ал Достоевский француз тілінің «стушевать» деген сөзінің баламасын тапқан, сөйтіп француз тілінен орыс тіліне көгендеп әкеп енгізген. Соны өзі зор мақтаныш тұтады екен, сабазың!

- Адам айтқысыз қалың бейнетке басыммен ендім де кеттім! Бейне тәуекелге бел буып тереңге ырғыған сүңгуші секілді сезіндім өзімді.

Ананы, мынаны айтып сөз ұзартып отыра беруге болар еді. Кісінің уақытын ұрлау зұлымдықтың ең үлкені.

Айсәуле шешеміздің қызылкүрең шайына алла разы болсын айтып, көзі бозарып түкпірдегі жұмыс үстеліне жалтақтаған кейіпкеріммен жылы-жылы қоштасып, есік алдындағы домаланған бәтеңкемді томпылдатып киіп, қайыр хош айтыстым. Шығып жөнелдім. Неге екенін қайдам, көше азынап кетіпті.

Кейінше, бір жыл өте Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романының екінші, үшінші томдары қазақша аударылып әдемі кітап боп шықты. Араға біраз жылдар салып Ги де Мопассанның «Пьер мен Жан», «Өмір» романдары жарық көрді. Әбіштің аудармасымен. Құданың құдіреті дейміз ғой!

Көзі тірісінде шатақ шал – орыс жазушысы Лев Толстой француз қаламгері Ги де Мопассанның жазғанын еш қабылдамаған, туралап айтсақ – жақтырмаған. «Ұрғашы юбкасынан шырмалып шыға алмай жүрген жазушы» деп іштей мысқылдап, кекетіп, мұқатып отырады екен. Зайыбы София Андреевнаға: «Оқып неғыласың» деп жек көргенін кірпідей жиырылып жасыра алмапты. Әрине көзқарасқа, жақсы-жаманды қабылдауға, түйсінуге үкім жүрмейді. Әсіресе алыптар арасындағы кереғарлық - мұхитта жүзген мұзтау секілді. Жуғарақта еріп таусыла қоймайды. Бірін-бірі мінеп-сынап, бірін-бірі текке жүрген жамаушыға балап, «ә, соны қойшы» деп, жүріп дүниеден өтеді. Бәрібір айналып келгенде дәмді сөз, тәтті ауыздың игілігін оқырман қауым оқып тұшынады. Рахатын солар көреді.

Таңқалғаным: осынау Еуропаның бірі батысында, бірі шығысында жүріп көркем сөзді тамыршыдай тап басып төгілдіріп таңғажайып шығарма жазған, бірі батысты, бірі барша әлемді аузына қаратқан, бірін-бірі ұқсатып түсіне алмаған қос алыптың мөлдіреген көркем прозасын қазақша тірі сөзбен жатық сөйлетіп шыққан мына Әбіштің шеберлік, зергерлік құдіретіне қайран қалмасқа еш шарам жоқ қой! Қалам құдіретіне тәнті боламын да тұрамын.

4. Әбділхамит һәм Жүсіп

1963 жылы қаңтарда алғаш отау құрып, Мәриям Жақсылықызымен бас қосқанда Байтұрсынов көшесі бойындағы Дәрігерлік институттың жатақханасының асханасында үйлену тойымызды Әбіштің басқарғанын, содан кейінгі барша ыстық-суығымызға, қуаныш-ренішімізге асыл достың ортақтасып, қатысып жүргенін сөзбұйдаға салып соза түсудің жөні жоқ. Тек қана 2004 жылы жүзге қараған шағында бақилық дүниеге озған Жәмила анамның әлгі үйлену тойына қатысқан кездегі ризалық пейілін айта кетуді өзіме парыз санаймын.

«Той басқарушы Әбіш баламның, ойпырмо-о-ой, тақылдап сөйлегеніне таң қалып отырып «ал, апа, тойға бата беріңіз!» - дегенде не айтарымды білмей, аузыма сөз түспей ұялғанымды қайтіп ұмытайын!..» - деуші еді жарықтық. Көпке дейін осы сөзін қайталап жүрді. «Апамның айтар батасы осындай» деп Әбіш қой – шешеміздің добалдау сөзінің тігісін жатқызып өз тілімен баяндап шығып енді сонда.

Сөз реті келгенде айта кетейін. Лапылдаған жастығымызды қосыла өткізіп, он сегіз жыл отбасының түтінін түтеткен зайыбым Мәриям соңына Ардақтай ұл, Алуадай қыз қалдырып дүниеден өтті.

1988 жылы қаңтарда Сәуле Мағазбекқызымен екеуміз екінші мәрте отбасын құрдық. Сол кезде ғой, Әбіш жаңа жылдың алдында, Алматыда, Панфилов 103 үйдің он алтыншы қабатында тұратын ошағымыздың басына өзінің Марал, Кәрібай, Төлек секілді қашанғы сырмінез «сарбаздарын» ілестіріп, Айсәуле шешемізді алдына салып келіп ару қыздың сырғасындай сұлу сөзін сабақтап, «жұптарың баянды болсын!» деп нар ғана көтерер ауыр батасын беріп, бет сыйпағаны есімде, аяғы баянды болды...

Ұлы Отан соғысы жылдары, дәлірек айтсақ, 1943 жылдың қара күзінде депортация  - жер аударуға ұшырап, солтүстік Кавказдан түп көтеріле көшіп келген шешен, қарашай ұлтын әуелгіде қиян түкпірдегі Қызылорда облысына әкеліп үйіп төккені тарихтан мәлім. Өз басым аудан орталығы – Жаңақорғанда орта мектепте оқып жүргенімде шешен балаларымен аралас-құралас өстім. Еркектерінің қайда жүретінін итім біліп пе, әйелдері кәмпит ерітіндісін газды суға араластырып лимонад жасап ертеден қара кешке сатып тұрады, балаларының іздегені төбелес, көйлектерінің дал-дұлы шығып төбелеседі де жүреді, қазақ балаларымен ит пен мысықтай. Алматыға оқу іздеп келгенде Шиеліден шыққан, аздап қазақшалап әңгіме жазатын, жұқалап қоңыр даусымен радиода диктор болып істейтін Әбділхамит Исаев есімді шешен бозбаласымен таныстық. Іші-бауырыңа кіріп тұрған, ақкөңіл, тура сөзді жігіт болатын. Қыр мұрыны, мөлдір қара көзі, арық, ашаң жүзі осылай тасқа шабатын қылышты елестетуші еді.

О заманда бұрынғы Комсомольская, қазіргі Төлеби көшесі мен Розыбакиев көшесінің қиылысынан сәл төменде «Тастақ» деген жерге шешен отбасылары көшіп келген. «Туысқандарым», - деп Әбділхамит әлгі шешен үйлеріне ертіп барады. «Хау-ала, хау-ала» деп қауқылдасып отырып шайын ішіп, палауына қарын шермитіп қайту жұмысқа жақында орналасқан жас маман үшін үлкен олжа, жатырқау, тіксіну болмайды бізде. Кешкі ас мезгілі тақады-ау дегенде трамвайға отырып салдырап-гүлдіреп жетіп барамыз. Қанден итін бажылдатып іңір көлеңкесімен сорайып есік алдына шыққан Әбділхамит досымыздың екі езуі екі құлағында.

- И-и-и, әтиім осы жаңа үйеме табақ палауды қазанынан түсіріп алдымызға қойған. Үлкендердің қабағына қарамаңдар. Дөңгеленіп отыр кетіп бір-бір қалайы қасықты иеленіп палауға салмақ сала беріңдер... бас көтермеңдер... түк үндемеңдер... ішуді-жеуді ғана біліңдер!..

Қайран ғана адал жүрек, ақкөңіл досымыз-ай! Үй иелерінің қабағының астынан сүзе қараған ала көздерін елең қылмастан, қайтсе де мына «шілбиген шіби қоразға ұқсаған жолдас-жорасы тойып кетсін» деген ақ-адал ниетімен алушы еді өзімізді. Сол ақ-адал ниетімен арсалаңдап жүріп ауырып қалды. Қатты ауырды. Мектепте жүргенде өкпесіне суық өткен екен, сол науқасы Алматының көшесінде ашты-тоқты ілеленіп жүргенде қайта шығыпты. Бір күні қақылдап жөтеліп, облыстық «Жетісу» газетінің редакциясына, тақауда ғана жұмысқа орналасқан өзіме шағын әңгімесін әкеліп, қолыма ұстатты. «Ауруханаға жатпасам болатын емес», - деді ентіге тыныстап... Көп ұзамай «ауруханаға жаттым» деп сыбырлап қана телефон шалды...

Әлі есімде, 1965 жылдың көктемінде Әбіш о заманда М.Горький, қазіргі Жібек жолы көшесінің бойындағы үш қабат қыш үйдің үшінші қабатындағы «Лениншіл жас» газетінде істейтін. Шешен досымыздың «Иіс су» деп аталатын мөлтек әңгімесін «Жетісу» газетіне шығарғам. Түс әлетінде Әбішке телефон соқтым. «Газетке басылған әңгімесін алып, бірер кілә апорт алып, бірінші Алматы жақтағы ауруханаға барайық, шешен досымыздың көңілін сұрайық», - деп қолқа салдым. Досым келісе кетті. Ол кезде М.Горький көшесі мен М.Төлебаев көшесінің қиылысындағы көне қос қабатты ағаш үйге орын тепкен редакцияға жаяулап жетіп келді. Қағаздарымды қамдағанша күтіп отырды. «Мына үйлерің басқан аяқтан түгел солқылдайды екен», - деді. Көк базардың түбінен сіріңке қорабы аталатын автобусқа отырып ылдидағы аурухана тұсына жеттік, жаяулап аңғал-саңғал аулаға ендік. Әбділхамит досымыз алдымыздан арсалаңдап шықты. Қайран достың лайланбаған көңілі-ай десеңші!

Тұнжыр қабағының астындағы шырадай жанған мөлдір қара жанарынан мөлт тамуға шақ қалған тамшы жасты көрдім. Қолына газетті ұстаттым. Әбіш жағдайын сұрады.

-                    Қалайсың?

-                    Не қалайы бар. Мінекей көріп тұрсыңдар ғой, - деп аяғының басына қан түкірді.

-                    Ем қонбай жатыр ма сонда?

-                    Уақтысын өткізіп алғансың дейді дәрігерлер.

Осы сөздің арғы астарында қаншама айтылмаған сыр, зілдей ауыр мұң, мына жарық дүниені қимай қамығу секілді адамның аузы батып айта алмас астан-кестеңі шыққан мінез дүлейі жатқанын іштей сездім; шыбын жаным шырқырағандай болып безектеп кетемін... О заманда бір жапырақ болып шығатын облыстық газеттің бетіне шыққан шағын әңгімесін мақтаған боламын. Әбіш екеуі күбірлесіп біраз әңгімелесті. Түскі үзіліс уағы аяқталып қалғанын айтып, ал хош деп, кетуге пұрсат сұрадық. Қоштасар кездегі жапырайған жалғыз қабатты аурухананың шуақ ұйыған іргесі, қар ылжырап еріп жатқан кез, ауруханаға кіріп-шығып жатқан әдемі медбикелер, құлақты қасыған сылдыр, сыңғыр күлкісі мына жарық дүниенің таңдайға тебер тәттілігін аңғартса – бізбен қимай қоштасқан өрімдей жас жігіттің ауыр мұң қалқыған қабағы, әрәдік екі иығы селкілдеп жұдырығына жөтелгені – жерге қаратқандай, желпініп жеткен көңілімізді таспен бастырғандай – кереғар әсерге әлдилегені. Қол қысысып қоштастық. 

Сол күні Әбіш шешен досының көңілін сұрап келе жатып, бұрынғы Ленин даңғылы, қазіргі Дружба даңғылының «Пожарное депо» деген аялдамасынан түсіп, жәйлап басып, жалдап тұратын пәтеріне келеді. Шаршап келіп, түкпір бөлмедегі темір керуетке сылқ құлайды. Осы мезет оң жақ бүйірі қатты шаншып ауырады. Әрі-бері аунап шыдап баққан еді, бебеулетіп алып барады. Болмаған соң қарсы керуетте жатқан Лебен досы телефон-автоматқа жүгірді. «Жедел жәрдем» дәрігерін шақырды. Жедел жететін ақ халаттылар әулеті түннің бір уағында әзер төбе көрсетеді. О жер, бұ жерін қарай салып, ауруханаға алып кетеміз дейді. Құдай басқа салмасын, қала түкпіріндегі шағын аурухана іші лық толы ауру кісілер. Әбішті шеттегі бір керуетке әкеліп тастай салған. Науқас кісілерді коридорға дейін топырлатып жатқызып тастапты. Бүйірін басып, дөңбекшіп таңды атырады. Ертеңгісін жанына келіп, тізе бүккен қауынбас дәрігер: «Соқыр ішек», - деп анықтама береді. Дереу операция үстеліне сүйрейді. Шұғыл жарақатпен түскен, жол апатынан қағылған-соғылған кісілер маңайында бебеулеп үйді басына көтереді. Жан алып, жан берген қиын сәтте операция жасалып бітті-ау, әйтеуір. Жексенбінің күні бозамық тартып, әйнектен сығалаған сәтте Әбіш есін жиғандай болады. Манағы қауынбас дәрігер қайта айналып соғып: «Бала, соқыр ішегің жарылып кетіпті, кесетін дәнеме қалмапты. Тек дәрімен  шайып, уын қайтарып, жарақат орнын таңып қана тәмәмдадық», - деп жұбату айтып, басынан сипайды. Жарылып кеткен соқыр ішектің әлегі – әлсін-әлсін дәрімен шаю, ісікті қайтару, қабынған тұсқа  түтікше қойып, залалды сұйықты сорып алу секілді ем-дом жасағаннан – қолы жеңіл емшілер асты-үстіне түскеннен әупірімдеп беті бері қарайды. Көретін жарығы бар екен қайта! Сықырлауық темір керуетте екі аптадай дөңбекшіп бебеулегені есінен кетпес сірә! Екінші аптаның аяғында сүлдесі құрып, жуған шүберектей болып, сүлеленіп басын көтереді. Дәрігерлер: «Жас организм жеңді қайта! Дене құрылысы, табиғаты ауруға қарсы тұрып, күреспегенде ғой, бұл баланың пашпырты баяғыда бітетін еді», - деп кеңк-кеңк күліп арқасынан қағып шығарып салады.  

Әбділхамит досымызды айдың аяғында туыстары келіп ауруханадан шығарып, қарашаңырағына, алыстағы Шиеліге алып кетті деп естідік. Көп ұзамай елден – елгезек жүректі шешен болса да қазақша төгілдіріп әңгіме жазатын жас дарын дүниеден озды, көз жұмды деген суық хабар алдық.

Әбіш алыс жолдың жолаушысы секілді.

Біраз кісі Әбішті алды кең, адамшылығы жоғары, жұртқа бөліп берері мол деп жазады. Көзіммен көріп, көңіліммен сезгенімді жіпке тізіп айтып бермесем ғой; әлгі оппоненттер айтқан лебіз – құрғақ мадақ боп естілері кәміл. Толстой айтқан сөз бар емес пе: «басқаның ойымен өмір сүріп, өзін басқаның орнына қоя білмейтін адам – жаман адам, ал өз ойымен өмір сүріп, өзгенің орнына өзін қоя білетін адам – жақсы адам»  деп. Мына Әбіш қандай қылөткелде тұрмасын, нендей кепті басынан кешірмесін ең әуелі өзін өзгенің орнына қоя біледі, «өзім болсам қайтер едім» деген сауалды алдына көз жазбай қарауыл қада етіп қойып үйренген. Ал сол кісінің орнында өзім болсам, осынау қиын кепті басымнан өзім кешірсем қайтер едім деген сауалды сағат сайын, күн сайын, әрдайым көзге көрінбейтін меже жібіндей санасында сақтай жүре ме деп түйіндеймін. Әділет ауылынан табаным тайып кетпесе деп тілейді. Жанашырлығы басым, жүрегі жылы жан өзі құралпы кісіні қиянатқа қимайды, қараулыққа баспайды, қылдан таймайды.

Поэзия әлеміне ат ізін салып, парнас пырағын мінген өткен ғасырдың 70-80-шы жылдары жарқ етіп көрінген дүлейлердің бірі Жүсіп Қыдыров еді. Жерлесім, сыйлас, мұңдас болып қатар жүрдік. Жүсіп ақын жүріп-жүріп келіп, сүттей ұйыған отбасын қиып, сабаудай сыланып өсіп қалған төрт ұлын тастап Ақжолтай есімді келіншекке ғашық боп, «Мың бір күн» атты жыр жинағын жазды. Әлгі келіншектің соңына ілесіп ХХ ғасырдың Мәжнүні болып кеткенін сол кездегі құрбы-құрдастарымның бәрі біледі. Ғашықтық – дерт. Сол дерті үлкен өнерге себепші болды. Қазақ поэзиясына бір бұрым бұлағы болып іңкәрлік сезімінің сұлу торы аттай ғажайып өлең жолдары келіп құйылды.

80-шы жылдар басында Жүсіп қатты ауырды. Қалалық қатерлі ауру диспансерінде сәуле терапиясынан ем алып жатыр дегенді есітіп, бірер жерлесі бас қосып көңілін сұрауға бардық. Сырықтай ұзын, абажадай денелі кісі арыған кезде әр тұсынан бақан тіреген тұлыпқа ұқсап қалады екен. Ер арыса тулақ дегенді көзімізбен көрдік. Оны-мұны әралуан тақырыпты тілге тиек етіп көңілін ауладық, әзілге тарттық, таудан құлаған тас бұлақтай поэзияның жайын сұрадық.

- Өлең шіркін Кемпірбай ақын айтқандай, кеудемнен кептер боп ұшып кетті ме, қағаз бен қаламға қолым бармайды еш. Жазушылар одағы бес-алты жазушыға үй береді, соның бір үйі өзіме жазылып қойған дегенді естіген едім. Кім қатын тастамай жатыр, кім екінші мәрте үйленіп басын қайта құрамай жатыр?.. Одақтың бірінші хатшысы Жұбан Молдағалиевке телефон шалсам ауыр-ауыр сөздер айтып, меселімді қайтарып тастады. Ақын ғой, әлдекімнің өсегіне сүттей ұйығаны сезіледі. Әбішке айтсаңдаршы, баяғы «Лениншіл жаста» бірге істеп, бөлке нанды бөліп жеген қанды көйлек құрдасым емес пе еді. Маған бұйырғалы тұрған үйді өзгелер қақшып кете ме деген қаупім бар.

Ақынның ауыр мұңын, одан қалды зіл батпан аманатын арқалап, «хош бол» айтыстық. Қасымдағы жерлестерім: «Әбішке сен бар», - деп өзіме қолқа салды. Жүсіп бізбен қимай қоштасты. Тау асып, шөл басып, жер түбінен арып-ашып жеткен керуенбасы – қаранарлар болушы еді, соңыма бұрылып қараған мезетте состиып тұрғысынан – жүгі ауып арса-арсасы шығып титықтаған, шаршаған, сүйегі қырланып әбден арыған қара нарды елестеттім. Жанарыма жас іркілді. Жүсіптің де жанарына жас іркілді ғой деймін, жүзін жылдам бұрып, ішке кіріп кетті.

Сол күні саусақ сұққандай қалың нөсер қаланы ел-сел қылды, көшелермен қызыл су жүрді, сар-гүр еткен дыбысы қара жерді тесіп жібере жаздады.      

Апта өте аяңдап Әбішке бардым. Ол кезде досымның жұмыс орны жаңа алаңдағы бес қабатты ақшаңқан алып үйдің терістік батысында, төртінші қабаттағы 437 бөлмеде, Орталық партия комитетінің сектор меңгерушісі болып істейтін. Мәдениет пен әдебиетті қарайтын. Алдын-ала телефон шалып рұхсат алып, белгіленген уақытта ішке еніп, төртінші қабатқа көтерілдім. Досым мол пішілген денесімен қопарыла түрегеліп, ақжарқын пейілмен қарсы алды. Жұмыс үстелінен шығып, айналып кеп қарсыласып тізе бүкті. Таңдайға татитын сөз күтті.

Әуелгі амандық-саулықтан соң Жүсіп ақынның жағдайын айта баста ем қабағы түсіп кетті. Былай да қараторы кісі қабағына кірбің ұяласа көз алдына тұман тұтылғандай қарабарқынданып, түнеріп шығатын әдеті.

-                    Науқасы жанына батып жүр ме екен?

-                    Сүйек-сүйегім сырқырап ауырып түнімен көз ілмей шығамын дейді.

-                    Кейінгі әйелінен перзент бар ма?

-                    Қыз бала дүниеге келген.

Қопарыла қозғалып, жұмыс үстеліне барып отырды да телефонды құлағына көтерді. Одақтың бірінші хатшысына телефон шалды. Сәті түскенде Жұба-ахаң орнынан табыла кетті. Сым ұшындағы арқалы ақынмен сәлемдесіп, хал жай сұрасып: «бір жоба!.. бір жоба!..» деп жауап беріп отырды-дағы ақын құрдасының жайына көшті. «Мен жыласам әйелдерден өткізіп жіберем» деген кепті көз алдыға келтіріп әрі-беріден төгілдіріп, дестелеп түкпірлегенде бар ғой – өлген кісіні қайыра тірілтердей тебірентті. Тауып айтылған сөз – атылған оқ. Кейіпкеріміздің қазіргі лауазым биігі хан қайрылып сәлем бергендей ғой, әйтсе де Жұба-ахаңа осы отырғанда Әбіштің мәртебелі лауазымынан гөрі айтқан сөзі қаттырақ әсер етті ғой деймін, уәдені мықтап бергенін іштей езіп отырмын.

Біраздасын барып кейіпкеріміз телефон құлағынан босап өзіме таман еңсеріле бұрылды.

- Жүсіпке сәлем айт, шаруасы оңғарылатын болды, осы қазір Одақ басшысы «үй берем» деп уәдесін берді. Шаруадан қалт етіп босай қалсам ауруханаға бас сұғармын. Жүсіп мықты ақын. Мұндай ақынды өзге ұлттар күндіз қолына шам алып жүріп іздейді. Әттең біздер кісінің көзі тірісінде ұқсатып төбемізге көтере алмаймыз. Быж-тыж қылып аяғын сұйылтып жібереміз. Әйтпесе кешегі Тоқаш, Төлеужан, Мұқағали өлең сөздің дүлдүлдері емес пе еді! Біртуар самородоктар ғой! Жүсіпті де кейін маңайымызды сипалағандай, қара таппағандай іздейтін боламыз, көр де тұр.

Осыны айтып біртүрлі іштей құлазып еңсесі езіліп отырып қалды. Қош айтыстым.

Көп ұзамай Жүсіп Қыдыровтың отбасына Төлеби көшесі мен Әуезов көшесінің қиылысқан жерінен, жаңадан салынған бес қабатты үйден, төрт бөлмелік пәтер тиді.

Осынау пәтер шаруасына аз да болса сол кезде Әбіштің септігі тиді деп олаймын. Мына өмірдің алыс мігірсіз сапарында, базарға бара жатқанда, базардан қайтып келе жатқанда үлкен жүректі замандасымның талай кісіге қайыры тиді, талай кісінің керуені тұралап, жүгі ауып қалғанда жүгін тиесіп, керуенін жүргізіп жіберді, жақсылық жасады, алдында бара жатқан ағалары, соңынан ілескен інілері туралы тілеулес жақсы сөзін аямады. Мұны осы күнгі зиялы қауымның бәрі біледі. Өзім куә болған, бірі – шешен жігіті Әбділхамитке, бірі – қазақтың дүлей ақыны Жүсіпке қалтылдаған тіршілік көпірінің үстінде ұшырасқан кездегі, бақи жалғанға озар мезгілінде - әлгілердің аянышты хал-күйіне жүрегі жаншылып отырып жанашырлық сөзін айтқаны,

ызығуыт тіршілік күресінде өмірге данагөй философша қарағаны,

таразының басында әрдайым адамшылық биіктен табылатыны,

қалай өмір сүруді бәрі біледі, ал не үшін өмір сүруді көз алдына әрдайым меже ғып ұстайтыны –

өзімді тәнті қылумен келеді! Ой-хо-ой, жалғаны жоқ, жалпақ дүние-ай, осындай жақсы адаммен жас күнімнен табыстырғаныңа, аралас-құралас ғұмыр кешіп, сапарлас қылғаныңа мың да бір тәуба дегім келеді кейде!

1992 жылы тамыз айының аяғында елу жасқа толуыма орай Сыр бойына, Қаратау күнгейіне ат басын тіреп «жерлестеріммен жүздесіп, тілдесіп оралайын, жолбасшылық жасап, қасымда жүр» деп қолқа салдым. Әбіш келісті. Клара ханымды ілестіріп, жанымда зайыбым Сәуле бар, төрт кісі болып Қызылорданың жанып тұрған аэропортына келіп түстік. Айтайын дегенім елдің қошемет сөзі, ат мінгізгені емес. Сол жолым байқаған Әбіштің екі түрлі мінез қыры төмендегіше.

Облыс басшылары аралап көрсін, жұртпен жүздессін деп Сырдария, Шиелі, Жаңақорған ауданын белгілеген екен. Сатылап аяқ суытып, жағалай ауыл қыдырып дегендей, көре-көре Шиелі ауданының Екпінді колхозына ат басын тіредік. Ұжым төрағасы үлкен ақ үй тігіпті, бау-басқұры төгіліп, түңлігі айқара ашылып жанарды суыра тартады. Сол үйде сәрілік шай үстінде радиодан таңғы жаңалықты оқыды. Диктор келіншек «Халық жазушысы» деген атаққа Президент қол қойды деп бір топ аға буын жазушылардың есімін атады, ішінде Әбіш бар. Сол мәртебелі атақ алғандардың ішінде ең жасы Әбіш еді.

Жанымызда тізелесіп отырған халық жазушысы біртүрлі толқып, мейманасы тасып, ернеуінен асып төгілген шара толы қымыздай шалқып кеткенін алғаш көруім. Ыстық тапқа қойған сары майдай еріді. Өз-өзінен теңселе түсіп: «Бәрекел-де-е-е!» деп, қолын қысып құттықтауға ұмтылған кісілерге батасын беріп, ризалық сөзін айтып, ыңырана түседі. Кемеліне келіп, кемерлей шүпілдеп, сапыруы жетілген тіл үйірген қымызға ұқсап шытырлай түседі. «Алла разы болсын, бәрекел-де-е-е!» дейді ризалық сөзін қайталап. Клара ханым лып көтеріліп мойнындағы алтын алқасын сыпырып алып басқарманың келіншегіне тақты. Сәуле әмиянынан уыс теңге шығарып сүйіншіге үлестіріп әлек. Әбіш-екең баяғының батагөй кәриясына ұқсап маңайласқан кісіге ағыл-тегіл ризалық батасын берумен әуре. Үлкеннің қуанған сезімі кейде – кемерінен асып төгілген дария толқынындай болады екен-ау деп қайран қалғаным есімде.

Сапар соңында Жаңақорған ауданының қиыр түкпіріне жол шегіп Келінтөбе ауылына қоныс тепкен қарашаңырағыма келіп түстік. Әбішпен баяғыдан көзтаныс, көңіл қимас шешем Жәмила, ағам Базарбай амандық-саулық сұрасып шұрқырасып табысып, ыстық құшақ қауышып қауқылдасқанын айт! Шағын ауылдың түтіні тік шаншылып, түңлігі желпілдегендей сезілді. Осы күнгі аса дарынды ақын Есенғали Раушановтың әкесі Әбжаппар, Түгіскен каналын қазуға елді ұйыстырған Әлиев Сүлеймен ағаларымыздың жамбасы тиген жерге барып, басына тізе бүгіп құран оқыдық. Айналып келіп үлкен клубта жиналған жұрттың алдына шықтық. Көрші ауылдан үйіліп жеткен елдің қарасы мол.

Жұрттың алдына шығу - Әбіш стихиясы. Әбіш ел алдына шықса жасарады, қынабынан суырылған қылыш секілденіп жарқырайды. Жер еңбегін ойып жіберердей дүбірді сезген, шаппай бер ұлы шабысты тілеп тықыршыған сәйгүлік секілді. Қарақұрым қаптаған халықтың алдындағы сөзді тәспілеп жатудың қажеті қанша.

Ең ғажабы: қарашаңырақта жайылған дастарқан мәзіріндегі Әбіштің толқып тұрып сөйлеген тірі сөзі. Жөн, жосық біледі деген жасы үлкен кәриялардың өзі жағаларын ұстап жер тіреп отырып қалды. Көсемсіген әкімдер еңсесін төмен салды. Есік түбінде малдас құрған кетпенші диқан қараптан-қарап арқаланды. Төрден орын тимей, сөзден дәмеленбей үйренген құйма құлақтар әрі-беріден аталы сөзге сүттей ұйыды.

Қазақтың бітіп, тынып тұрған дәнемесі жоқ деді шешен.

Көптің керегін әркім өз шаруам деп ұмтылса!

Біз өкпеледі екен деп өзегін үзіп бере қоятын, бопсалады екен деп болатынды болдыртпай қоятын заман жоқ.

Ескіден уақтылы жиреніп, жаңадан уақтылы үйренсек жарасады.

Тарихи уәйімнен – дүниелік пайымға.

Тоғышарлық –

тоқтықтан, арыса мүсәпір, тойынса кісәпір болғаннан сақтасын құдайым.

Мақсаты айқын еместер мақсаты айқынды күндейді, маңдайы терлеп бейнет шекпегендер шен-шекпенді үндейді. Элитамыздың сыбайлас жемқорлықтың ауыр қапшығын иықтан сыпыра алмай, салмағынан көк шөптей жаншылып жатқаны, бірінің аузына бірі қарап тіршілік ете алмауы - әлеуметтік әрі-сәріліктен. Дүниелік дамуда лайықты орын алмадық бар ғой – еңбегіміз еш, қаракетіміз кеш; бөлшектенбей, бүтінделейік, дүниеғапыл дырдуға ере бермей, таразыға тартылар еңбек тауқыметін ұқсатайық. Үміт пен уәйімді төрге шығарайық.

Осынау үзік-үзік сөз желісі есімде қалғандары ғана. Жадымнан шығып кеткені қаншама. Әттең әлгі қарашаңырақтағы Әбіштің төгілген сөзін сөзтаспаға жазып алмағаным-ай деп әлі күнге өкінемін.

5. Адамшылық диқаншысы

Әбіш кейінгі он бес, жиырма жыл көлемінде эссе, ойтолғақ, көсемсөзді көп жазды. Тіпті көркем шығарманы бір мезгіл есінен шығара тұрып, өзінің көктемгі нөсерше төгіп-төгіп жазатын қалам қуатын тек қана арғы-бергі атам қазақтың тарихына, ерте заманнан ірге бекіткен қазақ мемлекеттілігінің сыры мен сипатына, кешегі аумалы-төкпелі қылөткелде ұлт мүддесі үшін басын дөңбекке қоя білген алаш азаматтарының жан әлемін сөйлетуге, өмір белесіне шыққан қатар-құрбыларының мінез қалыбын ашуға қадау-қадау мақалалар жазды. Бұл мақалалары көркем шығармадан кем оқылмайды, ой тереңіне тартып, қиял қанатында қалықтатады. Көз жеткізе қоймаған кемпірқосақты жап-жасыл әлемге қолыңыздан жетелеп әкеп енгізеді де жібереді. Не кереметінің барын кім білген, қай тақырыпқа салсаң да – шабан атша тосырқамай, тер шыққан сайын көсілетін тақымы қайыс сәйгүлікше аршын ашады, шашасына шаң жұқтырмайды. Біз ойлаған қыр беткейдің бергі жағын шолуды қойып, қырқаның көз жетпейтін арғы қабағындағы қай-қайдағыны қазбалап кетеді. Бұл жазғандарының бәрі атан жіліктей аға газетке басылып, артынша том-том жинаққа айналып жатады. Кейінгі кезде көсемсөз, ойтолғақ, эссеге көбірек қалам тартуының мәнісін сұрағанда, жалғыз ауыз сөзбен жауап берді.

-         Тәуелсіздікке жасаған қызметім!

Ғасырлар бойы аңсап келген тәуелсіздікке әркім әрқалай қызмет жасап жатыр. Ал Әбіштің кейінгі кезде жазған тарихи мақала, эссе, ойтолғақ, сырсұхбат дүниелерін дәп осы тұста түгел шолып, сөз ұзартып жатудың қисыны жоқ. Солардың ішінен бөліп алып, жарықтық Ахаң туралы ойтолғағын тілге тиек етелік.

Жасыратыны жоқ, осынау ойтолғақ баяғы орыс жазушысы Федор Достоевскийдің Мәскеуде, Пушкин ескерткіші ашылатын салтанатты жиынға арнайы жазған «Пушкин» атты толғанысымен, Белинскийдің Пушкин өлеңдерін талдауға арналған қыртысты қалың кітапқа парапар 12 тараудан тұратын топтама мақаласымен, В.Набоковтың «Евгений Онегиннің түсіндірме сөздігімен» салыстыруға келетін аса жойқын, жер ойылып, аспан айналып түскендей, тұңғиық терең сөз жауһары. Шындықтың шырқау шоқтығы, сөз дертінің күйіп-жанып қызуы көтерілген күйдіргі шағы. Ақылым – заман үшін, еңбегім – ұлтым үшін деп күйзелген кісінің жан ашуы, мінез құбылысы, сөз реңкі.

Ойтолғақты оқып отырып кәдуілгідей қызуым көтерілгені. Кісі көкірегіне ең әуелі айтып-болмас оңаза мұң ұялайды. Мұң мен өнер егіз ұғым екені рас болар, сірә.

Өмір ылғи күлкіден, әзіл-қалжыңнан тұратын болса дүние мүлдем бөтен, басқаша реңк алар еді. Табиғаттың төрт мезгілге ауысып келуі –  өсіп-өрбіген адамзат қалыбына да дәл өзіндей өзгермелі реңк берген; дүниенің бірқалыпты тұрмайтыны секілді, адам баласы өмір бойы көне латынша айтқанда – метаморфозаға – ұшыраумен жетіледі, ілгерілейді, таусылады. Ақылды дегдар кісілер әуелі отбасы, сосын әулеті, ауыл-аймағы, одан асса өз ұлты үшін қызмет етеді, пассионарлық-жүрек оты мол жандар, осы жолда жүріп өртеніп өледі.

Ахаң жарықтық жүрек оты мол, мұхит мінез, пайымы бөтен, ерекше құбылыс екенін енді-енді тани бастадық.  

Ұлтын, отбасын тірі жанның бәрі жақсы көреді. Ақын айтқандай: «Ақын болмай, тасың болсам мен егер, жата алмас ем топырағыңда тебіренбей» демекші, жүрек оты мол жандар елін, жерін айтып-болмас зор сағынышпен сүйеді. Күнде көріп жүрсе-дағы сағынады, аңсайды. Сағыныш, бейне, дерт секілді, асқынып кетсе сарғайтады, әл-дірмәнін алады. Әбіштің желі азынаған, құмы суырған, ит байласа тұрғысыз деуге келетін Үстірт үсті туралы жазған топтама өлеңі бар. Бір өлеңінде «пейіште де түсіме сен кіретін шығарсың» деген сөзі сол перзенттік сағыныштың әсері.

Адам өмірі жерден көкке тіреген көзге көрінбейтін саты. Әуелгі балалық шақ, сосын есею, қызмет, мәртебелі лауазым басқышына аяқ салып баспалдақтан биіктей түседі. Сатының ұшар басында періштелермен ұшырасып, жаратқан иеге шыбын жаны – аманатын қайтарады. Ахмет Байтұрсыновқа ұлтының келешегі, тағдыры маңдайына ұстаған мәртебелі сатысы. Сол сатыға аяқ салып, ұлтының қызметінде жүріп сталиндік зұлматтың қармағына, мылтық қарауылына ілінді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің алпыс жылдай жабылып келген мұрағатының ішінен ОГПУ тергеушілеріне Ахаңның жазып берген жауабы әлі күнге сақтаулы. Көз жүгіртелік.

«Мен, Байтұрсынов Ахмет 56 жастамын, қазақпын, Қостанай округі, Торғай ауданының тумасымын, әйелім, асырап алған үш балам: Аумат, Қазихан, Кәтез бар, мамандығым оқытушы, партияда жоқпын. Бұрын «Алаш» партиясының құрамында болғанмын. 20 жылы ВКП (б) мүшелігіне ендім». Содан кейінгі тергеуде: «21 жылы қайта тазарту кезінде саясатқа селсоқ кісілер есебінде партиядан шығып қалдым», - деп жазады. «Тіл мен қазақ әдебиеті туралы ғылыми жұмыспен шұғылдандым»...

Мұрағатты парақтап отырсақ, 1919 жылы Түркістан әскери төңкерісшіл комитеті құрылады, комитет төрағалығына С.С.Пестковский, комитеттің алты мүшесінің бірі болып Ахаң сайланады. Сол жылдың 9 желтоқсан күні С.С.Пестковский мен Ахаң Лениннің қабылдауында болып ұзақ әңгімелеседі. (Қараңыз: В.И.Ленин, Библиографическая хроника. Том 8. стр. 108).

Ашық бетпе-бет әңгімеден кейін Ахаң өз ойын күнделігіне түсіргені мәлім. Сол мәтіннің әдеби өңделген үзігі төмендегіше: «Ғасырлар бойғы езгіде келген қазақ халқын азат етудің жолын көп уақыт іздеуден кейін өзім мынадай тоқтамға келдім: қазақ адамзаттың басқа бөлігінен ірге ажыратып мұратына жете алмайды. Дүниежүзілік федерацияның құрамдас бөлшегі болғаны жөн. Интернационалдық мүддеден үркудің қажеті қанша! Еңбек баспалдағы. Бұл дегеніңіз еріктілік һәм технологиялық жетістік. Экономикалық біліктілік. Ұлттардың өзін-өзі билеуі. Қаналған, тоналған халықтың мүддесі қанағаттандырылар болса – Ленин партиясының қатарына алуын өтінемін» деп, 1920 жылы 4 сәуірде өз қолымен әрі өтініш, әрі бағдарлама жазып ВКП (б) Орынбор комитетіне жедел өткізіпті жарықтық Ахаң. Сол кезеңде Алаш партиясы ел ішінде әйкәпір аталып, көзтүрткі  болып қуғындалды, ұлтын жанындай сүйген қарауыл межеден аспай аласұрып жол іздеді. Бар шындыққа салыстыру арқылы көз жеткіземіз; 20 ғасырдың басында құйтақандай Жапон елі дүниенің жартысын иеленген Ресей империясын құрлықта да, теңізде де тас-талқан етіп жеңіп, айдай әлемге масқара еткен құдіретті күшін зерттей келе...

көз жеткізе...

алла жар боп өз билігі өзіне тиер болса – қазақ қауымы алдағы жиырма-отыз жыл көлемінде Еуропаның мынау деген маңдайалды елімен салыса алатындай, бәсекеге қабілетті қабырғалы ел болатындай – бағдарлама жазып шаршағаны қазіргідей көз алдымызда!

Шаршаған жүректің сезім толқынын сезіне отырып, жарықтық Ахаң туралы ол кісінің 125 жылдық мерейтойына орай Әбіш 1998 жылы мөлдіреген бұлақ суындай мейір қандырар ғажайып сөз жазып, оны мәртебелі мінбеден оқып, қалғып-мүлгіген қауымды қатты сілкіп оятып алды. Осы жолдар авторы Ленин мен Ахаң арасында, 1919 жылы желтоқсанның аязды ызғарлы кешінде, Кремль қабырғасында өткен әңгіме-сұхбатын қысқаша елестетіп отырып төмендегіше сөйлетер еді.

Ленинге өз ұлтының жай-күйін баппен баяндап шығады.

« - Владимир Ильич, қазақ халқы, сіздерше қазақ-қыпшақ ұлысы әлденеше мың жылдан бері қалыптасқан жүйелі дәстүрі бар, хандық билігі болған, біртұтас қолданбалы тілі бар, қан төгіп қорғап келген шегарасы бар, Қоқан, Хиуа, Қытай таныған дербестігі бар, Жеті жарғы секілді заңы бар – жеке дара мемлекеттілікке құқылы халық. Құқықтық іргетасы әлдеқашан құрылған. Аумақтық тұтастығы мойындалып, өз алдына автономия алуға дайын тұр.»

Қорғасындай салмақты сөз қабағына қырау тұрған тапшыл көсемге жайсыз әсер етті.

Мүмкін емес нәрсеге де, мүмкін нәрсеге де тәуекел етуден арыстанның аузына басын тігіп, зымыстанның түбіне түсіп үйренген Ахмет өз басының тәуекелін бүкіл бір ұлттың тәуекеліне ұштастырып үлгерді. Аянбастың кері осы деп текетіресті.

« - Сонда көксегендерің Түркістан автономиясы ғой!» - деп тікесінен қайырды Ленин.

« - Түркістан республикасының құрамына кеткен жерлер қайтарылып беріліп, Қазақ автономиялық республикасы боп құрылуға тиіс, Владимир Ильич! Іс жүзінде де, заң жүзінде де пісуі жеткен мәселе. Большевик мырзаларды шошытпас үшін әзірге Ресей құрамындағы федерация, яғни Қазақстан автономиясы деп жарияласақ толық жетеді», - деді көсемнің көзін жеткізе тұжырды. Сыздырып алған картасы мен өзге де құқықтық құжаттарды алдына бұрқыратып жайып салды.

Лениннің жанарын жартылай жұмып көрінбейтін көкжиекке қадалуы өзгенің көзіне іліге қоймайтын қиырға көз жеткізетін көзапаралығын сездірді. Қарсы алдындағы сирек сүлейдің өзі екенін іштей түсінді. Кешегіні күйзеле еске алып, келешекті толғана пайымдаған пошымы осы.

« - Біз бопсалады екен деп болатынды болдыртпай қоятын заман жоқ, Владимир Ильич»  - деді Ахмет Байтұрсынов.

« - Шартты болса да өз алдына дербес автономия алсын ендеше! Осыған табан тіредік!»

« - Аз нәрсе көпке сеп, дүниенің төріне ұмтылғандар төрден орын алып жатыр, сіздерге босаға да жетеді демексіз ғой, Владимир Ильич.»

« - Бұдан артыққа большевиктер партиясы қол көтере алмайды. Автономия сұрағанға шүлен таратқандай бас-басына үлестіре берсек ана татар, мыны башқұрт, қалмақ, өзге де қырық ру кавказ халқы басы бірікпей шашылып шығады. Ресей тақыр мұзға құйрығымен отырды дей беріңіз ондай жағдайда!»

« - Дербес автономияға қол қойдық ендеше!» - деп Ахаң жарықтық Кремль сарайынан атланттың иығына шыққандай арқаланып сыртқа аттағаны тарихи шындық еді.

Желтоқсанның аязды қары қыламытып тұрды.

«Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деп өзі жазғандай жарықтық Ахаңның басын қайырған ұлы шаруасы тұп-тура жетпіс бір жыл өте –

1991 жылғы желтоқсанда жарияланған шын тәуелсіздіктің, басы бүтін іргелі мемлекеттің,

тәуелсіз мемлекет болмақтың –

алғы шарты, құқықтық іргетасы, аткөпірі болатын.

Ғасырда бір айналып келетін, мың жылда бір бұйыратын, жер жарылып, су аққалы қиялдап келген қазаққа бұйырған дербестік деген осы болатын. Қилы-қилы заманда қиямет кешіп жүріп жасаған жолбасшылық жорасы, көрегендік көсемдігі еді. Қараңғыда түртінектеп жүрген қазаққа жарықтық Ахаң қыр басынан көрінген қыдыр Әликіссалам елесі секілденді. Сегіз мәрте абақтыға түсіп, үш рет жер аударылып көптің керегін өз шаруам деп жүріп қияметке қалай жүрегі тұрды десеңші!

6. Жыр сұлтаны

Ендігі сөз Әбішше айтқанда жыр сұлтаны Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы.

Ол 1893 жылы 28 қазанда қазіргі Ақмола облысы Қызылту ауданында Жантай ауылында момын, кедей шаруа Әбубәкір мен Жабай қызы Зұфнұнның отбасында дүниеге келеді. Үш жасында өрімдей сұлу анасы көз тиіп бақилық сапарға аттанады. Қайын жұртын паналап, шаруасын аз-кем түзеп алған Әбубәкір өзінің туған жері Кереку уезіндегі Баян тауына, ата қонысына көшіп келеді. Әкесі аса зерек, құйма құлақ баланы қайтсе де оқытып, көзін ашуды арман етеді. Бала 13 жасқа шыққанда араб-парсы хиссаларын жетік білетін Мұқан молдадан дәріс алып, одан әрі Баянауылда Әбдірахман молданың медресесінде оқып, Нұрғали Таушыбаев есімді жаңаша сауатты мұғалімнің адын көріп көкірегі ашылып, жыр пырағына мініп арқаланып, білім дариясына сүңгіп жүзеді. Троицкі медресесіне түсіп, жаз бала оқытып, қыс кітапқа қадалып жүргенде күтімі болмай көкжөтел кеселіне ұшырайды. «Айқап» журналында 1913-14 жылдары хатшы болып істейді, мұнда редакторы Мұхаметжан Сералинмен ой-пікірі үйлеспей, жұмыстан шығып қалады. «Қамар сұлу», «Тентектің жинаған шоқпары», «Тамшы» жинақтары осы кезеңнің жемісі еді. 1916 жылы «Алаш ұранын» дүниеге әкеледі. Томскіге барып училищеге оқуға дәт қылады, дәрігерлер оқуға жарамайтынын кесіп айтып, елге шығып, қымыз ішуге қосады. Семейде жүріп «Адасқан өмір», «Кедейді» жазады. 1920 жылы 21 мамырда ақын құрт кеселден дүниеден озады.

27 жас!

Екі роман, жеті дастан, жүз ондай өлең, көптеген мақала, әңгіме, очерк, көсемсөз, мысал, әжуа – аса мол мұра; адамның өзін-өзі тануының шырғалаң одиссеясын «Адасқан өмір» мен «Кедей» шынайы жеткізген, жетім қозы тас бауыр дегендей, сол жетім қозы емген желіндей, аямай қақтап сорып, сығып, сарқып, әбден жеріне тауысып жеткізген терең шығармалар төл әдебиет түгілі әлемдік әдебиетте некен саяқ. «Дәл осындай мақсатпен жазылған «Тәңір тәлкегі», «Фаустың» өзінде дайын фабулалар, танымал мифологем, талай рет сыннан өткен сюжеттік, зерделік құрылымдар пайдаланылса, қазақ ақыны ешқандай қосалқы тәсілдерге жүгірмей, тек бір пенденің жөргекке түскенінен көр түбінде қурап, шіріп, қайтадан топыраққа айналып кеткеніне дейінгі барлық өзгерісті ештеңені мүлт жібермей, дәл тигізіп, дәл сипаттап, сол арқылы тек адамдық болмыстың ғана емес, жалпы әлемдік болмыстың егжей-тегжейлі панорамасын жасап, сол болмысты ұстап тұрған заңдылықтың ерекше бір математикалық дәлдікпен зерделенген философиялық кескіндемесін түзеді. Құдды, бір оның зейіні рентген сәулесі, лазер ұшқыны... бұл нағыз адам жаратып, адам танытушы, әлем жаратып, әлем танытушы жаппар хақтың өзімен жарысқандай жанкешті шығарымпаздық...»

Бұл аз дегендей! Бір басты оздырып, бір көкіректі масайратып, бір көңілді желпінту үшін мұндай тауқыметтің мыңнан бірі де жетерлік еді деп мұңаяды Әбіш. Жоқ, бір пенденің, тіпті саналы азаматтың, тіпті сұңғыла дарынның тек қана таза өнерпаздық құштарлығы мен іждаһаты тап осындай ақылға сыймастай жанқиярлыққа бара алады дегенге сену қиын деп түйіндейді Әбіш.

Не нәрсені болса да Әбіштің сарқып, үзілдіріп айтатын әдеті. Өзінен кейінгіге дәнеме қалдырмайды.

«Баршамыз үшін шыбындай жанын шүберекке түйіп, тығырықтан шығар жол іздеген рухани әкеміздің, асыл ұстазымыздың, өнегелі көсеміміздің, абзал ақын – нағыз Жыр Сұлтанының өлмес аруағы, өшес даңқы алдында шексіз риза сезіммен орнымыздан тұрып бас иелік!» деп Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 100 жылдық мүшел тойында, 1993 жылы жаз айында Қазақтың Абай атындағы Академиялық опера және балет театрында төгілдірген ділмәр Әбіш – ұзын сөзін иіп келтіріп ақын рухына ағыл-тегіл ықылас білдіргенде – қалың жұрт ду шапалақтаудың орнына, көздеріне жас, көңілдеріне қаяу алып, орындарынан дүрк көтеріліп, іштерінен «алла разы болсын» айтып бастарын игенін көрдім.

Өз көзіме өзім сенсем: қалың қауым сахна төріндегі Әбішке бас иіп құрмет көрсеткендей сезілді. Жон арқамнан суық тер құйылып кетті.

Сұлтанмахмұттың жерлесі әрі пікірлесі Жаналин Нұрке есімді кісі төмендегіше естелік жазып қалдырыпты. Бұл шағын естелік ақынның 1967 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген 2 томдық шығармалар жинағының екінші томының аяқ жағына берілген, алақандай ғана екі беттік мәтін. Бұл естеліктің құнды болатын себебі: Нұрке замандасы ақын қайтыс боларында ең соңғы мәрте көрген кісі. «... Мені ревкомның мүшелігіне Сұлтанмахмұт өзі сайлатып қойды. Содан ай жарым өткесін мен ревкомның қызметіне кірістім. Май болып қалды. Сол кезде Сұлтанмахмұт қатты ауру деген хабар келді. Көңілін сұрау үшін Ақбеттауға жүріп кеттім. Келіп көңілін сұрасам, екі иығынан дем алып жатыр екен. Май айының 15-16 шамалары еді. Сұлтанмахмұттың әйелі жоқ болатын ол кезде (Сұлтанмахмұттың үйленбей өткені белгілі. Авт.).

Сонда Мәлике деген бір қызды Сұлтанмахмұт:

- Мен бәрібір өлем, бірақ осы Мәлике алғаным болып есептелсін. Қасымда бір-екі күн болса да отырсыншы,» - деп дүниенің зарын айтып өтініпті...

Мәликені қасына отырғызып қойыпты...» деп жазады Нұрке.

Ақын 1920 жылы 21 мамыр күні түстен кейін дүние салады. Замандасы алыстан ат арытып келіп, көңілін сұрап аттанғаннан кейін арада бес-ақ күн өткен. Ақынның өз сөзімен айтқанда «бүгін-ертең құрт кесел қолқаны қиюға тақаған», жанында, қол жүгіртуге жүрегі дауаламай мөлдіріп қыз-жесірі қалып бара жатқан... ғажайып ақын, ғазиз жан... бес-ақ күн жарық дүниені қимай жатады. Сабағынан ерте қиылған, көктей солған құр сүлдерді, қаңқа сүйекті - жасын үнсіз сығып жүріп жерлестері Ақбеттау ауылына құмшауыт қырдың бауырына жылдам жерлейді. Төңкеріліп нөсер бұлты өтеді. Замана желі зарлай соғады. Қаншама қапырық жаз, нешеме қытымыр қыс өткен. Ақын қабірінің үстін шөп басады, шағын төмпешік жыл өткен сайын шөгіп жоғалуға айналады. Ағайындарының қолынан келген бар қауқары -  ақын моласы үшті-күйлі жойылып кетпесін деп сыртын сымтемірмен қоршап, басына сырғауыл қада шаншып қояды.

Әлгі дүрілдеп өткен мерейтойлық баяндамадан кейін, ертесіне... ертесіне емес-ау... апта соңында әлдебір шаруамен Әбіш досымның үйіне келсем, кейіпкерім түні бойы көз ілмей шыққан үкіге ұқсап үрпиіп отыр. Қап-қара болып түтігіп кетіпті. Бетіне кісі беттейтін емес. Мән-жайды жіңішкелеп, бопсалап білсем: алдында ғана Павлодар облысын Баянауыл жерін іссапармен аралап, көп нәрсені көзден өткізіп, көңілге түйіп оралыпты. Ақынның басына барып, аруағына бас иіп, тізесін бүгіп отырып, қол жайып құран оқытыпты.

- Бұл неғылған можантопайлар екенін түсінбедім! Ақын бейіті мүлдем өшуге айналыпты. Сымтемірмен қоршап, сырық шаншып қойыпты! – деп бет-жүзі қабара ісінгенде бар ғой, бір сөз айтып жақауратсаң – тарс жарылғалы тұр. Мұндайда құдайым сақтасын дейсің!

Біраздасын барып, Әб-екең ашудың тізгінін тартып, ақыл аулына бұрылды.

- Ақын бейітін бүйтіп қорлатып қоймаймын, - дейді Әбіш сабырға жүгініп, - мынау деген қой үстіне бозторғай жұмыртқалап жатқан заманда екінің бірі я әке-шешесіне, я қосағына ақ мәрмәрдан кесене тұрғызып жатыр. Тұр ғой, әне, бірінен-бірі өтеді көк тіреген сұлбасы мен суреті! Сұлтанның басына кесене тұрғызуды өз мойныма аламын! Маңғыстауда не көп – ұлутас көп, тастан кесене құрағыш ұста інілерім бар! Көкірегі көмбе, алақаны күміс ұста ініме бүгін телефон шаламын; құрал-қайлаңды қамда, жолға жинал деп!.. қаржы өзімнен, алақан табы сенен деп!..

Әбіш қолға алса, бітпейтін шаруа, табан тіремейтін пәтуа бұл дүниеде болмайды деп ойлаймын. Кейінше естідім  - Әбекең екі-үш күндей ауық-ауық телефон құлағында отырып, торға қамалған жолбарысқа ұқсап, әрі ырғалады, бері ырғалады... дос-жаранға сөз ұзартады... «осылай да осылай, жыр Сұлтанының бейіті жоғалғалы жатқанда ауызбен құс ұстадық деп ділмәрсіп, атақ-абырой жинадық деп батпансып жүрегінімізге не жорық», - деп шындап қозғалады ғой. Әбіш қозғалды дегенше – жер қозғалды дей беріңіз!

Аспанда бұлт төңкеріліп, күн үзіліп түскен.

2002 жылдың көктемінде Астанаға отбасымызбен үйіліп көшіп келдік. Әуелгі ерулік шайды со кездегі Президент резиденциясының батыс бетіндегі, Абай даңғылы мен Бейбітшілік даңғылының қиылысында, ішкерілеу салынған қаржы министрлігінің тоғыз қабатты үйінің – үшінші қабатындағы бес бөлмелік пәтердегі Әбіштің отбасынан, Клара ханымның қолынан іштік. Шай үстінде Үстірттен шыққан, ұлутас қалаудан алдына жан салмайтын әрі ұста, әрі зергер жігіт туралы әңгіме өрбіді. Әбіш риза пейілмен барша денесімен селкілдеп күледі.

- Сұлтанмахмұттың кесенесін құрып біткені сол... «осыншаны тындырып тастадым» деп, жергілікті әкімдерге міндет қылмастан, «тапсырмаңызды тап-тұйнақтай қылдым, Әбеке», - деп өзіме хабар салмастан... үсті-басын балшықтан арылтып, жолқапшығын иығына салып Ақтауға тартып тұрыпты, сабазың, - дейді Әбіштің мейманасы тасып. Жүзінде жылу, жанарында ағыл-тегіл нұр.

- Бұл не деген тесік өкпе ақкөздік десеңші! «Алатаң жаздайғы еңбегіме бірдеме берсеңдерші, жолақыны көтерсеңдерші» деп жақ ашпапты, жолқапшығын арқалап елге тайып тұрыпты.

- Үйге бас сұғып шығады ғой деп жүргем, - дейді Клара ханым зергер ұста мінезіне таң қалғанын жасыра алмай.

- Ұста ініміздің мінезі иесіне тартқаны. Жыр сұлтанына тартқаны! Бір жазда ұлутастан әдемі ақсеңгір кесене тұрғызып шығу, әрине, нағыз адам жаратып, адам танытушы, әлем жаратып, әлем танытушы жаппар хақтың өзімен жарысқандай қайсар ақынның жанкешті рухымен салысқандай жойқын шаруа. Алапат іс! Ешкімге «ананы тап... мынаны жеткіз!» деп салмақ салмай, жан баласынан я мақтау, я ақы-пұл күтпей, күстенген алақанын отқа қақтап, май жағып, жолқапшығын иығына лып асып, тып қойып еліне тартып кету  - аса қайсар тәкаппар, жанкешті, ерік күші ерен, ерекше жандардың қолынан келеді! Алла разы болсын, ақынның рақымы нұр боп жаусын бір басыңа! – деп Әбіш ақын басына кесене тұрғызған зергер інісіне іштей риза болып отырғанда ойыма не оралды дейсіз ғой.

Айтайын.

Бес ғасырдан бергі жыршы, жырау, ақын, жазушы, бір ауыз сөзбен тұжырып айтқанда – көркем сөздің құдіретті иелері – болып-толған адамдар, текті тұқымнан, бар жерден шыққан зиялы, көргені бар көсем кісілер. Ұлы ұстаз Абай да, кешегі кедейдің мұңын мұңдап, шерін қозғаған Шәкәрім, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып, Бейімбет, Мағжан... бәрі-бәрі жілігі майлы, қазаны асулы, иіні бүтін, аяқ артары алдында, бар жерден шыққан, оқыған, тоқыған кісілер. Солардың ішіндегі сіңірінің шиқылы қозы көш жерден естілген, бит толы күпісі иығынан түспеген шуда жіптей жіңішке ең кедейі –  Сұлтанмахмұт Торайғыров. Кедейдің кебін сай-сүйекті сырқырата жырлаған бұдан өтер сөз зергерін түстеп табу қиын-ақ. Кедейшіліктің ең төменгі терең шыңырау зынданынан өсіп шығып, ашты-тоқты, барлы-жоқты тіршілік кешіп, сіңірі шыққан тауқыметке еті өлген, тесік өкпе жұртына қажырлы сөз айта білген де осы жыр сұлтаны!

Дүниеде қайран қалатын нәрсе көп-ақ.

«Ұзақ түн, жолдасым жоқ иттен басқа, Бүтін киім менде жоқ жаурамасқа, бір бүтін, кірсіз киім кигенім жоқ, Туғаннан міне шықтым талай жасқа. Өкпемнен барады өтіп – күзгі суық, Бір жағынан қышытып биттер буып»... Мектепте, үшінші сыныпта жүріп жаттаған осынау жолдар өмір бойы, қазірге дейін жадымнан еш жуылмайды. Ақын рухы әрдайым қиналған кезімде... кітабым баспадан өтіп бума-бума ақша алып жартылай байыған заманда... өмірдің өріне шығып биіктесем, ерім мойныма кетіп еңіске түссем, қуансам да, қайғырсам да ылғи желкемде тұратын секілді... «Мені қайтесің?» - дейтіндей. Кедейшілік пен кемсітудің ең төменгі сатысында тұрып-ақ биіктегі біздерге (егер биіктей алған болсақ! Авт.) рухани әке ретінде сай-сүйекті сырқыратар сөз айтып, өмірдегі жанкештілік, өткір сезім, рентген түйсік, алапат алғырлық, лазер сәулесіндей тіліп түсер тағлымды тағы бір таң атқандай – алдымнан күн болып шығып, күлімдеп қарсы алатынына қайранмын ғой! Сөз өлмей – жыр сұлтаны өлмейді! Анау қайырым, қадірі мол қазақтың тірі сөзінің темірқазығы – Әбіш барда, сол кісінің маңайында дүниеғайып дырдулы тіршілік кешіп, сөз ұстартып мына біздер жүргенде  -әлгі ғажайып аруақ, рухани әкеміз естен шықпайтыны кәміл!

7. Талайғы Тараз

Әбіш үшін Мемлекет хатшысы деген мәртебелі лауазым, зілдей портфель биік белестің үстіне шыққандай әсер еткен болуы керек; ал мемлекет үшін үлкен тарихи дәуір еді. Ол дәуірді атүсті көзге елестету қиын.

Әуелі АҚШ-та екі президент тұсында мемлекеттік хатшы әрі мемлекеттік кеңесші қызметін қатар алып жүрген жабық есік саясатының білгірі Генри Киссенжердің «Естеліктер» кітабын орысша нұсқасынан оқыдым. Арғы тегі Альбион тұманының астынан шыққан, қулығына құрық бойламайтын, жырынды аңшыны сан соқтырған түлкідей айлалы, тырнағын бүгіп ұстаған арыстан мінезді Генри-екең өткен ғасырдың 70-80-шы жылдары мемлекет басшыларының білімі мен білігін безбендеп, бейне ол кісілердің тамырын ұстаған тамыршы тәуіптей... біз қызметтен кетерміз, әйтсе де пәлен патшаны көп ұзамай қатер күтеді... түген деген корольдің көп ұзамай пашпырты бітеді... деп жазған көріпкелдігіне қайран қалып, еріксіз жағаңызды ұстайсыз. Бұдан кейін социализм дуалын әрі итеріп, бері жығып «ақырында тарих сахнасынан кетірген өзім» деп қисындаған Звигнев Бзежинскийдің «Ұлы шахмат тақтасы» кітабын оқыдым. Мемлекет хатшысы дүниені шахмат тақтасына теңейді. Зілдей лауазым портфелін көтеріп жүрген кезде әлгі тақтадағы қай тасты қалай жылжытып, ұпай арттырғанын үзірлі тілмен төгілдіреді-ай. Қазіргі мемлекеттік хатшы Кондолиза Райс ханымның өтімді силлогизмі, мына біздерге, зейін қойған сайын – саясат қашып бара жатқан түлкінің құйрығы, әбжіл болсаң ұстап көр дегенді мегзейді. Социализмнің түбіне империя жетті ме, әлде империяның түбіне социализм жетті ме деген сауалды түкпірлеп; Кеңестер Одағының ыдырауын қайдағы-жайдағы сыртқы-ішкі әрекет күштерінен көреміз бе, әлде бар пәлені ұлтшылдық пен бөліне жарылушылықтан көреміз бе деген парадигма төңірегінде докторлық дәреже қорғаған, университет қабырғасында қағазға шұқшиюдан алдына жан салмаған Кондолиза ханым осы күндері ілгерілеуді ықпалдастықтан іздеп кітап жазбақшы.

Жырынды елдің жобарыс жүректі хатшыларын көз алдыма келтіріп, олардың жазған кітаптарын оқыған сайын бір шындыққа көзім жетеді.

«Адам өмірі қас қағымдай қарбалас қана, оның мәні – ұлы ырғақ; түйсік – алай-түлей адам ағзасы – тез тозатын аяққап; жан – сынаптай сырғымалы субстанция; тағдыр – жұмбақ; даңқ – тайып кетер жарқабақ. Тоқетерін айтқанда: адам ағзасына қатыстының бәрі – тау өзеніне ұқсайды, кісі жанына қатыстының баршасы – көрген түстей, таңғы елестей. Өмір деген бір басыңды сақтау үшін жасалатын амал-айла, өзімшіл дөкейдің атақ-даңқына құй сен, құй сенбе. Тура жолға жетелеп шығатын дегдар мегзеген дүниеауи пәлсапа».

Осы ойға табан тіреген Әбіш әуел бастан көздеген межесі – көркем сөздің хас шеберіне айналды. Алпауыт елдің мемлекеттік хатшылары Генри Киссенжер, Звигнев Бзежинский, Кондолиза Райс ханым көркем сөзді құрал еткен жазушы емес. Президенттің оң көзі ғана. Ал біздің кейіпкеріміз президенттің ішкі, сыртқы саясатының оң көзі болумен қоса – дүние тіршілігін терең түсінетін, кісінің емеурінін жетінші сезіммен қабылдайтын суреткер сипатындағы ақылгөйі, шырылдаған шындық иесі, жүрек шамы жарқыраған жампозы.

Осы қасиет тәуелсіз еліміз бойын тіктеп тәй-тәй тұра бастағанда: «мына шіркін тапап кетер ме?», «адыраңдаған алпауыт ел алдын орай ма, қайтеді?» деп, қауіп ойлаған қылөткел үстінде елімізді шашасына шаң жұқтырмай, қиын кезеңнен дін аман алып шығуға септесті, серіктесті, өзі сыйлаған билік иесімен бақ сынаспады, жүрекпен жұптасты.

Мемлекеттік хатшы қызметіндегі Әбіштің үш қырын айту – білетін бізге сын.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары әсіре білгіштер, я оңшылдар, я солшылдар көбейді. Былайғы уақытта суішкілігін әрең ажыратып, екі-үш ауыз сөздің басын құрап мақала жазғанға мәз көсемсөзшілер шықты көсемсіп: «Олай емес, бұлай жүргеніміз жөн!..» «Жер асты байлығымызды сүлікше сорып жатыр!..» «Қазақтың мал-жанын түгендеп беріп өзгені қуу керек!..» дейтін шымшыма қышқашшылар мен маса тұмсық сықақшы мысқылшылар отқа май тамыза түсті. Жалған көсемдер көбейген кезде Әбіш – мінбе көрсе аузы-басы жыбырлайтын мысық тілеу, есек дәме даңғойды сабырға шақырды. «Ақылдың ауылынан табылып, арғы-бергіге ой жіберіп, күндес қатынның кебін кимей, пейілді кеңге сала білейік» деп үлкендік танытты. «Азаттықтың ақ таңы» кітабының лүпілдеп соққан күретамыры осы уағыз.

Бас әріппен жазылатын тұлғаны тудыратын да, жоқ ететін де кезеңді тарих. «Ары бар, ұяты бар үлкенге сен, өзі зордың болады ығы да зор» деген ұстаз жолымен екі тізгін, бір шылбырды қолына ұстатар тұлғаны іздеді. Сол тұлғаға бар билікті берейік те – баста!... адастырма!.. ілгергі тілеуің жансын!.. деп соңына ілесейік деді. Қысталаңда қол созысты, серіктесті, септесті.

Кісіге жасаған жақсылық дүниедегі опалы нәрсе. Бағзы грек Диоген айтқандай: күндіз қолына шам алып жүріп адам ішінен адам іздеді. Ел мен елді елдестірер аура – жүрек лүпілі, ізгілігі нендей кепте, нендей аяқ салар сатыда болмағынан. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары батыс пен шығыстың «өзім білемін» өркөкірек, ішінде ит өлген тымырсық саясаткерін Еуразия кіндігінен екпіндей соққан адамгершілік желі иге салған терідей жібітті. Жүрегін тербеп, ұлы ұятын оятты. Со кезеңде Әбіш жүздескен, тілдескен, ой бөліскен мынау деген алпауыт желі шыққан доп секілденіп: «О, бізден де білгіш бар екен» - десіп, дүниеге көкірек көзімен қарауды мансұқ тұтып, тәбәрік етті.

Айтқыштар, тіл мен жағына сүйенген сайрампаздар, майрампаздар көбейген кезде әліптің аяғын бағып, сабыр сақтаудың өзі үлкен ерлік еді. Алыс-жұлыста ақыл артқа шегінеді, ұр да жықтардың қолшоқпарына айналып кетпеуді естіге ескерте жүрді. Сөзімен.

Астанаға Рим папасы Иоанн Павел ІІ іссапармен келген кезде Мемлекеттік хатшы бір толғанды. «Бір-бірімізге қырғи қабақ боларда бетімізге дінді шіркеу етпеуіміз керек. Өйтсек, күпірлік келтіргеніміз. Жаратқан ие адамдар бірін-бірі тезірек ұғыссын, түсініссін деп дін уағызын туғызды. Жаратқан жаббар ие жалғыз, мына жер бетіндегі пенделердің жүрегі де бір-біріне ұқсас әдемі ырғақты – ықыласпен лүпілдемегі ләзім».

Мемлекеттің ұлы уағызшысы рөліндегі Әбіш – еліміздің сүттей ұйыған ынтымақты, ықыласты, үйлесімді, ұлыырғақты, ымырашыл, мамыражай, ың-шыңсыз тіршілікті отбасын қаз-қалпы елестетті. Билік басына ұмтылған ұрпаққа алдарқатпай, арқадан қақпай ақыл айтқан, жаманшылыққа қимаған әкесі еді.

1997 жыл – «Ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы», 1998 – «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы», 1999 – «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығының жылы» деп жарияланды. Үкімет комиссиясы құрылып, сарапшылар алқасын кейіпкеріміз басқарды. Бірінші жылды ел болып ес жию, арғы-бергіде бағымызды байлап келген ерсі қылықтар мен есірік құлықтан арылу кезеңі деп түйін түйді. Жаңа мыңжылдыққа көшіп қонғалы жатқан өркениет ауылынан сан тиген жас қазақ қауымы дүниедегі өз орнын дұрыс тауып, өз аяғын жөн алып жүруі үшін кеткен уақыттың шиыры мен келмек уақыттың шырайына көкірек көзімен жіті үңілмегі жөн деді. Тағдырына төтеп бере алған пенде кісілікке жетеді. Талқыға төтеп бере алған жұрт елдікке жетеді. Ең әуелі санамызды тәуелділіктен арылтып алайық деп тебіренді со тұста. Бірліктің бұзылуы әп-сәтте. Берекенің орнығуы әсте-әсте. Ұланғайыр жер бергенімен, басы өспей келе жатқан халқымыздың бағын ойлаған әр адам әуелі пейілін кеңейтіп, мейірін молайтып, мейірімін түзей алса ғана дегеніне жетеді. Жоғарыдағылар паңсынбасын, төмендегілер тепсінбесін. Бола қалғандар боп, болмай жатқандар боп ырғаспайық. Жаңашыл, көнешіл боп жаға жыртыспайық. Ұрпақтар татулығы – кешегіміздің ұмыт, келешегіміздің күңгірт болмауының кепілі. Басымыз түгел, ісіміз баянды болмағы үшін септесе, сабақты жіптей сабақтаса жүрейік деп сәуегейлік сөз айтты.

1999 жылғы маусым. Темірқазық шалқайып туып, ай сүт сәулеге меймілдеген кез.

Көне Қаратаудың күнгей бетінде, шыжыған күн астында үлкен жолдың бойында бағзы бабаның күнде қалып қаңсыған ертоқымындай боп жатқан Түркістандағы Құл қожа Ахмет Яссауи кесенесінде көптен күткен хандар мен билер, батырлар мен сопылар сүйегін қайта жерлеу рәсімі өтті. Рәсім үстінде кейіпкеріміз тағзым сөз сөйледі.

«Ұйтқымалы уақыт, құбылмалы заман, жетесіз сана, жетімсіз тәрбие осынау киелі орынға да суық қолын сұғып асылдарымыздың сүйегін көрінен аршып алып, қағаз қапқа салып, сол сүйектер ханака-сарайда отыз жылға жуық жинаулы тұрған. Тәуелсіздік алғанымызбен отымыз өрелі жанып кетпеген еді. Енді міне, көкте тобадан, жерде аруақтан қиыла кешірім сұрап тұрып сол сүйектерді қайыра жерледік. Бұ дүниелік жамағаттың жолығар орны – жақсылық болғай.

Ендігі жерде өлінің үрейін, тірінің мерейін ұшырмайтындай қып, қай ісімізді де оңға бастыра көргей. Қиянатты пейіл, қияметті мейір тоқтатады. Мейір оңалса – берекет, пейіл оңалса - әрекет өрге басар. Жаратқан ие берекеміз молайып бірлігіміздің, әрекеттің молайып тірлігіміздің оңға басқанын көруге жазғай, ағайын» деп тебіренгені жиналғандар жадынан еш жуылмас-ау!

Осы оқиғадан кейін-ақ елдің шаруа жайы оңалып жүре берді. Ұлы иенің пейілі түсті ме. Қыр беткейге қызғалдағын жамыратып көктем келгендей сезілді. Жұрттың арқабасы кеңіп, төбесі биіктеді, реңі кірді. Көп ұзамай зиялы қауымның көктен іздегені жерден табылғандай,

өзін-өзі айнадан қарап, қайта танығандай,

бағзы мен бақиды жалғастырғандай –

Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы дүниеге келді. Парықты пайым, парасатты ізденістің тоспасы алынып, қазақ ұлты төрткүл дүниенің төрт бұрышына шашырап кеткен бабалар ізін түгендеп, бабалар сөзін жинап-теретін жойқын жоспар жасады. Осы игілікті шаруаның басы-қасына аударылып-төңкеріліп жүрген кезде – жер ойылып кетердей боп, қалың шаруаның шетінен салса – тіліп шығар мұзжарғыш кемесіне ұқсап, маңдайы жарқырап, мол пішімді, адамдық сүйкімі мол, сыралғы сезімді, сегіз қырлы, бір сырлы Әбіш жүрді.

Бұл бұрын-соңды Еуразия аймағында болмаған кезеңді оқиға еді. Әбіш өзін Тарих таразысының басында тұрған есепшідей сезінді. Кәдуілгі киелі мекеннің шырақшысы!

Пә-ә-лі деген!

Тіл мен жағына сүйенген сайрампаздар, майрампаздар: «Бізде осы тарих бар ма?» - деп қырға қарап езу қиғаштады. «Дондағы Куликово шайқасын, Чуд көліндегі шведтермен қанды қырғынды, Суворовтың Альпі тауынан асқанын алаңсыз оқып жүре берсек біреу таяқтай ма бізді!.. Аңырақай шайқасы, Орбұлақтағы қытай мен ойрат қолын омақастыру деген не пәле ол?.. Ордабасы биігіндегі билер кеңесі шілдің қиындай шашыраған қазақты сүттей ұйытып топтастырып па еді?.. Аспан асты кең, ұшарын жел, қонарын сай білген номадтар өркениеті дегенді шығарып жүрген қисық бұтақтай қай қарасирақ өзі?..» деп, өзеуреген желөкпелер қарадай қан қысымын көтеріп, зығырданын қайнатып, ит жынын келтіргені. Күнді түнге, түнді күнге жалғастырып жазу жазғаннан сұқ саусағы сүйел болып, көзі қанталады.

Бір дем таза ауа жұтып қайтуға жеңіл киініп, көшеге шыққан. Абай даңғылын қиып өтіп, жаңа алаңдағы орыс сәулетшісі Эрнест Неизвестныйдың «Исустың жүрегі» атты монументіне еліктеп жасаған домалақ қола шарды маңайлады. Жұрт аяғы сиреген. Қола шарды шырқ айнала шапшыған әуіз суы моншақ секілді түзіледі. Жүзіне тиіп тітіреді. Бала кезінде, жақпас ас ішіп теткіп ауырғанда – анасы жүзіне салқын су бүркіп ұшықтаушы еді.

Ойда жоқта, жерден өніп шыққандай дөңгелек жүзді, орта бойлы жас жігіт ұшыраса кетті. Таныды. Бұрындары парламент депутаты, кейінше бүйректен сирақ шығарып партия құрып, оппозиция лидері болып, тең төрағалыққа таласып, «жұртты соңыма ілестірем» деп екі иығын жұлып жеп әбігерге түскен Қабыл есімді жігіт. Шетелден арзан өсімге қыруар несие қаржы алып, онысын елдегі қарасираққа жиырма есе пайыз өсімге сатып, базар ашып, шіреп байыған, тісқаққан тікбақай деп еститін. Жылыұшырай сәлемдесіп, іші-бауырына ене тілдеседі. Тілі майда.

- Тәуелсіз Тарлан сыйлығын алдыңыз! Құрылтайымызға қатысып, бір ауыз сөз сөйлесеңіз жетіп жатыр. Мақтаудың да, даттаудың да қажеті шамалы. Жұрттың көзі ашық, әлі-ақ бізді түстеп, тауып алады. Әбіш аға, жақында Римде «Лучано Паворотти және оның достары» деген дүниелік концерт болады, чартерный рейс, сол концертке 100 билет алғызғам, әр адамға барып-қайту жолы, жатын орын, кіре пұл, бәрін қосқанда он мың доллардан, билет құны да дәп сондай... екі билетті жеңгей екеуіңізге су тегін бұйыртамын!..

- Алла разы болсын, ұлы тенордың концертіне баруға еш уақытым жоқ, өздерің-ақ қызықтай беріңдер, Қабыл-еке!

- Өкінішті, өкінішті-ақ! Тәуелсіз Тарлан сыйлығын иелендіңіз. Ана Украина кешегі коммунист басшыларынан құтылмаққа асау аттай ерін бауырына алып тулап күлгін төңкеріс жасап жатыр. Сол төңкерісті түп көтеріп Қазақстанға әкелсек көп мәселе оңай шешілер еді. Алматының біраз жоғарғы оқу орнының студеттеріне «барып, көріп келіңдер!.. жол ақысы, жамбас пұлы, ас-ауқат менен» деп бас-басына қомақты қаржы бөліп, елу-алпыс студентті Киевке аттандырдым. Көп ұзамай өзім де жолға шығамын. Украина лидерлерімен ұшырасып, тілдесіп, пікірлесіп, суретке түсіп қайтамын десеңіз қызметіңізге жараймын, шығынды мойныммен түп көтеріп аламын, Әбіш аға! Сыйақы тағайындағам!

- Алла разы болсын, қазір әр минөтім есептеулі. Қалт етуге мұршам  жоқ.

Осыны айтып, желімше жабысқан елтең-селтең жігіттен әзер сытылып шықты. Қапелімде көз жазып қалған көмекші жетті қорбаңдап, жанында сыптығардай сидиған сақшысы – осы араға кешігіп жеткеніне кешірім өтініп әуре. «Әбеке, үйден қалай шығып кеткеніңізді білмей қалыппын, кешірерсіз, былай жүріңіз, жүйрікке отырыңыз!..» деп үйірсектеп барады. Табиғатында зор мейір, кең пейіл иесі ғой, мұның орнында басқа лауазым иесі болса төңкерілген көмекші мен сымға тартқандай күзетшіні жерден алып, жерге салар еді, ызғарын төгіп, екі аяқтарын бір етікке тығар еді. Мол пішілген денесін садақша иіп көлденең кідірген жүйрікке екі бүктетіліп енді. «Тәйірі-ай!» - деді күбір етіп.

«Ел иығын көтеріп қалды. Құнсыздану ырыққа көніп, жылма-жыл төмендеп келеді. Арглабин, электролиз алыптары дүниеге келді. Астана мен Алматы арасына шетелдік үлгімен оқтай түзу даңғыл тартылды. Көмірсутегі қорын өндіруден еліміз алдыңғы қатарлы дүниелік бестіктің тобына енді. Еуропалық Ынтымақтастық пен келісім одағының төрағалығына өтті Президентіміз. Бәсекеге қабілетті дүниелік елу елдің қарасына қосыламыз деп маңдай терімізді бес сыпырып, аз ұйықтап, көп ізденіп жүргеніміз мынау. «Көрмес түйені де көрмес» дегендей, әлгі тойып секірген тоғышар тоңмойын әріптес – ішінде Қабыл-екеңі бар – қашан тоқтамға келер екен?!»

Тәуелсіздік – тәу етер киеміз.

Киелі нәрсені аяқасты ету, кірлету, өзгенің қаңсығына теңеу ауыр күнә! Күнәға белшесінен батып, күпірлік сөйлеген азаматтың ақыры күмәнді. Өздеріне тимесе де балаларына тиеді. Халқының киелі нәрсесін кірлетіп, біреуді ары итеріп, бері жығып, біреудің қолымен от көсеп, өтірік көлгірсіп, есіл уақытты текке өткізіп жүрген өкпешілдерге қаратып қаламын қатты ұстап жаңа кітабын бастады, сөзге сыйынды.

Тістеніп отырып «Талайғы Тараз» кітабына кірісті. «Тараз – адамзат тарихының ең қастерлі тәбәрігі, талай кеп еске оралады. Ұлттық болмысымыздың ғана емес, адамдық болмысымыздың да қыры-сырына мейлінше қаныға түсеміз. Тараз  - ежелгі тарихтың әліге дейін аман жүрген ең қарт ұстазы. Ол аман тұру үшін ел аман тұруы керек. Олай болса, оның ендігі тағдыры тәуелсіз Қазақстанның тағдырының қандай болмағына байланысты. Тараздың көне тастарында уақыттың өзі жазып кеткен тылсым жазу бар. Сол жазуды оқып, кейінгіге төгілдіріп айтып беру біздің маңдайымызға жазған», - деп қозғалады Әбіш-екең.

Елбасының қолдау-көмегімен әлем құлағына жетіп, Тараз қаласының 2 мың жылдық тойы ЮНЕСКО көлемінде дүркіреп өтті. Той қарсаңында жазылып, бес мың таралыммен басылып шыққан «Талайғы Тараз» кітабы қаламгердің ілім сарайының кеңдігін, пайым тереңдігін танытып, тәуелсіздік жолына басын дөңбекке, балта астына көзін жұмып қоя білетін жанкештілігін былайғы жұртқа паш етті. Тараздың текті тарихын сөйлете отырып, атам қазақтың өмірлік гөй-гөйін қозғады. Өткен бабалар ізін түгендеп керуен жолынан, тас бедерінен, қыш қирандысынан, көне қолжазбадан іздеймін деп отырып – көп нәрсеге қызыға қоймайтын қазақ сүзіліп оқитын дерекнама хикаятын туғызды. Көп жағдайда қаны басына көтеріліп, ашынып, аш өзегіне малта құртты талғажу етіп, мөлдіретіп төгіп үлгерді. Кер ауыз, сайқымазақ, әсіреқызыл, екі кештің арасында әлгіде ғана ұшырасқан Қабыл-екең секілді селтеңбай, елтеңбайларға зығырданы қайнап, бір жағы халқының беткеұстар маңдайалды білімдісіне иек артып; ашуға жеңдірмей, барлыққа мастанып кетпей; таразының басын тең ұстауға күш салды. Білікке жүгінді, бүлікке баспады. Таразы басын екі дүинеде тең ұстап өткен бабалар үрдісінен адасып қалмай алға басайық, бітімгершілік, береке-ырзық, ауызбірлік басымызға сонда ғана бақ боп қонады деп жазды.

Есіме енді оралды, 2001 жылдың қақаған қысында Алматыдан Астанаға көшу жайын ақылдасайын деп, жолығып шығуға пұрсат сұрадым. Осы күнгі Бейбітшілік даңғылының әкімшілік үйінің батыс бетіндегі, Тұңғыш Президент мұражайының бірінші қабатына орын тепкен кең бөлмесінде, қабырғасында кітап сығылысқан кабинетінде қабылдады. «Талайғы Тараз» кітабының «Қайта ұю» тарауын жақында бітіріп, «Қайта іру» тарауына жаңа әлгіде кіріскен кезі екен. Жанарын ашып-жұмып отырып амандық-саулық сұрасты.

- Денсаулығың қалай? – деймін сөз арасында.

- Бір жоба.

- Көңіл-күйің орнында ма?

- Бір жоба.

- Айсәуле шешеміз, Клара ханым, ана Абыл, Дәулет, Әулет мырзалардың тіршілігі қалай?

- Бір жоба ғой.

- Енді не ақыл бересің көшіп келуге, мына бораны қасқырша ұлыған, ақ қар, көк мұзға оранған тақырға орныға аламын ба?

- Президент емеурін білдірсе бөстегіңді көтергенің жөн, қам жеме, мәу деме, бұдан өткен қиындықты жеңіп үйренген адамсың.

Осы ақылмен 2002 жылдың сәуір айында көштің бетін түзеп, қолжазба, кітап, өзге де дүние мүлікті арқалап, көк поезбен салдырлап, дың қойып көшіп келдік Астанаға. Жаман болғанымыз жоқ. 2002 жылдың күзінде алпыс жылдығым кәдімгідей дүркіреп өтті, К.Байсейітова атындағы опера және балет театрында. Әбіш-екең маң-маң басып жарығы самаладай айпара залдың төріне көтеріліп, жазып, гармошка ғып бүктеп қалтасына салып алған қыртысты қағазына қарап тұрып төгілдіріп баяндама жасады. Сол баяндамадан есімде қалғаны жалғыз сөз, жалғыз сөз емес-ау, бір ауыз сөз, жатсам да, тұрсам да әлі күнге жадымнан еш жуылмайды. Ол не сөз дейсіз ғой!. «Тірі сөзге адалдық». Иә, неге, қандай көңіл күйіне иіп келтіргенін кім біледі, әйтеуір осы үш сөзді шырқ айналып, ой шылбырын есіп, біраз шиырылғаны есімде қалыпты.

8. Біз неғып жүрміз

Әбіштің қаламынан туған шығармаларын түгелге жуық оқып шыққан жанмын. Кітапханамда «Үркер» романының 1981 жылы алғашқы басылымы сақталыпты. Бірінші титулдық бетіне маржандай етіп: «Қаламдас, қанаттас дос Дүкешке! Көңілдегі көптен бергі күпті ойларды жарыққа шығармақ болған осы талабымды шын жүректен ұсынып, өзіңнің көптен алда келе жатқан бәйге күреңіңнің арымауына тілектестігімді білдіремін - Әбіш Кекілбайұлы, 10 декабрь 1981 жыл» деп жазыпты. Әрине, шығармашылық шаруа бәйге жарысы емес. Әбіштің «Бір шөкім бұлты» 1966 жылы жарық көрді, өзімнің алғашқы прозалық кітабым «Жусан мен гүлдер» 1966 жылы жарық көрді. Әбіштің «Бәйгеторысы» сонау қыр астында қалған 60-шы жылдардың басында жазылды, өзімнің «Көкпар», «Қымызым» со 60-шы жылдардың басында хатқа түсті. Кімнің аты бәйгеден бірінші келерін, кімнің жарым жолда аяғына жем түсіп барлығып қаларын бір алла біледі, салысатын, жарысатын тірі пенденің өлшеп-пішер қаракеті емес.

Ұлы ұстаз Абайдың ақырғы күндері туралы, ақтық демі үзіліп бара жатып нендей хал кешкені жайлы «Ажалына асыққан адам» атты хикаят жаздым; мына дүлей дүниеде жүрегіңнен адамдарға мейірім төге жүру, кісіге қайырым, жақсылық жасау туралы «Дон Кихот» әңгімесін жаздым. Әуезов айтқандай үш бірдей қоғамдық формацияда өмір сүріп, үш бірдей қоғамның көлеңкелі кесапатын бойына сіңіріп, енді ант мезгіл жақындап, таразы басына тақағанда Меккеге қажылыққа жүгінген қазақ кейіпкерінің метаморфозасы – «Пайғамбардың өлімі» туды. Біреу білді, біреу білмеді.

Қарап тұрсаң түк болмағандай. Аты аталған шағын үш шығарма бұл күнде шетел тіліне аударылып әлемдік ой өрісіне толқын болып қосылғаны өз алдына әңгіме; әйтеуір, уақыт текке өтпеген секілді. Дүниеде бір шынық бар: қолыма қалам алып, ақ қағазға төнсем-ақ қасқа маңдайы жарқырап, бұйра шашы бұрқырап, қабағы қатулы, еңгезердей қарасұр жігіт ағасының қарадай сұлбасы елбіреп, желбіреп, сахара сағымына ұқсап ту сыртымнан төне қалатыны сұмдық. Сөзге сараң, қуанышы көзінде ойнайды.

Сұсынан сескенем. «Осы жазғаным, әй, ұнамаса ғой, құрыған жерім сол болар», - деймін ішімнен іріп. Жазуға жүрегім дауалмай, қолым жүрмей, біразырақ жүдеп-жадап отырып қаламын.

Баяғыда бала кезім.

Ертеңді-кеш кітапқа көп қадалады екем. Күйіп тұрған шаруадан қолы еш босамайтын әкем кітапқа шұқшиып отырған өзіме бұрылатын, былай дейтін. «Балам, кітапқа көп қадаласың, байқа, басың кітап сөзін игере алса құба-құп, жолың болады, ал кітап сөзі басыңнан басым түсіп жатса – қияли боп құрығаның. Кітап сөзімен ойнауға болмайды». Сөзінің жаны бар. Сөз – атылған оқ. Уақыт – кеңістікке түскен сәуле. Сөзді қалай қабылдаймыз, сәулені қалай сезінеміз, адам тағдыры көбіне-көп соған байланысты өрбиді. Өмір – маңдайға сызылған әжім. Несіне жасырайын, осы хикаятқа қалам тербеп отырып – ылғи қылөткелден өткендей боламын.

«Үркер», «Елең-алаң» романдары он сегізінші ғасырдағы жарты дүниені алған Ресей империясы мен сол замандағы қазақ-қайсақ арасындағы жортуылдар мен шарпысулар туралы ой өрмегі. Бір бастың тәуекелін бүкіл бір ұлттың тәуекеліне қазықбау шалу, болмайтыннан дәметіп мерт тапқан хан, сенбейтінге сеніп дерт тапқан халық туралы қайғылы хал.

Ескіден уақтылы жирене алмаған, жаңаны уақтылы үйрене алмаған қазақтың қай шаруасы тап-тұйнақтай бітіпті. Сонысына қарамай жиғанын тойға, білгенін дауға шашып дағдыланған базбір зиялы кісілер әлі күнге езуін қиғаштап: «Со хандарымыз не қиратып еді!» - деп кекесін айтуға ұста-ақ. «Көп болса  - ас ішіп, аяқ босатқан, озғанда – бәйгеге ат қосып, тазы жүгірткен, дәуірлегенде – жас тоқалдың ыстық қойнына сүңгіген...» Мұндай қазір де, кейін де көп айтылар күпірлік сөзге бопсалады екен деп – болатынды болдыртпай қоятын заман жоқ. Көрмес – түйені де көрмес. Со хандарымыз бүгінгі тәуелсіздіктің іргетасын қаласқан, аткөпірін салысқан сүлейлер ғой.  Обалар мен кесенелер астында үнсіз жатып зарын, мұңын сездірмейтін, естілмейтін тілсіз гөй-гөйге бірауық құлақ қойсақ неғылады. Аттың жалы, түйенің қомында, «жау қай жағыманан кеп қалады» деп құс ұйқылы боп, қыста суық, жазда қапырық, отыз кісі әзер айналып шығатын, тіктенсең – қалпағың ұшатын, еңкейсең – сүрініп жығылатын хан шатырынан – осы күнгі мәртебелі лауазым иелерінің үш қабатты саңғыраған сары қыш коттеждері көп артық. Мұның үстіне көңілді таспен бастырғандай қалың уәйімді қалай көтеріп жүрді деңіз!

Кіші орданы жиырма жылдай билеген Жәңгірханның «жалбағайым, жамағатым қатарынан қалмасын» деп қыштан сарай салғызғаны, теңге соқтырғаны, қазынашылық ашқаны өз алдына, көзі ашық, көкірегі ояу балаларды ел ішінен жинап-теріп Ресейге оқытқанын, Қазан университетіне қырғыз-қайсақ тарихынан, салтынан төгілдіріп дәріс оқығанын білеміз. Ханшайым Фатима сұлуды сарайда қалдырып, терістік шұғыласының астындағы Санкт-Петербургке ат ізін салып, патша ағзамның қабылдауында болғаны, тең-тең тарту апарып, ақ патшаның сеніміне енгені өз алдына әңгіме. Ақ қар, көк мұзда ит өлген қиянға тепектеп жүргенде, сарайындағы атшысы, ханзаданың атабегі – Махамбет ақынның Фатима ханшайымға көз қырын салғаны о да бір күйік. Күйікті күңіреніп, іштей тынып ыңырсып жүріп басар-ау, сарайынан қуып салған сол ақын-атабектің айналып келіп өзіне шабары, жау боп шығары өмірін өксітеді. Бұл аздай-ақ: «Хан емессің қасқырсың, қас албасты басқырсың» деп удай ащы өлең шығарғаны тірідей өлтіреді. Сыртқы жаумен жағаласа ма, іштегі жегі құртпен өжендесе ме. «Елімді ел қылам, қойдай қоңыр, жабыдай жуас жұртымның терезесін Ресеймен тең қыламын» деп жүрген Жәңгір ханды күндердің күні «болмасын» деген сөзге ерген, «сенімді» деген шаштаразы хан-иесінің мұртын басып, сақалын алған болып тұрып қожасының тамағын ұстарамен орып жіберіп, қашып жоғалады. Бұл-бұл ма! 18 ғасырдың басында орыс еліне далалықтардың бодан болған бітімшартын Әбілқайыр бастасын мейлі, Жәнібек бастасын мейлі – екі оттың ортасында қалып, қайтсек тұқымымызды тұздай құртып алмаймыз деген жантәсілімінің әңгімесі еді.

Мәмілегерлік істің ірі өкілі Абылайханның көрген қорлығы, жеген құқайы әлгіден де жаман. Өздері ұсақ, дәмелері таудай сұлтандардың сатқындығынан қалмақтардың қолына тұтқынға түседі. Қалден-Цереннің зығырданын қайнатып, өтін аузына құйған жәйіт 1741 жылы Абылай жекпе-жекте қалмақ қоңтайшысының Шырыш деген баласын өлтірген. Тұтқынға түскен хан иемізді екі жыл көзіне көк шыбын үймелетеді. Араға Барқы Нияз жүреді. Естімеген сөзі, көрмеген азабы қалмайды. Ақырында орыс патшасының өктем пәрменінен іш жиған Қалден-Церен бармағын тістеп отырып қаны қатқан кектесін амалсыздан босатып жібереді. Орыс ұлығына, жоңғар қоңтайшысына, қытай боғдыханына таққұмарлығын тығып ұстап, жұртының баққұмарлығын сақтап қалуға түн ұйқысын төрт бөліп жүрген Абылайға ел ішіндегі жуан қаралар не демеді?.. не құқайды көрсетпеді?.. Бұл гәптің бәріне көз жеткізем десеңіз Әбіштің «Абылайхан» драмасын көріңіз.

Сонда «хандарымыз не бітірген осы» деп қиғаш ауыз кекесін мен күпірлік сөйлеуден артыла алмай жүргендер тыйылар еді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жұрт жүнжіп кетті. Ішкі, сыртқы қайшылықтар қордаланды. Омырауы орденге толы кәрілер биліктен кетіп, оралымды, жүзіктің көзінен өткендей жастар келсе – іс оңалады деп дәмелендік. Жаппай жекешелендіру ұранына елігіп, ен байлық итжемеске айналды. Өндірістік инженерия - әлі олқы, адам инженериясы - әлі солпы. Ас та төк жер асты байлығына, оңай олжа – көмірсутегі қорына иек артып, ен ақшаға гүрп ете түстік, ішкі өндіріс мандымай, шалажансар күйде қалды, бюджеттің теріс сальдосы ұлғайды, жылма-жылғы құнсыздану мойындағы үйреншікті қамытқа айналды. Бұл – бұл ма? Жылдам байып үлгерген олигархтердің қалтасы орасан қампайып, көк шөптей қылтиған кіші және орта кәсіпкерлікті тұншықтыра түсті, салмағымен жаншыды. Бұл-бұл ма? Әлеуметтік әрі-сәрілік діңкелетті.

Бір қарасаң үкіметіміз, депутаттарымыз жұмылып жатыр-ай!

Нысанды, жерді жекешелендіру ме – мә! Ауылды дамыту бағдарламасы ма – мә! Сөз бостандығы ма – мә! Сайлау заңы ма – мә! Тілді дамыту заңы ма – мә! Батпан құйрық аспаннан жауып берді. Баққұмарлықты жасыру үшін былайғы жасты билікке таластырды, өркениетті авторитаризмді насихаттап, соның ізгі жемісін жейміз деп жүрген біздерді – аяқ асты алаяқтар алдап, кірем деген есікке байыған бишікештер жолатпай, кеудемізден итеріп, көшеге шығарып жіберді. Мақсаты айқын еместер мақсаты айқынды күндеді, сөзге ергіш тобыр бел алды.

Көшеде көзтаныс көршім ұшырасып сәлемдессе-ақ, қолтығымдағы қағазды көріп, о, тобалап, жағасын ұстап:

- Әлі жазып жүрсің бе? – деп дүрсе қоя береді. – Біраз ғалымдар базарда жүр, жас сыншылар бизнеске кетті, өз елінен өзі қарадай жеріген тіл білетін біраз жігіттер әрісі Америкаға, берісі Чехияға өтіп кетті.

- Ұпайы түгелдер мен ұпайын түгендей алмай жүргендер қашан салысқан, - деймін қарадай иығым түсіп, бәсім төмендеп, - қолымнан келетін жалғыз шаруа –  жазу ғана.

- Жо-ға! Сен жазған хикаят, романыңды бір кісі қызығып оқитындай әлі жазып жүргеніңе таң қаламын ғой! – дейді әлгі әріптесім. – Ұлттық деградацияға тірелдік. Ең сұмдығы: жершілдік, жемқорлық етек алғаны сонша ауыл арасындағы кәсіпкерлікті басынан аттап өтіп, ғарышты игеру ұлттық агенттігінің кеңсесінде Эйнштейннің кім екенін білмейтін шаласауатты беті жылтыр келіншектер отыр жең ұшынан жалғасып.

- Рас, рас, - деймін мүжіле мойындап. – Элитамыз сыбайлас жемқорлықтың тор жібін бырт-бырт үзіп, зілдей ауыр қапшығын иықтан сыпырып салып, ұлт үшін бірінің аузына бірі қарап сүттей ұйып тіршілік кешуді үйрене алмай келеді әлі. Әлеуметтік әрі-сәрілік жетті түбімізге!

Әлгі көшеде ойда жоқта ұшырасқан әріптесім көп кідірмеді, шаруа жайын айтып, көше көлеңкесіне сіңіп ізі сұйылды. Әйтсе де әріптесімнің сөзі жанымды жегідей жеді. «Жазғаныңды кім оқиды?» - дегені мылтықпен көздеп атқандай сезілді. «Ұлттық деградацияда тұрмыз, сыбайлас жемқорлық пен жылма-жылғы құнсыздану мойынымызға өмірлік қамыт боп киілді» деген сөзі өліні көрінен тұрғызып, тіріні тірідей суық жер қойнына тыққандай ғой. Сонда мынау, күнде бірауық кітапханаға бас сұғып адамдардың бір-біріне арнаған жүрек жылуы, қайырым-шапағаты туралы жазып жүрген «Дон Кихот» атты хикаятымды кім оқиды? Әлдеқашан сүйегі қурап, пашпырты біткен Дон Кихотты жазамын деп жүріп өзім де кәлласының бір шаригі түсіп қалған ХХІ ғасырдың Дон Кихотына айналып кетпейін деп қауіп қыламын. «Осы мен қандаймын» деген төтенше сауалға килігемін. Расында ғой, осы біздер қандаймыз?.. Неғып жүрміз?..»

Басым тасқа тиген мезетте,

Қиын сауалға жауап іздеген кезде,

әрдайым түу сол қиырда қалған бала жастан, өткен ғасырдың 60-шы жылдар басынан аралас-құралас Әбішті іздейтін әдетім. Тағы да сол, өз аяғыма өзім ілесіп Әбіш досымның үйіне тартып бара жатамын. Баяғыда жарықтық Имануэль Кант айтады екен: ер-азамат өз басының қамын ойлап бақсын, әйтсе де сол қам-қарекеті басқаның бостандығы мен мүддесіне зияны тимейтіндей болғанда ғана ісі ілгерілейді депті. Менікі – жай пікірлесу, ішті аша сырласу ғой. Ешқашан достың арбасы кідіре тұрсын, өзімнің арбам қыр асып кетсін деген пиғылды ұстанған емеспін. Мұны Әбіш бағзыдан біледі. Мына нарыққа асықпай... алды-артымызды қамдап... парықпен көше алмай, қарадүрсін үрит-соқ деп жүріп жабайы қапитализмге жалаңаш құйрығымызбен топ ете түстік пе деп қорқамын іштей.

Аз айт, көп айт, жаяулап жүріп намазшам көлеңкесіне ұқсап, досымның үйіне келіп, есік қоңырауын басамын. Әлден уақытта есік ашылып, Клара ханым көлденеңдейді. Жұқа қабағынан уайым табын сеземін. Аяқ киімімді, суағарымды шешіп ішке, төр жаққа озамын.

- Түнімен аунақшып, дөңбекшіп көз ілмей шықты. Саушылығы болмай жүр. Уайымы мол. Кабинетінде жан шақырып жатыр, - деп сұқ саусағын ерніне кесе көлденең қойып сыбырлай тіл қатты.

Арғы көмейінен: «Көп мазалай бермей ас үйге еніп, нан ауыз ти де шаруаңды айт, жолыңнан қалма» деген сөзді оқимын. «Оқталып келген сөзімді айтпай қалай табанымды жалтыратамын? «Жан шақырып жатыр» дегені қай сасқаны... Досымның шыбын жаны шырқырап ұшып кетіп пе еді ескі ауылға?.. Ерігіп, малтасын езіп жүрген осы күні кім бар дейсің, қарағым-ау!..» деймін іштей толғанып.

Осы оймен ас үйде нан ауыз тиіп, ол нанды қанкүрең қою шаймен итергілеп, қылғына жұтынып, омалғаннан омалып отырғам. Енді қайтейін.

Әбішімнің өзі жалпақ алақанымен беті-жүзін сипап жіберіп, жарқ етіп екпіндеп еніп келе жатты. Мені көріп: «Ә, кеп қалдың ба?» - деп жылы қабақ танытып сәлемімді алды, жаныма, жайдақ орындыққа ығысып кеп жалп етіп отыра кетті.

- Клара, шайың бар ма, тездетші, шаруа күйіп тұр, - деді екпіндеп. Өзім жаққа еңсеріле бұрылды.

- Жайшылық па?

- Қайдағы жайшылық! Мына заман не боп барады? Қоғамдағы метаморфозаның шеті мен шегі бола ма? Әлде әлгі «бетерден де бетер бар» деп жүргеніміз осы ма? Осы сауалды заманға қойып неғылам, замандасқа көлденең тартып көрейінші деп келдім.

Кемеңгерлігі мен көріпкелдігі екі тізгін, ақылы бір шылбырдай замандасым көрінбейтін көкжиекке көз тігіп, сықсия үңіліп отырып қалды. Оң алақанымен көстең еткізіп жүрек басын сипалады. Клара ханым жаны шығып кетердей кепке еніп, қиғаш көзімен суық сығыраяды.

Әбіш ыстық шайды сораптай түсіп тілге келді.

- Тақауда астанаға ат басын бұрған АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Звигнев Бзежинский социализмнің кемесін қарық қып су астына жіберген өзім деп сұхбат берді. Жаңа отаршылдық пен жаһанданудың күлапәре қиқушысы ғой, мақтанса мақтанып отырған шығар. Бүйрегім бүлк ете қалды: мұндайда бастамашыл болу да, қостамашыл боп «ләббай тақсыр» деу де қауіпті. Өткелден өтіп келе жатқан кісі көпір таңдамайды. Өзім де әлгі сауалға кеңінен тоқталып, кемел түсіндіретін жауап іздеп жүр едім. Ой үзіктерін қағазға түсіріп қойған тұстарым бар. Жұрт ойлайды: мәртебелі лауазымның майлы жілік салынған портфелін салақтатып текке көтеріп жүр деп. Күйзелгенде мен күйзелейін, мен жыласам – кәрі бәйбішенің байбаламы әдірем қалады деуші ме еді. Мен гөй-гөйлесем төңірек түгел күңіренеді! Бүгін бізге керегі: демократиялық либерализм, азаматтық қоғам, адам құқының қорғалуы, бір ізге түскен нарықтық экономика. Маңдайы терлеп еңбек етпей, аяқ астынан байыған алаяқтар жасампаздықты қойып елді жойымпаздыққа бұра бастады. Парасат пәлеқорға жол береді иіліп. Әлгі Бзежинский ұшқары айтады, империяны құлатқан ішкі, сыртқы қайшылықтың ұлғаюы, өндіріс пен өндіргіш күштердің бәсекелестігі жойылғаннан дер едім өзім.

Менсіз де арқасы ұстап, аруағы қозғалып отырған кейіпкерімді көлденең сөзбен шаршата бермейін, өзі де әлгі сауалға жауап іздеп толғанамын деп отыр ғой деп... ал қош айтып... бөстегімді көтердім. Жылы қоштасып шығып кеттім.

Осы әңгімеден кейін Әбіш өзінің аса көлемді «Бетерден де бетер бар деген осы емес пе?» деп аталатын, бес тараудан бас құраған жүрек лүпіліндей жан толғанысына отырды. Айтса – айтқандай бір деммен жазып шықты. Толғаныс тақырыбының астына «замандастың сауалына жауап» деп тақырыпша қойды. Ой толғанысын елеп, екшеп келіп: «Бұл өзі қалай болды», «сонымен болар іс болды, ал енді ше?», «иә, тәуелсіздіктің жолы жіңішке, жүгі батпан екен...», «кеңістікті кеңінен шолып алмай уақыттан ұту мүмкін бе?..», «иә, көп нәрсені асыра сілтеу мен асығыстық өрге бастырмай тұрғаны рас» деп бес бөлімге бөлді. Бір деммен, жүрек лүпілімен үрлеп отырып жазылған эссе оқыған кісіні жіпсіз жетелейді, сөз, сөйлем аурасымен дуадай арбап, жаныңызды жасыл жайлауға шыққандай байытады. Арғы-бергіге көз жеткізе тәптіштейді. Қаламы қуатты ақынның: «О, дүние дегенді Мұхаммедің емес, дос; Алғаш тапқан, мен білсем, ғашық жандар шығар-ау» дегендей: қоғамдағы ұлы өзгерістер, бейне, мұхит бетімен дүркірей жөңкілген тау толқын іспетті, сол толқынның қай кезде, қандай пәрменмен жарға апарып соғарын тамыршыдай дәл тауып, көріпкелдей дөп түсіріп айта білген, сол ой мәйегін дер уағында қағазға түсірген Әбіш еді. Атасына мың рахмет айта отырып ақ қағазға түсуіне сәл де болса – сеп, себепші болғаныма күніге мың тәуба айта келіп, әлгі «Бетерден де бетер бар деген осы емес пе?» атты ойтолғақ-очерктің қолжазбасын авторынан сұрап алып, әптиектей ғып отбасылық мұрағатыма сақтап қойғаным өзімше өнеге.

Ойтолғақ-очерк кейінше кітап ішіндегі кітапқа айналды, «Заманмен сұхбат» атты қалың жинағына еніп, «Жазушы» баспасынан 1996 жылы жарық көрді.

Әлгі отбасылық сырласудан кейін елеулі оқиғалар жиіледі. Ең ғанибеті – жас ұрпақты ұлттың тарихына, өткеніне, бабадан үзілмей созылып жеткен асыл сөзіне құрмет сезімін сілкіп оятқаны үшін 1995 жылғы желтоқсанда кейіпкеріміз Президенттің «Бейбітшілік пен татулық» сыйлығын иеленді. «Болмас, болмас, ғазиз досты мәртебелі сыйлығымен құттықтап қайталық!» деп жаныма зайыбым Сәулені ілестіріп замандастың үйіне бет түзейміз баяғы.

Күн жауды ма, әлде жауайын деп тұр ма, көше бұлыңғырлау болғанымен – үшінші қабаттағы үлкен үйге кіріп келсек – бөлме іші самаладай жарық. Төрде қарқарадай болып Айсәуле шешеміз отыр. Дәп жанында омақадай үйіліп Әбіш замандасымыз жайғасыпты. Ақ жаулық, әппақ көйлек көз қарықтырады.

- Түрікпен төрін бермейді деуші еді, төрді өздеріңіз жаулап алыпсыздар, біздер қайда тізе бүгейік, бәтір-ау.

Сол екі арада Марал Ысқақбай, Әмин Тұяқов, Герольд Бельгер кіріп келе жатады үйіліп.

- Е, түрікпен мен адайлар қыз алысып, қыз берісіп аталас болғалы қашан, - дейді Әбіш әзіл сөздің отын үрлей жағып.

Дастарқан басында мақтау, марапат сөздер мол айтылды. Ас желінді. Хрусталь рюмкелер сыңғырлады. Саясаттағы уақыт – реформадан сезіледі, кеңістік – мүмкіндіктер жиынтығы. Мына Әбіштің ойы, сөзі дәрі секілді, жақса – жаныңды сауықтырады, жақпаса – қарадай жер ғып жабықтырады. Сол отырыста адамның құны, адам өмірінің бағасы туралы әңгіме өрбіді. Дамыған АҚШ-та әр адамның өмірі 4-9 млн доллардың аралығында екен, ал Ресейде 1,3 пен 3 млн доллар аралығында, ал Үндістанда 1 млн доллар көлемінде көрінеді. Сөзге еріксіз араласып, жақында туған ағамның Сәкен есімді ұлын кездейсоқ келеңсіз ұйғыр жүргізуші жекеменшік «Москвичімен» қағып кеткенін, жоғарғы оқуды жаңа бітіріп, жақында үйленемін деп жүрген сабаудай бозбаланың ауруханада апта жатып, дәрігерлердің ем-домы қонбай, жұмада үзілгенін айттым. Әлгі салақ, самарқау ұйғыр жүргізушісін сотқа беріп, барлық кінәсін мойындатып, екі ай жүгіргенімде – судьяның суық үкімінен кейін бозбаланың өліміне деп әлгі ұйғырдың үш жүз мың теңге айыппұл төлегенін айтып бергенімде ғой... сілтідей тұнып сіресіп отырған қауым пәлен деп үндемеді... Әбіш-екең ғана ауыр күрсінді. Күн күркірегендей сезілді.

 - Өміріміз жаңа болғанымен заңымыз кешегі. Тез жұмылып дүниелік экономикадан лайықты орын алмадық бар ғой – қазақ өмірінің бағасы әншейін бақыр болып қала береді.

Сонда деймін ғой.

Әбіш кейіпкерім қол қусырып қарап отырмады. Торғай қаласында өткен үлкен жиында Шақшақ Жәнібек туралы ең тұшымды сөз айтты, билік үшін емес, қазақ мемлекеттілігі үшін күресіп ат үстінде көз жұмған сүлей туралы атан түйеге жүк болғандай салмақты сөз сол еді. Адамшылық диқаншысы Ахмет Байтұрсыновтың жүз жиырма бес жылдығына сөйлеп, біраз кісінің қай-қайдағысын есіне салып көзіне жас алғызды. Сұлтанмахмұттың жүз жылдығында жыр сұлтаны туралы көшелі сөз сабақтап, академиялық театр лық толы халықты дүрк көтеріп, қыршын кеткен ақынның аруағына бас игізді. Шәкен Айманов туралы: «Тыңға тереңдеп енген түреннің ізіндей тым жиі, тым қазылыңқы әжімдер, миығына мәңгі бақи ілініп қалғандай жұмбақ мысқыл мен жұмбақ әжуа сол жеткізбей келе жатқан мақсаттың, орындала қоймаған арманның көзге ұрып тұрған салдарлары сияқты еді», деп кірпияз шындықтың шымылдығын аша термеледі. Өзі де тебіренді, өзгені де тебірентті. Көшелі ойларға қиял қайығын салып, бірауық малти жүзіп, өз-өзімнен кемел ойға кенелемін баяғы.

Үйірін іздеген саяқ жылқыдай жазу үстеліне айналып келеміз. Тағы да қаламды қатты ұстап жазуға отырамыз. «Жазбаса отыра алмайтын», «басы отта тұрған қазан секілді» деп журналист ағайындар сыртымыздан өзінше тон пішіп мақала, сырсұхбат жазып жатады. Мейлі де. Әлгі сөздердің астарында көбіне кекесін жатады. Жазбаса отыра алмайтын болса - әбден қағаз бен қаламның кепиеті өтіп кеткен, жұрт қырға қарай тырмысса, өзім ойға қарап мөңірейтін қияли болғаным-дағы; басы отта тұрған қазан десе – бір күндері қайнай-қайнай бар ылғалы бу боп ұшып сарқылып қалады-дағы. Айтқан ауызға қақпақ іздеу күпірлік. Біреудің басына қонған бағын, біреудің өрлеген төрін қызғанып жүргендер жетерлік. Қазақтың өкпешілдігі өз басының соры. Өзінің дүниеқоңыздығын жасыру үшін өзгені дүниеқоңыз, мансапқор, жалақор, астамшыл деп қарадай жазғырып жүрген көшеде ұшыраса кеткен қашанғы көзтаныс замандасқа бұрыламын.

«Ау, біздер неғып жүрміз осы?»

Көзтаныс өкпешіл замандасым шырпыдай шарт кетеді. Әлгі сөзім шамына тиеді.

« - Неғып жүргені қалай!.. Астанаға төңкеріле көшіп келіп үй алдық, ұл-қыз өсірдік, ұлым Болашақ бағдарламасына еніп мемлекет есебінен Лондонда дизайнердің оқуын оқып жүр, қызым министрліктің білдей маманы, Бәйтеректің түбінде тұрады. Өзімнің Есіл бойында саяжайым бар, бірер дүңгіршек ашып жалға беріп қойғам. Отыз тонналық КамАЗ-дан екеуін сатып алғам, жорғаласа – кіріс қалтам үшін жорғалайды. Көкешім, бұл ағаңда «шығыс қалта» деген әлдеқашан жоғалған, бой-басымның бәрі «кіріс қалта!»

« - Немене, мынау деген азаматқа ай сайынғы үш мың доллар табыс аз болып көрінеді ме!.. Әрине, ана Машкеевичтерге ұқсап миллиардтарды санамаймын, әйтсе де өзіме жететін дәулетім бар» - дейді әлгі көзтанысым.

« - Жарық дүниеге дәулет жинап, ас ішіп, аяқ босату үшін келгендей боп көрінбей ме мына жүрісің.»

Бұдан әрі сөйлесем әлгі қашанғы көзтаныс замандасым ашу үсті жаға жыртысатын түрі бар, жүзі парт боп қызарып, қан қысымы көтерілді. Шамшылдық үдесе – шадырлық төске шығады. Маңайласқан адамға тілінің сұғын қадап, оңбай тұрған мына заманға у зәрін төкті-ай келіп! Әлдекімді қаптесер, жолкесер деп сыртынан сыбады. «Қанымдағы қантты көбейтіп жіберген солар», - дейді. Амал жоқ, әңгіме басындағы көкейімде қоздаған сауалды замандасқа емес, өз ойымды иіп келтіріп – өзіме  қаратып қоямын.

« - Әбіш замандасымның заманға қаратып жас ұрпақтың ата-баба тарихына, рухани салт-дәстүріне құрмет сезімін оятып аш күзенше бүгіліп отырып ақ қағазға ойтолғақ жазып жанталасып жатқаны анау. Тәуелсіз – тәбәрігім деп тағы топтама өлең кестелепті. Әбішті 18 жасымнан білемін, ол мені сәби шағымнан білетін сияқты. Сырдаң көңілге сыр қонбайды, сылдыр сөзден сыр табылмайды. Асыл дос қой – сіздің сырдаң екеніңізді, әлде сырбаз екеніңізді біліп алмай тұрып дін ашпайды, сыр тартпай тұрып сырласпайды. Тіршілік сапарында сырласа жүріп мол рухани қазынаға кенеліппін. Енді сол Әбіш секілді замандасыммен, рухани досыммен салыстырғанда мына өзім нағып жүрмін?!» 

Кітап соңынан кітап шығарғандар ұлтына қаратып не жөн сөз айтты?

Ал мына өзім не қиратып тастадым?!

Шырқ айналып қазығын табатын жарау жүйрік секілді қалт етіп қолым босай қалғанда айналып келіп жазу үстеліне отырамын, ақ қағазға маржандай етіп ой өрнегін түсіргім келеді. Кейінгі кезде көзім тез шаршайтын болып жүр, белім де сіресіп ұстап қалатындай ма. Сол кезде үйімнен, жазу үстелінен ата шығып төл әдебиеттегі Әбіш аллеясын іздеймін.

Әбіш аллеясының екі жағында самсаған самырсын, емен, ақ терек секілді кілең қазақтың игі жақсылары саябақ төрінде ағаш кейпінде сап түзеп тұрғандай. Судыраған мыны сыршыл қайың қазақ сахнасының серісі Қалтай Мұхамеджанов, серкесі Серке Қожамқұловқа ұқсайды; жұпар атқан құбақан жиде сары мұңлы Жұмекен Нәжімеденовты елестетер; сыптығардай сірескен терек Ғабиден Мұстафин болып аспандайды; кәрі емендей иір-қиыр бұтағы шорланған Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз ол; аспанға төбесін тигізем деп ұмтылған терек Тахауи Ахтанов болар; судыраған күміс жапырағы күміс қағына ұқсағандай кербез қайың – сақал-шашы құп-қу Асанәлі Әшімовке ұқсайды; өз-өзінен бусанып, басына бұлт, бұтағына боран шақырып арқаның желімен қосыла азынаған алып қарағаш Шыңғыс Айтматов болып елестейді. Өнер өрендерінің бас-басына Әбіш сипаттама, сараптама мақала жазған. Бас-басына назар салып, бір қолында күрегі, бір қолында шүмегі бар, кәнігі бағбандай үңіліп жүріп, баптап күтіп, суғарып, өзіне тән өнер аллеясын өсірді. Өзі де өсті, өзгені де өсірді. Бұратыла сыбдыраған бақтың ауасы шыныдай мөлдір. Сарыарқаның қыста қасқырша ұлыған бораны, шілдеде аңқаны кептірген аңызақ ыстығы осынау бақты айналып өтеді. Ағаштың суылы, теңге жапырақтың сыбдыры жер үстінің жаннатын еске салады. Мейіріңіз қанады.

Әбіш қаламы өмір туралы әңгімені өзекті өртер басты апогей етіп, еріккендер жазатын қосалқы, бұралқы кеп қылмады. Жазушыға ізгіліктің апогейі – сүйіспендік, мейірім; жек көрушіліктің апогейі - өлім; өмір үшін күрес - өнер үшін күреске алмасты. Сөйлеген сөзінде, жазған романында өкпешілдің, өзімшілдің, өркөкіректің зәредей сойылын соққан кісі емес, әрдайым ізгі мұраттың, болсын дегеннің, көре білгеннің шерін шерледі. Кереңдікпен күресті, тереңдікке жетеледі.

Әбіш дарыны табынуға емес, тағлым тұтуға жаралған!

Адам пенде емес пе, кейде келеңсіздіктен қажимын, қоңторғай, қарапайым жүремін деп бетке ұрып, төске шыққандардан байқаусызда қағажу көріп қаламын, шытырман дүниеден шындық іздеймін деп жүріп шаршаймын, аңдып жүріп аяғын тосқандарға сүріне жығылып еңсемді әзер жазамын; сылдырақты - сыршыл, көке мылжыңды – көсем деп қалам; қолымдағы қалт-құлт етіп жыпылық атқан өнер – майшамын өшіріп ала жаздаймын! Сондай кезде Әбіш аллеясын сағынамын, кітаптарына қайта үңілемін. «Осы мен не бітіріп жүрмін деймін?!»

Астанада, Абылайхан даңғылының күншығыс бетке созылған бел ортасының – күнбатыс қабағында – Ұлттық медициналық Орталық ауруханасы мен Президент саябағының ортасынан ойып тұрып орын тепкен «Vip-городок» қалашығы бар. Сонда тұрам. Үйімнен жайлап шығам. Сымтемір қоршауынан сыртқа сытылам. Аяңдап күнбатыс бетте, жап-жасыл бауы сыбдыр, судыр қағып желкілдеп жатқан саябаққа енемін. Жан-жағыма көз салам. Әне бір кіндік ортада Президент тіккен тал, одан әріде сәбилер сейіл құратын ойын алаңы, дәмхана, шайхана, әуізі шапшыған гүлзар бақ, күнсала көз сап – алаңдап тұрып тағы да Әбіш аллеясын іздеймін.

Түйін

Әр буын үлкен белден асқанда көш түгендесіп жатпаушы ма еді. Біздерді өткен ХХ ғасырдың 60-шы жылдар буыны дейді. Қазақ әдебиетінің тарихына осылай деп жазылып кетті. Бұл буын қағаз шимайлауды нан табарым деп ұқпай, кейіпкердің мінезін қазбалаймын деп заманға, заманның қалыбын қазбалаймын деп адамға қызмет жасап, шығармашылықты күнделікті күресіне, маңдайына ұстаған темірқазығына айналдырып үлгерген қаламның жанкештілері саналды. Соның бірі - Әбіш.

2007 жылдың шілде айы Астананың аспаны айналып жерге түскендей, сіріңке шаққандай жанып кетті. Үйден аздап қымыз ішіп, енді бірауық желдеп, салқындап қайталық десіп, үй іргесіндегі, батыс беттегі Президент саябағына енген бетіміз. Ана бір жылдары Президент тіккен қарағаш зорайыпты, түбіне тас тақта қондырып, келістіріп жазу жазыпты. Жапырағы күн иістеніп, сыбдыр қағады. Қарағаш іргесіне келіп бүйірлесіп тізе бүккеніміз осы. Әңгіме ошағына тамызық тастаймын.

- Біздің елдегі жазушы қауымы жеті жүздей. Кейде бұл сан кемиді, кейде көбейеді, әйтеуір осы 700 қауымның межесі секілді. Айтайын дегенім, ақын-жазушының я көп, я аздығы емес, - деймін Әбішке еңсеріле бұрылып, - Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Президентіміз бір сұхбатында: «АҚШ-та бес-алты ғана кәсіби қаламгер бар дейді, ал бізде жеті жүз, тым көп емес пе, жолдастар», - дегені құлағымда қалыпты. Заманның дүбіріне емес, жүрегінің діріліне қалам тербейтін біздегі кәсібилер көп пе, аз ба, Әбеке?

- Е, оны анау одақ басшысынан сұра, - деп назары қиғаштанды, - сөзбен сурет салу кім көрінгеннің басына қонған бақ емес. Өзің оқыған филология факултьтетін елу студент тамамдап шықты, солардың дені қағаз шимайлады, кітап шығарды. 1992 жылы елу жасқа толған жиырма бес ақын-жазушының басын қосып, ішінде өзің де барсың, «Қазақфильмнің» залында баяндама жасадым. Поэтикалық интоннациядан, азаматтық позициядан ауытқымай дүниеғапыл дырдуда тұтас сом сурет салуға ұста, таразыға салары бар буын өздерің дегенмін. Сол буын да қазір біраз екшеліп қалды.

Бұдан әрі Әбішті қазбалау күпірлік болар еді.

Баяғы ұстазы Әуезовтің оң жақ тізесінен осы қазір тұрып келіп отырғандай. Өнердегі өзін сыйлау бір басқа, өзіндегі өнерді сыйлайтын кісі шөре-шөре бостекі әңгімеге бармайтынын білемін.

Осындайда көзіме қазақтың бәрі білетін дәстүрлі салым, көкпар ойыны елестейді. Желдің еңбегін ойып жіберердей жүйрік ат пен бұлқынған білек күшінің, әбжілдіктің, жүректіліктің сынға түсер кезеңі. Ызы-қиқу, аяқтан шалып, кеуделей тартып, итжығыс түсетін осы ойында бәз бірде көкпар-лақ ортаға түсіп қалады. Тақымы қайыстай, білегі талыстай бір көкпаршы әлгі лақты жерден іліп ап, тақымға басамын дегенше – екінші, үшінші көкпаршы килігіп, дүние шыркөбелек айналып, итжығыс тартыс басталып кетеді. Әлгілер бірін-бірі ала алмай жатқанда, өзге көкпаршылар үстіне үйіліп келіп, әлгі тұсты дөңгеленген иірімге айналдырып жібереді. Аттың көптігінен көкпар-лақ түскен жер шүңейттеніп кетеді. Мұны дода дейді. Жүз қаралы аттылы бір жерге ұмар-жұмар топтасқан, шырмауықтай ұйысқан доданы ыдыратып, көкпар-лақты суырып алып шығуға жігіттің жігіті, аттың аты шыдайды. Доданы дәкеше сөгетін салымшы жігіттер болады. Сыр елінде додакеш-салымшылар туралы тарау-тарау мадақ жыр айтылып, басына үлек бастатқан бәйгі тігіледі.

Шендестіру, аллегория жанр жүзіне қан жүгіртер күретамыры. Осы мына тізелесіп отырған Әбіш әдебиет әлемінің додакеш-салымшысы секілді елесетейді. «Осы қалай болар екен?» деген ұмар-жұмар сөз додасында Әбіш-екең қазақтан қалған аталы сөзін айтып, бәйгеторысын әрдайым бірінші келтіріп жүрді. Таңқалғаным: ұрдажықтар кеуделеп келгенде – біз секілді қарсы шабам деп ұрынып қалмай – дер кезінде атының басын бұрып әкетеді; ру боп, жік боп, партия боп әжептарқы тартысқа түсеміз деп, біраз зиялы қауым түтіліп, түгесіліп жатқанда - Әбіш өз ұлтының көсем перзенттерін үнсіз ғана ұлықтап, әлгі дырдудан дер кезінде сытылып шығып кетеді. Шашасына шаң жұқтырмайды. Бәйгеторы болмағанда несі қалды!

Баяндылығы табиғаттың өзіндей.

Әбішті оқығандағы таңқалуыммен оның өзімен сөйлескендегі таңқалуым екі бөлек. Пәнилік уәйімі әрдайым уақытпен үндесіп жатады.

Көбіне терең ойға батып, пұшайман болған дегдар кісідей, үкідей үрпиіп отырғаны. Алдына қойған межені жер түбінен шалады. Қазақы төзімі төбесіндегі шөліркеген қарағашқа келеді. «Осы қалай» деген көлденең көріністің сом суретін салуға ұста.

«Күндердің күні әскери қарусыздану жүзеге асар» дейді. «Әйтсе де әділеттің басынан аттап, адагершілікті аяқасты ететін идеялық қарусыздандыру өміршең, ол ешқашан жеңілмейді» дейді кейіпкерім. «Адамгершілікке келер әр қиянатқа әдебиет қана қарсы тұрар қауқарлы қару. Кещелік, кереңдік, қараулық, өзімшілдік, өкпешілдікке көркем сөзін қарсы қойып келе жатқан сарабдал суреткер ғана» дейді.

Осы жұрт Әбіш ашуланбайды деп ойлайды.

Олай емес. Әбіш қисыны келгенде басынан сөз асырмайтын дүлей ашушаң, көлденең кезіккен қисықты қағып жіберетін ақсайтаны әзір. Әсіресе тоқтығын көтере алмаған тоңмойынға, білгенін дауға, жиғанын тойға шашып дағдыланған даңғойға қарсы ереуілдеп тұрған максималистік көзқарасы қай шығармасында болсын өртше бет шарпиды. Осы күні бір басы нешеме жоғарғы оқуды бітірген, көрінгенге қызығып, өзіндік пікір түйіп, өзіндік позиция таппаған дилетанттар көбейген заманда - өзін-өзі үздіксіз қамшылап, үзбей жетілдіріп, әрі оқып, әрі тоқып, интеллект қазынасына қол жеткізген, қайталанбас құбылыс! Өзіндік – атом!

Сөздік қоры бай стилист. Сөйлеп кетсе шешен. Сөйлемі бейне көкала теңіздің көкбұйра толқыны секілді, дембе-дем келіп жағаны ұрғаны өзгеше бір жарасым, ұнасым, ырғақпен жетіп жығылып, жылы алақанмен сипағандай, жылы көрпе жапқандай әдемге әсерге бөлейді. Қара сөзбен жазылған жырды тұшынасыз. Көбіне сабақтас салалас сөйлемінің соңы, ақырғы өрімі – ұйқаспен түйінделіп жатады. Құлазытпайды.

Өзімшілдік – дерт. Өзімшілдік дертімен мына жүрген өнер адамдары бірі аз, бірі көп ауырады. Жазылмай кететіндері қаншама. Рухани ізденісі өрелі болғасын ба, әлде жан әлемі кең жайлауға ұқсаған соң ба, кейіпкеріміз әлгі дертке көп шалдықпай, тұмау секілді жеңіл өткізіп жіберді.

Осы жұрт Әішті саясаткер дейді.

Тоғышарлық дендеп, ұрдажықтық кеуделеп тұрғанда – заманның көкейкесті мүддесін тап басып танып, ұрымтал тұсты жырақтан болжап, ұғымтал ұрпаққа қаратып сөз айта білетін азаматтық белсенділігі ерекше. Ал азаматтық белсенділік саясат емес. Қиянатсыз қоғам, кесапатсыз мінез, ұлтының жолына бір басының тәуекелін тіккен, жағымсыз құбылысқа, қисық құлыққа күрес ашып, прозамыздың кәсіби жетілуіне, тәуелсіздігіміздің бойын тіктеп алып кетуіне уәлі сөзін кестелеп, күнді түнге, түнді күнге оздырып, қадалып отырып қалам тербеді. Киіздей қалың шашы сиреді, көзінің майы азайды. Осы күні кеуделеп мінбеге өрмелеп, дінге, тілге қамқор болғансып, жұдырығымен құр ауаны түйгіштеген айқайшыдан жүрек лүпілі басым. Жүрек оты жағулы, көкірек кеніші қазулы, жауһарын ала бер де әжетіңе жарата көр! Сөз түйіні сақаға құйған қорғасын.

Әжік-күжікпен отырғанда күн еңкейіпті. Батыс жақ бозарыңқы.

 - Мен енді жүрейін. Үй ішіндегілер кешіксем мазасызданады,- деді Әбіш орнынан сықырлай қозғалып. Өз қолтығынан өз үні «әуіп» деп демегендей, тізесін басып көтерілді. Маңайына көңілсіздеу көз салды. Әлгіде айтқан сөзі жадымда жатталып қапты. Қоштасуға қимай тұрмын.

- Осы күні немен айналысып жүрсіз? – дедім аузыма түскені осы болып. «Не жазып жүрсіз» деуім керек еді, айтылды – кетті.

- Дүниеде мен айналыспайтын шаруа бар ма, сірә, - деп бар денесімен селкілдеп тұрып күлгені. Сөзім ұнаса – осылай күлетін әдеті. – Аға буын тоқып кеткен көркем сөз өрмегінің арқауын босатып, төсегін селкеулеп алмасақ деймін. Жанына торсық байлатпайтын басасау сенаторды сабырға шақырамын. Інілерге бөліну оңай, бірігу қиын, сүйе білмеген күйе де білмейді деймін. Президентіміздің 2010 жылы Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Төарағалығына сайлануымен шын пейілмен құттықтаймын. Немерелерімнің немен айналысып жүргенін тәптіштеп сұрап, іждаһатпен қадағалаймын, тегі болмай бара жатса – жанымдағы Клара ханымға «олай етпепсің, бұлай етпепсің» деп сөз ұзартамын. Ал хош болып тұр, - деп жайлап аяңдап, саябақтың дарбазасынан сытылып шықты.

Дарбаза сыртында күтіп қалған алқара жүйрігіне бұрылды. Маң-маң басып барады.

О, құданың құдіреті! Осы мезгілде теңселе басып бара жатқан Әбіш мына қым-қуыт дырду-думанды дүниенің, ана ауыр тыныстап жатқан үлкен қала тіршілігінің төбесінен факел-шамшырақ көтерген қызыр Ілияс болып елестеді.

Дүкенбай ДОСЖАН, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Алатау шипажайы

2007 жылғы желтоқсан.

Abai.kz

0 пікір