Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Әдебиет 4789 0 пікір 21 Желтоқсан, 2015 сағат 11:43

НҰРЛАН БАЛХАШҰЛЫ. ЕТІК

(әңгіме)

Демалыс.

– Балаға базардан барып етік алу керек, – деді жұбайым. Дауыс мәнеріне қарағанда бұл істі бұдан әрі созуға келмейтін сияқты. Отбасымызбен көлікке отырып базарға қарай қисық – қисық жол тарттық. Терминалға тоқтап жалақының соңғы бөлігін алдым. Көлікті от алдырып, бір көше айналғанда МАИ қызметкерлері таяғын бұлғады. Әдеттегідей шапшаң тұла бойымды шолып шықтым: белдік тағылған, құжаттар түгел, жылдамдық қалыпты тағы не керек – ойбу жарықты қосуды ұмытыппын. Қармағына балық іліккен балықшыдай қуанышын жасыра аламаған тәртіп қорғаушы үстіме төне берді.
– Бар болғаны екі-ақ минөт жарықсыз жүріппін, соған бола айыппұл саласыңдар ма?
– Саламыз ағасы, саламыз.
Көлікке қайта отырып жатқанда, найзадай шаншылған жұбайымның көзіне қараудан қаштым, баламның етіктің сапасы жайындағы сөздерін естімегендей болдым. Радионың дауысын ұлғайттым. «Мекенім Қазақстан» әні салонды кернеді.
***
Қонақта отырмыз. «Алты алаштың басы қосылса төр мұғалімдікі» емес қазір. Төрде жылтыр көйлекті, жылтыр бет, осында өте қымбат көлікпен келген жігіт отыр. Ашық жарқын, жиын тойдың көркі дерсің, елмен қалжыңдасып өзін еркін ұстайды екен. Төрт құбыласы сай жігіт, әкім қаралардың біреуі шығар деп түйдік. Сыртқа шығар кезде аңдаусыз киген етігім басқа болып шықты, қымбат етік сықыр-сықыр етеді. Жаңағы беделді жігіт те бір орында шыр айналды.
– Әй мен басқа біреудің етігін киіп алыппын.
– Келіңіз ауысайық. Мына етік те менікі емес екен. Әлде мұғалімнің етігімен біраз жүре тұрасыз ба? – дедім, аяқ астынан батылдығым ұстап.
– Қой ей, бетін әрі қылсын. Әкел өзімдікін.
Біссіміләсін айтып, етігін киіп жатқан жігітке қарап күліп қойдым. Әркімдікі өзіне. Мұғалімнің етігі саунаға қарай жүрмейді, онымен мейрамханаға бара алмайсың.
***
Әр қилы тағдырлар, адамдар, қоғам, өмір. Үлкендердің әлеуметтік жағдайы, жанұялық келеңсіздіктер, өнегелі тәрбие де сол тәрбиенің жоқтығы да болмаса сылдыраған келісім сияқты тату-тәтті бақытты ата аналар келбеті де алдыңа келген оқушының іс әрекетінен танылады. Жасөспірімнің әрбір қимылының, ой өрісінің түбінде ұшқан ұясынан алған тәрбиесі мөлдіреп көрінеді. Қолында бар ата-ана баласына тәрбие мен білімнен басқаның түгелін беріп-ақ тырысыпты, дәулеті орташа ата-ананың баласы мейірім мен қамқорлыққа жасынан кенде болмапты, ал кедей ата-ананың баласы – ол қашаннан қорғансыз, кедейліктің себеп салдары көп болғандықтан ба екен, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан баланың мінез құлқы әр түрлі. Кейде, сабақ барысында, өткен ғасырдың басында ауылдан қалаға білім іздеп қашып келетін кітап кейіпкерлерін кездестіргендей боласың. Ұлттық сананың ояну дәуіріндегі, кеңес кезіндегі сол білімқұмар балалар есейген соң қазақ әдебиетінің, мәдениетінің, тарихының дамуына өлшеусіз үлес қосқан еді.
Бұл оқушының дүниетанымы басқалардан көш ілгері. Ұяңдау, өзің сұрамасаң білгенін жайып салуға құмар емес. Әр нәрсеге жауабы ойлы, кітапқұмар. Берліген тапсырманы бүге шігесіне дейін орындайды. Қазір де оқу материалынан бөлек қосымша көркем әдебиеттен мысал келтіріп тұр. 
– Ж.Аймауытовқа алғашында ашаршылыққа ұшыраған елдерге көмек мал
бөліп беруге байланысты айып тағылған.
– Бұл деректі қандай кітаптан оқыдың?
– «Бес арыс» кітабынан оқығанмын.
Оқушының көздерінен мақтаныш, сұрағыма ризашылық сезімі жылт етті. Қалған балалар екеуміздің арамыздағы түсіністікті ұға алмас, олардың алақандай тар дүниетанымында бос орын да жоқ. Алашшыл баланың жұпыны киіміне, көнетоз етігіне еріксіз көзім түсті. Қыстың көзі қырауда. Баланың әлеуметтік жағдайына менің еш қатысым жоқ, бірақ... Әлде ата-анасына хабарлассам ба екен? Жауабы да, себебі де алдын ала белгілі... 
***
Қысқы далада мүлгіген тыныштық. Бел-белестер аппақ қарға оранған. Бір отар қой беті қатқан қарды тұяғымен қопарып ашып, үңгіген жерлерін айналшықтап, бірыңғай қырауланып қар басқан бастарын сілкіп қап жайылып жүр. Мұғалім дөң басында қалың тобылғыны ықтап отырған шопанға алқынып жетті. Шопан сайын далада кез келген мұғалімге таңданыс білдірген жоқ. 
– Мұғалім, кеп қалдыңыз ба? Келіңіз отырыңыз мына жер ықтасындау. Өзім де елсізде күңіреніп күн ұзын балаларымды ойлаймын. Қиыншылықтың барлығын балаң есейген соң көреді екенсің ғой. Бұлар кішкентай кезінде былдырлаған тілдерін қызықтайсың, құлдыраңдаған қызықтарына тоймайсың. Ұлым мен қызым мектепті өте жақсы оқыды. Ұлым бастауышта оқығанда қыстақтан жиырма шақырым орталыққа бәсіре тайын мініп баратын. Ұлымның ат жалын тартып мінгеніне қуанушы едім. Енді міне, қалай ер жеткендерін де байқамай қалдық. Күзде қаладан бір кемпірдің үйшігін жалдап бергенмін, қолдағы бар қаражат соған ғана жетті. Қыс ортасына ауып қалғаны мынау, жылы киімдерін ала алмай-ақ қойдық.

– Ех , бізге әншейін бәрі дайын тұрады ғой, ойласам көкірегім қарс айрылады.
Шопан қойнынан тыз -тыз етіп хабарлама келіп жатқан ұялы телефонын алып шықты. Ежелгі көшпелінің өнертабысы үзеңгі, қамшы, ертоқым мен тұсалған аттың жанында ұялы телефон дыбысы ерсілеу естіледі екен, әйтсе де жаңаның барлығы ескіні мансұқ қылуы міндет емес қой. Әкесінен шопанның ақ таяғын алып қалғалы да талай жаз шығып, талай қыс түскен. Жас өсті, алайда жарлы байи қоймады. Бұлардың әкелері атақты шопан болды, күнде жиын күнде той, жалғанды жалпағынан басты. Бүгінде сол қыстақтардың көбі бос, қадау қадау шаруа қожалықтарының қаладағы иелері, мал бағуға қаңғыбас өткені дүдамал адамдарды әкеліп қойған. Олардың сұрауы жоқ, еңбекақысы бір қап ұн мен бір қап рожки. Бұл сияқты ата кәсіпке жасынан бейім отбасылы шопандар некен-саяқ. Құла дүзде хал сұрасып сыйласатын адам жоқ. Шаңырағынан қонақ үзілмейтін бас тартып, бата берген, келелі кеңес құрған баяғы әкелерінің дәурені келмеске кеткелі қашан. Шопан шақырып келтіре алмайтын қонағына әңгімесін жалғап отыр. 
– Бір айналдырғанды шыр айналдырады демекші биыл бір қырсықтан арылмадық. Жаз қуаңшылық болып, осы атыраптың түгелге жуығын өрт шалды. Қыстақтың иесі, осы ауылдың тумасы, қазір қалада бірнеше дүкендері бар. Өртенген жерден аулақтау жайлауға көшейік деген тілімді алмады. Келуге уақыты болмады ма, әйтеуір бір жолы түспей қойды. Өрттен қалған қара күйе мен қайта қаулаған көк шөпке түскен соң кәртеңдеу екі ірі қара арам қатты. Жылқыдан айғыр қуған еркек тай ұшты күйлі жоғалды. Бір өзім қай жағына жетісемін. Есептесе келе қожайын өлген малдың, жоғалған тайдың есебінен екі айдың алашағынан қақты. Бізде кеңес үкіметіндегідей жалақы ұғымы жоқ, алашақ, берешек деген жаңа есептесу түрі бар. Жаңа жылдан соң байға тағы жалынып балаларыма жылы киімдерін алып берермін. Жағдайымыз осындай, мұғалім.
Шопанның қожайыны – наубайханалары, дүкендер желісі бар желіккен кәсіпкер. Баласының бір бәтеңкесінің құны қойшысына беретін ақшадан екі есе артық. Жол таңдамайтын көлікпен алабажақ солдат киімін киіп достарына қыстағымен мақтанып, аңға шығатындар қатарынан. Өткенде құқық қорғау органында басшылық қызметтегі досы темір тордың ар жағынан босаған үйсіз-күйсіз біреуді тауып берген. Бұл оны салып ұрып қыстағына алып келді. Аяқ жетер жерде арақ жоқтығына көзі жеткен сөзі сұйық, көзі жылмаң кәнігі қылмыскер бір аптадан соң моншаны желеу қылып орталыққа салт келді де, иесінің атынан қарызға алған араққа сылқия тойып, одан әрі қалаға түсіп кетті. Бақан ағашта байланған ат қалды. Көмекшісінен айрылған шопан көп уайымдай қоймады, қайта құтырғаннан оңай құтылғанын түсінген.
Қысқы даланың тыныштығын қақ жарып ақ ұшақ ұшып өтті. Әдеттегісінен әлдеқайда төмен ұшты ма қойшының аты қардың астындағы шөпті бырт-бырт үзген бейбіт тірлігінен кенет тыйылып, қимылсыз қалды, еріне күрсініп қойды. Тобылғының түбінде ескі де болса жылы тоңға оранып жатып көзі ілініп кеткен қойшы ұшақтың әлсіз дыбысынан сергек оянып соңында шұбырған ақ буға қарап қалды. 
– Балалардың мұғалімдеріне де бір жолығу керек еді. 
***
Сабағым әлдеқашан біткен. Әдебиетке бейім оқушым ойымнан шықпай отыр. Бір мезет, әкесіне қоңырау шалып баласының өнегелі тәрбиесі үшін, озық біліміне алғыс білдіргім келіп кетті. Асығыс ұялы байланысқа жүгіндім.
- Алло! Балаңыздың ...
- Иә, иә мен мұғаліммін...
Үзік-үзік айғайға бергісіз жауап естілді.
- Дұрыс естілмейді. Боран бізде. Сет дұрыс ұстамайды.
Бір шуды екінші гуіл қуып ала жөнелді. Ертегілер елімен хабарласқандай болдым.

Нұрлан Балхашұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар