Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Қаржы 6759 0 пікір 23 Желтоқсан, 2015 сағат 16:57

БИЛІК БЮДЖЕТ ЖЫРТЫҒЫН ЖАМАУҒА 1 МЛРД. ҚАРЫЗ АЛМАҚ

Соңғы экономикалық дағдарыстың дендегені соншалықты, ел бюджетінің ортайып, қазынадағы қара тесік күн санап ұлғайып келеді. Дағдарыс жағдайындағы іс-қимылдар биліктің ұзын дәлізіндегі ақ жағалыларды әбігерге салған екен.  Қазақстан Үкіметі бюджеттің жыртығын жамау үшін, Азия даму банкінен 1 миллиард доллар көлемінде қарыз алу туралы келісімге келген. Бұл туралы abai.kz порталы informburo.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Бүгін Парламент Мәжілісі  депутаттары Қазақстан мен  Азия даму банкі арасындағы 1 миллиард доллар көлеміндегі қарыз алу туралы келісімдерді ратификациялады.

«2015 жылдың 18-қарашасында қабылданған №115 бұйрық негізінде Қазақстан Үкімет мен Азия даму банкі арасында 1 млрд. доллар қаржы тарту туралы келісімге қол қойылған. Несиеге алынған аталмыш сома 2016 жылы бюджет тапшылығын (дефицит) толтыру мақсаттарына жұмсалатын болады. Атап айтар болсақ,  ұлттық экономиканы дамыту және экономиканы бәсекеге қабілеттендіру мақсатында стратегиялық шараларды дайындауға бағытталады»,- деп мәлімдеді Мәжілістің пленарлық отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Азия даму банкі Қазақстан бюджетін толтыру үшін беріп отырған 1 миллиард долларды арнайы жеңілдетілген бағдарлама бойынша, 3 жылдық жеңілдікпен 5 жылғы беріп отыр.

Ал Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев,  бұл Азия даму банкі беріп отырған қаржымен қатар, Дүние жүзілік банк те Қазақстанға ұзартылған мерзімде қарыз беруге дайын екенін айтқан.

«Біз бұл қаражаттарды 2016 жылға экономиканы нығайтуға, бюджеттің  тапшылығын қаржыландыру мақсаттарында алып отырмыз. Қазір жоспарымызда екі бірдей банктен несие алу жоспарланып отыр. Оның біріншісі – Азия даму банкімен жасалған келісім. Екіншісі – эквивалентті сомада Дүние жүзілік банкпен келісім»,-деді Мәжілістің пленарлық отырысында ҚР Экономика министрі Ерболат Досаев.

Естеріңізге сала кетейік, осының алдында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «ҚР және Дүниежүзілік банк арасында ұзартылған мерзімде, экономиканы дамыту мақсатында несие алу туралы келісімдерді ратификациялау» туралы заң жобасына қол қойған.

Аталмыш келісім бойынша келер жылы Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасына 40 миллион доллар көлемінде несие беруі мүмкін.

Сонымен қатар,  алдағы жылы Қазақстан Халықаралық даму және реконструкция банкінен 100 миллион доллар көлемінде қарыз алуы мүмкін.

Айта кетейік, бұл құжаттарды ратификациялау барысында мәжіліс депутаттарының көзқарастары екіге жарылған.

Мысалы, депутат Мұхтар Тінікеевтің пікірінше, Мәжіліс бұл құжаттарды ратификацияламау керек.

«Біздің онсыз да ішкі және сыртқы қарыздарымыз бар. Бізге тағы 100 миллион не үші керек? Сонда әлгі үнемдеу саясаты қайда қалды? Сіздер, бұл 100 миллион доллар жаңа жұмыс орындарын ашу үшін керек дейсіздер. Бізде онсыз да жұмыспен қамту орталықтары бар емес пе? Жұмыспен қамту үшін, түрлі бағдарламалар қабылдадық. Мамандықтарға қайта даярлау керек. Сонда біз дуалды оқыту дегенді не үшін қабылдадық? Құрметті әріптестер, мен бұл заң жобасына қарсымын»,-деді депутат Мұхтар Тінікеев (http://informburo.kz/novosti/100-mln-dollarov-zaymyot-kazahstan-u-mbrr-na-sozdanie-rabochih-mest.html).

Рас, мұнайдан түскен ақшаны бармақ басты, көз қыстылықпен  талан-таражға түсірген Үкімет енді бюджеттегі «қара тесікті» қарыз арқылы толтыруға көшкен екен.

Осының алдында, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы : «Біз бүгінгі дағдарыс туралы білгенбіз, бірақ қаншалықты қиын тиетінін білмедік. Біздің экспорттық тауарларымыз – мұнай, газ металлдар бағасы құлдырады. Жыл ортасында 115 доллар тұрған мұнай қазір 40 доллардың төңірегінде. Оның үстіне көршілес Ресейдегі жағдай да Қазақстанға әсерін тигізіп отыр. Мұның барлығы барлы,ы біздің бюджеттің кірісін 180 миллиард теңгеге кемітті» деп еді.

Түйін: Дағдарыс әлемде емес, Ресейде және соған ерген елдерде ғана болып жатқаны жасырын емес.  Ел билігін қолға алғандар  «көпвекторлы» емес, «ресейвекторлы»  саясат ұстанып келгенін енді байқағандай болдық.

Қазақстанның сыртқы қарызы (ЖСҚ) 2015 жылдың алғашқы тоқсанында 154 миллард долларды құраған.

Енді оған 1 миллиард 140 миллион долларды қосыңыз. Ал Мәсімов үкіметі қарызды үсті-үстіне төпелетуге шебер-ақ.

Қазақстанның негізгі байлығы жер астында ғана емес, жер үстінде де жатыр. Мысалы, 24 жылда Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 200 миллиард доллардан асып жығылған. Оның 100 миллиарды Астана қаласына салыныпты. Ал Қазақстаннан шетелдерге, офшорларға шығарылған қаржы көлемі, бейресми деректер бойынша 350 миллиард доллардан асып жығылады.  Бұл туралы Мәсімов үкімет мыңқ етпейді. Тағы қарыз аламыз. Одан сізге соқыр тиында бұйырмайды. Дәметпеңіз... 

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1561
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1442
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1188
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1182