Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Алаң 4549 0 пікір 24 Желтоқсан, 2015 сағат 09:27

ОТШАШУМЕН ӘРУАҚТАРДЫ ҮРКІТІП ЖҮРГЕН ЖОҚПЫЗ БА?

 

Аңызда ақиқат бар...

халық даналығы.

 23-желтоқсан күні Қазақстан Ұлттық арнасынан ұлтын сүйетін азаматтардың атсалысуымен эфирге шығатын, әрі оны қарымды қалам иесі (журналист) Бейсен Құранбек жүргізетін «Айтуға оңай» телебағдарламасының кезекті «Отшашу ма, отпен ойнау ма?» атты көрсетілімін тамашаладым.  Телебағдарлама әдеттегідей  әдемілігін жоғалтпай,  түймедей сөздер арқылы түйедей ой тастап кетті. 

Айтылған мәліметтерге  қарағанда бір ғана Алматы қаласында жылына  70-80 адам осы отшашудың зардабынан жедел жәрдем шақырады екен. Осылай есептегенде күллі Қазақ елінде жылына мың шамалы адам, үлкені бар, кішісі бар түрлі дене жарақатын алатыны белгілі. Тіпті кейбірі ажал құшса, кейі өмір бойы мүгедек болып қалатыны тағы жасырын емес. Автокөлік апатынан жылына мыңдаған адам өмірімен мезгілсіз қоштасып жатады. Сонда деймін-ау біздің халық  ешкіммен атысып-шабыспай-ақ (оның бетін ары қылсын)  бейбіт күнде  үстіп қырылып немесе мүгедек болып қала береді ме? Бұл да халық болып қамығатын,  қамыға отырып  харакет қылуды  қалайтын  қажеттілік.

Енді аз күннен соң Алла аманшылығын берсе 2016 жылды күтіп аламыз. Демек отшашудың орайлы шақтары ортамызға орныға бастады деген сөз. Жыл сайын қайталанатын өкінішті өксіктердің биыл да болмасына кім кепіл?  «Отшашу ма, отпен ойнау ма?» атты осы бағдарламалық көрілімнің көтерген мақсатына  өз қолдауымды білдіру ниетіммен осы жазылған дүниені қандастарыма, күллі Қазақстан халқына ұсынуды жөн санадым. Біреу болмаса біреу оқып, отшашайын деген ойынан баз кешер.

Жаңа жылдық мереке елімізде кеңестік билік дәурендеп тұрған 1937 жылдан бері үздіксіз тойланып келе жатыр. Бірақ ол кезде отшашу болды ма, жоқ па оны көне көз қарттар білер. Менің айтпағым осы шақ. Қалыптасқан қағида бойынша мереке қарсаңында халықтың, қала берді қалалық әкімшіліктің бір-бірімен бәсекелескендей, бір-бірінен асып-түсіп, қызылды-жасылды, алуан түрлі отшашуларды ойқастатып шашатыны бар. Ой жүгірткен адамға осыдан түсер еш пайда жоқ екені анық. Керісінше экономикалық, экологиялық және қауіпсіздік, саулық пен салауаттылық тұрғысынан аса залалды. Оның үстіне ұлттық дәстүріміз мен дінімізде де ондай салт пен сана жоқ.  Арғы-бергі тарихымызға үңілсек ешбір мерекемізді тарс-тұрс атыспен қарсы алмағанымыз анық.

Олай болса «бұл үрдіс қайдан келді, кімнен үйрендік?» деген заңды сұрақ туады. Адамзат тарихының даму кезеңдеріне көз жіберсек ең алғаш болып қытайлардың оқ дәріні ойлап тапқанын білеміз. Қытайлар адамзат өркениетіне компасты, оқ дәріні, қағазды және баспа машинасын тапқырлау арқылы үлес қосқан халық. Олар селитра, күкірт және ағаш көмірін қосып жарылғыш затты өмірге әкелді. Бұл заттардың барлығы да кезінде адам емдеуге қолданып келгендіктен әрі атылғанда от шашатындықтан «оқ дәрі» деп аталып кеткен. Оқ дәрінің басқа емес Қытайда пайда болуы сол елдің салт-дәстүрімен де байланысы болуы мүмкін. Өйткені қытайлардың өзінің ұлттық күнтізбесі бойынша жаңа жыл меркесін (әр жылы ақпан айының ішінде атап өтіледі, тек он күн ілгері немесе кейін келеді) және әлем елдерімен бірге желтоқсанның қаңтарға қараған түнін  қарсы алғанда, отбасы мүшелері жиналып жылы-жұмсақты алдарына алып, таң сыз бергенше мерекелейтін салты бар. Міне сол кезде отшашуды (торсылдақ) топырлатып ату басталады. Торсылдақтың дәл осы кеште атылу себебі қытай халқының көптеген аңыз-ертегілерінде баяндалған. Оларды бір жүйеге келтірсек мынадай қызықты оқиғаларды кездестіреміз. Ертеде «Қарсаң» деген өте жыртқыш және өте үрейлі мақұлық өмір сүріпті. Ол адамдар мен үй жануарларына ауыз салып елдің берекесін алыпты. Жүйеден әр жылы жаңа жыл қарсаңында ауыл-ауылды аралап әдемі қыз-келіншектерді «аулайды» екен. Халықтың оған көрсетер қайраңы болмапты. Адамдар біртіндеп  оның тек қана қызыл түс пен тарсылдаған дауыстан қорқатынын сезіп жыл қарсаңында от жағып, барабан, керней шалып үрейлі мақұлықтан сақтана бастапты. Осы үрдіс дами келе өзінен әрі от әрі дауыс шығаратын торсылдақтардың жасалуына негіз болыпты. Кей бір аңыз желісінде ертедегі сол мақлұқтың аты «Қарсаң» емес, «Жыл» деп те аталды екен адамдар осы «Жылдың» келіп-кеткенінен аман қалғандары үшін бір-бірін «Жылдан аман өткеніңізбен» деп құттықтайтын болыпты. Күні бүгінге дейін қытайлар жаңа жылда бірін-бірі «Жылдан өтуіңізбен» деп құттықтап жатады. Біздің «Жаңа жыл құтты болсын» дегеніміздің керісі. Қай халық болса да жақсылықтан үміт күтетіні анық, содан болар аңыз-әңгімелерінің соңы жақсылықпен аяқтап жатады. Бұл аңыздардың да соңы солай, бір батыр аңщы жігіт әлгі қорқынышты жыртқыштың ізіне түсіп жүріп ақыр-соңында жер қаптырады.

Аңыздың келесі бір бұтағы дәстүрден гөрі діни сенімге жақын. Ол аңыз бойынша ертеде бір патшаның ерке-шора бір қызы болыпты, ол ел аралап сауық-сайран салуды жаны сүйеді екен. Сол қыз бірде шеткері бір қалаға келіп қонақ үйде ұйықтап жатқан жерінде сол қала маңын мекендеп жүрген бір албасты қыздың жүрегін суырып әкетіпті. Қыздың жұмбақ жағдайда өлуі патшаға аса ауыр тиіпті, қанды қол қарақшыны ұстауға қанша күш жұмсаса да нәтижесіз, аяқсыз қала беріпті. Ел құлағы елу дегендей бұл оқиға ел-жұрт арасына тарай бастаған соң әлгі қонақ үйге келушілердің аяғыда саябырлапты. Күндердің бірінде алыс аймақтан бұл қалаға бір бекзада мен бір шәкірт бала сапарлай келіп осы қонақ үйге қонуға түседі, көптен қонақ келмей көңілі жабырқап жүрген қожайын оларды жылы қарсы алып ең тәуір деген бөлмесіне орналастырады. Бұл бөлме кезінде қыз өлген бөлме еді, кәперінде ештеңе жоқ екеуі төсек салып жатып қалады, түн ішінде бөлмеден жылаған қыздың дауысы щығады, бекзада орнынан тұрып балауыз щамды жағып қараса әдемі бір жас қыз егіліп отыр екен. «Сен кімсің?» деген жігіт сұрағына қыз болған оқиғаны айтып береді және өзін әкесіне кездестіруін сұрайды. Ол үшін ұйықтап жатқан шәкірт баланың жүрегін алып албастыға беріп, албастыдағы өз жүрегін қайтарып сол арқылы тіріліп әкесіне жолығып болған істі баяндап болған соң қайтып келіп шәкірт баланың жүрегін өзіне қайтарып беретінін айтады. Бұл ұсынысқа бекзаданың басы әбден қатады. Қызда өтінішін жылап-еңіреп қайталап айтудан шаршамайды. Не керек соңында жігіт келісім береді. Қыз тіріліп, шәкірт бала өледі. Ертесі қыз бен жігіт екеуі патшаға кездесуге жолға шығады, әрі шәкірт баланың уақытша өлгенін басқалар бұлар қайтып келгенше сезіп қалмасын деген оймен есікке қызыл шырақ іліп кетеді. Міне осылайша қытай халқының жаңа жыл кешінде торсылдақ атып, есік маңдайшаларына қызыл шырақ іліп қою салты қалыптасып бүгінгі күнге жетіп отыр.

Қытай халқының отшашуды пайдалану тарихында жын-шайтандар мен аруақтардан сақтану ұғымы бар. Себебі олар аруақтардан аулақ жүруді қалайды. Кім өлсе де оның барлық керек-жарағын мүмкіндігінше табытымен бірге көму дәстүрі бар. Егер бір заты қалып қойса артынан әруақ іздеп келіп мазамызды алады деген түсінік сақталған. Сондықтан болар өлік шыққан үйге отырмайды мүмкіндігінше басқа орынға қоныс аударуды қалайды. Бұл жағынан әруақты сыйлайтын, тіпті көмек сұрап басына түнейтін біздің халықпен дәстүр алшақтығының үлкен екендігін көруге болады. Егер шындығында отшашу ату  әруақтармен «атыстың» бір түрі болса, «осы біздер ата-баба әруағын үркітіп, содан  жолымыз болмай жүрген жоқ па?» деп те ойлаймын. (Бұл сөзімді әзіл деп қабылдаңыздар). Бастысы осы бір салтымызда жоқ, оның үстіне денсаулық пен бас амандығымызға қауіпті, қоршаған ортаны ластайтын, қала берді қалтамызға қайырымы жоқ қаржылық шығын не үішін керек? Ақылмен ойлаған жанға түкке тұрғысыз, қадірсіз іс. Жаңа жылды отшашусыз-ақ бір-бірімізді жылы лебізбен құттықтап,  хал сұрасып, жағдай білісіп дегендей қарапайым етіп өткізуге де болады ғой. Нағыз табиғаттың күні мен түні теңелетін, жер беті бусанып, күн көзі еміренетін, ақ түйенің қарны жарылардай қуанышқа толы, халқымыздың тарихи, төл  мерекесі Ұлыстың ұлы күні алдымызда емес пе?. Сол мерекеге аман-есен жетіп, елімізде, өз деңгейінде тойлана алмай келе жатқан Тәуелсіздік мерекесін де қосып, Ұлыстың ұлын күні дәстүріміз бен тілімізге, дінімізге сай келетіндей тойллауды Алла бізге несіп еткей ағайын. 

Қастер Сарқытхан, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің доценті

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1551
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1426
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1178
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1173