Сенбі, 18 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3257 0 пікір 16 Маусым, 2010 сағат 07:42

Қайдар Алдажұманов. СТАЛИНШІЛДІК ЖӘНЕ 1941-1945 ЖЫЛДАРДАҒЫ СОҒЫС КЕЗІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН

Сталинизм немесе сталиншілдік 20-ғасырдың 30-жылдарының соңына қарай КСРО-да өз күші мен ықпалын толық орнықтырды. Саяси билік үшін күресте 20-жылдары КСРО-да әртүрлі күштер қақтығысты. Кеңес мемлекетінің негізін қалаушы В. Лениннің кезінде большевиктер партиясының (БК(б)П) өз ішінде саяси билік үшін басталған тартыс И. Сталиннің толық жеңісімен аяқталды. В. Ленин мен Л. Троцкийдің көзқарастарындағы алшақтық, әсіресе  соңғысының әсіре шектен тыс амбициясы мен көсемшілдікке, онан ең жоғары билікке ұмтылуы большевиктер партиясы ішінде әртүрлі фракциялық топтар мен оппозициялық ағымдардың пайда болуына алып келді. Олардың арасындағы тартыс, ең белгілі деген троцкийшілдермен күрес, олардың әлденеше рет жеңіліс табуы, әртүрлі алыс жерлерге жер аударылуы (оның ішінде  Л. Троцкийдің өзінің 1928-1929 жж. жер аударылып, Алматыда тұруға мәжбүр болуы) бұл өзара күресті тоқтатқан жоқ. Ал Л. Троцкий мен олардың жақтастарының қазақ ұлттық басшы қызметкерлерімен қарым-қатынасы, оларды өз жағына тарту әрекеттері өз алдына жеке зерттеуді талап етеді.Бірақ ішкі саясаттағы бұл үрдіс сталиншілдік пен троцкийшілдік күресін халықаралық аренаға да шығарды. Сондықтан мемлекеттік басқару саясатында бұл жағдай соғыс қарсаңында және соғыс кезінің өзінде де троцкийшілдік, ұлтшылдық сияқты ағымдармен күресте қатаң әрі берік сақталды.

Сталинизм немесе сталиншілдік 20-ғасырдың 30-жылдарының соңына қарай КСРО-да өз күші мен ықпалын толық орнықтырды. Саяси билік үшін күресте 20-жылдары КСРО-да әртүрлі күштер қақтығысты. Кеңес мемлекетінің негізін қалаушы В. Лениннің кезінде большевиктер партиясының (БК(б)П) өз ішінде саяси билік үшін басталған тартыс И. Сталиннің толық жеңісімен аяқталды. В. Ленин мен Л. Троцкийдің көзқарастарындағы алшақтық, әсіресе  соңғысының әсіре шектен тыс амбициясы мен көсемшілдікке, онан ең жоғары билікке ұмтылуы большевиктер партиясы ішінде әртүрлі фракциялық топтар мен оппозициялық ағымдардың пайда болуына алып келді. Олардың арасындағы тартыс, ең белгілі деген троцкийшілдермен күрес, олардың әлденеше рет жеңіліс табуы, әртүрлі алыс жерлерге жер аударылуы (оның ішінде  Л. Троцкийдің өзінің 1928-1929 жж. жер аударылып, Алматыда тұруға мәжбүр болуы) бұл өзара күресті тоқтатқан жоқ. Ал Л. Троцкий мен олардың жақтастарының қазақ ұлттық басшы қызметкерлерімен қарым-қатынасы, оларды өз жағына тарту әрекеттері өз алдына жеке зерттеуді талап етеді.Бірақ ішкі саясаттағы бұл үрдіс сталиншілдік пен троцкийшілдік күресін халықаралық аренаға да шығарды. Сондықтан мемлекеттік басқару саясатында бұл жағдай соғыс қарсаңында және соғыс кезінің өзінде де троцкийшілдік, ұлтшылдық сияқты ағымдармен күресте қатаң әрі берік сақталды.

Бүгінде тарихи-публицистикалық басылымдарда И. Сталин және оның жақтастары КСРО-ның қорғаныс қуатын нығайтпады, әсіресе 1939-1941 жылдары (Германия КСРО-ға басып кіргенге дейін) батыстағы қорғаныс шептерін соғысқа әзірлеуге, нығайтуға мән бермеді деген пікір орныққан. Оның ең бір ұтымды тұсы ретінде Молотов пен Риббентроп (КСРО және Германия сыртқы істер министрлері) қол қойған Польша мен Прибалтика елдері туралы құпия келісімшартты алға тартып, А. Гитлер мен И. Сталинді бір-біріне пара-пар тұлға ретінде көрсетеді. Бұл дұрыс па, қисық па, - ол әркімнің бұл фактінің құжаттарын, жалпы тарихын дұрыс ажырата білуі мен таразылай алуына байланысты екені айқын. Алайда сталиндік билік, тіптен екінші дүниежүзілік соғыс басталмай тұрып-ақ, Германиямен соғыстың ерте ме, кеш пе болатынын нақты білген және соған дайындалған. Тіптен Германияның батыс пен шығыстағы геосаяси одақтастары туралы да нақты позициясын білдірген. Оған 1937-1938 жж. «үлкен террор» кезінде халық жаулары деген айыппен құрбан болған қазақ ұлттық басшы қайраткерлерінің тергеу істеріндегі айыптау қорытындылары мен шығарылған үкімдері куә. Мысалы Н. Нұрмақов, Т. Рысқұлов, С. Сейфуллин, С. Қожанов, Ұ. Құлымбетов және басқа да көптеген қазақ басшы қайраткерлеріне тағылған айыптау қорытындыларында: олар «Германиямен соғыс басталған кезде Қазақстанды КСРО-дан бөліп алып, Жапонияның протектораты етуді мақсат етті», - деген сөздер бар [1]. Бұған сол кездері кеңінен қанат жайған батыс елдерімен қарама-қарсылық, жалпы антикеңестік идеологиялық күрес пен қатар Түркістан эмиграциясының кеңес мемлекеті мен идеологиясына қарсы іс-әрекеті (М. Шоқай, З. Валиди-Тоған т.б.) және шығыста татар-башқұрт эмиграция өкілдерінің Токио қаласында орталық құруы, Жапонияның Маньчжурияны басып алып, Шығыс Түркістанда (Синь-цзянь) кеңес еліне қарсы әрекет етуі себеп болды [2].

Осындай айыптармен атылып кеткен қазақ басшыларының қатарында әскери  адамдар да болды. Москвадағы ашық сот процестеріндегі әскери контрреволюциялық ұйымдарға еліктеп, Қазақстанда да қазақтан шыққан әскери қызметкерлер террорлық әрекет жасауға ұмтылды, олар КСРО орталығында астыртын жау ұйымдарымен бірге мұнда да астыртын ұйым құрып, Л. Троцкий тапсырмасын орындамақшы болды деген тұжырым жасалды [3].

Соғысқа дейін Кеңес Қарулы Күштерінің қатарында әртүрлі деңгейде қызмет атқарған Сейтқали Бейсембаев (Оңтүстік Қазақстан облыстық әскери комиссары),  Ахмет Малдыбаев (Аякөз аудандық әскери комиссары), Рамазан Құрманғалиев, Шәміл Қаратаев (1937 ж. Орынборда әскери қызметте), Ахмет Майлыбаев (Қазақ ұлттық атты әскери полкінің комиссары) және басқалары репрессияға ұшырады [4]. Әрине, бұларға М. Тухачевский, И. Уборевич, И. Якир және басқаларына тағылған айып қайталанған жоқ. Себебі, масштабы сәйкес келмейтін еді, бірақ қалай болғанда да соларға ұқсас етіп, Қазақстанда да «әскерилер ісін» даярлау қажет болды.

Жалпы сталинизмнің мемлекет пен қоғамды басқарудағы әдістері соғыс кезінде де жалғасты. Оған әртүрлі оқиғаларға байланысты теориялық тұжырымдар да жасалды. Бірақ қалай болғанда да, соғыс жағдайындағы елді соған сәйкес әскери заңдар мен ережелер арқылы басқару аса қатаң сталиндік қағидалар мен айла-әрекеттер арқылы іске асырылды. Осыған сәйкес соғыс жылдары Кеңес Одағының басқа жерлеріндегі сияқты, Қазақстанда да сталиншілдіктің өзіндік көріністері айқын сезілді. Олар халықтың өміріне тікелей әсер етті. Соның бірнешеуіне тоқталып өтейік.

Ең алдымен соғыс жағдайына тап болған елдегі әскери-мобилизациялық жұмыс пен майдандағы оқиғалар сәтіне назар аударайық. Соғыс басталғанда КСРО-ның батыс шекарасындағы қорғаныс бекіністері ұрысқа әзір болмай шықты. Оған қоса бүкіл батыс қорғаныс шебіндегі резервте тұрған азық-түлік, әскери мүлік пен техника түгелдей жау қолына түсті. Тіптен аэродромдарда тұрған әскери авиация ұшып шыққан да жоқ, бірден жау бомбасының салдарынан құрып кетті. Бейқам болса да, жау шабуылының басталуын күтіп отырған, бүкіл қорғаныс жүйесін мобилизациялық әзірлікте ұстауға жауапты КСРО Қорғаныс министрі маршал С. Тимошенконың, Қызыл Армия Бас штабының бастығы армия генералы Г. Жуковтың, Батыс Ерекше әскери округінің қолбасшысы армия генералы Д. Павлов және басқа да лауазымды әскери басшылардың бұған тікелей жауапкершілігі бар екенін бүгінде көпшілік біле бермейді. 1941 ж. күзіне қарай және 1942 ж. жазына қарай КСРО-ның батысындағы ең бай табиғи ресурстары, стратегиялық өнеркәсіп орындары жау қолында қалды. Ол жерде соғысқа дейін бүкіл КСРО-да шығарылатын астық пен азық-түлігінің 54 %-ы өндірілетін. Міне, осындай кемістіктің орнын Қазақстан, Сібір, Орал, Орта Азия республикалары өтейтін болды.

Соғыс басталған 1941 ж. 22 маусымнан бастап 1945 ж. маусымға дейінгі аралықта Қазақстаннан майданға 1 млн. 210-мың адам алынған екен. Егер соғысқа дейін Қызыл Армия қатарында қызмет еткен қазақстандық жауынгерлерді есепке алсақ, соғысқа Республикадан 1 млн 366 мың адам қатысқан. Оның 200 мыңы майдандық құрылыс батальондарында болған. Соғыс кезінде майданға кеткен осы 1 млн 210 мың адамның 681 мыңы тек алғашқы бір жарым жылда ғана сапқа тұрыпты (1941 ж. маусым - 1942 ж. желтоқсан) [4]. Ал осылардан аман қалып, елге оралғандары тек 20% аспайды. Себебі бұлар тиісті дайындықтан өтіп үлгермей, майданның Москва қорғанысы, Ленинград қорғанысы, Сталинград шайқасы сияқты сұрапыл ұрыстарында опат болды.

1942 ж. жазда Батыс майданы командованиесінің (қолбасшысы Н. Ватутин, әскери кеңес мүшесі Н. Хрущев) және Жоғарғы Бас қолбасшы ставкасының өкілдері С. Тимошенко, Г. Жуков және басқаларының күшіміз жеткілікті деп Сталинді сендіруімен Харьков қаласы азат етілді. Бұл Н. Хрущев үшін де, И. Сталин үшін де, қолайлы үгіт-насихат оқиғасы еді. Алайда, бір аптаның ішінде қолдан қолға өткен Харьковтен ақыры айырлған кеңес командованиесі Харьков түбінде (Барвенков тағасы) 200 мыңнан астам адамы мен техникасы бар үш кеңес армиясының қоршауға түсіп, жау тұтқынына айналуына жол берді. Шығыс бағытында мүмкіндік алған неміс күштері Сталинградтан бір-ақ шықты. 1942 ж. маусымнан 1942 ж. қыркүйекке дейін шегініп, қорғануға мәжбүр болған кеңес армиясы жауға төтеп бере алмады. Бұған И. Сталинның қол қойған «бір адым шегінуге болмайды» деген қаһарлы бұйрығы да әсер ете алмады. Оның есесіне кейіннен барлық резервтерін жинап, қарсы шабуылға шыққан кеңес әскерлері Сталинградтағы жеңістен кейін біртіндеп жау қолында қалған жерлерді азат ете бастады. Бірақ үнемі шабуылда болған әскер күштері үлкен шығындарға да тап болды. Ал Қазақстанда осының салдарынан әскерге шақыратын адам қалмады. Жергілікті басшы органдар қашқындарды іздеп, жаралы болғандарды қайта тексеріп, майданға жіберуге мәжбүр болды [5].

Сталинизмнің соғыс кезіндегі саясатының бір көрінісі - кеңес жауынгерлерінің өмірін аямай, керекті-керексіз жағдайларда ұрысқа салуы еді. Бұрын батыс тарихшылары мен саясаткерлері айтқан сөздерде - соғыс кезінде маршал Г. Жуков «өз жеңістеріне кеңес әскерлерінің сүйегі арқылы қол жеткізіп отырды» деуінде белгілі бір шындықтың бар екенін мойындау қажет. Бұл қолбасшыға шайқаста ешқандай күшті аямай, басқа жолды іздемей,  тек өзінің мақсатына жету, өзінің дегені ғана дұрыс екенін үстемдік еткізуі тән екендігіне ол туралы бүгінгі жарияланымдар айқын дәлелдейді.

Сталинизмнің Қазақстанда және басқа да ұлт республикаларында іске асырылған әрекетінің бір көрінісі - ұлт саясаты. Соғыс жылдары және оның қарсаңында Қазақстанға 1 млн 207 мың адам жер аударылған.

Олардың ер азаматтары 1943 ж. дейін майданға алынбады. Тіптен қалмақ, шешен, ингуш, қарашай, түрік, Қырым татарлары және басқа да жер аударылғандар мұнда келген соң, олардың өкілдері 1943 жылдан майданнан кері шақырылып алынды. Олардың орнына басқа ұлт өкілдері майданда шайқасты. Бұл жер аударылғандарды кінәлау емес, бірақ ақиқат осындай.

Сталинизмнің Қазақстандағы соғыс кезіндегі үстемдігінің тағы бір көрінісі - ол идеология саласындағы ұрандары мен олардың іс жүзіндегі алшақтығы. Мысалы, соғыс басталғанда И. Сталин елді қорғау мақсатында И. Кутузов, А. Невский, А. Суворов және басқаларының ерлік үлгісі мен дәстүріне шақырған болатын. Қазақстан сияқты ұлттық республикада бұл А. Иманов, Кенесары, Абылай  және басқа да ұлттық тұлғаларды мақтан ету арқылы отансүйгіштікке, елді қорғауға шақыру дәстүріне айналды. Алайда жауды жеңген соң, саясат күрт өзгеріп, 1943 ж. жарық көрген «Қазақстан тарихы» сынға алынды. Мұның соңы Е. Бекмаханов, Б. Сүлейменов сияқты қазақ тарихшыларын, басқа да ғылым салалары өкілдерін қудалауға ұласты.

Жалпы соғыс кезінің өзінде Қазақстанда 1939 жылдан кейін тоқтап қалған репрессияны қайта өршітуге ұмтылыс болды. Оған жергілікті НКВД органы белсенділік танытты. Алайда, Москвадағы КСРО НКВД-сы араласып, «ұлтшылдар ісін» тоқтатты. Бірақ олардан 8 адам сотталып, үшеуі атылып кетті [6].

Міне, сталинизмге, жалпы сталиншілдікке байланысты соғыс кезіндегі Қазақстанда оның көрініс беруі осындай мысалдардан айқын байқалады.

 

Деректер:

1.       ҚР ҰҚК арнайы мұрағатынан.

2.       Қараңыз: Заки Валиди Тоган. Воспоминания. Борьба мусульман Туркестана и других восточных тюрок за национальное существование и культуру. Москва. 1997; Письма А.-З. Валидова и М. Чокаева. (1924-1932 гг.). Из истории российской эмиграции. Составитель и комментарий С. Искаков. М. 1999.

3.       Қараңыз: Азалы кітап - Книга скорби. Алматы және Аламты облысы бойынша атылғандар тізімі. Кн. 1. Алматы. 1996; ҚР ҰҚК архивінің материалдарынан.

4.       ҚР ОМА. 1146 қ. 1 т. 224 іс. 21 б.

5.       Сонда. 679 іс. 19-19 сырт. Б.

6.       КР ҰҚК мұрағатынан.

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2136
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2545
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2306
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1649