Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
Билік 7489 1 пікір 25 Желтоқсан, 2015 сағат 14:11

"АЛАШ АВТОНОМИЯСЫНЫҢ ӘСКЕРІ" АТТЫ КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТЕДІ

25 желтоқсан күні сағат 17:00-де, Алматы қаласындағы «Тянь-Шань» қонақүйінде (Бөгенбай батыр – Қонаев көшелерінің қиылысы) «Алаш автономиясының әскері» атты кітаптың тұсаукесері өтіп, тарихшы-ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері Алаш қозғалысы тақырыбындағы ойларын ортаға салады.

Тұсаукесерге алаштанушы, профессор Мәмбет Қойгелдиев; жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы; әдебиеттанушы, профессор Айгүл Ісімақова; режиссер Сатыбалды Нарымбетов; кинодокументалист Халила Омаров; ақын Алмас Ахметбекұлы қатысады. Шараға Алматы қаласының әкімі Б.Байбек те арнайы шақырылып отыр.

Тұсаукесерге арналған кеште дәстүрлі әнші Жоламан Құжиманов Міржақып Дулатовтың «Алаш гимні» атты әнін және Жүсіпбек Аймауытов сөзін жазған «Ғаскер өлеңі» атты әнді орындайды. Жүсіпбектің «Ғаскер маршы» деген өлеңі 1918 жылы «Абай» журналына жарияланған. Қазақ әскерін жинауға келген Міржақып Көкшетау мен Қызылжардың 22 болысы бас қосқан жиында сап түзеген әскермен осы әнді айтқанын С.Мұқанов «Өмір мектебі» романында суреттеп жазады. Ілия Жақанов әннің әуені Міржақыптікі дейді. Көнекөз қариялардың естелігінше, Алаш әскері сап түзегенде осы екі әнді айтқан екен. Ал, дәстүрлі әнші Тілеулес Құрманғалиев Қапез Байғабылұлының «Қапездің қоштасуы» атты әнін орындайды.

«Алаш автономиясының әскері» атты кітаптың авторы - Алаш қозғалысы тарихын бірнеше жылдан бері зерттеп жүрген журналист Болат Мүрсәлім. Бұған дейін Б.Мүрсәлім «Алашорда» (2012 ж.) атты фотоальбом құрастырып шығарған болатын. Жаңа кітапта Алашорда үкіметінің 1917-1920 жыл аралығында большевиктердің бүліншілігінен қазақ халқын қорғау үшін қалайша әскер құрғанын, ең әуелгіде 13500 адамнан тұратын милиция болады деп жоспарланған құрылымның Азамат соғысы жылдарында тұрақты атты әскер полктеріне айналғаны жазылған. Басылымда бұрын көпшілікке таныс бола қоймаған жаңа суреттер жарияланған.

Кітап 1000 данамен «Баспа-сөз» баспасынан шыққан. Кітапқа кәсіпкер Дархан Сисекенов демеушілік жасаған. 1917 жылдың 25 желтоқсанында (ескі стильмен 12 желтоқсан) Орынбор қаласында қазақтың ұлттық-территориялық Алаш автономиясын құру, Алашорда үкіметі мен Алаш әскерін жасақтау туралы тарихи шешім шыққан. Яғни, биылғы 25 желтоқсанда бұл шешімге 98 жыл толды. Ұлттық мүддені көздеп, Ресей империясының езгісінен босап, демократиялық бағыттағы мемлекеттік құрылымды мақсат тұтқан Алаш қайраткерлерінің ісі ұрпақ жадынан ешқашан ұмытылмауы тиіс. Қосымша ақпарат үшін байланыс телефоны: 8-778-110-58-58

Абай-ақпарат

1 пікір

Үздік материалдар