Жұма, 26 Сәуір 2024
Қоғам 5535 0 пікір 30 Желтоқсан, 2015 сағат 13:08

ЖЫЛМАҒАЙЛАР ЖЫЛЫ...

Әрине, тұтас бір жылға тіл тигізуге болмайтын шығар. Өйткені, ол - әркімнің өз жылы, оның ішінде оның жекебасына, отбасына қатысты жақын әрі жылы, қымбат та қадірлі уақиғалар болуы мүмкін.

Бірақ, қоғамдық тұрғыдан алғанда бұл жыл шын мәнінде... жылмағайлар жылы болды. Осы ойымды тарқатып берейін.

Жылдың ең басты саяси оқиғасы – президент сайлауы өтті. Әрине, қазіргі президенттің ел ішінде беделі бөлек екенін түсінікті. Және де осы жылы өзімен «жарысқа түсемін» деп әлек болған жасанды кандидаттарды ол сөзсіз жеңетіні о бастан-ақ белгілі болды. Бірақ бәйгеге неге шын мәнінде лайықты тұлғалар жіберілмеді? Осыншама уақыт ішінде елде әділ де ашық, бәсекелі, сонысымен беделді сайлау өтпей келе жатқанына кім кінәлі? Ол нақты тұлғалар, яғни елдегі қоғамдық-саяси, идеологиялық ахуал мен жұмыс деңгейі үшін тікелей жауап беретін шенеуніктер қайда? Неге олар жыл сайын жылмағайланып, жауапкершіліктен жалтарып кете береді?

Меніңше, кез келген мемлекеттің сыртқы аренадағы бәсекелестікке қабілеттігі оның ішкі бәсекелестігіне байланысты. Бізде ондай бесекелестік те, ондай байланыс та атымен жоқ!

Жылдың ең басты экономикалық, қаржылық, әлеуметтік оқиғасы – теңгенің девальвациясы. Яғни жыл басында бір доллар үшін 182 теңге берсек, қазір, жыл аяғында, 350 теңгені тесіліп қалған қалтамыздан шығаруға мәжбүрміз. Қарапайым тілмен айтсақ, бюджеттен жалақыны теңгемен алып отырған әрбір қазақтың өмір сүру деңгейі екі еседей төмендеп кетті! Билік бәрін сыртқы себептерге телуде, яғни «мұнай бағасы құлдырады, әлемдік дағдарыс салдары» және тт. Олай болса, 25 жыл ішінде экономикамыз деген неге мұнайға тәуелділіктен құтыла алмады? Қолда орасан зор мүмкіншіліктер болды емес пе?! Ал ұлттық валютамыздың көрші Ресейдің рубліне тікелей телініп қалғанын неге ашық айтпаймыз? Және де ондай сыртқы экономикалық тәуелділікке ұшырауымызға нақты кім кінәлі?

Ол адамдар да жылмағайланып, жауапкерліктен жалтарып кетті. Көбі, керісінше, орден мен медал алып жатыр. Бұл дегеніңіз келесі жыл да жылмағайлыр жылы болады деген сөз!

Экс-премьер Серік Ахметовтың сотталып, анау-мынау емес, 10 жылға бас бостандығынан айырылуын билік мағындағы кланаралық қақтығыстың шарықтау шегінің бір көрінісі, өзіндік апогейі деп санауға болады.

Әрине, заң – баршаға ортақ және де ол лауазымға қарамауы тиіс.

Бірақ біздің жүйеде бұған дейін «бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, қол ішінде» деген принцип сақталып келді емес пе? Яғни, орысша айтқанда, «он сукин сын, но наш сукин сын» деген қағида ұсталынып, талай заң бұзушы шенеуніктер жазадан құтылып кетіп жатыр емес пе? Ал осы жолы, Ахметовтің кеше ғана мемлекетте екінші адам болғанына қарамастан сотқа тартылып, аса қатаң жаза алып, түрмеге жабылып жатыр. Мұның өзі - билікке ықпал етер топтардың өзара жанжалының асқынып, бақылаудан шығып бара жатқанының бір көрінісі. Бұл қақтығыс өз жалғасын табары хақ, өйткені бұл жолы ұтылған топ үнсіз қалмасы түсінікті. Сондықтан да келер жылы біз жаңа жемқорлық скандал мен сенсациялардың куәсі боп, бұл жолы «айран ішіп, құтылып, шелек жалаған басқаларды тұтылдырып кеткен» жылмағайлардың жауапқа тартылуын көріп қалуымыз әбден ықтимал!

Рухани салаға қатысты екі оқиғаны атар едім.

Бірі – Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау. О бастан идея жақы болды, өзіміз де ол бастаманы қолдап пікір білдіргенбіз. Бірақ, осыншама ғибратты әрі тағзымды іс-шара қоғамдық санада лайықты орын қалдырды деп айта аламыз ба? Тойлау болса, болған шығар, бірақ ойлау, тарих тереңіне бойлау болмады! Бәрі сол ескі сарын, көне клишелер мен шаң басқан штамптар! Меніңше, осындай мерейтойларды өткізудің концепциясын мүлдем өзгерту керек.

Екіншісі – қазақтың Әбішінің – Әбіш Кекілбаевтың өмірден озуы. Қолда бардың қадірі жоқ дегенді осындайда айтқың келеді. Осы күндері жағамды ұстатқан бір жайт – бізде Кекілбаев секілді ғұламаның кітабын қолына ұстап көрмеген... жастар мен шенеуніктер бар екен! Мұның өзі біздің рухани саладағы мемлекеттік саясаттың бір емес, төрт аяғынан ақсап тұрған жері деп білемін!

Бірақ бір қуантарлығы – Әбіш секілді ғасырда бір туар тұлғалар туралы әңгімеге жыл сайын ауысып отыратын шенеуніктердің еш ықпалы  болмас: қоғам мен тарих өз бағасын береді. Беріп те жатыр.

БАҚ саласы, сөзсіз, рухани салаға жатады емес пе? Олай болса, осы жылы бірнеше БАҚ-қа көрсетілген қысым, олардың блокировкаға ұшырауы, тінтілуі, тергелуі, оларға ондаған миллиондаған теңге сомасында айыппұл салынуы да осы жылдың еншісінде боп, «Қазақстандағы сөз бостандығы» деген аты бар да, заты жоқ ұғымды одан сайын тұқыртып жіберді. Мен ADAM журналы, «Жас алаш» газеті, «Зона.кз», «Ратель.кз» және «Накануне.кз» сайттары туралы айтып отырмын.

БАҚ саласына ғаламтор, соның ішінде әлеуметтік желілер де белсене араласа бастады. Сондықтан Фейсбукте басқа біреудің кітабынан үзінді келтіріп, оған қарсы пікір білдірген Мәмбеталин мен Нарымбаевтың бір ауыз сөзі үшін осыншама қатал түрде қамауға алынып, сотталуы да осы жылдың елеулі оқиғасы боп қалады.

Ал енді науқандық сипаты бар осы БАҚ-қа қарсы акциялардың артында тұрған жылмағайлардың қашан атын атап, түсін түстейміз?

Өткен жыл Қазақстанның сыртқы саясаты мен оның халықаралық аренадағы орны туралы аса қажет әңгімені жаңа заман талаптарына сай бастауға көп себеп пен сылтау беріп отыр. Сирия, Ауғанстан, Ирак, Украина, Түркиядағы соғыстың лебі өзімізге де жақындаған сияқты. Батыстың дамыған елдерімен «қырғи қабақ» соғыстың жаңа майданын жекедара ашқан Кремльдің геосаяси бастамалары да әлем жұртшылығын қобалжытуда.

Ең бастысы – әлемдік геосаяси архитектураның өзгеруі, жаһандық сипаттағы мүдделер қақтығыстары жағдайында біздің позициямыз қандай болуы керек деген сауалға жауап табу. Әзірше, сұрақтар баршылық, ал жауаптар – жоқтың қасы, ал бары болса – мүлдем мардымсыз.  

Жылмағайлар жылы өтіп барады. Сондықтан да мен келе жатқан жылға ерекше бір алаңдаушылықпен және бір түрлі бір күмән мен күдікпен қарауға мәжбүрмін.

Өйткені «жылмағаизм» біздің биліктің басты идеологиясы боп барады. Жаңа жылы (келе жатқан жылдары) осы дерттен құтылып, құлан-таза айығуға жазсын!

Әміржан Қосанов

Abai.kz

0 пікір