Жұма, 26 Сәуір 2024
Әдебиет 8857 0 пікір 2 Қаңтар, 2016 сағат 09:03

БАЙЫТ ҚАБАНҰЛЫ: МЕН САҒЫНЫШТЫҢ АҚЫНЫМЫН

Моңғолияның Ерденет қаласында Байыт Қабанұлы деген қазақ ақыны тұрады. Тарихи Отанынан жырақта жүрсе де жүрегі қазақ деп соққан ақынның өлеңдерінен Атамекенге деген сағыныштың лебі сезіледі.  Қаламгердің өлеңдер мен поэмалардан және әңгімелерден құралған қазақ және моңғол тілдерінде 20-ға жуық кітабы жарық көріпті. «Мен қазақпын», «Найзағайлы күміс жаңбыр», «Ой кесте», «Әтір иісті дүние», «Кем өмір кетік тағдыр» қатарлы т.б. туындылары сол елдің әдебиетсүйер қауымына кеңінен таралып үлгерген. Жақында ақынмен әлеуметтік желі арқылы тілдесіп, шеттегі бауырларымыздың өмір-тіршілігі және шығармашылығы туралы сыр бөліскен едік.

- Сіз қазақ мәдениеті мен әдебиетінен мүлдем алшақтасыз. Білуімізше, ол жерде қазақтар да өте аз екен. Жалғызсырап, қазақи ортаны аңсап жүрген жоқсыз ба?

- Қазақи орта дейсің бе? Неге аңсамасқа?! Бірақ сол қазақи орта қайда бар? Бір кездегі нағыз қазақи өмірді біз қазір жоғалтып алдық. Себебі ежелгі қазақтың көшпенді тіршілігі жоққа тән. Бар жерлерде де ежелгі дәстүрлі қалпын өзгерткен. Ат пен түйенің орнын машина басқан заман қазір. Жалпы, төрт түлікпен күнелткен көшпенді тірлікте не бар еді? Онда қазақтың ана тілі бар еді. Біздің тіліміз сол көшпенді өмірмен тікелей байланысады. Мәселен, тек жылқыға байланысты бірнеше кітапқа жүк боларлық сөзіміз бар. Сондықтан, дәстүрлі тіршілігіміздің қаншасын жоғалтсақ, ана тіліміздің соншасын жоғалтып жатырмыз. Ал ана тілде не бар еді? Онда қазақ деген ұлт бар еді. Егер біз ұлтымызды сақтап қалғымыз келсе, сол көшпенді тірлігімізді де ұмытып қалмауымыз керек.

- Сіздің қазіргі айналысатын жұмысыңыздың шығармашылықпен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Ауыр өндірісте қара жұмыс істеп, бала шағаңыздың нәпақасын тауып жүрсіз. Сонда сіздің жүрегіңіз бен түйсігіңізді нәзік те сыршыл поэзия әлеміне байлап қойған қандай құдірет?

- Иә, мен ақсаусақ емеспін. Әке-шешесін 1937-нің құрбаны етіп, жеті жасында жетім қалған қыр қазағының баласымын. Қара жұмыс істеп есейдім, қара жұмыс істеп қартайдым. Соңғы жиырма бес жыл бойы ауыр өндірісте жұмыс істеп білегімнің күшімен, күрегімнің ұшымен тамағымды тауып келемін. Әрине, табан етіңді тауысып, маңдай теріңді төгіп жүріп тапқан тамағың бәрінен де дәмді. Ал поэзияға келсек, ол тіпті мүлде басқа дүние. Мен соно-о-у балалық шағымнан бастап жалын атқан жиырма бес жасыма дейін жиын-тойдың ортасында болып, ат жалында серілік құрған пендемін. Сен серілік туралы білетін шығарсың, ол деген біртүрлі «желік» ғой. Тіршілікті ұмытып кетесің. Сондықтан әкем мені жалғыз-ақ күнде «кәсіп қылып, өмір сүр» деп аттан түсірді. Алдыңа бас пен жамбас тартып, ән салғызбақ түгіл есігін де ашпайтын қала тіршілігіне араластырды. Бір сөзбен айтқанда, «Итжеккенге» алып келгендей болды. Сосын домбыраны қабына салдым да, қолыма қалам алдым. Поэзия әлеміне сапар шектім. Былайша айтқанда әкем мені серіліктің «сергелдеңінен» босатып алды да жазба әдебиеттің айдынына қарай итеріп жіберді. Міне содан бері мен қолымнан қалам тастағам жоқ, тастамайтын да шығармын. Ал поэзия әлеміне байлап қойған қай құдірет дейсің ғой?! Ол сарқылмайтын сағыныш. Мен сағынышқа оранып туған пендемін. Өмірі көрмесем де жырақта жүрген сені сағынамын, оны сағынамын, кешегі өзімді сағынамын. Елді, жерді сағынамын. Досымды да, дұшпанымды да сағынамын. Мен бәрін сағынамын. Өйткені бүтін емеспін. Ал сартап болған сағынышыңнан жеңілдеу үшін не керек? Бір әрекет болу керек ғой. Сол әрекет мен үшін поэзия. Мен сағыныштың ақынымын.

Кейбіреулер мені: «Басың аман, малың түгел сендегі не сағыныш?..» - деп кінәлайтыны бар. Үндемеймін. Егер ойы, санасы бар пенде болса қазақ болып жаралып сағынышсыз өмір сүру мүмкін бе? Әсіресе, шетте жүрген қазақтардың қайсысының болса да санасы толған сағыныш. Сол сағынышты сыртқа шығару менің міндетімде тұр. Қалай шығарып жүргенімді қайдан білейін, әйтеуір талпынып келемін. Мен үшін мақтаудың да, даттаудың да қажеті жоқ. Тек өзіме берілген қызметімді адал атқарсам болды. Сондықтан, көрінген жерге сұхбат та бере бермеймін. Қолымнан не келеді, соны жазудамын. Сол жазғаным біреулерге қажет болып жатса, ол менің бекер өмір сүрмегенімнің белгісі. Ал олай болмаса «өз сөзім өзімдікі».

- Сіз өлеңді қазақ және моңғол тілдерінде еркін жаза береді екенсіз. Жалпы екі елдің әдеби өмірінде қандай да бір ұқсастық бар ма? Немесе қандай алшақтық, қандай айырмашылық бар?

- Сен білетін шығарсың. Қазақ пен монғол шын мәнінде бір халық. Екеуі де көшпенді тірлік кешті, өмір-тіршілігінде көп айырмашылық жоқ. Ат мінеді, қой бағады. Қымыз ішеді, ет жейді. Сондықтан да бірінде бар сөз екіншісінде де бар (мағынасы жағынан). Бірақ тағдырдың қай жетегі екенін қайдан білейін, тілдері мүлдем бөлек. Одан еш ұқсастық таппайсың. Әйтсе де талпынсаң болмайтын нәрсе жоқ. Мен монғол тіліндегі өлеңді монғол ақындарынан кем жазбаймын. Себебі ол тілде көп дүние оқыдым, көп үйрендім. Оның үстіне өз ана тілімнің сөз қоры өзіме жетерлік. Сол да үлкен себеп. Сондықтан ұқсастық та, айырмашылық та бар дей аламын.

 - Моңғол тілінде қандай тақырыпта жазасыз? Ол елдің ортасы сіздің ақындығыңызды қаншалықты бағалайды?

- Қай тілде жазсаң да адамзат ғұмырынан тыс тақырып деген болмайды ғой. Ойыма қандай мәселе оралса, соны жазамын. Бірақ не жазсам да жеріне жеткізе жазу – менің мақсатым. Егер жазған дүнием діттеген жеріне бір елі жетпей қалса ол мен үшін туынды емес. Жыртып тастап басынан қайта бастаймын. Сондықтан болса керек, жазған дүниелерім оқырманға ұнап жатады. Монғол билігі менің еңбегімді жеткілікті деңгейде бағалады. Оның сыртында мен өзге тілде туынды жасап, сол тілдің иесінен жеткілікті оқырман тапқан қаламгермін. Бұдан артық баға бомас...

- Ақындық - Алланың дарытқан ең үлкен сыйы. Бүгінде осыны ұлттың абырой-беделі, ар-намысы және әдебиетіміздің тазалығы жолында емес, қара басының қамына пайдаланып жүргендер бар. Мұндай жағымсыз көрініс моңғол әдебиетінде бар ма?

- Өзі ақын емес бола тұра «ақынмын» деп, өмір бойы кітап жазып атақ-абырой іздеп, пайда көксейтіндер қазақтардың арасында ғана емес, монғолдарда да бар. Тіпті барша елде болады-ау деймін. Шынында, болады! Бірақ олар ешқашан әдебиеттің ұлы көшін бастаған емес. Егер әдебиетті бір ұзын көш деп көрсек, ол көштің жүгін көтеріп келе жатқан нар атандары және бос еріп келе жатқан бас білмейтін асау тайлақтары болады. Жүк көтеруге еш қатысы жоқ иттер де жүреді көш маңайында. Көш иелері де оған еш көңіл бөлмейді. Сол сияқты әдебиеттің ұлы көшіне лесіп келе жатқан бос «тайлақтар» мен «иттер» бізде де бар. Бірақ келешекте сол көшті жетер жеріне жеткізген нар атандар ғана адамзатқа қызмет атқармақ.

- Байқауымша, Моңғолиядағы ат төбеліндей аз қазақтың ортасынан шыққан ақын-жазушылардың көбісі бүгінде жас ортасына келіп қалыпты. Уақыт бір орнында тұрмайды ғой. Ертең-ақ, барлықтарыңызды әдеби ортадан ысырып әкетеді. Сонда сіздердің орындарыңызды басып, аз қазақтың барын түгендеп жоғын жоқтайтын жастар бар ма?

- Иә, әдебиет судың толқыны секілді ғой. Бір адам «хандық» құрмайды. Келер бір күндері мен де шығам жағаға. Тек бір-ақ мақсат. Сол ұлы тасқында жүрген кезіңде қайықты суға батырмай дұрыс есіп келген болуың керек. Ал жастарға келсек, мен жақында Баян-Өлгейге барып қайттым. Бір топ жас мені кездесуге шақырды, бардым. Қуанарлығы, сонда отырған қырық-елу ғана баланың жиырма-отызы өз өлеңдерін оқыды. Ал маған кезікпегені қаншалық. Келешекте солардың кем дегенде бесеуі «тірі» қалады. Солар аз қазақтың барын түгендеп, жоғын жоқтайды. «Ел болған соң ер туғызбай тұрмайды» ғой.

- Республикалық «Жас Алаш» газетінен және осы Abai.kz сайтынан сіздің қазақстандық ақын Қасымхан Бегмановқа жазған хатыңызды оқыдық. Ондағы мақсат елдегі қаламдастарыңызбен байланыс орнату ма әлде ақынның «Бесіктен бейітке дейінін» құшақтап жатып көз жұмған қазақ қызының мұң-зарын, арман-тілегін елге жеткізу ме?

- Мен Қасымхан Бегмановты танымаймын, әлі көргем жоқ. Тек ақын екенін білемін. Сол ақынға жазылған хат. Хат деген нәрсенің өзі сол баяғы сағыныштың елшісі екенін білесің ғой. Екі адамның бір-біріне деген ыстық ықыласы жатады онда. Сол хат жарияланғаннан кейін көп адамнан пікір, талап, хаттар келді. Шамасы біраз адамның көңіл қылын шерткен. Менің мақсатым – біреу ғана. Ол – сол хатта айтылатын онбес жастағы қазақ қызының тағдырын елге естірту. Жақында сол арудың мұң-зарынан туындаған «Кем өмір, кетік тағдыр» атты кішкентай кітап шығардым. Аз данамен басылып, осы жақтың еліне тарап кетті. Келешекте Қазақстанда да басылар, сонда оқисыздар. Онда бір қыздың ғана емес, қазақ деген қыз қылықты халықтың тағдыры туралы сыр шертіледі. Бұл хатты Қасымхан мен Байыттың ғана емес, барша қазақ ақындарының құн бағасы туралы жазылған дүние деп түсінген жөн.

- Қазақстанға келіп, туындыларыңызды жарыққа шығару ойыңызда жоқ па?

- Бір кезде: «Қазақстан жазушылар одағына мүшелікке өтсем, Қазақстан жұртшылығының ортасына барып туындымды таратсам...» деп ойлаушы едім. Неге мүшелікті көксегенімді қазір өзім де түсінбеймін. Өлең жазу үшін бір ұйымға мүше болудың қажеті шамалы екенін кейін түсіндім. Өйткені оқырман өзіне ұнаған туындыны оқығанда сенен куәлік сұрамайды екен. Қазір ғаламтор деген әлемнен кім не іздесе соны табатын кез болды. Туындыңды оқырманға жеткізу үшін Астанада отырып өлең жазу міндетті емес. Ғаламтор әлемінде менің туындыларым жеткілікті дәрежеде жарияланып тұрады. Ойы бар, талғамы бар оқырман тауып оқи алады.

- Ұрпағыңыз моңғолдарға түбегейлі сіңіп, қазақ атынан айырылып қалады-ау деп уайымдамайсыз ба? Елге неге көшіп келмейсіз?

- Әрине, уайымдаймын. Өзімнің ұрпағымды ғана емес, шетте жүрген барша қазақтың ұрпағы бір күндері басқа болып кете ме деп қорқамын. Мұндай жағдайда не істеуім керек?! Мен көшіп Қазақстанға бара саласам осы мәселе шешіле ме? Әрине, жоқ. Ендеше, өзім көшіп Атажұртқа кеткеннен көрі осындағы өзім тағдырлас аз қазақтың ұрпағының қазақ болып қалуына шамамның келгенінше үлес қоссам сол артық емес пе?!

- Уақыт бөліп әңгімелескеніңіз үшін алғыс білдіреміз, шығармашылығыңыз өрістей берсін! Abai.kz порталының оқырмандарына бір өлеңізді жолдаңыз.

- Жақсы, мінекей. 

Сағыныш

 Сар даланың төсіндей сағым ұшқан,

Тағдырым-ай адасқан, жаңылысқан.

 Қазақ етіп жанымды азап етіп,

Жаратқаны-ай, жаратқан сағыныштан.

 

Бағым қашты алауыз андыздықтан,

Жандаймын жараланып жалбыз жұтқан.

 Өгей шеше төсінен өксік еміп,

Жалғыздықтан жылаймын, жалғыздықтан.

 

Өмір, өмір жалықтым өсегіңнен,

Сөз естідім есуас есегіңнен.

Ынтзар боп сондықтан жатамын да,

Ынтзар боп тұрамын төсегімнен.

 

Төркінімнің төрінен жырақ қалып,

Тұрлауы жоқ тұманда тұрақтанып.

Сағыныштың сары атын кісінетіп,

 Жылап келе жатырмын жыр ақтарып.

 

Жатып шығып жалмауыз жау қасына,

Салдақының түсемін саудасына.

Бабалардың табынып тәубасына,

Тау басына қараймын, тау басына...

 

Әңгімелескен – Тілеуберді САХАБА.

Abai.kz

0 пікір