Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Билік 5085 0 пікір 5 Қаңтар, 2016 сағат 11:35

ШОУ ШУЫНДА ТУҒАН Б.ШОУ ТУРАЛЫ ОЙ

Жуырда қазақ телеарналарының әзіл-сықаққа толы шоу бағдарламаларының бірінде бір әзілкеш ініміз: «Жігіттердің бет-әлпеті  маймылдан сәл артығырақ болса болды деп айтамыз. Бірақта қыздар жігітті таңдағанда көбінесе сұлулығы мен сымбатына қарайды» дей келе ары қарай: «Бірақта жігіттің қалтасы қалың болса, астында шетелдің қымбат көлігі бар болса онда олардың сол осал тұсына  қыздар кешіріммен әрі, түсіністікпен қарайды екен» деп әзілдегенде көбінесе жастар тола отырған көрермендер ду күлген еді. Өйткені бұл әзілдің астарында заманымызға сай қалыптасқан адам құлқыны мен нәпсісін айшықтаған  шындық бар болатын.

Көк жәшіктен осыны көріп отырғанымда  Бернард Шоу (1856–1950 ағылшын драматургі) туралы мына бір күлкілі әңгіме еріксіз  есіме оралған еді.  Атақты ойшыл, әрі сатирик жазушы  Бернард Шоу көріксіздеу адам болса керек. Бірде Американың «Жыл аруы» атанған бір сұлуы Б.Шоу ақсақалға хат жазыпты. Оның  хаты: «Ата, сіз атақты  әрі ақылды, әрі жазушы ұлы адамсыз. Егер сіз екеуіміз қосылар болсақ арамызда сіздей ақылды және мендей сұлу бала болар  еді» деген мағынада болған екен. Оған Шоу атамыз не деп жауап қайтарған дейсіз ғой. «Қарағым, шынында екеуіміз қосылсақ тамаша болар еді. Бүкіл әлем екеуімізге қызыға қарайтын болады. Бірақ арамыздан туған бала саған ұқсаған  «ақылды», маған ұқсаған «сұлу» болып қалса қайтеміз!» депті. 

Ұлы ойшыл Бернард Шоу өзінің естелігінде Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) дінін қадірлейтіндігі, қай уақыт болса да бұл діннің маңызы зор екендігіне көзі жеткендігін айтқан. Бернард Шоу Пайғамбарымызға «Адамзаттың құтқарушысы» деп баға беріпті.

Бейбітшілікті ту еткен,  әлемді қиратып, адамзатқа зор қасірет әкеліп жатқан соғыстарды сынап, жалпы соғыс атаулыға қарғыс айтқан, өткір де шынайы туындыларымен әлем жұртшылығының есінде қалған Шоу бір сөзінде: «Әлем Мұхаммед сияқты ойлай білетін адамға аса мұқтаж» деген. Иса мәсіхті құдайдың ұлы деп санаған қарт Еуропада өмір сүрсе де Бернард Шоу адамзаттың ардақтысы жайлы міне былайша ой өрбітеді: «Мен Мұхаммедті бірден бір адамзатты құтқарушы деп білем. Әрі ол сияқты адам мына әлемнің тізгінін қолына алса күдіксіз адамзаттың проблемаларын толықтай шешуге қол жеткізіп, ғаламға бейбітшілік пен бақыт орнататынына сенімім мол. Қазіргі таңда адам баласы бейбітшілік пен бақытқа қаншалықты мұқтаж десеңізші!» дейді «Мұхаммед» атты кітабында.

Ұлы ойшыл ары қарай былай деп жалғастырып жазады: «Алдағы жүз жылдықта Англияны, жо-жоқ, бүкіл әлемді жайлайтын бір дін болса ол – Ислам болуы мүмкін. Кісі таңғаларлық шапшаңдығы үшін мен Мұхаммедтің дінін өте жоғары бағалаймын. Бұл дін тұрмыстың барлық жағдайларына бейімделе алатын, қай ғасырға да сай дін ретінде көзге түсуде. Ол ғажап кісіні мен зерттедім. Оны адамзаттың құтқарушысы деп білген жөн. Дәл сондай бір адам қазір әлемді басқарса, бейбітшілік пен татулықты орнықтыра отырып, барлық мәселелерді шешер еді. Мен былай топшылаймын: Мұхаммедтің сенімін ертеңгі Еуропа қабылдайды, оны тіпті бүгінгі Еуропаның өзі қабылдай бастағаны белгілі. Егер Мұхаммедтей адамға тұтас әлемді басқару міндеті жүктелер болса, ол оны алып жүре алар еді және оның барлық түйткілдерін шешіп, әлемге тыныштық пен бақыт әкелген болар еді. Дәл осы тыныштық пен шынайы бақыт қазір жер бетінде жетіспейді. Мен бұл таңғажайып тұлға туралы көп зерттедім және ол Антихриске ұқсаудан әлдеқайда алшақ, керісінше, ол күллі адамзаттың қорғаушысы… Егер Англия мен Еуропада келер жүзжылдықта үстемдік ететін қандай да бір дін бар болса, ол жалғыз ғана – Ислам» депті дана қарт Б.Шоу.

Ал бүгінде біз ше, кей-кейде асыл дініміз туралы аузымызға не келсе соны айтамыз, жазамыз.  Сол айтқан сөздеріміздің төркініне  жоғарыдағы сұлуға Шоу ақсақалдың қайтарған жауабы секілді керісінше бір үңіліп  ой қорыта жүрейік те...

А.Т

Abai.kz

 

 

 

0 пікір