Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Билік 6120 0 пікір 20 Қаңтар, 2016 сағат 11:34

ШЕНДІ ҚЫЗМЕТТЕН КЕТТІ ДЕП, ҚЫЗЫҢ ЕТЕГІН ЖАБА МА?

«Оң жақта отырған қызым бала туып қойды» деп күнәсіз нәрестені қоқыс секілді терезеден ытқыта салатын заман туды. Елімізде мыңдаған отбасы іңгәләған бір сәбидің үніне зар болып жүргенде дені сау баланы лақтыра салатын, яки дәретханаға тастап кететін қаніпезер болып алыппыз. Бүкіл елді дүрліктірген осы оқиғалардан кейін біздің күштік құрылымдар кінәлілерді іздей бастады.

Ең қызығы сол, кінәлі адамдар оңай табылып жатыр. Олар кімдер? Талас ауданы әкімінің орынбасары, аудандық білім бөлімінің басшысы, аудандық аурухананың бас дәрігері және оның орынбасары, Үшарал ауылдық аймағының әкімі... Бәрі, бәрі жылы креслодан бір-ақ күнде айрылды. Бұлармен бірге мектеп директоры мен жүкті болып қалған оқушы қыздың сынып жетекшісі де жұмыстан кеткен. 

Мектептің директоры мен сынып жетекшісін былай қоя тұралық.

Мен аудан әкімінің орынбасары мен ауыл әкімінің не үшін кінәлі болып отырғанын түсіне алмай отырмын. «Жазалау керек» деген ұранмен төмпештеп жатқан жоқпыз ба, осы?. Әйтпесе, әкімдердің құзіретіне қыз тәрбиелеу міндеті кірмейді ғой. Жоқ, әлде үйдегі қылықты, сылқым сұлуларыңызды әкімдеріңіз «жөнге салып» жүр ме? Екінші кінәлі адам, аудандық білім бөлімінің басшысы екен. Бір ауданда бәленбай мектеп бар. Білім бөлімінің басшысы сол бүкіл мектептегі қыздардың етегін күзетіп жүре алмайды емес пе?. «Жасөспірім қыздардың «шалыс баспауын» аудандық емхананың басшы қадағалауы керек» деген заңды көріп пе едіңіз?... Жоқ. Ондай заң да, міндеттеме де – жоқ. Ендеше, біреулерді қызметінен қуып, өлген сәбиді тірілтіп алардай алашапқын болып жатуымыздың себебі неде?

Рас, жантүршігерлік бұл оқиғаға аудандағы идеологияны ақсатып алғаны үшін – әкімдер, қыздың жағдайын дұрыс тексеріп, жоғарғы жаққа дер кезінде жеткізбегені үшін – дәрігерлер, мұғалімдер кінәлі секілді көрінер (12 шенді қызметтен кетті)... Бірақ, негізгі кінәлі мына – бізбіз...

Телеарнаны ашыңыз... Жалаңаш жұлдыздар мен азғын сериалдар...

Интернет қосыңыз... Бір-бірімен айқасқан жұп... Өліп-өшкен ғашықтар...

Бала байқұс көргенін жасайды. Ақыры міне, жеткен жеріміз тұйық болды.

Елдің бәрі терезеден жиенін лақтырған ананы кінәлап, тепкінің астына алып жатыр. Ол ананың да «кінәсі жоқ»... Жоқ, бар... Десе де, кең ауқымда, сол ананың көзқарасымен, сол ананың орнына өзіңізді қойып ойланып көріңізші.  Қазақы тәрбие бойынша оң жақта отырып қызың бала тапса – өлім (санада осы салт мықтап орнаған). Ана елдің табасынан қорқып, нәрестені терезеден лақтырған шығар. Сөйтіп, өлімге пара-пар табадан құтылмақ болған шығар. Бірақ, Алла онан да үлкен «табаға» жолықтырды. Өйткені, сәбидің еш кінәсі жоқ еді, есесіне қызына дұрыс тәрбие бере алмаған өзінің күнәсі мың батпан болатын (сәбиді емес, өзін-өзі жазалауы керек-тұғын).

Мұның бәрі санадағы салттың, күнделікті қолданыстан алшақтап кетуінен туындап отыр. «Қызға қырық үйден тыйым» деп қойып, сол тыйымды жасай алмай отырмыз. Бұл ол анаға ғана емес, бәрімізге қатысты жағдай. Әркім өз қызын, өз қарындасын көлденең сұқ көздерден қорғай алмаса, көрер күніміз осы болмақ. Күйеуге шықпаған қыздың жүкті болуын ар санайтын адам, сол қыздың әр қадамын аңдып отырмағы, тәрбиесіне мығым болмағы керек.

Санадағы салтты жүрекке қондырып, күнделікті тіршілікке араластырғанда ғана иман дегеннің не екенін білетін боламыз...

Әйтпесе, «шенеуніктер қызметтен кетіпті» деп қамығып, қыздарымыз етегін жабады дегенге өз басым сенбеймін. Себеппен емес, салдармен күрессекші, шіркін!

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір