Жұма, 17 Мамыр 2024
Мәйекті 6224 0 пікір 21 Қаңтар, 2016 сағат 12:46

ПРЕЗИДЕНТТІҢ СУ ЖАҢА КЕҢЕСШІ: МҰСАБАЕВ ТАҒЫ ДА БИІККЕ ҰШТЫ

Бүгін ҚР Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев ҚР Президентінің кеңесшісі лауазымына тағайындалды. Бұл туралы «abai.kz» порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы жарлығы бойынша, Мұсабаев Талғат Амангелдіұлы ҚР Президентінің кеңесшісі лауазымына тағайындалған. Талғат Амангелдіұлының «кеңесшілік» өкілеттілігі 2017 жылдың 31-желтоқсанына дейін созылған.

Мұсабаев Талғат Амангелдіұлы 2007 жылы ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің  төрағасы болып тағайындалған. Ал 2014 жылдың 6 тамызы күні агенттік таратылды.

Содан кейін 2014 жылдың 18-тамызы күні ҚР Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешевтің пәрменмен ҚР Аэроғарыш комитетінің төрағасы болып қайта тағайындалған.


Қазақстан Республикасының Президентінің пәрменімен «кеңесші» лауазымын иемденген дарақы менізді дәу ағаның журналистер мен ел алдында абыройы аса жоғары дей алмағанымызбен, өз ісінің нағыз маманы екеніне көз жұмуға болмас сірә.

Келте ойлы кей дөкейлердің кадрдан тыс ерсі әрекеттері мен доқай дөрекілігі көбіне көз жұмыс қоятынымыз тағы рас.

Әсіресе, Президент  кеңесшісі болып тағайындалған Талғат Амангелдіұлы журналистер мен ел алдындағы имиджін түсіріп алған.

Өкінішке қарай, «Жоқ болып кететін», орнында отырса да жауап беруге ерінетін, лауазымы мен атақ-абыройына сүйеніп, журналистің қызметіне көпе-көрінеу кедергі келтіретін атқамінерлердің қатарына дәл осы Талғат Мұсабаевты жатқызады журналистер.

Мысалы, «Қазғарыш» төрағасы һәм су жаңа «Президент кеңесшісі» Талғат Мұсабаевтың тілшілерге көрсеткен ерсі қылығы әлі күнге дейін ұмытылған жоқ. 

2013 жылы Байқоңырдағы апатқа қатысты Үкімет кеңесінен шыққан соң тілшілермен кездесу кезінде Мұсабаев «КТК» телеарнасының тілшісі Ербол Сейілханды балағаттап, кеудесінен итеріп жіберген болатын.

Министрлер мақтаған Мұсабаевтыңмұндай әрекеті әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп, азаматтардың басым бөлігі мемлекеттік қызметкердің дөрекілігіне наразылық білдірген еді сол кезде. Таспаға жазылып қалған видеодан тілшінің «Қазғарыш» төрағасына орын ұсынып жатқанын, ал Мұсабаевтың журналисті жақтырмай: «Маған қайда тұру керегін үйрететін сен кімсің?» деп жер-жебіріне жетіп ұрысқан сәтін «КТК» арқылы дүйім жұрт көрді.

 «Мемлекетте көргенсіз жас пен үлкен кісінің арасындағы кикілжіңнен басқа маңызды мәселе жоқ па? «Байқоңырда» төтенше жағдай болды, журналистер неге қоғамның назарын соған бұрмайды? Қолыңда камера болса, ойыңа келгенді түсір де, көрсете бер деген сөз емес. Көрермендерге болған оқиға бастан-аяқ көрсетілмеген, эфирден тек соңғы сәті берілген», – деп ақталған еді Мұсабаев мырза.

Иә, ашуланғанда эмоциясын жасыра алмайтынын айтқан Талғат Мұсабаевтың ел аузында жүрген «хит» сөздері де жоқ емес. Әсіресе, дөрекелігімен дарақыланатын Мұсабаев мырзаның мына сөздері бұқаралық ақпарат құралдарының «хит» шеруіне енген екен.

Өзінен сұхбат алмақшы болған журналистке айтқаны: «Не тұрсың? Иди на х.. отсюда! Жындыма мынау? Менің басыма шық онда. Сен кімсің маған қайда тұру керектігін көрсететін?», «Біз Ресейдің Байқоңырда мәңгі қалғанын қалаймыз!».

Түйін: Талғат Амангелдіұлы Мұсабаевтың жаңа міндетінен не күтуге болады? Ол Президентке қандай кеңестер беруі мүмкін? Талғат Амангелдіұлы – ғарышкер. Комитет төрағасы. Басқа қандай ақпарат бар? Иә, Талғат Мұсабаев қазақ тілді ортаға аса жағымды образ емес екені рас. Тіпті, кейде «сүйкімсіз» көрінеді. Сүйкімсіздігі сол – тек ресми тілде сөйлейтінінде. Рас. Кешегі ғарышкер, кешегі агенттік пен комитет төрағасы бүгін -«Президент кеңесшісі». Тәкеңнің де, ақыл айтар жасқа жеткені де бұл. Әйтпегенде, Ел басшысы ақылсыздан ақыл сұрар ма еді?! Бір кем дүние...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2104
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2517
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2210
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1625