Сенбі, 28 Қараша 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 129213. Жазылғандар — 115384. Қайтыс болғандар — 1990
Билік 3475 0 пікір 1 Ақпан, 2016 сағат 10:06

"БІЗ КЕДЕЙМІЗ"

Ақтөбелік тоғыз жасар бала анасын асырауды армандап, осындай өлең жазды

Бұл өлеңді мен алғаш рет «Фейсбуктан» көрдім. Іздестіре келгенде, «Керек.info» сайты Nur.kz порталына сілтеме жасап, «Ақтөбелік тоғыз жасар баланың дағдарысқа қарсы өлеңі хитқа айналды» деп, түпнұсқа төңірегінде біраз ақпарат беріпті.

«Шалғай аудандардың бірі Ойылдан Ақтөбеге көшіп келген Талмурзиндер отбасының өзге жұрттан еш айырмашылығы жоқ. Үйелмелі-сүйелмелі үш баламен мамандығы жоқ ерлі-зайыптылар жалдамалы пәтерде тұрады.

Үй иесінің әйелі Меңтай Талмурзинаның сөзіне қарағанда, отбасы табысының 70 пайызы жалдамалы пәтерге жұмсалады. Қаржылық дағдарыстың желеуі – пәтерақы да 15 000 теңгеден бірден 25 000 теңгеге дейін көтеріліп кеткен. Одан бөлек коммуналдық қызмет ақысы тағы бар. «Азық-түлік те күн сайын қымбаттап барады» деп мұңайды жас әйел. Меңтайдың тоғыз жастағы ұлы Әбунасыр ата-анасының қиналғанын күн сайын көзімен көріп жүр. Бірақ қолынан келер дәрмен болмаған соң, ішкі әлемін ақ қағазға түсіре берген. Осындай тырнақалды туындыларының бірін «Біз кедейміз...» деп атаған.

«Үш балам бар. Балаларымның үлкені болғасын, осылай ерте есейді ме, кім білсін?! Мен жағдайымның қиындығын айтып, жұртқа алақан жаяйын деген ойдан аулақпын. Еден жусам да, күйеуім арба сүйресе де, өз күнімізді өзіміз көріп жүрміз. Тек балаларымды жылатқан дағдарыс тезірек аяқталса екен», – дейді жас дарынның анасы».

Бұған не алып-қосарсың? «Балаларымды жылатқан дағдарыс тезірек аяқталсын» деген ананың сөзіне айтар бір ғана ремарка бар: аяғы аспаннан салбырап, дағдарыс өздігінен келген жоқ. Бұл – қазақстандық үкіметтің дәрменсіз әрі біліксіз әрекетінен туған дағдарыс. Анығында, әрекеті емес, әрекетсіздігінен пайда болған қасірет. Бұны мен бейкүнә ананы үдірейген үкіметке қарсы айдап салайын деп айтпадым: біле жүрсін – тұлымдай ғана баласының көз жасы кімдердің кесірінен ақ қағазға өлең боп төгілгенін.

Интернет желісін аралап кеткен Әбунасырдың өлеңіне қатысты ойдың нақ нұсқасын Сандуғаш Жұмабектің «Фейсбуктағы» парақшасына комментарий ретінде Индира Көдекова деген желі пайдаланушы жазыпты:

«Бала арманы... Депутаттың баласы – депутат болуға, министр баласы – министр болуға жұлқынады. Байғұс бала «ер жетсем, еден жуар едiм» дейдi. Бала-шағаны шырылдатып, iшер ас, киер киiмге жарытпай, өз елiнде пәтер жағалаттырып қойғандардың жазасын Аллам берер!».

Аспандағы Алланы кім білсін, ал жердегі «құдайлар» бұл жалғанды қонышынан басып жүр. Сандуғаштың парақшасындағы тағы бір посты оқып көріңіз: (Айжан Оспанова) Масимов 137 000$ алады. Қазақ жанұялары пәтер жалдап, жалтаң-жалтаң етіп, нанға ақшаны зорға табады. Ешқандай әділдік жоқ».

Бұған да не айтарсың?

Ермұрат БАПИ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №4 (321) от 28 января 2016 г.

0 пікір