Жұма, 26 Сәуір 2024
Үміт пен күдік 5899 0 пікір 3 Ақпан, 2016 сағат 08:48

МҮЛІКТІ ЖАРИЯЛАУДЫҢ РАҚЫМШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

Бүгінгі күні бүкіл еліміз бойынша мүлікті жария ету науқаны қызу жүргізіліп жатыр. Өзінің және ұрпағының болашағын ойлаған көптеген азаматтар бұл іске терең түсіністікпен қарап,  белсене ат салысуда. Себебі, гуманистік нормалар кеңінен енгізілген бұндай нормативтік-құқықтық актіні ХХІ ғасырдың жасампаз Заңдарының бірі деп бағалауға болады.

Өйткені, тұрғындарының өткен шақтағы теріс әрекеттеріне рақымшылық жасайтын бұндай тәуекелге кез-келген  мемлекет бара бермейді. Сондықтан да өткен жылдың 13 қарашасы күні Елбасы «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы»  Заңға қол қойды. Тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілген бұл Заң мүлікті жария етудегі рақымшылық жасаудың жаңа процедуралық ерекшеліктерін айқындап берді, көптеген жеңілдіктер енгізілді.

Осы орайда, «Қандай жеңілдіктер мен кепілдіктер қарастырылған?» деген заңды сауалдың туындайтыны түсінікті. Атап айтсақ, ақша мен мүлікті жария ету арқылы заңдастырудың механизмі мүлде қарапайым ғана. Мысалы, шетелде жатқан немесе жеке айналымда жүрген қаражатты заңдастырудың екі жолы бар. Біріншісі – шетелдік банкте жатқан  немесе жеке айналымдағы ақшаны жариялау үшін екінші дәрежедегі банкте және Ұлттық пошта операторында есепшотқа түсіру арқылы жариялауға болады. Тиісті ақша екінші дәрежедегі банкке немесе Ұлттық пошта операторындағы есепшотқа түскен соң, тұрғылықты жер бойынша мемлекеттік кіріс органына арнайы декларация тапсырылады. Бұндай жағдайда мемлекетке он пайыздық алым төленбейді. Ал енді екінші жағдайда, шетелдегі банкте жатқан немесе жеке айналымдағы ақшаны екінші дәрежедегі банкте немесе Ұлттық пошта операторында есепшот ашпай-ақ, арнайы декларацияны толтырып, мемлекеттік кіріс органына өткізу жолымен де заңдастыруға болады.  Бұндай жағдайда мемлекетке он пайыздық алым төленеді. Және де мемлекеттік кіріс органына арнайы декларацияны тапсырған күннен бастап-ақ банкте жатқан немесе қолдағы ақша заңдастырылған болып есептеледі де, ол ақшамен кез-келген операцияларды жүзеге асыра беруге болады. Мысалы, бизнеске салу, құнды қағаздар сатып алу, инвестиция құралы ретінде жұмсау, т.б.

Ал енді жылжымайтын мүлікті жария ету мәселесіне тоқталайық. Мысалы, көп адамдар жылжымайтын мүлікті жария еткен жағдайда он пайыздық алымнан қорқады. Және де он пайыздық алым Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жылжымайтын мүлікті заңдастыру кезінде алынбайтынын білмейді. Он пайыздық алым тек шетелдегі жылжымайтын мүлікті жария еткен жағдайда ғана алынады. Онда да шетелдегі мүлігін жария еткен субьект оның құнын өзі анықтайды. Осы орайда, мүлікті жария етуге мүдделі субьектілер қайда бару керектігіне тоқтала кеткен жөн шығар. Мысалы, Қазақстан Республикасының территориясында орналасқан, алайда тиісті тәртіппен ресімделмеген жылжымалы мүлікті жария ету мәселесімен аудандық әкімшілік жанынан құрылған комиссияға бару керек. Ал енді мемлекеттік кіріс органдары Қазақстан территориясында орналасқан, тиісті тәртіппен ресімделген, алайда басқа біреудің  атына жазылған жылжымалы мүлікті, шетелдегі жылжымалы мүлікті (оның ішінде басқа біреудің атына жазылған), шетелдегі және жеке айналымдағы қаржына жариялаумен айналысады.   

Және де Заңдағы тағы бір айта кететін ерекшелік – басқа біреудің атына жазылған мүлікті өз атыңа аударып алуға мүмкіндік беріп отырғандығында. Өйткені, бүгінгі күні әртүрлі себептермен өз мүлкін басқа біреудің атына рәсімдеп, тасада тығылып жүргендер аз емес. Олардың ішінде мүлікті атына аударған адамдарының пендешілікпен өз иелігіне пайдаланып кетіп жатқан оқиғалар да көп кездесіп жатады. Бұндай кезде аталмыш мүлік өзіңдікі екенін дәлелдеу мүмкін емес. Сондықтан да мүлікті жариялауға мүдделі адамдар үшін өз мүлкін өз мүддесіне заңдастыратын уақыт келгенін ұмытпау керек.

Жалпы, мүлікті жариялау туралы сөз болғанда көп адамдар жария еткен мүлкін  «болашақта тәркіге түсіп кетпей ме?» деген үрейден арыла алмай жүрген сияқты. Әрине, жоқ. Себебі, мүлікті жария етуге байланысты сегіз түрлі нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізілді. Мысалы, Қылмыстық кодекс, Әкімшілік-құқық бұзу туралы кодекс, Салық кодексі, Азаматтық кодекс, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң, т.б. Енгізілген өзгерістердің барлығы мүлікті жария еткен субьектілердің мүдделерін қорғау мақсатында қабылданған. Яғни, жария етілген мүлік қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтың және тәртіптік жауапкершілікке тартудың обьектісі болып табылмайды. Сондықтан да сот шешімімен тәркілеуге де жатпайды. Сонымен қатар жария етілген мүлік пен қаржы банктік және салықтық құпия болып табылады. Оны таратқан адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Ал енді «мүлікті жариялау  несімен тиімді?» деген сұраққа  сұраққа жауап берейік. Біріншіден, 2017 жылы жалпылама декларациялау процедурасы енгізіледі. Ол кезең-кезеңімен жүргізіледі. Сол кезде әрбір тиын үшін жауап беруге тура келеді. Бұл мәселеге байланысты Елбасымыз: «Мүлікті жариялау – соңғы мүмкіндік. Бұдан кейін ешқандай кешірім болмайды. Бұл шара жалпылама декларациялау алдындағы соңғы акт» деп ескертті. 2017 жылдан бастап шетелдегі жасырынып жатқан ақшалар мен жылжымайтын мүліктерге байланысты тексеру шаралары қолға алынады. Себебі, кез-келген заң   субьектілерге қаншалықты жеңілдік жасағанымен, заң талаптарын орындамағаны үшін жазалау шараларын да қамтиды.  Осы орайда, заңды жетік білмейтін кейбір адамдар «шетелде жатқан ақша мен жылжымайтын мүлікті қайдан табады?» деп қателесуі мүмкін. Оны табудың еш қиындығы жоқ. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы «Қылмыстық жолмен ізі жасырылған ақшаны әшкерелеу, алу және тәркілеу туралы» халықаралық Страсбург Конвенциясының мүшесі болып табылады. Аталмыш Конвенция 2011 жылдың 2 мамырында Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған.

Иә, бұндай гуманистік бағыттағы Заң актісі алдағы жылдардың еншісінде қабылдана ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Сондықтан да болашақта заң алдында жауап беріп тұрғаннан гөрі, заң алдында мерейің үстем болғанға не жетсін.

Бекен Нұрахметов, Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстары басқармасының бөлім басшысы

Abai.kz

 

0 пікір