Жұма, 26 Сәуір 2024
Әдебиет 7034 0 пікір 3 Ақпан, 2016 сағат 10:50

ІБІТАНОВ АУДАНЫ

Тіршілігінде Мұқағали мен белгілі ақын Еркін Ібітанов екеуі дос болғаны белгілі. Ерекең Мұқағали ағасы туралы «Хан-Тәңірі қайдасың?» атты дастан жазған.  Мұқаң да Еркінді өзінің поэзиясының «қорықшысы» санаған. Ол туралы өлеңдері бар.

... Бірде ауылда Қарасудың жағасында екеуі әңгімелесіп отырып, Қарасаз ауылының болашақ есімі кімнің атында болуы керек, деген сұраққа жауап іздейді. Ерекең болашақта Қарасаз ауылы Мұқағали ауылы болатынына бірден сенім білдіреді. Ол: «Маған ауданның аты берілсе, жетіп жатыр» деген екен ризашылықпен.

9-ақпан – Мұқағалидің туған күні. Осыған орай төмендегі балладаны жолдап отырмын.  

Автор

 

Еркін Ібітанов ауданы немесе Мұқағали мен Еркін туралы баллада

Қарасаз,  Қарасудың  жағасында,

Қос ақын сыр шертіскен жарасуда.

Алады алдындағы ащы дәмнен,

Жыр оқып, әзілдесер арасында.

 

Өр Мұқаң  еркелетіп  Ер інісін,

Дейді ол «ауылдағы «көрінісім».

Менен де  сен мықтысың шынымен де,

Тұрғам жоқ айтып құры көңіл үшін.

 

Мінез  бар жарасатын шын дарынға,

Атақты, мансап-тақты қумадың да.

Сусасам сұлулыққа  сені оқимын,

Сұрапыл  сезім жатар жырларыңда.

 

 Айтқандай,  ұстазым да сен емес пе ең,

Баяғы сәт сапарың, өлең есте.

Мақтапсың   Әлекеңе,  Әлнұр ағам,

Оң қабақ танытады маған әсте.

 

Шөлдесем тартып кетем, Әл ағама,

Қарайды баласындай  маған ол да.

Сендердің сенімдерің қанат берер,

Көп дұшпан «итке» мені  балағанда.

 

Сүйейді Хан-Тәңірім, қарлы-шыңдар,

Бәріңе деймін іштей алғысым бар.

Емделем осында кеп сырқатымнан,

Кездерде надандардан  жан қысылған.

 

 

Жан ұқпас бір ғажайып күйге енемін,

Жарамның табамдағы бірден емін.

Аспандап Алматыма  қайта  оралам,

Сендерден асқақтықты үйренемін.

 

Әжемнің  шәлісіндей желбіреген,

Ақша бұлт қол бұлғайтын сол бір Өлең,

Қарасу, бозқараған, Елшенбүйрек,

Жанымдай менің нәзік мөлдірген.

 

 

Қарасаз қасиеттім Меккедейін,

Сағыныш жырын төгер от көмейім.

Көз жұмсам көлбеңдейді сағым далам,

  Хан-Тәңірді  түсімде көп көремін.

Содан да биіктерге беттегенім.

 

Еркін-ау,  жиі  тасыр қан қысымым,

(Өзіңе шын көңілден алғыс інім),

Топырақ өздеріңнен бұйырса екен,

Айтқандай, қайда Әбдіке «сары пұшығым».

 

Ардақта сол ағаңды періште жан,

(Сол менің балалығым алыстаған).

Жетімдерміз жетілген, жылай жүріп,

Тәңірім-ғой  мені оған   табыстаған.

 

Кездер аз, қарын тойып нан ұстаған,

Сол шақтар алыс емес, таныс саған.

Жетімдерміз Намыспен жетілгенбіз,

Жібермеген есесін,  қалыспаған.

 

Жетілдік, ақын  болдық жұртқа әйгілі,

Жамадық жанымызға «бұлт»  қайғыны.

Сәби болғым келеді кей сәттерде,

Көңілінде болмайтын құйттай мұңы.

 

Аузында алты Алаштың жүр есімім,

Жыр жазу ─ өз-өзіңмен күресуің.

Жанға ләззат, алайда біреулердің,

Жаралайды өсегі, тіресуі.

 

Диюы Қарасаздың,  алып күшің,

«Қойшылар» таланттыңды танытты шын.

Еркін-ау, «Аққуым да» арнағам жыр,

Сен менің жырларыма қорықшысың.

 

Еркін-ау, ұмытпағын осы күнді,

Жасарсың қасыңа айбат, досыңа үлгі.

Көрерсің  мен өмірден өткеннен соң,

  Қарасазға   береді   есімімді.

 

Амал не, ауыл жалғыз, сен де ұлысың,

Ойымның түпкі астарын сезді ме ішің.

Қарсылық танытатын ойың бар ма,

Сырыңның білсем деймін ендігісін.

 

 

Тұлпарсың  мен секілді сірә, дара,

Жырыңа қол соғамын,  қуана да.

Ауылын   Алматыға  алмастырған,

Сыйларсың  Қарасазды бұл ағаңа».

 

 

... Ерекең  жайдарлана күлімдеді,

Ғажайып  бұл жүздесу бүгін деді.

Қарасаз ол Сіздікі, түсінсеңіз,

Арманы одан биік ініңдегі.

 

Қуанам ниетіңнің ауғанына,

Дау жоқ, Мұқа, жетесің арманыңа.

Мұқағали ауылы көркейеді,

Ібітанов Еркінің ауданында...

 

Серікжан ҚАЖИ

Abai.kz

0 пікір