Сенбі, 27 Сәуір 2024
Талдау 5348 0 пікір 4 Ақпан, 2016 сағат 10:23

КӨЗ КЕСЕЛ

«Ойдың жанарға жеткен жылтылындай,

жанардың жарығы да жанға түседі»

А.Сүлейменов

 

Жазушы Төлен Әбдікұлының «Аялдамадан аялдамаға дейін» деген әңгімесі бар. Бір қарағанда,  тақырыптың өзі өмірдің қазақы өлшемін еске салады. Мұны тіпті кейіпкердің өзі де айтады: «Өмір деген осы екен ғой». Мүмкін өмір деген сол шығар... Әдетте, аялдама мен аялдама арасында алуан түрлі тағдырлар мінген автобуста барар жері белгісіз, бағыты бұлыңғыр жолаушы да, түсер жері анық болғанмен, ар жағы тұман жүргіншіде, адасып мінген адам да, осы автоубсқа мінбесе жұртта қалып қоярдай болып жанталасып жатқан жұртпен бірге не үшін екені белгісіз көппен бірге қыстырылыса кіріп, сығылысып, жай кетіп бара жатқандар да болады. Және сол автбоуста қаншама көздер кетіп бара жатады. Сөз басында айтқан әңгіме де көз туралы.

Жазушы әңгімеге күнделікті өмірдің бір сәтін алған. Сол бір сәт оқушыға бүкіл адам ғұмырын өрнектеп шыққандай әсер қалдырады. Әрі түрлі ойға тебінгі болады. Жақсы шығарма қашан да оқушыға ойтамызық.

Әңгіме жас жігіттің автбосуқа мінген сәтінен басталады. «Алда бір топ қыздар отыр екен. Өздері жап-жас, сүп-сүйкімді. Әлденеге мәз болысып, күлісіп, бізді көрдіңдер ме дегендей, жан-жақтарына қарап қояды. Бұл олардың әрқайсысына кезек-кезек көз тастап, іштерінен біреуін өзіне таңдай бастады. «Иә, әне біреу, шетте отырған сұлу екен, сол - менікі». Таңдауды қараңыз. Бірақ, дәл осындай таңдау біздің өмірімізді түбегейлі өзгертіп, түсініктерге төңкеріс жасап, көзқарастарды күрт өзгертіп жатады. Өйткені, әйел затының екінші аты – тіршілік. Яғни, «әлденеге мәз болысып, күлісіп, бізді көрдіңдер ме дегендей, жан-жақтарына қарап тұрған» өмір кейпіндегі қыз ғой. Ал, кейіпкердің бір топ қыздың ішінен өзіне қыз таңдауы оқушыны таңдау туралы ойға еріксіз жетелейді. Әрі өзі өмір сүріп жатқан заман, қоғаммен парралель жүргізуге итермелейді.

Таңдау. Қазіргі күннің көзімен қарасақ, таңдау біздің қоғам үшін тұрмыстық деңгейдегі түсінік. Қоғам болмысы сол деңгейдегі таңдауға тұтылып отыр. Қоғам, жүйе біздің таңдауларымыздың жиынтығы. Бір қызығы, біз үнемі таңдаусыз таңдау жасаймыз. Себебі, бойымыздағы еркін таңдауды үрей тұсаулайды. Сөйтіп, қандай мазмұндағы әрі формадағы болмасын жарнама ықпалында таңдаусыз таңдау жасаймыз. Біздің жағдайымызда жарнамада таңдау жоқ. Демек, «Біз неге өспейміз, дамымаймыз» деген зар сауалдың жауабы - өз таңдауымыздың өлшем соры. Ал, кейіпкердің таңдауы – сұлу қыз.  Әрине, өз өлшемінде. Бірақ ода үрей жоқ. Жүрек қалауының таңдауында көрмейміз. Жай ғана, жастықтың көзі түскен сұлулыққа қызыға қарауы. Сұлуға көзі арбалған жігіт. Бірақ, дәме де жоқ емес...

Қыз таңдаған бозбала мен бүгінгі таңдау туралы ойдың арасында бір сәйкестік бар: ол – көз – таңдау. Кейіпкер таңдауда көзіне ғана жүгініп отыр. Бізде көзімізді арбап, ойымызды тұмшалап, ойлануға мұрша бермеген талай қоғамдық-саяси таңдаулар сәтінде көздің таңдауын жасадық. Сөйтіп, тұтас қоғам бір көздің тұтқынына айналып шыға келді. Ол көз де біздің таңдауымыз. Өлшемін өзіңіз білесіз.

Әрі қарай әңгіме желісіне оралсақ, жас жігіттің көз өлшеммен қыз таңдауы оқушыны еріксіз жымитады. Сонымен бірге, оның осы бір көз әрекетінен аңғалдық пен тазалықты, бейкүнәліктің де барын аңдайсыз. Бірақ, ол қызды таңдап қана қоймайды, меншіктейді. «Иә, әне біреу, шетте отырған сұлу екен, сол - менікі». Осы тұста ойыңа тағыда қоғамның меншіктеу көрінісі оралады. Біз, ортақ қазаннан ас ішіп үйренген буынның ұрпағымыз ғой. Меншік және меншік мәдениеті деген ұғымдар санамызға орнықпаған еді. Елге еркіндік берілгенде меншіктеудің жабайы түріне жанталаса кірістік. Дүниені жапырып, жұтып жіберердей ашқарақтана ортақтың мүлкіне лап қойдық. Меншік дегенді қолыңа түскенді қораңа әкеліп тығу деп түсіндік. Ол кездерден ширек ғасыр алыстап кетсекте, меншік туралы түсінігіміз сол қалпында қалды. Меншікті біз әлі де талап әкету деп білеміз. Күні бүгінге дейін әңгімедегі бозбаладай көздің жауын алатын әдемі, сұлу дүние көрсек, дүниені, ертеңгі күнді ұмытып, қарыздансақ та соны меншіктеуге барымызды саламыз. Тіпті ол өз тұрқымызға, әлемуеттік дәрежемізге, қаржылық мүмкіндігімізге, талғамымызға келіспесе де көз таңдауымызға арбалып, алып тынамыз. Ал, ең басты, яғни, ұлттық құндылықтарды, жер мен мемлекетті өз меншігіміз санап, меншіктеп, меншік иесіндей қорып, қорғап, төл меншігіміздей қарауды үйрене алмай келеміз. Рас,  «Иә, әне біреу, шетте отырған сұлу екен, сол - менікі» деген жас жігіттей кейбір дүниелерді сырттай меншіктейміз. Ал, меншік мәдениенті ше?..

Әлбетте, әңгіме өткен шақта жазылған. Әңгіме кейіпкері алғашқы ғашығын тез ұмытып, оданда сұлу бір қызды көзі шалып, соған арбалып отырғанда «Кенет ол әлдебір көзқарасты сезгендей болып, басын бұрғанда, өзіне жауыға қараған алғашқы қызын көрді. Кінәлап, айыптап тұрған көзқарас». Осы көзқарас арқылы өзара айыптасулар «Өзің комсомолда барсың ба? Сен – сатқынсың!» деген ауыр сөздерге дейін барады. Сатқын деген суық сөз бізде әлі де қолданысқа жиі түседі. Өзіміздің ақтығымыз бен тазалығымызды, ісіміздің дұрыстығын таныту үшін біреуді міндетті түрде сатқын етіп шығаруға дағдыланған қоғамдық психология әлі бар. Бұл әдет бойымыздағы әлдебір рухани кемістікті бүркемелеудің жолы. Әдеби шығарма өмірді толық көшірмейді. Бірақ, өмірдегі деректі ақпаратқа сүйенеді. Комсомолда барсың ба деген сұраудан соң, сатқынсың деу арқылы жазушы сол тұстағы қоғамдық психологияның бір қырын аңғартады. Демек, өткен шақ пен осы шақтың арасында өзгеріс жоқ. Тек сыртқы форма ғана өзгерген. Әңгіменің осы бір тұсы осындай ойды өрістетуге негіз болып тұр.

Автобуста екі қызбен де көзқарас арқылы табысып кете алмаған кейіпкер жігіт өзі де автобустан түсіп қалады.

Осы бір кішкентай әңгімеден оқушының түйгенін және әңгіме түрткі болған ойларды тоқайластыратын бір нәрсе бар ол – сезім тәрбиесі, сезім мәдениеті. Адам бойында алуан түрлі сезімдер бар. Таңдау да, меншіктеу де, айыптау да сезімдерге жатады. Тіпті сатқындықты да тудыратын сезімдер. Сезімдер де тәрбиеге бағынады. Тәрбиелі сезімдер  - сезімдер мәдениетін қалыптастырады. Тәрбиеленбеген сезімдерді әдетте ұят ұстап тұрады. Бірақ, адамның көз айнасынан қалып көрмеген сезімдер өзін паш етіп, ақылды, ұстамды, сабырлы көрінген адамның өзін көзі әйгілеп қоятыны бар.

Алақандай әңгімедегі кейпікерлердің автобуста бір-бірімен көзқарас арқылы тілдесуін жастыққа балап, бір-біріне қызыға қарайтын ұяң әрі лезде өтпелі лып етпе, шырпыдай тез жанып-өшетін жас адамға тән сезімнің бір сәті десек те, жазушы сезім тәрбиесіздігінен туындайтын ішкі тұрақсыздықты берген. Ал, ішкі тұрақсыздық – сыртқы тұрақсыздықтың, тұрақсыздық өзі адам іс-әрекетінің баянсыздығының басы. Енді қараңыз, күнделікті жаңалықтар лентасындағы тұрмыстық, отбасылық, ашқарақтық, тойымсыздық, құмарлық (қызметке, ақшаға, байлыққа және басқа материалдық дүниелер) тіпті одан да зор мәселелердің түп-төркіні – тәрбиеленбеген сезімдерден бастау алатын көз кеселде жатыр. Демек, «Ойдың жанарға жеткен жылтылындай, жанардың жарығы да жанға түспесе» мәдениетті қоғамға тек саяхаттап қана барып келесіз. Егер, жанарға жылтылы жететін ойдың (тәрбиелі ойдың) орнын жанарында жалғандық тұнған өзімшіл ұран басса және ол қоғамдық салтқа айналса, онда одан құтылмайсыз, керісінше, соған сіңесіз әрі «Өмір деген осы екен ғой» дейсіз.

Өміржан Әбдіхалықұлы

Abai.kz

0 пікір