Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Билік 7965 0 пікір 10 Ақпан, 2016 сағат 03:00

ВАЛЕНТИН КҮНІ - КЕСАПАТ

Сонымен елден бұрын елгезектік көрсетіп Жаңа Жылды да дүбірге-дүбір қосып думандатып шығарып салдық. Шығарып салдық дегеніміз бер жағы ғана, бүгінде қазақстандық телеарналарды күпінің битіндей басып алған осы күнгі жыпырлаған «жұлдыздар» әлі де «Жаңа Жыл, қош келдің», «Аяз ата келіп қалды» деп әндеткелі екі айдан асып кетті.

Халықта не кінә бар?! Өйткені ең әуелі христиан әлемінің жаңа жылы болып есептелетін бұл мейрамды дүние жүзі тойлайды деген құйтырқы ұғым қазақтардың миына әбден сіңірілген. Шындығына келгенде тіпті де олай емес. Мысалы, 2 млрд. қытайдың, 1,5 миллиард үндінің, жапон мен қалың арабтың, корейдің қайсысы жаңа жылды әр мезгілде тойлайды. Парсылар мен бүкіл түрік халықтары жаңа жылды күн мен түннің сағатымен сағаты, минуты мен минуты, секунды мен секундына шейін теңескен. Және ол ғылым дәлелдеген 21 наурыз күні қарсы алады. Қаңтардың қызылшұнақ аязында түн ортасы ауғанда ойдан шығарылған Аяз-Ата деген не нақты өмірде, не ертегіде жоқ кейіпкерді тағаты таусыла күтіп, қарсы алатын ешқандай не астрономиялық, не басқа ғылыми негізі жоқ Жаңа Жылды сағат 12-де қазақтың ақсақалдары мен кемпір-сампырына шейін келіндерімен, бала-шағасымен рюмке, бокал сыңғырлатып соғыстырып қарсы алып, улап-шулап жатады. Оларды арақ-шарапсыз ол Жаңа жылдың сәні келмейді деген пікір әбден қалыптасқан. Бұл Жаңа Жылда қаншама жүз мыңдаған жасыл желек шырша қыршынынан қиылып қырқылатыны, сол күні қаншама бала-шаға от шашып ойнап күйіп, не мүгедек боп қалып жатқаны, қаншама адам арақтан уланып, қаншасы өліп жатқаны, мас күйінде далада қалып үсіп өлгені тағы-тағы сол бір күн, бір түнде болатын қайғылы уақиғалар болып жатқанын, тіпті ұялмай-қызармай бала-шағасымен стақан соғыстырудың өзі өте жиркенішті екені айтылудай-ақ айтылуда. Амал не осындай қасіреті мол күнді қайран қазекем қайтыс болған әкесі тіріліп келгендей думандатып кеп тойлайды.

Оны айтасыз-ау, аудан, қала әкімдері қарашаның басынан бастап мемлекеттік те, жеке де шаруашылықтарға Жаңа Жылға даярлануға жарлық береді. Сөйтіп, қарашаның 15-20-сынан басталған бұл Жаңа Жыл екі айға – ақпан айына шейін созылады. Не деген дарақылық, не деген ұраншылдық десеңізші. «Пенденің бәрі арманда, ақымақтың ғана мұңы жоқ», – депті кемеңгер ақын Әбубәкір Кердері. Сол айтқандай біз қазір жасымыз да, кәріміз де сылтау еместі сылтау қып, мейрамы жоқ жерден мейрам тауып алып күнде – ойын, күнде – тойдың жұртына айналып барамыз. Ертеде Рим мемлекетінің шонжарлары халықты өздеріне қарсы сөз айтпайтын мәңгүртке айналдыру үшін «Халыққа – нан беріп, ойын-сауық жасап қой» дейді екен...

Әрине, той тойлама демейміз, бірақ «өліге – ас, тіріге – той» жасайтын халқымыз әруақтарды әрдайым естен шығармай оларға арнап Құран бағыштап, үлкен ас беріп отырған. Ал біз басқаны былай қойғанда сонау 1986 жылы желтоқсанда қыршынынан қиылған ұл-қыздарымызды мемлекеттік деңгейде ең болмаса бір күн еске алу күні деп жариялай алмай отырмыз. Біз 9-майды Жеңіс күні деп тойлап жатқанда неміс халқы оны қаралы күн деп есептеп өлілерге бағыштап дұға оқиды.

Қаңтардағы Жаңа жыл туралы әңгімені осымен доғарайық. Қазір қазекемнің бүкіл той, мереке атаулыны адақтап жастары ағылшынша, орысша ән айтуды сәнге айналдырып болып, енді шет елдің ырым-жырымын, солардың салт-дәстүрлерін, мейрам емес мейрамдарын тойлауға көшкеніне де талай жылдың жүзі болды. Мейлі, 130 ұлт тұрмақ, 1300 ұлт тұрса да Қазақстанның иесі – қазақ халқы ғой! Оны қалай құбылтып, сан қырлы саясатқа салсаң да Құдайдан да, адамнан да жасыра алмайсың. Қазақстанда 67 пайыз қазақ тұрады. Өзбек, ұйғыр, татар, түрік, әзірбайжан, қарашай түгел дерлік қазақ тілін білетін мұсылмандар. Сонда орыс немесе славян тілді ұлттар қанша екенін есептей беріңіз.

Енді, міне, Құдай қаласа, 2-3 аптадан кейін қазақстанға Валентин күні деген «мейрам» келеді. Мейрам деуге келмейтін бұл мейрам қазақ жұртының, тіпті, түп-түгел түркі, исі мұсылман жұртының моральдық өлшемдеріне, салт-дәстүріне, ұлттық тәрбиесі мен ұлттық намысына, дініне, діліне сәйкес келмек түгіл мүлде қарама-қарсы іс-әрекетке толы. Шетел миссионерлері қазақ жастары арасына оны махаббат күні деген атпен өте ептілікпен енгізіп жіберді. Сөйтіп, не мектепте, не университетте қазақтың ұлттық тәрбиесі, ұлттық намыс, ұлттық ар-ұят туралы бір пән түгіл бір күн арналғанын көрмей әркімнің қаңсығын таңсық қып ержетіп келе жатқан қазақтың бозбаласы мен балиғатқа енді толған қыздары шетелдік сайқали-саяси мейрамның буына басы айналып шыға келді. Басы айналмағанда қайтсін, өйткені оларға бұл күн – махаббаттың салтанат құратын күні деп үйретілген. Бұл күні жігіт пен қыз ойына не келсе соны істеуіне болады.

Одан артық қандай малғұндық бар?! Бүгінде әйелі күйеуге тимейтін, тисе бала туудың орнына ит пен мышық асырайтын, әйелге – әйел, еркекке – еркек үйленуін заңдастырған, ер адамның жыныс мүшесін алдырып, әйел жынысына көшуіне көзі үйренген, өзге де адам баласына жат қылықтар жасап, азғындаған, мұсылман елдерін қырып-жою үшін терроризм дегенді ойлап тауып, алуан түрлі жаппай қырып-жоятын қарудың күшімен отырған елдер енді осы жиренішті қылықтың бәрін «толерантты болу керек» деген жымысқы қағидатпен қазақ жастарының санасына емін-еркін сіңіруде. «Қасапшыға – мал қайғы, қара ешкіге жан қайғы» дегендей базарды да базар, көшені де базар қып, жылқының өті мен тастың тамырынан басқаның бәрін сатып тұрғандарға бәрібір, сол күні саудаға қарық болады да қалады.

Көше қанқызыл түске боялған жүректің суретіне, «махаббатым сенсің», «бүгінгі түн біздікі», «махаббат таңын бірге қарсы алайық» деген еліртпе сөздері бар ашықхаттарға (открыткаларға) толы. Әшейінде де ұлттық ұят, ұлттық тәрбие дегеннен бейхабар қыз бен жігіт сыңараяқ соқпақтай тар тротуардың қақ ортасында ерінге-ерін жабысып бұл дүниені түгел ұмытып тұрып алады. Оларға «тәйт» деп жатқан бір адамды көрмейсің. Әшейінде, теледидардан «Мен жастарға сенемін» деген сөзді қасиетті дұғадан бетер қайталайтын интеллигент шал-кемпірлердің бірде-біреуі «мыналарың ұят болады» дегенін естіген адам жоқ шығар-ақ. «Жыласаң тағы да сөйтем» дегендей бұл мереке еліміздің бірнеше телеарналары арқылы көрсетіліп, жұрт бірін-бірі эфир арқылы құттықтап әнтапсырыс беріп те жатады. Көрген көздің жазығы жоқ қазақтың үп-үлкен сарықарын бәйбішелері мен сақал-мұртын қырау шалған жігіт ағаларының бір-біріне «Валентин күні құтты болсын!», «Мейрам құтты болсын» деп жатқандарын көргенде Жаратқан Иеміз – Аллаһ кешірген. Бұл қазақ деген қанша жерден оқыса да оянбайтын («оян, қазақты» еске алыңыз!) халық шығар деп өз ұлтыңды өзің жек көріп кете жаздайды екенсің. Осының бәрін аз десеңіз «Валентин күнінен» соң қазақтарға «Татьяна күні» деген мейрам келеді. Ол да осы мейраммен егіздің сыңарындай ұқсас.

Әлгінде халық деп қалдық. Бірақ осының бәріне халықты кінәлау да күнәһарлық. Біздің халық заңда не айтылса сол жолмен жүретін момақан, бейбіт халық. Ендеше, егер еліміз тәуелсіздік алған 25 жылдан бері осы елдің иесі – қазақ ұлтының ұлттық санасын кешегі отарлық санадан аршып, оятайық, ұлттық тәрбиемізді, ұлттық салт-дәстүрімізді қалпына келтірейік деген сыңар ауыз сөзі бар не қаулы-қарар, не бір заң қабылданбаса олай етпек түгіл «Қазақстан патшалық Ресейден, оның отарлау саясатынан асқан сұрқиялықпен орыстандыру саясаты арқылы жүргізген Кеңестік Ресейден тәуелсіздік алдық» дегенді де айтып көрген емеспіз. Екіншіден, біз осынау «Валентин күні» мен «Татьяна күнін» тойлап уылдап-шуылдап жүрген, «Хэллоуині» тағы бар! Ресейден тәуелсіздік алған жылы дүние есігін ашып бүгінде 25-ке келіп жатқан жастарымызға ең әуелі өзіңнің ұлтыңды сүй дегенді не мектепте, не ЖОО-да айтуға жүрексінумен келеміз. Біз оларға ең әуелі өзінің ұлтының тілін, өз ұлтының тәрбиесі мен салт-дәстүрін сүйіп, соны қызғыштай қорымайтын адам ешқашан бүкіл адам атаулыны сүйем десе де сүйе алмайтынын балабақшадан бастап үйретуіміз керек еді. Өйтпедік. Оның орнына еліңе келіп жатқан басқа діннің бәріне «толерантты» бол дедік. Тіпті, өзің өз ұлтың туралы азырақ, жүздеген өзге ұлттар туралы көбірек ойла, соларға қамқоршы бол дегенге дейін бардық. «Общечеловеческий мышлениеде», «планетарный масштабта» сөйле, ойла деген сияқты фәлсафалықты құйдық ұл-қызымыздың құлағына.

Рас, кемеңгер Сағдидың (Саадидің) «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дегені бар. Бірақ ол солай дегенде осы күнгі қазақтарға ұқсап бір-біріңмен орысша сөйлесіп, ағылшынша өлең айт, «ң» дыбысының орнына «н» деп сөйле деген жоқ. Не деген сәйкестік, біз дәл осы жолдарды жазып жатқанда «31 арнадан» жолақыға пайдаланатын «Оңай» картасын «онай» деп хабарлап жатты (11-01.2016)

Біз 25 жыл ішінде өз тілімізді өз елімізде ең басты тілге айналдыра алмай отырғанымызға осының өзі-ақ нақты дәлел бола алар еді. Осындайда еске түседі. Қазақ ешқашан жастардың бір-бірімен таныс-біліс, сырлас, мұңдас болуына кедергі жасамаған. Оның бәрін дәл қазір тізбелеп жатпай-ақ ойын-тойларда қатар отырып ән салып, би билеуін, «отырмақ», «ақсүйек», қыз бен жігіт айтыс сияқты ойын-сауықтар өткізіп отырғанын айтсаңыз да аз болмас. Бірақ оның бірде-бірі бүгінгідей қалың елдің көзінше бір-бірінің аузына желімдей жабысып сүйісу, күйеуге шықпай-ақ балалы болу, әсіресе қыз баланың әдепсіз қылықтар жасауына жол бермей-ақ асқан сыпайы, биік мәдениеттілік жолымен атқарылған. Соның өзінде бүгінде жиі кездесетін қыз қорлау немесе қазір суицид деген ортақ терминге айналған өзін-өзі өлтіру, қандай жоқшылыққа тап болып жатса да тәнін сатып күн көру сияқты адам шошырлық жайттарды ешкім естіген емес. Тіпті, кейбір бай-манаптардың ерке-шолжың деген ұлдарының өзі айдалада тезек теріп жүрген кедейдің қызының жанына келіп неше түрлі әзіл-қалжың айтса да, зорлап кетіпті дегенді ешкім естімейтін.

Иә, шетел саясаткерлері, философтары мен мәдениеттанушылар сұрқиялықпен ойлап тапқан отарлаудың жаңа жымысқы түрі глобализация, яғни, жаһандану заманында мұнай, газ немесе басқа да жер байлықтарыңды сатып ұлтыңды аман сақтап қала алмайсың. Қазақпен тілі, діні, салт-дәстүрі бір, жастарына үйрететін ұлттық тәрбиесі ұқсас өзбек, түркімен, әзірбайжан, татар сияқты түркі тектес ұлттар ең әуелі өз ұлтының аман-саулығын сақтаудың қажетті әдіс-тәсілдерін қатты қолға алуда. Олар жас ұрпағының өзге тілде сөйлеп, өзге елдердің жат та жиренішті мәдениетінен аулақ болуын, яғни, ұл-қыздарының рухани соқырланып, мәдени мүгедектеніп кетпеуін мемлекеттік деңгейде қадағалап отыр. Ал біздің шонжарлар бұл қасіретті қасірет емес мәдениеттің жетілуі, өркениеттілік деп үйрететін сияқты ма деп қорқамыз.

Кеңес өкіметі кезінде «коммунизм құрылысшыларының моральдық кодексі» деген болды. Әрине, қаншама адамгершілікті уағыздаған десек те оның басты мақсаты бүкіл тіршілігіңді, бүкіл қам-қарекетіңді Мәскеудің нұсқауымен ғана атқар дегенге кеп тіреген-тұғын. Аллаға шүкір, біз 25 жылдан бері тәуелсізбіз деп жүрміз. Ол тәуелсіз ел де, ол тәуелсіз жер де ең әуелі қазақтікі. Ендеше, бізге неге осындай ұлттық мәселелерді қамтитын бір заң қабылдау да артық бола қоймас еді ғой. Сонда қазекем бірін-бірі «Валентин күнімен» де, «Татьяна күнімен» де құттықтауды тоқтатар ма еді, кім білсін?!

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 425
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 227
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 254
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 242