Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Билік 4066 0 пікір 15 Ақпан, 2016 сағат 13:37

«ЖҰЛДЫЗДЫ ЖЕМҚОРЛАР» ЖАСАСЫН!..»

(сатира)

Жер жүзін жайпап жеп жатқан, жүйріктігімен жерлестеріне, жұрттастарына жарқын жол жасаған жемқорлар жамағатының жиһанға жұққыш жағымдылығы жайында жалпақ жаһанға жақсылап жарнамалау жайында, жалпы жетістіктері жөнінде жергілікті журналистер жөнді жазбай жүргесін жауапкершілігі жоқ жолдастық Жемқорстан жұртынан жеріне жеткізе жазатын жақсы жазарман жалдады.

Жуырда жеті жұлдызды «Жалмауыз» жемханасында жер-жерден жөнкілген жемқорлардың жеті жүздей жүйрігін жүздестірген жалпы жиналыс жасалды. Жиынға жұтқындарынан жүз жылқыны жұтып жібергенде жұмырына жұқпайтын жебірлер және жұмыртқадан жүн жұлған жылмақай жұтырлар жиналды. 

Жемқорлардың жаңажылдық жоспарын және жылыстаған жылдағы жетістіктерінің жай-жапсарын жиналысты жүргізген жержаһандық  «Жойқын Жемқор» жарысының жеңімпазы Жымқырған Жұтқынбайып желпіне жеткізді.

– Жаңа жылдарыңызбен, жайсаңдарым! Жақсы, жайлы жылда жолыққанымыз жүректі жадыратады. Жалықпастан жарқын жақтарымызды жарқыратып жан-жаққа жарапазандатып жатырмыз. Жеудің жаңа жолдарын жетілдіріп, жүрдек жүйелер жасап, жақын жердегіні жеп жойып, жейбілместердің жанына жақындауға жігері жетпеген жаңа жұрттарға жармасуды жалғастырудамыз. Жамандайтын жағдайымыз жоқ. Жердің жүзіндегіні жайғарып, жуық жылдарда жомарт жер жынысындағы жылы-жұмсақты жаппай жеп жоюға жақындаймыз. Жемқорларымыз жетпіс жеті жұрттың жегірлері жиналатын жылда жүргізілетін жарыста жанына жан жуытпай жекедара жеңіске жетті. Жатқанды, жолыққанды, жыбырлағанды, жүргенді жүгімен, жұмыртқаны жүнімен жейтіндер, жетімдерді жылатып, жоқ-жұқаналардікін жылмағайдай жұтып, жамағатты жындандыруға жақындаттық.

Жалпы жеңістен-жеңіске жетіп жүру жақсы жоралғы. Жоғарылаған жақтарымыз жайлы жалпы жұртқа жетіп жатыр. Жеістпеушіліктер жайында жеткізсем: жүз жылға жетерлік жиғанымыз жүдә жеткіліксіз, жылда жинайтын жарна жағы жарытымсыздау және жапырып жеудің жөнін жаңадан жолға жүріс жасаған жастарға жан-жақты жеткізіп, жәрдем жасау жағы жөнді жүргізілмей жатыр. Жастарды жер жебіріне жетіп жамандаудың жөні жоқ. Жасы жүзге жақындаған Жегенкөп Жұқболмасыптың жолымен жүргендер жақсы жетістіктерге жететінін жатыпішпес жастарға жақсылап жеткізейік! Жемқорлықты жаңғыртар, жақын жылдарда жарқын жетістіктерге жетер жастардың жасауын жабылып жабдықтайық. Жайына жүрген жастарды жемқорлар жамағатына жүргізіп, жемқорлық жұмысқа жегейік! Жаңа жетістіктерге жетейік! Жер жүзінде жемейтін жанға жол жоқ! Жемқорлықты жоюға жұмыстанып жүрген жетесіз желөкпелер жаппай жындыханаға жабылсын!  Жемқорлар жасасын! Жемейтіндер жер жүзінен жойылсын!

Жымқырбай жариянамасы жазылған жазбаны жанқалтасына жұтқызып, жайлап жеріне жайғасты. Жымкеңнің жылы жолдауы жанына жаққан жиналғандар жер жарғандай жамырасып жатты...    

Жиналыс жалғасында жемқорлықты жетілдірудің жаңа жеті жылдық жоспары жайында жиналғандар жан-жақты жаппай жұмыстану, жекелеген жетекші жемқорларға жаңа жүктемелер жүктеу жөніндегі жобаны жарылқап, жоспарға жалғады.  Жиналыс жарыссөзбен жалғасты.    

Жиналыс жабылуға жақындағанда жасалған жағымды жаңалық: жемқорлықты жетілдіруге жағдай жасаудың жаңаша жолдары жайында жарияланған жобалардың жеңімпаздарын және жүлдегерлерін жюри жарылқады. Жақсы жағынан жарқыраған жандардан: Жағымпаз Желбуазып, Жылмаңкөз Жәдігөйіп, Жырбақай Жарымесіп, Жұлыпжер Жұқбасып және жеті жегір «Жұлдызды жемқор» жүлдесін жүрек жағына жапсырды.

Жиналыс жабылды. Жайбарақат жүріске жаны жау жігерлі жастар жағы жиынды жағалаудағы жан-жағы жарқ-жұрқ жайнаған «Жынойнақ»-та жалғастырды.

...Жан-жағыма жанарымды жүгіртсем, жаяу жүрген жан жоқ, жаппай «Жиптеріне» жайғасқан жүздері жарқын жемқорлар жан-жаққа жамырасып жөнеліп жатыр...

(Жалғасы жоқ).

«Жалданып» жазған – журналист Жетекбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар