Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4066 0 пікір 9 Маусым, 2010 сағат 11:32

Бәрекелді! Ділдә әже үш жетімге үй алып берді

(Суретте: Ділда Матайқызының жас ұрпаққа арнап жазған өсиет кітабының мұқабасы)

(Суретте: Ділда Матайқызының жас ұрпаққа арнап жазған өсиет кітабының мұқабасы)

„Жетім көрсең жебей жүр, жақсылығың Алладан қайтады„ дейді атам қазақ. Осы бір тәлімді тәмсілді өмірлік мұратына айналдыра алғандар нағыз ізгі жандар саналады. Әрине, нарықтық заманның заңы осы екен деп байлар тиын санап, кедейлер тек құлқын қамымен жүргенін де білеміз. Дегенмен, арамызда жетім-жесірге қамқорлық көрсетуден бір танбай келе жатқан абзал жанды адамдар аз емес екен.
Көптің құрметіне бөленген ел анасы Ділдә Матайқызы жақында ата-ананың аялы алақаны мен үстіндегі баспанасынан айырылып, орталық мешітті сағалап жүрген алды он төртте, соңы мектепке енді ғана барған, әрі кұрт ауруымен ауырып, өмірден күдер үзе бастаған үш балаға Атырау қаласының «Алмагүл» тұрғын ауданындағы енді ғана пайдалануға берілгелі отырған жаңа үйден пәтер алып беріпті дегенде құлағымыздың елең еткені бар.
- Жамағайын, туысыңыз ба еді?- дейміз біз.
- Жоға, - дейді ол кісі. - Бірде мешітке барып отырсам облыстың бас имамы Нұрлыбек Есмағамбет «Апай, осында үй-күйі жоқ үш бала жүр, әрі ауырады, мүмкіндік болса, қамқорлыққа алсақ қайтеді?» - дегені бар. Мен сол бойда әлгі балалармен таныстым. Аты-жөндері Нұрлан, Айдана, Нұрбол Баймашевтер екен. Міне, содан бері алты айдан астам уақыт өтті. Сексенге келген жасымда біраз есікті қақтым. Ақыры екі бөлмелі пәтер алып бердім.
Біз екінші қабаттағы есікті қағып едік, іштен Айдана қарындасымыздың өзі көрініп, құшақ жая қарсы алды. Сыңғырлаған жаңа пәтер. Едендеріне кілем төселіп, төрде теледидар орын тепкен. Әдемі диван, ағаш керуеттер мен жайылған үр жаңа төсек көрпелер. Ас үйде жиһаз бен тоңазытқыш, ыдыс-аяқ, газ плитасы, тіпті шаңсорғыш, бәрі де ине-жіптен жаңа шыққан күйінде.
- Осының бәрін демеушілер («Голден Игл») арқылы жүзеге асырдық. Таяу арада үйге телефон тартылады. Бұл туралы басшыларымен келісіліп қойылды. Ендігі мәселе, осы балалардың емделуіне қол ұшын берсем бе деп отырмын, - деді Ділдә Матайқызы.
Біз барғанда баланың кішісі Нұрбол мектепте екен. Ең үлкені Нұрлан «Мен қазір лицейде оқып жатырмын. Айына әрбіріміз аз мөлшерде жәрдемақы аламыз. Ділдә әжеміздің мына қамқорлығы бізді үлкен қуанышқа бөледі. Бұл жақсылықты ешуақытта ұмытпаймыз. Жауабымыз - сабағымызды жақсы оқып, тәртіпті болу» - деді.
Ал Ділдә апамыз болса, бұл сөзге мәз болып «Мен Новобогат ауруханасында істегенімде жетім-жесір, тастанды 21 баланың ата-аналы болуы, келешекте үлкен азамат атануына қол ұшымды беріп едім. Енді, міне, тағы да үш балам бар. Олардың «әже» деп құшағыма құлағанының өзі мен үшін үлкен мерей», - деп мәз болды.
Шіркін-ай, осындай жылуды бәрімізге берсе ғой, «жетімдер» деген атаудан да әлдеқашан құтылар едік-ау!

 

Абай-ақпарат

0 пікір