Сейсенбі, 14 Мамыр 2024
Шипагер 4746 0 пікір 22 Ақпан, 2016 сағат 17:18

ХАЛЫҚТЫҢ ЖАНАРЫН ЖАНДЫРҒАН ӨЖЕТ ҚЫЗ

      Бұл сәби өмірге келгенде, әке-шешесі шегі жоқ қуанышта болған. Себебі  үш сәбиінен айрылған анасы, жатса да, тұрса да Алладан жақсы тілектер сұраумен өмір сүрген екен.  Бірақ, бір өкініш, ананың бойын тағы қорқыныш сезімі биледі. Бұл жолы шалажансар нәрестені дүниеге әкелді... Тағы шетінеп кете ме деп, ана байғұс аласұрды. Екі келіге жетпейтін шақалаққа қарап:

 - Анаңды жылата көрме,- деп егілді. Үлкендер жағы басу айтқанымен, келіншектің көзінен ыстық жастар моншақтап төгілді.

     Оны көріп көрші әжей: « Әрі кеткенде екі күн күтесің, айналайын. Егер сол күндерді жеңіп шықса, қызың маңдайы жарқыраған бала болады» -деді. Келіншектің "әумин" деуге ғана шамасы жетті.

 Шала туылған сәби көзін ашқанда үй-іші қуанып сала берді.

 -Тұрсынгүл болсын бұл бала! Енді ештеңеден қорықпауға болады! Әлі-ақ соңынан іні-сіңлілер ереді. Қызыңның маңдайы жарқырап тұр, халықтың қызы болады, -деп ауылдың ақсақалдары батасын берді.

Иә... жылдар өтті, ал үлкендердің айтқан тілектері қабыл болды. Тұрсынгүлдің соңынан бір емес, бес бауыры еріп, дүниенің есігін ашты. Ал өзі өте пысық, оқуда озат, алғыр болып өсті. Анасы қызын жұрттың қыздары секілді шолжаңдатып өсірмей, кішкентайынан үй шаруасына араластырды. Таңғы сағат 6 болмай тұрып, сиыр сапы, текемет басып, кілем тоқып, кесте тігіп отырғанын көрген ауыл әжейлері сүйсініп жүретін. Әйтсе де ақылды, әрі қатал шешесі одан бетер қызын ширата түсті. Күннің батарын Тұрсынгүл елден бетер күтетін. Себебі, күндіз кітап қарауға уақыты жоқ ол, түнде көрпенің астында фонарикпен аш балаша жасырынып оқитын. Әжесі марқұм қанша ұрысса да, кітапты жасырып оқуын ешқашан қойған емес. Түнде оқыған кітабының кейіпкерлерін есіне түсіріп жүріп, ыңылдап әжесінің берген үй шаруасын әп-сәтте жасап тастайтын.

Оқуға да, үй шаруасына да пысық қыз, өзімен қатарлылардың алдында озық жүрді. 9 жасынан бастап мектептегі ең қиын пәндерден оқушылар қашса, тұлымшағы желбіреген қыз математика, химия, биологиядан әртүрлі республикалық олимпиадаларға қатысып, бірінші орынсыз қайтпайтын. 

Төртінші сіңлісін дүниеге әкелгенде, анасының бір көзі көрмей қалды. Дәрігерлердің қателігі де болғаның қазір түсінікті- өйткені алыстан көрмеушілігі бар әйелге бала тумауын ескертпеген еді.

Ал оныншы сыныпта оқып жүргенінде әкесінің бір көзі суқараңғыдан  мөлдем көрмей қалғанда, Тұрсынгүлдің өмірге деген көзқарасы бірден өзгерді.

 Сол кезде мұндай сырқатпен ауыратындарға Мәскеуде ғана ота жасайтын. "Егер екі көзім суқараңғы болса, ешкімге масыл болмай, өзімді атып тастаймын" өте намысшыл әкесінің сөзінен кейін, қызында болашақ мамандық тандау бойынша ешқандай сұрақ қалмаған.

Ендігі оның мақсаты - көз ауруларын емдеу болды. Күндіз-түні кітапханалардан шықпай, суқараңғы ауруын зерттеді. Арман қуалап Алматылық медицина институтының 3-ші курсынан бастап,  Көз аурулар ҒЗИ –на ота жасайтын бөлмені аңдып жүреді. Есік жабық болса, алдын-ала терезеден ұрланып кіріп, сол кездегі мықты дәрігерлерден білмегенін үйренді.

29 жасында әкесі кенеттен қайтыс болғанда, отбасының бүкіл ауыртпашылығы енді өзіне түскенін Тұрсынгүл білсе де, мойымады. Әсіресе, анасының жүрегі кенеттен тоқтағанда, жұрт секілді сасқалақтап қалмай, бірден жүрегіне шаншу салып, өлімнен алып қалды.

      Көп ұзамай анасы қант диабетімен ауырып, бір аяғын кесуге тура келгенде: «Сонау жолы енеммен сәлемдескізбей, әкеңмен кездестірмей, шашымнан тартып, ауыртып суырып алдың,- деді шешесі. Енді мені қинамай жіберші, - деді. Анасын о дүниеге жібергісі келмесе де, амал жоқ айтқанына көнді. Кесілген аяғынан айрылғысы келмеген ақ шашты әзиз анасының аманатын да орындады. Осылайша, төзімді бола білген келіншек, Тұрсынгүлдей қызының көптеген жетістіктерін көре алмай кетті. "Әттеген-айы" көп жалған өмір-ай…

    Бір кездері дүниенің есігін ашқанда, "халықтың қызы болады" деген ауыл ақсақалдарының батасы дәл келді. Тұрсынгүл Көпжасарқызы, Ботабек атасының есімін халыққа кеңінен танытты. Бүгінде бұл кісіні білмейтін қазақ жоқ. Қазақстан Республикасының бас офтальмологі, Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, медицина ғылымының докторы, профессор. Ғылым қызметкер және офтальмолог маман ретіндегі ықыластарының арасында бала кезіндегі танымал суқаранғы, алыстан көрмеушілік, жастық макулярлы дегенерация, диабеттік ретинопатия, шала туылған нәрестелердің көру қабілетін сақтап қалу, т.б. көптеген мәселелер.

Талай адамдардың сәулесін жандырғанда үлкен қариялар риза болып:

 -Шырағымды сөндірмей, қос жанарымды қайта бергеніңе көп рақмет, айналайын, -дегенде, өзінің бір кездері әке-шешесінің Бор көзі суқараңғы болғаны есіне түсіп кетеді. Іштей қапаланады. Дәл сол кездері асқар таудай әкесі мен аяулы анасына араша болмағанын ойласа, өзегін өртенгендей болады.

 Бір өзінің басында қаншама атақ, марапат болса да, Тұрсынгүл Көпжасарқызы - өмірде өте қарапайым жан. "Тектен нәр алған тозбайды" деген осы екен-ау дедім, алғаш көргенде апайыммен әңгімелесіп отырып. Үш сағаттық сұхбаттасқанымда, көңілім жадырап, бойыма қуат алғандай, әрең дегенде құшақтасып қоштастым.

 

Бибігүл ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1983
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2390
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1951
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1574