Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Мәселенің мәні 5579 0 пікір 24 Ақпан, 2016 сағат 08:55

МҮЛІКТІ ЖАРИЯЛАУ 95 ЕСЕГЕ АРТТЫ

                   ОҒАН  СЕБЕП - ЗАҢДАҒЫ ЖЕҢІЛДІКТЕР МЕН КЕПІЛДІКТЕР

Қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша мүлікті жариялауға байланысты  науқан қызу қарқын алды. Сондықтан да мүлікті жариялаудың тиімділігін түсінген мүдделі адамдар саны да күн санап артып келеді. Атап айтсақ, 2015 жылы Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментіне мүлікті жариялауға байланысты 12 ғана өтініш түсіп, нәтижесінде 808 миллион теңгенің мүлкі жария етілген болатын. Ал енді үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап 19 ақпанға дейін мүлікті жариялауға байланысты түскен өтініштердің саны 96-ға жетті. Оның ішінде 86 өтініш бойынша  жариялау жөнінде шешім шығарылды. Нәтижесінде 76,6 миллиард теңгенің мүлкі жария етілді. Аталған соманың ішінде 73,5 миллиарды ақша, 835,6  миллион теңге шетелдегі жылжымайтын мүлік, 2.2 миллиард теңге заңды тұлғаның жарғылық қорындағы үлесі, 127,5 миллион теңге коммерциялық обьектілер болып табылады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 95 есеге артық.

Міне, мүлікті жариялауға байланысты 50 күнтізбелік уақыттың ішіндегі көрсеткіштер  өткен бір жылмен салыстырғанда 95 есеге артып отыр. Оның себебі неде, соған тоқталайық. Бұның бәрі мүлікті жариялауға байланысты процедуралардың жеңілдетілгендігінен. Мысалы, ақшаны, Қазақстан территориясындағы және шетелдегі, сондай-ақ басқа біреудің атына ресімделген  жылжымайтын мүлікті жариялауға байланысты көптеген шектеулердің алынып тасталуы және құжаттардың азаюы  мүлікті жария етуші субьектілерге жаңа кеңістік ашты. Атап айтсақ, мүлікті жариялауға байланысты ескі заңда мүлікті жария ету үшін субьект ақшаны екінші дәрежедегі банктегі есепшотқа салып, оны бес жылға дейін сақтауға міндетті болатын. Егерде бес жылдан бұрын алатын жағдайда, есепшотта жатқан жалпы сомадан 10 пайыздық алым алынатын. Қазіргі заңның жаңа редакциясында бұл шектеу алынып тасталды. Және де ақшаны банкке салу арқылы жария еткен жағдайда 10 пайыздық алым алынбайды. Сонымен қатар субьект ақшаны жария еткен күннен бастап есепшотта жатқан ақшаны қайтадан шешіп алуға, бизнеске салуға, мүлік сатып алуға, т.б. құқылы. Міне, сондықтан да жария етілген мүліктің 96 пайызын ақша құрап отыр. Бұған қоса субьект шетелдегі жылжымайтын мүлкін жария еткен жағдайда, жария етілетін мүлкінің құнын өзі анықтайды. Бұл да керемет жеңілдік, әрине.  Жалпы, мүлікті жария етуге байланысты әңгіме қозғалған кезде кейбір субьектілер (адамдар, жекелеген тұлғалар) аталған заңның шынайы мазмұны мен негізгі мақсатына жеткілікті мән бере бермеді. Бұл заңды шығарудағы негізгі мақсат – осы уақытқа дейін көлеңкелі бизнеспен айналысып, заң жолынан ауытқыған субьектілерге қаржысы мен жылжымайтын мүлкін жария етуге мүмкіндік беру арқылы заңдастыру болып табылады. Яғни, өткенге кешіріммен қарап, болашаққа деген сенімді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан да мүлікті заң жолымен жария еткен субьект болашақта әртүрлі жағдаймен қылмыстық жауапкершілікке тартылған жағдайда, оның жария еткен мүлкі қылмыстық істің обьектісі ретінде қаралмайды және сот шешімімен тәркілеуге жатпайды. Мысалы,  құқық қорғау органының қызметкері болашақта мүлкін жария еткен субьектіні пәре алу жағдаймен қылмыстық жауапкершілікке тартты делік. Қылмыстық істі жүргізу және процессуальдық шешім қабылдау барысында  тергеуші мүлікті  жария етуге байланысты ақпаратты негізге алатын болса, онда оның жауапкершілігі лауазымды тұлға ретінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361 бабымен (Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) қаралады. Бұл бапта қолданылатын жаза тым ауыр. Атап айтсақ, мүлікті тәркілеумен, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойы айыра отырып, төрт жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бұған қоса, мүлікті жария етуге байланысты субьектілердің құқығын қорғау мақсатында аталған кодекстің 362 (Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану), 365 (Заңды кәсіпкерлікке кедергі жасау) бабтарына да тиісті өзгерістер енгізілді. Міне, сондықтан да көпшілікті алаңдататын мүлікті тәркілеу мәселесіне байланысты қорқатын ештеңе жоқ.

Мүлікті жария етуге байланысты тағы бір ерекшелік – он пайыздық алымның тек ақшаны декалартивті түрде  және шетелдегі жылжымайтын мүлікті жария еткен кезде ғана алынатындығында болып отыр. Кейбір адамдар әлі күнге дейін мүлікті жария еткен жағдайда мүліктің барлық түрінен 10 пайыздық алым алынады деген теріс түсінікте жүр. Әрине, олай емес. Осы орайда, ақшаны декларативті түрде жария еткен жағдайда 10 пайыздық алым қалай  алынатынын еске салып өткен орынды шығар. Декларативті түрде жария ету дегеніміз – жария ететін ақшаны екінші дәрежедегі банкке салмай-ақ, мемлекеттік кірістер органына  арнайы декларация тапсыру жолымен жүзеге асырылады. Яғни, шетелде жатқан немесе қолыңыздағы қолма қол ақшаны банкке салу арқылы ашық көрсеткіңіз келмесе, онда мүлікті жария етудің декларативті түрін қолдануыңызға болады. Бұндай жағдайда банкке арнайы декларацияда жария етуге байланысты көрсететін ақшаның 10 пайызы төленеді. Содан кейін субьектінің тиісті өтініші, 10 пайыздық алым төленген түбіртек және арнайы декларация тұрғылықты жер бойынша мемлекеттік кірістер органына тапсырылады. Барлық тиісті құжаттар мен процедура осы ғана. Тиісті құжаттарды қабылдағаннан кейін   мемлекеттік кіріс органы бес күн ішінде өз шешімін шығарады. Ал бұрынғы талап бойынша  шешім шығару уақыты арнайы комиссия арқылы 30 күн болатын.

Мүлікті жариялауға байланысты тағы да бір ескерте кететін жағдай – 2017 жылдан бастап жалпылама  декларация тапсыру науқаны басталады. Декларация тапсырып көрмеген субьектілер оның жауапкершілігіне терең мән бермей жүруі мүмкін. Сол кезде кіріс пен шығысты қосқандағы әрбір тиын үшін жауап беруге тура келеді. Ал мүлкін заң жүзіндегі жариялаған адамдарға «Қайдан алдың?», «Қандай ақшаға сатып алдың?» деген сұрақтар туындамайды. Сондықтан да ертеңгі күннің қамын бүгіннен ойлаған абзал.

Бекен Нұрахметов,

Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстары басқармасының бөлім басшысы.

Abai.kz

 

 

 

0 пікір