Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Осы ғой енді... 7244 0 пікір 18 Қыркүйек, 2015 сағат 08:28

СӘУЛЕГЕ ТЕПЕРІШ КӨРСЕТКЕН КІМ?

Талантты жанның жолы қашан да жеңіл боп көрген емес. Өзі өскен ортасынан дараланып, оқ бойы оза шауып, елінің маңдайына басқан тұлғаға айналу оңай болған ба?! Сондықтан да дарындардың өмірі қиындықтар мен күреске толы болатыны ақиқат.

 

Өйткені, олардың ұлтына сіңірген еңбегін көзі тірісінде ешкім бағаламайды. Қайта олардың жанын шабақтап, соңынан ит қосып қууға құмар. Кейбір өнерді  материалдық игілік көзі деп ойлайтын тоғышарлардың сол дарын иелеріне жаратушы берген ұланғайыр талантты қызғанып, жолын кесетінін, өздерінше «елемей өлтіруді көздейтін» мысық пиғылдарын көріп те, куә болып та жүргеніміз рас. Тек сол жайларға мән беріп, халыққа жеткізе алып жүрміз бе? Әңгіме осыған тіреледі.

Иә, талантқа енші ғып берген тағдыр өте күрделі. Және ол негізінен ащы шындыққа құрылады. Сол кермек дәмді таңдайымызда татып көрмегендіктен шығар, көбінесе арзан, жел сөзге, әсіре қызылға құмармыз. Шындықты шырқыратып айту қолымыздан келмей жүргені де жасырын емес. Өзі ғасырда бір-ақ рет туатын, ұлттың маңдайына біткен дара тұлғалар болады. Одан қазақ халқы кенде емес. Бірақ, сол тұлғаларды қашан бағаладық?! Олардың жүрегіндегі алтын көмбені ақтаруға мұрша бердік пе өзі?! Осыған келгенде күмілжиміз.

Мәселен, мен күй анасы Дина Нұрпейісованы айтқанда көз алдыма әнші Сәуле Жанпейісованы елестетемін. Сонау Нарын құмынан Алматыға күйші Смағұл Көшекбаевтың қолқалауымен барған Дина анамыз өмірінің соңында туған жерге деген құсалықтан жанына дерт жамағанын біреу білсе, біреу білмес. «Шіркін, Бәйбектің құдығынан су ішіп, шөлімді бассам, топырағына табанымды тигізсем, арманым бар демес едім» деп күңіренген екен. Сол сияқты Сәуле де Атырауда Дина Нұрпейісова атындағы музыка академиясында басшы болған кездерінде «Тараздың топырағына, туған жеріме пайдамды қалай тигіземін?» деп толғанатын. Кейін Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясында кафедра меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып жүрген кезінде Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Бозымбаевтың шақыруымен Жүсіп Баласағұн атындағы Жамбыл облыстық филармониясына директор болып келді.

Әлбетте, қазақтың маңдайына біткен талантты әнші талай-талай шетелдерге шығып, әлемнің ең таңдаулы сахналарын көрген болатын. Сондықтан, жаңа қызметіне өз биігінен, өзінің жоғары талғамы мен талабы деңгейінен қарады. Көптеген мақсаттар қойды алдына. Иә, ұжым соңғы жылдары елдің алдына шыға бастады. Жанпейісованың жанқиярлық еңбегі далаға кетпеді. Еліміздің бас қаласы Астанада концерт беріп, бүкіл Қазақстанды елең еткізді. Алайда, бұл кейбіреулерге жақпады. Бәлкім оларға Сәуле Жанпейісованың жаңа қырынан, басшылық талантымен елді табындырғаны жақпаған болар. Талантты жанның бар іске де өз дәрежесінде іскерлікпен ден қоятынын Сәуле осы жолы барша жұртқа мәлім етті. Сондай-ақ, соңғы кезде композиторлық шабыты оянып, Төлеген Айбергеновтың, Маралтай Райымбектің өлеңдеріне әуен жазды. Ол тек Батыстың дәстүрлі ән мектебінің туындыларын ғана репертуарына енгізбейді. Сәуленің орындауында Арқаның әндері, қазақ композиторларының әндері, эстрадалық әндер өзгеше түрленіп, құлпырып кететінін өнерсүйер қазақ баласы білетіні анық. «Сәуле тек Батыстың әндерін орындаушы»дегендер оңбай қателеседі. Ол қазақ халық композиторларының бәрінің әнін шырқауда. Оның орындау шеберлігінде мін жоқ.

Сәуле Жанпейісоваға облыстық филармонияның директорлығы керек те емес, ал, филармонияға Сәуленің керек екенін көзі қарақты оқырман сезетін шығар. Осы тұрғыдан алғанда, сот шешімін желеу етіп оның лауазымдық орнына шүйліккендердің соншалықты ішмерез, дүмбілездігіне қайран қалмасқа амал жоқ. Құлагерге балта сілтеген тоғышар пенделер сияқты, олардың да тарихта аты қалатыны кәміл. Сонда қазақтың күміскөмей әншісі, дара туған Сәуле Жанпейісованы қудалаған деген атпен қалу – олардың ұрпағына оңай тимейтін ауыр жүк. Осыны ойласа нетті?! Өмір бір орында тұрмайды. Бүгінгі материалдық дүние мен лауазым-мансап үшін ертеңгі рухани өнер мұрасына айналар тұлғаға қастандық жасау – барып тұрған тұрлаусыздық. Бір кезде Күләш Байсейітованы Қытайға жібермеу үшін жанталасқан, оның үстінен арыз жазып, жүрегіне жүк түсірген жандардың бүгінгі халін көз алдарыңызға елестетіп көрдіңіздер ме? Иә, олар да талантты жандар, олардың да қазақ өнеріне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Алайда, Күләш сияқты қазақтың біртуар қызына жасаған адамгершілікке жат қылықтары өмір бойы өкінішке айналып, өзектерін өртеген де шығар-ау! Оларды біз атамай-ақ қояйық, алайда ар алдында тыныш ұйықтай ала ма өздері?! Қазіргі таңда Күләш туралы жазылған кітаптар, түсірілген фильм бар. Әсіресе, жазушы Сара Латиеваның «Бұлбұлы» ол туралы оқыған жанға көп дерек берері даусыз. Біз тарихтың осындай тұстарынан сабақ алуымыз керек. Тарих – шыншыл, әділетті. Ол болашақ ұрпақтың алдында бар шындықты жайып салғанда бетіміз аймандай болмасын, ұрпағымыз біз үшін ұялмасын.

Сәуле Жанпейісова да –  Күләш пен Дина сияқты қазақтың рухани мұрасы. Халық өнерін ертеңге жеткізуші, таңдайынан бал тамған әнші, көкірегінен бұлбұл ұшқан композитор.

Халық Сәуленің әндеріне ғашық. Оны таңды таңға ұрып тыңдауға әзір. Неге дейсіздер ғой?! Өйткені ол ешқашан фонограмма дегенді жасатпаған, қай сахнада да қазақтың қасиетті қоңыр домбырасының үнін асқақтатып, Жасаған берген даусымен халық алдына шығатын әнші. Өйткені ол халықпен тығыз байланыста, қарапайым, кейбір фонограммамен айтатын әншілердей «жұлдыз» дертіне шалдықпаған хас талант. Сондықтан, «Айқын» газетіне шыққан әнші туралы мақалаға үн қосуды өзіме парыз деп санадым. Ақ Жайық жағасындағы ел-жұрт Сәуленің дауысына іңкәр, мінезіне тәнті. «Әншімін, танымалмын» деп асқақтамай, «ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, ата-анадан алған тәрбиені қанмен сіңген бойындағы қасиетіне ұштастырып, халқына қалаулы боп жүрген қазақтың Ұлы әншісін тек биіктен көргіміз келеді. Ұлының ұлы екенін мойындап, жанына жалау болып, көңіліне қанат бітіру — баршамыздың парызымыз. Осыны ұмытпайықшы. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда бір-бірімізге тілеулес боп жүргенге не жетсін?!

Екі Кенен тумайды,

Алатауға ексең де» деген өнер дүлділі Кенен Әзірбаев та осындай теперіштерді көріп, назаланып айтты ма екен, жарықтық?! 

 

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,

Атырау  

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 96
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 46