Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 6175 0 пікір 22 Қыркүйек, 2015 сағат 11:32

ТІЛІМІЗДІҢ ӨРКЕНДЕУІНЕ АТА ЗАҢ КЕПІЛДІК БЕРУІ КЕРЕК

«Толғауы тоқсан қызыл тіл, сөйлеймін десең өзің біл» деп сөзге тиек салдық. Тіл тағдыры – тұтас ұлттың тағдыры. Ұлт ұстазы  Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» десе, Мағжан Жұмабаев: «Тілсіз ұлт, тілінен айрылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ» деген екен. Бір ғасыр бұрын айтылған Алаш арыстарының құсни сөздері дәл бүгінгі заманның да тамыр бүлкілін дөп басып тұрғандай.

Қазақстан Республикасының Ата заңы мемлекеттік тілдің жоғары деңгейде қолданылуына кепілдік береді. Ата Заңның 7-бабында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тілдің қазақ тілі екені, мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайтыны нақтыланған. Осы баптың екінші тармағында мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады делінген. Егер заңның мәтініне зер салсақ, мемлекетімізде мемлекеттік тілмен бірге орыс тілі де қолданылатыны айтылған. Заңның осы тармағын бұралаң түсініп, теріс қолдануға тырысатын адамдар да бар. Заңның бұл талаптарын тең дәрежеде теңестіріп қарауға болмайды. Заңның негізгі талабы мемлекеттің тілі қазақ тілі болғандықтан ең бірінші осы норманы басшылыққа алып нақтылы қолдануымыз қажет. Нақтырақ айтқанда, Конституциямызда айқындалған «мемлекеттік тілмен қатар орыс тілі ресми тіл болып табылады» деген норма бастапқы мағынасындағыдай айбарлы рөл атқармайтынын түсінгеніміз жөн. Ата Заңымыздың қабылданған уақытын ескеріп, сол кездегі жағдайларға тереңірек үңілер болсақ, буыны жаңа қатайып келе жатқан мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, қазақ ұлтының санының аздығы осы заңның кеңірек пайдаланылуына, құқықтық нормасының жоғары қолданылуына итермеледі. Ал, қазіргі жағдай басқаша. Еліміздің демографиялық жағдайы түзеліп, қазақтың саны 68 пайызға артты. Ана тіліміздің қолданылу аясы кеңейіп, мемлекетіміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілі болып күн сайын әлеуеті айбынды асқақтап келеді. Сондықтан конституция заңдағы нормаларды қолданғанда заңды нақтылы түсініп, қолданысқа шығару міндет.

«Тіл туралы» заңның 4-бабында: «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» - деп атап көрсетілген. Десек те, айдың күннің аманында, тәуелсіздігіміздің 24 жылдығында тіл тағдырын қиянатқа, додаға салуды тоқтатпай келеміз. Тіл саясаты кез келген мемлекеттің ұлттық тағдырын шешетін киелі құбылыс. Ал, бабалар тілінің тегеурінін алға жылжытпай отырған мәселелер бізде әлі де азаяр емес. Мәселен, 2015 жылдың 1-жартыжылдығында Астана қалалық сотындағы кіріс құжаттары 16 мың 417 оның ішінде 8 мың 930 қазақ тілінде, шығыс  құжаттар 16286 оның 12 мың 716 мемлекеттік тілде жүргізілген. Бұл келіп тіркелетін құжаттардың қазақ тіліндегі үлес салмағы шығыс құжаттарына қарағанда кем екенін көрсетеді. Яғни, басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдардан келетін құжаттар мемлекеттік тілде аз түсетінін дәлелдейді. Ал, бірінші жартыжылдықта елордалық соттармен 5095 іс мемлекеттік тілде қаралған.

Осыдан бірер жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен барлық орталықтар, жергілікті атқарушы және жоғарғы билік органдары,  Президент әкімшілігі, Парламент, Үкімет, Сот, Ішкі істер, барлық құқық қорғау органдары іс қағаздарын кезең кезеңімен мемлекеттік тілге көшіруі тиіс еді. Бірақ, іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру ахуалы барлық жерде ақсап, күрделі күйінде, аудармашылардың ығында қалып отыр. Абай бабамыздың: «Айтушы мен тыңдаушы көбі надан, бұл жұрттың сөз танымас бір парасы» дегеніндей, құзырлы органдарымыздың қазақ тілінде сөйлеуде әлсіздік танытатындығы қынжылтады.  

Сот ісінің мемлекеттік тілдегі үлес салмағының төмендігін түсіндіріп өтсем. Қылмыстық процестік кодекстің 30-бабында «Қазақстан Республикасында қылмыстық сот iсiн жүргiзу қазақ тілінде жүргiзiледi, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тiлдер де қолданылады» делінген. Қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе басқа тілдерде жүргізу қажет болған кезде сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы шығарады. Iс бойынша iс жүргiзiлетін тiлдi бiлмейтiн немесе жеткiлiктi түрде бiлмейтiн iске қатысатын адамдарға ана тiлiнде немесе өздері бiлетiн басқа тiлде мәлімдеме жасау, түсiнiктемелер және айғақтар беру, өтiнiшхаттар мәлімдеу, шағымдар келтіру, iс материалдарымен танысу, сотта сөз сөйлеу, кодексте белгiленген тәртiппен аудармашымен қамтамасыз етiледi.

Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысатын адамдарға істің олар үшiн қажеттi, басқа тiлде жазылған материалдарын қылмыстық сот iсiн жүргiзу тiлiне аудару тегiн қамтамасыз етiледi. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу тiлiн бiлмейтiн адамдар үшiн құжаттардың сот iсiн жүргiзудiң осы адамдар таңдаған тiлiнде жазылған, куәландырылған көшiрмесi қоса беріледi.

Азаматтық іс жүргізу кодексінің 14-бабында азаматтық істер бойынша сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілмен орыс тілі немесе басқа тілдер бірдей қолданылатыны айқындалған. Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап арыз берілген тілге қарай сот ұйғарымымен белгіленеді. Сол бір азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады. Егер істі бірінші сатыдағы сотта қарауға дайындық барысында талапкердің өз өкілі талап арыз берген тілді білмейтіндігі анықталса, онда сот талапкердің жазбаша өтінішхаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады. Іс жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жөнді білмейтін іске қатысушы адамдарға сотта ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен жауап беру, өтініш білдіру, шағым жасау, іс материалдарымен танысу, сотта сөйлеу құқығымен қамтамасыз етіліп, аудармашы беріледі.

Азаматтық сот ісін жүргізуге қатысушы адамдарға басқа тілде жазылған істің заң бойынша қажетті іс материалдарының сот ісін жүргізу тіліне сот тегін аударып беруді қамтамасыз етеді. Сот процесіне қатысушы адамдарға сотта сөйленген сөздің басқа тілде айтылған бөлігін сот ісін жүргізу тіліне тегін аударып беру қамтамасыз етіледі. Іске қатысатын және сот ісін жүргізу тілін білмейтін адам істен керекті құжаттарды алып беру туралы жазбаша түрде мәлімдеген кезде, сот актілері оған ана тіліне немесе ол білетін басқа тілге аударылып табыс етіледі. Міне, осы заңдылықтар мемлекеттік тілде неге толық іс жүргізілмейді дейтін уәждерде толық жауап береді. Бұл адам құқықтарының жоғарғы хартиясы яғни, адам құқықтарының ең биік өлшемдері болып табылады. 

Туған тіліміздің тағдыры өз елінде, өз жерінде таразыға түспеуі тиіс. Тіл тағдырының шешілмей тұрған күрмеуі, қиын тұстары әлі де жетерлік. Сондықтан біздің қоғамдағы тілдің мәселесі тек сот органдары жүйесін емес, барлық саланы қамтығанда ғана дамып, өркендейтін болады.

Ботакөз Баянова,

Астана қалалық сотының Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы

Abai.kz

 

0 пікір