Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 5364 0 пікір 28 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

ОҚО: АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІ ҮНДЕУ ЖАРИЯЛАДЫ

Қарт адамдарды әлеуметтiк қолдау айлығын өткiзу туралы ардагерлер ұйымдарының, атқарушы органдардың басшыларына және

кәсiпкерлерге ардагерлердiң Орталық Кеңесiнiң

ҮНДЕУI

Қымбатты қауым!

1 қазан – халықаралық Қарттар күнi. Бұл күндi бүкiл прогресшiл адамзат атап өтедi.

Бұл аға ұрпақтың қаһармандығына зор алғыс бiлдiрумен бiрге оларға шынайы назар аударылатын күн. Тұрмысының жайлы болуына көмектесiп, нақты қолдау жасалатын күн. Бiрақ бұл бiздiң парызымыздың азғантай ғана бөлiгi.

Бiздiң аталарымыз бен әкелерiмiз Ұлы Отан соғысы жылдарында қираған шаруашылықтарды қалпына келтiруге, жаңа өнеркәсiп орындарын салуға, жас ұрпақты тәрбиелеуге зор еңбек сiңiрдi. Жарқын болашаққа сенудi, тәртiптiлiк пен әдiлеттiлiктi бағалауды, сабырлылық пен еңбексүйгiштiктi үйреттi.

Қазақстанда қарт адамдардың материалдық, әлеуметтiк жағдайын жақсартуға, тұрмыс сапасын арттыруға үлкен көңiл бөлiнiп келедi. Мұндай iзгiлiк шаралары Ұлы Жеңiстiң 70 жылдығына дайындық және оны мерекелеу кезiнде айрықша көрiнiс тапты.

Соңғы жылдары ардагерлер ұйымдарының бастамасымен елде қарт адамдарды әлеуметтiк қолдаудың айлығы өткiзiлуде. Қазан айындағы мерекеге орай ұйымдастырылатын шараларда ең алдымен аға буынның қоғамға сiңiрген еңбегiн қастерлеу, беделiн биiктету, сондай-ақ, қарттарға көңiл бөлiп, жан-жақты көмек көрсетудiң шынайы үлгiсi көрiнiс табады.

Өткен жылғы айлық барысында 17 мың қайырымдылық iс-шарасы өткiзiлгенiн, оған 800 мың адам немесе зейнеткерлердiң 40 пайызының тартылғанын, ал, есептелген тiкелей материалдық көмек 3 млрд. теңгенi құрағанын айтсақ та жеткiлiктi болар. Оның iшiнде Оңтүстiк Қазақстан облысында 619 қайырымдылық шарасы өткiзiлiп, оған 24416 зейнеткер тартылып, 192 млн. теңгеден астам материалдық көмек көрсетiлдi.

Қарттарға жұртшылықтың назарын аудару, қарт адамдардың iсiне әлеуметтiк қатысуды қалыптастыру, ұрпақтардың ынтымағын нығайту мақсатында ардагерлердiң Орталық Кеңесi Қазақстан Республикасының ардагерлер ұйымдарына, атқарушы органдардың басшыларына, кәсiпкерлерге, егде жастағы азаматтарға моральдық, әлеуметтiк-тұрмыстық және басқа да қажеттi көмек көрсету бойынша биылғы қазан айында дәстүрлi айлық өткiзуге үндеу жариялайды.

Күрделi экономикалық ахуалға байланысты биылғы айлықтың өзгеше жағдайда өтетiнiн сезiне бiлу керек. Сондықтан осы күнге орайластырылған iс-шарада ардагерлер ұйымдарының құрылымдары, әкiмдiктер, халықты әлеуметтiк қорғау, денсаулық сақтау органдары, қоғамдық және қайырымдылық қорлары ұйымдары, кәсiпорындар, мекемелер бiрiншi кезекте аз қамтамасыз етiлген, жалғызбасты және сырқат азаматтарға көмек пен қолдау көрсетулерi керек. Шектеулi ресурстар мен мүмкiндiктер оларға ауадай қажет жерлерге бағытталуы тиiс. Әсiресе, қуаты азайған зейнеткерлерге күтiм жасау, олардың баспанасын және аулаларын жинау, қысқы отынын дайындау мәселесiнде әлеуметтiк және волонтерлiк көмектi күшейту маңызды.

Қарт адамдар үшiн ардагерлер ұйымдары мен билiк органдары тарапынан қамқорлық пен көмек көрсетудiң, олардың сiңiрген еңбектерiн бағалаудың, құрмет көрсетудiң маңызы зор. Алдағы айлық барысында негiзiнен осыған баса назар аудару керек.

Бiз қарт адамдарға өткен жылдардағыдай зор көңiл бөлiнетiнiне, оларға қолдау көрсетiлетiнiне, ал, олардың мемлекеттiң нақты мүмкiндiктерiне түсiнiстiкпен қарайтынына сенемiз.

Үндеу 2015 жылғы 18 қыркүйекте Оңтүстiк Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесi төралқа мәжiлiсiнде қаралып, қуатталды.

Abai.kz

0 пікір