Сенбі, 15 Мамыр 2021
Билік 3056 0 пікір 7 Қазан, 2015 сағат 14:39

ОҚО: ЕҢБЕК ЕРЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ГҮЛЗАР САЛУ ҚАЖЕТ

Шымкент қаласында Еңбек Ерлерiне арналған гүлзар салынуы қажет, - деп хабарлайды "Оңтүстік Қазақстан" басылымы.

Бұл облысымыздан шыққан Қазақстанның Еңбек Ерлерi мен Социалистiк Еңбек Ерлерiне көрсетiлген құрметiмiздiң белгiсiне және жас ұрпақты еңбексүйгiш етiп тәрбиелеуiмiзге ықпал ететiн орынға айналуы тиiс. 1 қазан – Халықаралық қарттар күнi мерекесiне орай облыстық ардагерлер кеңесiне ат басын бұрған облыс әкiмi Бейбiт Атамқұлов осылай дедi.

– Дәстүрлi қазақ отбасында жастардың тәрбиесiмен көбiне ата-әжесi айналысатын. Немерелерi олардың өмiрлiк тәжiрибесiнен тәлiм алып, соларға қарап бой түзейтiн-дi. Атасы мен әжесiнiң тәрбиесiн алған бала бiр жағынан еркiн ойлы, көркем мiнездi болса, екiншi жағынан шыншыл әрi еңбекқор болып өсетiн. Өкiнiшке қарай, қазiр осынау ұрпақтар сабақтастығы әлсiрей бастады. Әсiресе, қалалы жерлерде балалар ата-әжесiн өте сирек көрiп өсуде. Дегенмен, олар да аға ұрпақтың адамгершiлiк, отансүйгiштiк қасиеттерiнен, жанкештi еңбегiнен хабардар болуы тиiс. Еңбек Ерлерi гүлзары жастарға осындай тәрбие беруге ықпал етедi, – деген Бейбiт Бәкiрұлы аталған гүлзардың жобасын әзiрлеудi Шымкент қаласының әкiмi Ғабидолла Әбдiрахымовқа тапсырды.

Ардагерлер кеңесiне келген облыс басшысын Ұлы Отан соғысының ардагерi, бүгiнде 93 жасқа келген Қаратай Төлеубеков пен Социалистiк Еңбек Ерi Боранбек Шүкiрбеков бастаған ақсақалдар, еңбек ардагерлерi, өңiрдiң зиялы қауым өкiлдерi күтiп алды. Өңiр басшысы ақсақалдардың қолын алып, мерекелерiмен құттықтады. Аға буын өкiлдерiне туған жердi көркейтуге қосқан үлестерi үшiн алғыс айтып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тiледi.

Мұнан кейiн Бейбiт Атамқұлов қарттар күнi мерекесiне орай ұйымдастырылған «Қарттарын қадiрлеген ел ардақты» атты «Дөңгелек үстел» мәжiлiсiне қатысты. Жиында аймақ басшысы әлеуметтiк мәселелердi көтерген ел ағаларымен еркiн сұхбаттасып, пiкiр алмасты.

– Аға буын өкiлдерi – Сiздердiң өмiрлiк тәжiрибелерiңiз бен ақыл-кеңестерiңiз  бiз үшiн маңызды. Алдағы уақытта бiрлесе атқаратын мiндеттер көп. Жаңа iс-шаралардың жоспарын бекiтiп, жұмыс iстеудемiз, – дедi облыс әкiмi.

Әр салада елiмiздiң дамуына елеулi үлес қосып, аянбай еңбек еткен аға буын өкiлдерi бiлiм, денсаулық, мәдениет, әлеуметтiк салалар төңiрегiндегi ойларын ортаға салып, қоғамда кездесетiн кейбiр олқылықтардың шешу жолдарын ұсынды.

Айта кетейiк, бүгiнгi таңда облыста 200 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Олардың iшiнде 388-i Ұлы Отан соғысының ардагерi болса,  22 355-i тыл еңбеккерi. Жеңiстiң 70 жылдығына орай 23 майдангер тұрғын үймен қамтамасыз етiлiп, 297 ардагердiң баспанасы күрделi жөндеуден өттi.

Облыстағы ардагерлерiмiзге «Қамқорлық» акциясы шеңберiнде қоғамдық көлiктерде тегiн жүруге, коммуналдық қызметтерге жеңiлдiктер қолданылып келедi. Биылдың өзiнде аталған акция шеңберiнде 19,5 мыңға жуық ардагерге көмек көрсетiлдi. Қарттарымызды сауықтыру және денсаулығын бақылау мақсатында жыл сайын облыстық бюджет есебiнен 8 мыңға жуық ардагер денсаулығын түзеуге мүмкiндiк алады. Сондай-ақ, 550-ге жуық 80 жастан асқан жалғызiлiктi қариялардың зейнетақыларына үстеме ақы төленедi.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Abai.kz

0 пікір