Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Мәйекті 9619 0 пікір 8 Қазан, 2015 сағат 09:05

БҰЛЫТАЙ НЕГЕ БҰРА ТАРТАДЫ?

Бүгінде Қазақ елінде Мұртаза Бұлытайды білмейтін жан жоқ. Дініміз бен ұлтымыздың келешегі үшін ерен еңбек сіңіріп жүрген азаматтың бұған дейін жасаған игі істерін жоққа шығармақ емеспіз. Тек жанды ауыртатыны - соңғы кездері Мұртаза мырза путиншіл бола бастапты. Қазақ зиялысының қазақты қырған жендет елдің заңды мұрагері - Ресейдің сөзін сөйлей бастауы ненің белгісі?

Мұртаза Жүнісұлы мырзаның Facebook әлеуметтік желісіндегі (қараңыз: https://www.facebook.com/murtazajunusulu?fref=ts) жазбаларынан ұққанымыз: Біз бүгінгідей алмағайып заманда Ресеймен қол біріктіріп, АҚШ-қа қарсы тұруымыз қажет екен-міс. Қазақ аштықтан, түрлі нәубеттен көз жұмған миллиондаған құрбандарының хақысын Ресейден сұрауға құқысыз көрінеді-міс. Әрине, демократиялы қоғамда кім не айтса да – ерікті. Десе де, отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайтынын ескеріп,  өзіміз құрмет тұтатын Мұртаза мырзаның «бөлекше» ойларын назарларыңызға ұсынғанды жөн санап отырмыз. Сондай-ақ, сөйлемдердегі азын-аулақ емлелік қателерге түзету енгізбедік.

1. «Кешегі 2-дүниежүзілік соғыста немістер Еуропаның жерін түгелдей жаулап алды, сан миллиондаған адамын қырды, ал бүгін Еуропада немістер солай істеді деп бәрі де немістерден бөлектеніп жатыр ма жоқ әлде өткен өтті, кеткен кетті, қазіргі заманда күш біріктірмесек болмайды деп, қайта сол Германияның етегінен ұстап, бірігіп жатыр ма?! Осыдан 70 жыл бұрын 6 миллион еврейді қырды деп қазір Израил мен Германия араздасып, өшесіп, жауласып жүр ме??? Америка бір емес екі атом бомбасын лақтырып, жүзмыңдаған бейкүнә адамымызды қырды деп жапондар кек қайтаруға дайындалып жатыр ма екен, соны айтыңдаршы??? Франция 1961 жылы геноцид жасады деп Алжир оларға соғыс ашуға дайындалып жатыр ма екен??? Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады, байқасаңдар барлық елдер, барлық халықтар тарихта аналар бізді қырды, сөйтті, бүйтті деп кек қайтаруға қаруын кезеп отырған жоқ, әр нәрсе өз уақтысында болады, егер қазір жер бетіндегі халықтар бұрынғы болған қырғындардың, шабуылдардың есесін қайтармақ болса осы планетамызда тіршілік атаулы қалмайды!!! Сондықтан даңғаза кекшілдікті қояйық бауырларым, ол жақсы қасиет емес. Әрине, тарихымызда болған қайғылы уақиғаларды еске алып, жас ұрпақтың санасына құйып тұруымыз керек, оны кек қайтару үшін емес, екінші сондай жағдай болмаса екен деген ниетпен жасау керекпіз! Онсыз да азғантай қазақпыз, шамамызға қарамай, әлемді уысында ұстап отырған алпауыттармен тайталасқа түсеміз деп тағы да опық жеп қалмайық! Ал біз шын мәнінде бұрынғы кеткен кегімізді, есемізді қайтарайық десек - онда, керемет дамыған ел орнатайық, әлем еміренетін мемлекет болайық, азаматтары ең жоғары дәрежеде қамтамасыз етілген бақуатты мемлекет орнатайық, сауатты да саналы ұрпақ өсірейік, әлемді тамсантатын өнімдер шығарайық, керемет жарқын мәдениетіміз болсын, өнерімізге бәрі бас исін, әскеріміз айбатты болсын! Міне, сондай бай да халқы мол ел орнатқанда ата-бабамыздың арманы орындалып, бұрынғы жауласқан елдеріміз өзімізді мойындап, сескеніп тұрады, қалған сөзбің бәрі бос сөз....».

2. Бауырым, мисалы Түркия Республикасы өзінен бұрынғы Осман империясының істеген істеріне, бар болса қылмыстарына жауапты емес, екеуі екі бөлек мемлекет, шатастырмаңдар, тағы да айтамын! Егер Түркия жауапты болғанда Балкан елдері, Грекия, армьяндар, арабтар тб бәрі да жабылып, кек қуатын еді ғой! Сол сияқты Ресей Федерациясы да Совет одағы кезіндегі нәрсенің бәріне жауапты емес, ол тек РФ пайда болғаннан кейінгі іс-арекеттеріне жауапты... 

3. Совет одағы мен қазіргі Ресей Федерациясы екі бөлек мемлекет, шатастырмағын інім! Мен қазіргі тәуелсіздік дәуірін айтып отырмын, осы күнгі Ресей Федерациясы қай елдің жерін басып алды, қанша адамды қырды, сен соны айт! Совет одағы Ауған елін жаулап, үлкен қателік істеді, орыстар ол елден кеткелі 25 жыл болды, ал неге бейбітшілік ореамады?!? Ақыш Ауғаныстанды әлі бомбалап жатыр, іріткінің бәрін салып жатыр, жауыздықтың бәрін жасап жатыр, ішкі ісіне араласпаған елі қалған жоқ, онмиллиондаған жазықсыз адамды қырды, бұдан асқан зұлымдық, бұдан асқан жауыздық болуы мүмкін емес! Құдай бетін аулақ қылсын, егер Ресей әлсіресе, ақыш Ирак, Сирия, Ливия елдеріндегі сценарийді Орталық Азияда да ұйымдастырады, еш күмәндәрің болмасын! Халифат орнатамыз деп қара құбыжықтар ауыл ауыл аралап, бала-шаға демей шетінен қазақтың басын кеседі, мына сириялық босқындар сияқты жан сауғалап Ресей, Түркия, Еуропа, Қытай деп жұрт босады, қалалардың бәрі қиратылып, тас үстінде тас, бас үстінде бас қалмайтын заман болады, сол кезде сары орысты шаммен іздеп таппайсың да, көздеріңді ашыңдар, ақыш қазақты қалай арандататынын біліп отыр, бізді қалай өз ішімізде қыратынын біліп отыр, оның сайқал саясатын білгілерің келсе миллиондап қырылып, өз жерінде жойылып қалған индейц халқынан сұраңдар, америкада құлдыққа сатылып миллиондап қырылған негрлардың ұрпақтарынан сұраңдар, Нагасакиде қырылған жапондардан сұраңдар, Ирақ пен Сирияның сергелдеңге салынған бишара халқынан сұраңдар...

4. Ақыш терроризммен күресіп жатқан жоқ, қайта содырларды баптап, қолдап жатпаса ! Ресей айналдырған екі - үш күннің ішінде терроршыларды шылдай бытыратып жіберді ғой!

Ал ақышқа сенсек олар соңғы 25 жыл бойы терроршылармен соғысып келеді - міс.

5. Құртыңдар оңбағандарды, ақыштың жендеттерін...

 

6. Еуроазия Одағына мына елдерді де алу керек, сонда көрер ем Ақыштың тоқинақ жегенін:

Түркия, Кипр, Грекия, Бұлғария, Румыния, Молдова, Украина, Мұңғұлия, Ауғаныстан, Иран, Сирия...

 

Бұлұтай Мұртаза Жүнісұлы жайлы қысқаша аңдатпа

Мұртаза Жүнісұлы 1969 жылы Түркияның Ұлықышла (Ұлықыстау) ауданы, Қазақ ауылында дүниеге келген. Белгілі дінтанушы, мәдениеттанушы, философия ғылымдарының кандидаты, Қазақ Мемлекеттік Әлем тілдері университетін (1994), Халықаралық Құқық және Нарық академиясын (2000) бітірген. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің оқытушысы, ҚМДБ үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының Кеңесшісі қызметтерін атқарған. «Құран Кәрім әліппесі» (1992) атты кітабы мен 4 үн таспалан тұратын «Дінімізді үйренейік» жинағы Ислам діннің негіздерімен таныстырады. «Ата-баба діні. Түркілер неге мұсылман болды?» (2000) ғылыми монографиясының, «Дін және ұлт» (2006), т.б. 10-ға жуық кітаптың, 200-ден аса ғылыми-публицистикалық мақалалардың авторы. Ислам қорының (Швейцария), Дүниежүзілік Мұсылман Жастары Ассамблеясының, «Иман», «Зерде» республикалық қорларының алғыс хаттарымен марапатталған.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1282
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1166
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 906
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1032