Сенбі, 18 Мамыр 2024
Қоғам 4315 1 пікір 12 Қазан, 2015 сағат 10:57

ЕКІ АРНАЛЫ ӘҢГІМЕ

(Жалғасы. Басы мына сілтемеде: http://abai.kz/post/view?id=4938)

 

2.  «Керексіз»  деректер

Сөзді сөз қозғаса, ойды ой қозғайды дейміз. Алайда қозғаған және қозғалған сөз бен ойдың орынды-орынсызын бажайлай бермейміз.Мәселен, «Егемен Қазақстан» гәзетінің биылғы 29-ншы тамыздағы санында жарияланған, «Семей: адамдар денсаулығына жаңа бетбұрыс» (авторы – ғалым Марат Сандыбаев мырза) деп аталған мақала бұдан 8 жыл бұрынғы     бір мақаланы есіме түсіріп, біраз ойымды қозғалтып жіберді. Қай гәзетте жарияланғанын, тақырыбын ұмытыппын, ал авторы дипломат Қырбасов Әуезхан мырза екені, тәуелсіз Қазақстан дипломатиясының 15 жылдығына арнап жазылғаны жадымда жаңғырды. Онда сол 15 жылда республика дипломатиясына еңбең сіңірген бірнеше адамның аты-жөндері аталған, қызметтері баяндалған. Қ.Тоқаевты ерекше атау жөн болары мәлімделген.    Иә, Қ.Тоқаевтың ұмытыла қоймас «ерекше еңбегі» - оның «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық қозғалысын бесігінен шығармай тоқпақтап: «Или – Я, или – они!» деп  долданғаны.

Біздің билікке тәуелді баспасөзде қалыптасқандай, «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев...» деп басталған осынау мақалада аталған дипломаттардың, меніңше, бәрінің  де жолбасшысы, ұстазы - бүгінде марқұм Михаил Иванович (Хакім Тілегенұлы) Есенәлиев. КСРО кезінде, 1981-1989 жылдары, Қазақ Кеңестік Социалистік Републикасының Сыртқы істер министрі, 1992-1998 жылдары  тәуелсіз Қазақстан Республикасы Сыртқы  істер министрлігінің  Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болған  сол Тарихи тұлғаны мақала авторы «ұмытып» кетіпті. Иә, оппозициялық  көзқараспен  билікті сынаған Азаматтарды  елемеу, еске  алмау біздің ішкі-сыртқы саясатта «мода» болғалы қашан! Оппозицияда болмаған кейбір тұлғаларды да ескермеу бар бізде. Әңгімемнің әліпбиінде аталған мақалада Семей полигонынан зардап шеккен жұрттың денсаулығын ойлау, түзету шараларын жасау қашан, қалай басталды, кеше не істелді, бүгін  не  істеліп жатыр деген мәселелер тәптіштеп баяндалған. Ал сол мемлекеттік аса маңызды жұмысты Семей облыстық партия комитетінің 1-хатшысы Кешірім Бозтаевтың алғаш ресми түрде қолға алғаны, нәтижесі жақсы болғаны жайында М.Сандыбаев бір ауыз сөз айтпапты.

К.Бозтаевтың полигонды басқа жаққа көшіруді талап ете М.Горбачевқа 1989-жылы 20-ақпанда жеделхат жолдағаны, полигонға қарсы ресми     күрестің содан басталғаны – тарихи  шындық. Рас, одан бұрында атом-ядролық сынаулар шегіндегі елді мекендердер тұрғындарының денсаулығын медициналық зерттеу жөнінде әйгілі ғалымдар Б.Атшабаров, С.Балмұханов жүйелі жоспар жасап, іске кіріскенде шындықтан  қорыққан билік олардың жолын кескен. Ал Бозтаев: «Жығылсаң жығыл  нардан, ажалың  әлде  қайдан» деп (орыстар: «Быка - за рога» дейтіндей), жердегі құдай болып отырған Горбачевтің өзін жағасынан алған соң, арғы-бергі билік дауа таба алмай, еріксіз жуасыған.

Сол ерен қимылдың:

 бірінші  нәтижесі –Семей қаласында 1989-жылы  17-19-шілдеде  «Қазақ ССР-ның  Семей  қаласы  мен  Семей  облысындағы  экологиялық  жағдай  және  тұрғындардың  денсаулығы» тақырыбында  халықаралық конференция өткізілгені (оған белгілі жазушымыз Әнуар Әлімжанов қатысып, полигонның жабылуын қатты талап ете сөз сөйлеген);

екінші нәтижесі – К. Бозтаевтың ұсынысымен 1966-жылы  шілде айында «Полигон– 29-тамыз» атты Халықаралық қайырымдылық қоры ашылып, оған: Қазақстан Медицина ғылымдары академиясының президенті академик М.Әлиев, А.Сызганов атындағы Ғылыми хирургиялық орталықтың директоры, академик С.Балмұханов, «Дәрігерлер ядролық соғысқа қарсы!» халықаралық қозғалыстың Қазақ ассоциясының президенті академик Қ.Байкенов мүше болып, үкіметтің алдына небір маңызды мәселелердің қойылғаны;

үшінші нәтижесі – Қордың жұмысы оң бағаланып, оның ядролық сынаулардан тауқымет тартқан жұртшылықтың денсаулығын оңдау бағдарламасы негізінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 1997-1998 жылдардағы 52,  53,  55,  57-нші қарарларының қабылданғаны және   ортақ іске ЮНЕСКО да, МАГАТЭ де жұмылдырылғаны. Е.Бозтаев ол қарарлардың орындалуына аса мүдделі болып, мүмкіндігінше қадағалап отырды.

Халықаралық қор Кешірім қайтыс болғаннан кейін де қарқынын  іріккен жоқ. «ХХI – ядролық  қарусыз ғасыр. Семей аймағын тұрақты дамыту» атты халықаралық конференциялар өткізіп келеді. Оған дүние жүзінің осы бағыттағы атақты ғалымдары қатысуда. Конференция қараған мәселе, шешім жеке кітап болып шығарылып тұрады. Оның 2006-жылғы санында, мысалы, мен айтып отырған жәйттердің бәрі жан-жақты қамтып баяндалған. Ол санда, сондай-ақ,  президент Н.Назарбаев мырзаның К. Бозтаевты жасының 60-қа толуымен (1993-жылы) құттықтаған жеделхаты бар. Оның түпнұсқасынан бір үзінді: «...Принципиальность, требовательность к себе и другим, забота о людях, чуткость и внимание к ним снискали Вам заслуженный авторитет и уважение в республике. Неоценим Ваш личный вклад в решение проблем, связанных с закрытием Семипалатинского ядерного полигона, созданием системы социальной защиты населения, пострадавшего от испытаний атомного оружия».

Мұндағы «система» сөзіне назар аударсақ, оны жасау үшін Кешірім Бозтаевтың облыс, республика көлеміндегі ғылыми-зерттеу орталықтарына жасатқан нақты есеп-қисапты КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Рыжковқа алып барып, арнаулы қаулы қабылдатқаны ескерілген. К.Бозтаевтың  сол және басқа да азаматтық кесек іс-әрекеттерін  оның «Семей полигоны» кітабынан (1992-жылы шықты) біле  аласыздар. Ал полигонның тажалдық кесапаты «Қайнар қасіреті» кітабында (1995-жылы шыққан) ғылыми талдау тәсілімен әшкереленген.

Демек, полигоннан 40 жыл зардап шеккен Ертісбойы жұртшылығына медициналық  та, материалдық  та жәрдем жасаудың осылайша жолбасшысы болған, Семей қаласында «Денсаулық  зерттеу орталығын» ашқан Кешірім Бозтаевтың тарихи еңбегін  ескермеу жөн білгендік емес.

М. Есенәлиевті «ұмытуға» билікке жақпай қалудан сақтану себеп болған сияқты. Ал оппозицияда болмаған К.Бозтаевты «ұмыту» кімге, неге жақпай қалудан сақтану? Бұл сұраққа жауапты «Түркістан» гәзетінің өткен тамыз айының 27-ісі күнгі санындағы «Ядролық қарудан бас тартқан Қазақстан» деген мақаланың (Ә.Әнуарбек): «...Семей полигонындағы сынақтарды тоқтатуға қол жеткізген антиядролық қозғалыстың құрылуына ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов мұрындық болды» деп басталған пікірлер  мезгеп тұр. Олжастың «Невада-Семей» қозғалысының құрылуына мұрындық болғаны  рас, алайда  «сынақтарды тоқтатуға қол жеткізген» бір ғана сол қозғалыс емес. Полигонға қарсы күрес туын көтерген Кешірім Бозтаев, оны қостаған қоғамдық «Азат»  қозғалысы, басқа да ұжымдар болды, ол жәйт нақты дәлелмен айтылып та, жазылып та  келе жатқалы он  жыл. Мен жаралы Жер, қасіретті Халық  үшін  басын бәйгеге тігіп, ядролық  зұлматқа қарсы     ұлы жорықты бастаған Азамат Кешірім Бозтаевтың аруағын «ерікті аузына бөрікті бас» қана емес, киімшең кісі сиып кетіп жүрген кесірлерден қорғап  мақала жазсам, басқа қазақ, орыс авторлар полигон қожаларының, «Невада-Семей» қозғалысы  иелерінің сөзі мен ісі қабыспағанын, неше  түрлі қитұрқы жасағандарын жазуда. Мысалы, сол жылдары партия қызметкері болған журналшы В.Пигаваевтың «Олжас – мой друг, но истина дороже» деген мақаласын оқысаңыздар (интернетте бар), талай жұмбақтың шешімін таба аласыздар.

Кешірімнің  шыншылдық  қасиетіне бір мысал ретінде мына  дерекке  жүгінбеуге  болмайды: Олжастың Семейге алғаш аяқ басуы, ол  жақтан   КСРО халық депутаты болып сайлануы былайша: ол Алматы қаласының Калинин ауданынан КСРО халық депутаттығына кандидат болды. Участокке Жазушылар одағынан «Простор» жорналының бір қызметкері екеуіміз бақылаушылыққа жіберілдік. Дауыс беру, бюллетень санау таза атқарылды (қазіргі сайлаулардағыдай  ухит-сухит  жоқ  кез ғой). Ақын ұтылып қалды. Ертеңінде жұмысқа барсам, бірінші хатшының кабинеті алдында қызметкерлеріміздің төртеу-бесеуі  тұр. «Олжастың кабинетінде концерт болып  жатыр» дейді. Кірсем, бір топ кісінің ортасында маған бейтаныс бір тапал әйел  шоқ басып алғандай тыпырлап, еріні сүйреңдеп, көзі шатынап, шаңқ-шаңқ етеді: «...Бақылаушыларың  участокте  болған жоқ! Оларды жазалау керек!..» дейді. Мен ашуланып, парткомымыздың хатшысы А. Ашировке сол жерде мәлімдеме жазып, участокте біздің болған-болмағанымызды тексертуді, көргенсіз өсекшінің жаласынан қорғауды     талап еттім. Бірақ ешқандай  тексеру  болмады.

Сол оқиғаның жалғасындай етіп, Кешірім былай депті: «Алматыда     дауысқа түскен Олжас қиындыққа ұшырапты. Министрлер Кеңесінің төрағасы Н. Ә. Назарбаев маған телефон шалып, жағдайды айтып, Олжас Сүлейменовті Семей облысынан депутаттыққа өткізуімізді өтінді. «Сүлейменов сізге көмектеседі. Полигонға қарсы күресте жақсы жәрдемші болады», деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Ертеңінде Г. В. Колбин телефон соғып, ол  да  сондай тілек айтты».

Рас,  Жазушылар одағы басқармасының 1-секретары  Олжас Сүлейменов  1989-жылғы 28-ақпанда Алматыда  полигонға  қарсы  үлкен жиын жасап, қоғамдық «Невада-Семей» қорын құрды, Жоғарғы Кеңесімізге депутат төрт жазушымен бас қосып, АҚШ үкіметіне, басқа елдер парламенттеріне хат жазуға шешім шығарды, ол хат баспасөзде жарияланды, бірақ дақпыртты науқандағы көп те қызу сөздердің елеулі әсері болмады. Ядролық қару- жарағы бар елдер айылын жимады, полигондарын жаппады. АҚШ: «өз жөніңді біл, бізде шаруаң болмасын» деген сыңай танытты.

Атап айтуым шарт бір гәп: О.Сүлейменовтің «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысының құрылуы, оның полигонмен байланысты істерінің бәрі К.Бозтаевтың қимылынан кейін, Мәскеудің арнаулы комиссиясы Семейге келетін күні басталды, иә, не бір күн ерте, не бір күн кеш емес, дәл сол күні.   Меніңше, Кешірімнің жеделхатына шамданған М.Горбачев Н.Назарбаевқа телефон соғып, көп сөзінің ақырында Семейге комиссия жіберуге тиіс болғанын айтқан және полигон мәселесін ондаған обком хатшыларының      бірі емес, республикаға танымал идеология қайраткерлерінің бірі бастағаны жөн болар  дегенде  Н. Назарбаев досы Олжасты  атап, одан арғы   шаруа  шидей тоқылған болар.

Ақынның  ойлануына  Кешірімнің хаты түрткі болғаны сөзсіз. Бірден бір  дәлел мынау: «...Горбачевқа жеделхат жіберген К.Бозтаев:  КСРО-ның Бас министрі Н. Рыжковқа, Жоғарғы Кеңес төрағасы А. Лукияновқа, Бейбітшілікті қорғау советтік комитетінің төрағасы  Г. Боровикке, КСРО Жоғарғы  Кеңесінің халық депутаттары З. Пуховаға (Жоғарғы Кеңестің Денсаулық сақтау жөніндегі комитетіне) және О. Сүлейменовке  хат жолдады. Сол хат бойынша О.Сүлейменов ақпанның  24-і күні Жоғарғы Кеңеске депутаттық сауал  жасады («Безъядерный век». Материалы международной научно-практической конференции, г. Семипалатинск, 11 июля 2003 г.).

Ұзын сөздің қысқасы: «Семей полигонындағы сынақтарды тоқтатуға қол жеткізген антиядролық қозғалыстың» не тындырғаны К. Бозтаевтың  «Семей полигоны»» кітабында  анық  айтылған, оқылық:

«...Полигонды жабу мәселесі шешілуге жақындағанда, өкінішке қарай, басқа бір мәселенің шеті – бұл кімнің еңбегі деген сұрақ қылтиды. «Невада–Семей» қозғалысының ғана арқасында осылай болды деген сыңаржақ  жарнама баспасөз бетін қайызғақша басып кетті. Қозғалыстың әрекеттері аспандата мадақталды. Оның белсенділері (арасында  кездейсоқ жүргендер  де  бар)  қозғалысқа өздерінше  бағыт беруге кірісті, өздерінің міндеті себепті-себепсіз жиын-жиналыс өткізе беру деп білді. Жалған дерек таратып  жіберетін де болды. Жиналысқұмарлық кеудемсоқ желпініске, жұлқынысқа  айналып, өмір шындығынан ауытқып кетуге апарып соқты... «Бұл кімнің еңбегі?» деген сұрақ сампылдай бастады. Баспасөз бетін жауып  кеткен жарияланымдарда еңбек «Невада-Семей» қозғалысынікі, тек қана  соныкі  делінді. Қозғалыстың әрбір әрекеті мейлінше кең насихатталды. Өздерін өздері дәріптеу сияқты біржақтылық өршіді... Жиі-жиі жиын жасау, жалаң  ұрандау  әдетке  айналдырылды...».

Бұл ақиқат сөз О.Сүлейменовтің шымбайына, әрине, қатты батты. Кешірім тіріде  амалсыз  шыдаған  ол кейінде марқұмның (К.Бозтаев 1999-жылы қайтыс болды) тарихи ерлігін мансұқтай бастады. Президент Н.Назарбаевтың Кешірімді бағалаудағы «қателігін» түзетіп, К.Бозтаев туралы: «Да, он был первым секретарем обкома, но не более того. И уж  во всяком случае, среди первых борцов за закрытие полигона его не видели», деп айқұлақтанды.

Айтпақшы, ол Н.Назарбаевтың «қателігін» ғана емес, өзінің де «қателігін» түзетті. К.Бозтаевты 60 жылдығымен құттықтауында былай деген болатын (түпнұсқасынан үзінді):

Уважаемый Кешрим Бозтаевич!

...Вся Ваша жизнь – это добрый  и  назидательный  пример для молодого   поколения.

...В те нелегкие годы борьбы за прекращения ядерных испытаний на Семипалатинском полигоне Вы проявили стойкость бойца за интересы   народа и мудрость истинного народного лидера.

...В день Вашего шестидесятилетия, дорогой Кешрим Бозтаевич, мы выражаем Вам свое глубокое почтение и говорим благодарное спасибо! Олжас  Сулейменов».

Кеше осылайша түзу сөйлеген ақын бүгін: «Ол  жеделхатты  өзі біліп жазған жоқ, Мәскеудің нұсқауымен жазды» деп және бір лепірсе, «Егер ол ондай хат жазса, ертеңінде-ақ орнынан жұлып тасталар еді» деп  өркештенді де. К. Бозтаев  Горбачевқа хат жазу себебін  анық айтса да, 1966-жылы зейнетке шыққанына дейін 1-хатшы, облыс әкімі болып қызметін жалғай  берсе де, ақын құлағын бітеп алып әләуләйләп,  полигонды  жаптыру күресі тарихынан Кешірім Бозтаевты сызып тастау пиғылынан танар емес.

Кешірім болса, полигонға қарсы күрес бастау себебін: «...Құпия жеделхатыммен бір неғайбыл жолға түсетінімді, ол жолдың бұралаң ғана  емес, қауіпті болатынын,  жарға жығарын  да, жартасқа соғарын да білдім.    Аса зор мемлекеттік құрылыммен жекпе-жек кездесетінімді ұқтым. Мейлі, мен ісімнің ақтығына сендім, күресімнің мақсатын ардақ тұттым, оның құрбандықсыз  болмайтынын  білдім.  Мынау жеріміз үшін, бұл жердің адамдары  үшін  күреске  шықтым...», - деп  адал жазған болатын. Кітабы  әуелі орыс тілінде шығып, содан кейініректе қазақ тіліне аударылған-ды. Егер Кешірімнің мұндағы ойы бекер болса, Олжас «түсіндіргендей», ол Мәскеу арқылы  қимылдаса, онда алдымен Н.Назарбаев: «Жолдас Бозтаев, оныңыз не?» дер еді ғой, себебі: Кешірім Кремльге хат жазуға бел буғанын, сенбегендіктен Колбинге айтпай, Назарбаевқа  мәлім еткен сәтте үкімет басшысы сәл ойланып алып: «Жазсаңыз жазыңыз, мұнда біз қолдайтын боламыз» деген.

Қайсыбір жазушылар, журналшылар Семей полигонына қатысты  сөйлей қалса, жаза қалса, осы деректерді жылы жауып қойып, Олжасты Жекебатыр етіп алып, «Алға!» деп кете барады. Ақынның 70 жылдығына президент «Менің досым Олжас» деп мақала жазып еді, сол бар...  иә, аллатағала: «Сақтансаң, сақтаймын» деген  ғой.  Ал ақын Семей полигоны жайында болған көп жиындардың бірде-бірінде К.Бозтаев туралы  ләм       деген жоқ.

К.Бозтаев М.Горбачевқа үш хат жазған. Жұртшылықтың білетіні – полигонды көшіруді талап еткен біріншісі, яғни баспасөз бетін көргені ғана. Қалған екеуінің 1989-жылы  28-қыркүйекте  жазылғанында (үзінді): «...Однако ведомства не прислушиваются  к голосу людей. У них по-прежнему подход       к полигону как объекту военному. Между тем он давно стал острой национальной проблемой... Самое главное – это закрытие полигона и чем быстрее, тем лучше, имея ввиду и перенос его в другое, приемлемое  место... Люди просят компенсации ущерба, нанесенного за 40 лет активной работы полигона. Это было бы глубоко объективно и человечно, помогло       бы снижению социальной напряженности». Бұл – Горбачевқа жіберген  жеделхатының ізімен Семейге 28-ақпанда келген мәскеулік комиссиямен айтыс-тартысының  әлі тиянақ таппағанына наразылығы.

«...Мне стало известно о том, что военно-промышленный комплекс намерен, теперь уже Указом Президента СССР, добиться продолжения ядерных взрывов на Семипалатинском полигоне. Если действительно произойдет так, то это будет тяжелейшим ударом для народа нашего региона... Считаем, что давно пришло время остановить преступный акт, пришедший к нам из суровых  лет истории нашего многострадального государства» (8-мамыр, 1990-жыл). Бұл – Батырдың жүрегін жарып шыққан сөз емес пе?!

Қарапайым қаһарман болған Азаматымызды  билік те, билікшілдер де қадірлей  білмеді. Мейілдері, «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» заман.

Кешірімнің қабірі басындағы құлпытасына: «Семей жері Саған риза!» деп жазылған. Жер-Ананың ризашылығынан артық марапат болған емес, болмайды да!      

Кім болса да, өзінің көзі жеткенді жазғысы келмесе, не көзі жетпегенді естуі бойынша жазса салса, онда екеуі де шындықтың шырайын кетіреді, оқырманының сеніміне селкеу түсіреді. Қандай дерек болсын, оны «керек», «керек емес» деп ойланбастан сорттай салуға да болмайды.

Соңы.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2134
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2541
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2299
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1646