Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 5199 0 пікір 15 Қазан, 2015 сағат 11:19

ОҚО ӘКІМІ ТҮЛКІБАС АУДАНЫНА БАРДЫ

Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Бейбiт Атамқұлов iссапармен Түлкiбас ауданында болды, - деп хабарлайды "Оңтүстік Қазақстан" газетінің тілшісі.

Өңiр басшысының қасында аудан әкiмi Қ.Әбдуәлиев бiрге жүрiп, бiрқатар әлеуметтiк және кәсiпкерлiк нысандарды аралатып, жұмыстарымен таныстырды.

Облыс басшысы алдымен Машат ауылындағы Баймахановтар отбасының демеушiлiгiмен салынған спорт кешенi мен балабақшаға атбасын бұрды.

Спорт кешенiнде волейбол, еркiн күрес, бокс, футболмен айналысуға болады. Мұнда 11 адам жұмыспен қамтылған. Ал, 50 балаға арналған «Нұр Бибi» балабақшасы 2014 жылы пайдалануға берiлген. Жергiлiктi 20 адам жұмыспен қамтылған балабақшаның жалпы құны – 55 млн. теңге. Бүгiнде 2 адам жұмыспен қамтылып отырған кiтапхананың құрылысына да 5 млн. теңге жұмсалыпты. Бейбiт Бәкiрұлы мәдени ошаққа өз атынан кiтаптар тарту етуге уәде етiп, оны интернетке қосу жөнiнде ұсыныс бiлдiрдi. Сонымен қатар қайырымды әулет өкiлдерi ауылдағы мешiттi күрделi жөндеуден өткiзiп, медициналық тiрекке «Жедел жәрдем» көлiгiн алып берген. Жалпы, Баймахановтар отбасы туған ауылдарына 150 млн. теңгеге демеушiлiк жұмыстар жасаған. Б.Атамқұлов отбасы мүшелерiне алғысын бiлдiрiп, бұл iс басқа да кәсiпкерлер мен қалталы азаматтарға үлгi болуы тиiстiгiн атап өттi.

Облыс басшысы Машат ауылдық округiне қарасты Еңбек елдi мекенiндегi қыркүйек айында пайдалануға берiлген 200 орынды Т.Әубәкiров атындағы орта мектептi аралады. Оның құрылысына облыстық бюджеттен 380 млн. теңге қаржы бөлiнген. Айта кетейiк, Еңбек ауылында 958 адам тұрады, оның 202-сi мектеп оқушылары.

Облыс басшысы Б.Атамқұлов Арыс ауылдық округiндегi бекiре тұқымдас балық өсiру шаруашылығы мен ат спорты мектебiнiң де жұмысымен танысты. Бекiре тұқымдас балық өсiру фермасы 2012 жылы өңiрлiк индустриалды карта шеңберiнде iске қосылған. Жобаны iске асырушы – «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС-i. Жобаның жалпы құны – 452 млн. теңге. Қуаттылығы – жылына 100 тонна балық етi мен 1 200 келi қара уылдырық өндiру. Жиырма адам жұмыс iстейтiн зауыттың негiзгi мақсаты өңiрдi балық етi және уылдырықпен қамтамасыз ету, артылғанын экспортқа шығару. Биылғы желтоқсан айында Оңтүстiктiң алғашқы уылдырығы өндiрiледi.

Сонымен қатар, аталған компанияға қарасты асыл тұқымды жылқы фермасы мен ат спорты мектебiн аралады. 2014 жылы ашылған асыл тұқымды жылқы фермасында 40 адам еңбек етедi. Ферма 150 жылқыға арналған. Жобаның жалпы құны – 200 млн. теңге.

Сондай-ақ, өңiр басшысы «Арсен Ас» ЖШС-нiң жемiс-жидек концентраттарын және табиғи сусындар шығару цехымен, Мичурин ауылдық округiндегi «Мөлдiр» ЖШС-нiң интенсивтi бауымен танысты.

Т.Рысқұлов ауылындағы аудандық «Нұр Отан» партиясының жаңа ғимаратын аралап, осында ауданның бас жоспарымен танысқан облыс басшысы мұнан кейiн аудан арқылы өтетiн «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттiк көлiк дәлiзiнiң құрылысын бақылады. Жол құрылысын екi мекеме жүргiзуде. Оның бiрi – қытайлық «Корпорация Синохайдро» компаниясы болса, екiншiсi – ирандық «Дена Рахсаз Контракшн» мекемесi. Қытайлықтар мiндетiне алған 20 шақырым жолдың 18 шақырымнан астамын салып бiткен. Ал, ирандық мердiгер салуы тиiс 40,5 шақырым жолдың әзiрге 30,5 шақырымы дайын. Өңiр басшысы халықаралық маңызға ие тас жолдың сапалы болуын бақылау әрi оны уақтылы салып бiту маңызды мiндет екенiн атап өттi.

Облыс әкiмi Абайыл елдi мекенi жанындағы аумағы 30 гектарды құрайтын индустриалды аймақта да болды. Индустриалды аймақта инфрақұрылым жүргiзу үшiн 554 млн. теңге бөлiнiп, тиiстi жұмыстар жүргiзiлген. Индустриалды аймақта ауданның ерекшелiгiн ескере отырып, тамақ өнiмдерiн өндiруге басымдық берiлмек. Жалпы, 15 кәсiпорын ашу жоспарлануда. Бүгiнге дейiн нақты 5 жоба ұсынылған.

Бейбiт Бәкiрұлы Түлкiбас ауданында атқарылып жатқан жұмыстарға қанағаттанарлық деген баға берiп, аудан экономикасын дамытуда әлеуеттi салаларды барынша тиiмдi пайдалану қажеттiгiн айтты.

Серiкқали ЖЕКСЕНБАЕВ

Abai.kz

0 пікір