Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Әдебиет 6212 0 пікір 18 Қазан, 2015 сағат 18:14

ӨМІРГЕ НҮКТЕ ҚОЙЫЛҒАНМЕНЕН, ӨЛЕҢГЕ НҮКТЕ ҚОЙЫЛМАУ КЕРЕК

АЛДАНУ

Бəлду-бəлду өтірікті

Шын екен деп алдандым.

Салмағы жоқ көпірікті

Зіл екен деп алдандым.

 

Тақпақтекті тілектерді

Жыр екен деп алдандым.

Иманы жоқ жүректерді

Діл екен деп алдандым.

 

Арабтанған əулиелерді

Пір екен деп алдандым.

Жылуы жоқ сəулелерді

Нұр екен деп алдандым.

 

Адастырар ағымдарды

Дін екен деп алдандым.

Пəтуəсі жоқ ғалымдарды

Дүр екен деп алдандым.

 

Көлгірсіген көздің жасын

Мұң екен деп алдандым.

Қасиеті жоқ сөздің басын

Сыр екен деп алдандым.

 

Құны кеткен қағаздарды

Пұл екен деп алдандым.

Қайыры жоқ сабаздарды

Біл екен деп алдандым.

 

Ішін ұрдым жалғанның!..

 

НҮКТЕСІЗ ӨЛЕҢ

 Жазайын өлең нүктесіз қылып,

Қоямын кілең ілеп белгісін!

Қашап көрейін бүкпесіз қырық,

Жасап берейін жүректен мүсін!

 

Өмір дегенім - күтпеген ойын,

Өлең дегенім - бітпеген тойым!

Фəниім жатыр нүктеге дейін,

Бақиым жатыр нүктеден кейін!

 

Өмір дегенім - бүктеген қасқа,

Өлең дегенім - тіктеген еңсем!

Басталсам дағы нүктеден баста,

Аяқталамын нүктеге келсем!

 

Жан өлмес тəнім жойылғанменен,

Алланың барын мойындау бөлек!

Өмірге нүкте қойылғанменен,

Өлеңге нүкте қойылмау керек!

 

КҮЗ. АЛМАТЫ

 Алматыға тосыннан күзде келдім,

Жаны қандай күдерін үзбегеннің?

Күзді сүйген көкем бар осы шəрде,

Жаралаған жүрегін мұз бенен мұң.

 

Алатаудың асқарын күзде көрдім,

Төбелерге үйренген біз деген кім?

Қырда туып, қырда өскен киіктейміз,

Қағы қалған жұртында түздегі елдің.

 

Өмірге де əу баста күзде келдім,

Табылар ма барлығы іздегеннің?

Көкем ғана түсінер бұл шаһарды,

Кемесі боп себебі ол жүзді өлеңнің.

 

Қайғының да ауырын күзде көрдім,

Болар ма екен қасірет тізделер күн?

Алматының аспаны жылап тұрды,

Жанарындай ащы жас үзген ердің...

 

КҮЗ ЕКЕУМІЗ

 Жолығып күзге – қоңыр күрсіндім,

Жылау үшін де Күз керек.

Жолымен жүріп өмірдің сүргін,

Жоғаламыз ғой біз кенет.

 

Жоқ – Күздей досым қалада мынау,

Жоқ – сенер басқа ешкімім.

Жетім жүректі жараладым-ау,

Жарамның аты – ескі мұң.

 

Жабықпа дейді ол жұбатқан болып,

Жалқындап тұрып үздіге.

Жаратқан жерге жұмақтан бөліп,

Жіберген болар Күзді де.

 

Жазған Күз содан Хауаны сүйед,

Жақсы да көред Адамды.

Жазмышым берген дауалы сый ед,

Жүректен жазған жарамды.

 

Жұмбақ қой менің жаратылысым,

Жалқылық жұқса – Күзден де.

Жаралдық баста дала-қыр үшін,

 

Жоғаламыз ғой біз демде... 

 

КҮЗ АТЫНДАҒЫ МҰҢ

Күз атындағы мұңым бар менің,

Бұйыртса, талай жыр жазам.

Қалмайды кейде шыбын-дәрменім,

Тынып-ақ іштен тұр қазан.

 

Таразы болып туылыппын, ә,

Гүлдерді суық ұрғанда.

Өлген соң солай жуылып күнә,

Айналу керек құрбанға!..

 

Салдым-ау тағы өлімді есіме,

Өмірді есіре сүрмеспін.

Тақалып күздің қоңыр кешіне,

Көңіл кесіле мұң кештім.

 

Келіспей қойды көңіл кестесі,

Қиюы қашқан тірлік-ай.

Шәр үсті бұлттың төгілді еспесі,

Жазыла бермес жыр бұлай!..

 

Өзгертіп өңін сырланған күнә,

Тоты құс құсап түрленді.

Не деген шаһар сұрланған мына,

Шомылсын нұрға бұл да енді.

 

Мұңым бар менің күз атындағы,

Таразы туды, таң суып.

Талай жыл өтті біз ақырғалы,

Қайран жүрегім – шаншуық!..

 

СЕЗІМХАТ

Әлімсақтан тағдырымыз жұмбақ боп,

Тәңірінің құдіретінен жаралған.

Көкейімізге нұрын құйып мұңдақ көк,

Жолығыстық шұғыла шашып жанардан.

 

Екі ғашық  бір ғұмырмыз, жалқымыз,

Түйсігімізді тылсымдылық балқытқан...

Санамызға күз салғалы салқын із

Елесіміз жүр қала үстінде қалқып паң...

 

Түннен көшсек періштелік пішінге,

Айдан тамар көз жасымыз жап-жарық.

Өлең аңқып жұлдыздардың түсінде,

Жарқ етерміз қараңғылықты қақ жарып.

 

Жаттың ойы  тұрпайылау, тағылау,

Ойлай берсін бір-біріне жағуды...

Ғайыпқа ұшып баратырмыз, жаным-ау,

Қанатымыз бар қайырыммен қағулы...

 

ЛЕТАРГИЯЛЫҚ КҮЗ

Шаршадым шаһардың шуынан,

Жалықтым дүрмектің дуынан.

Ұйықтап жатырмын мен енді,

Көз ілсем  дүниеден суынам.

 

Кей сәтте күзден де суықпын,

Ажалды жаныма жуыттым.

Қараңғы жолдармен жүргізді-ау,

Көктемді жадымнан қуып түн.

 

Ойларым шашылды қақырап,

Бейне бір қураған жапырақ.

Көлеңкем тығылып молаға,

Жылаған сәбидей бақырад...

 

Тәтті түс көруде мүлгіп гүл,

Жүзінен төгіліп күңгірт нұр.

Ыпыны құстармен қайтқан соң,

Жүнжіп тұр бейуақ жым-жырт қыр.

 

Шарасыз тән қалды өлік боп,

Өртенген қан-жыны сөніп көп.

Қап-қара шашынын шашады-ай,

Тозақтың бұлттары төніп кеп.

 

Мызғысым  жұмақтан жай табам,

Өмір ғой мазамды шайқаған.

Оянып кетпесем бақида,

Фәниге оралам қайтадан...

 

КҮРЕҢТЕКТІ ҚЫЗ

Мөлдір сезім дірілдеп кіл,

Құлақ түрдім тірі үнге:

Ай сәулесі күбірлеп тұр

Тылсым түннің тілінде.

 

Жер бетіне тұман тұтып,

Шаршатып ед күз демі.

Тәңірім өзі нұр аңқытып,

Көркем бейне түзгені...

 

Жетіп жатыр өзгеруге

Жалғыз-ақ түн, бір-ақ түн.

Жаралған соң көз көруге,

Сені көріп жылаппын.

 

Жылатар-ау мың еркекті

Жалқыланған керім өң.

Неткен жансың  күреңтекті,

Туғандайсың періден...

 

Жанарымды жасқа шылап,

Жүрек-құсым шырлайды.

Бұл  дүниеден басқа сынақ,

Мұңнан бөлек бұл  қайғы.

 

Бұрын маған жолығыспай,

Мекендепсің күз елін.

Пендешіктің қолы қысқа-ай,

Үміт-тамшы  үзерім...

Күреңтекті қыз едің!!!

Асылбек Жаңбырбай

Асылбек Жаңбырбай 1985 жылдың 17 қазанында Бейнеу кентінде туылған. Өлеңдер топтамасы «Отанымыздың тәуелсіздігіне тарту» (2006ж.), «Жастар жырлайды» (2013ж.), «Маңғыстау мақамдары» (2013ж.) жинақтарына енген. «Жансусар» (2008ж.) атты жыр кітабының авторы.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1301
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1175
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 914
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1035