Жұма, 17 Мамыр 2024
Қылмыс 6354 0 пікір 21 Қазан, 2015 сағат 11:15

АЗАПТЫ ӨЛІМ: СЫБАЙЛАСТАР СЫТЫЛЫП КЕТЕ МЕ?

Астанада студент қызды 24 жерінен пышақтап өлтіріп, кілемге орап, кіреберіске шығарып тастаған жағдай, естіген елдің жағасын ұстатып отыр. Анасының айтуынша, өрімдей қызды қорлықпен өлтіргенімен қоймай, қол-аяғын аямай кескілеп, денесін бөлшектемек болған.

Қазіргі уақытта күдікті ретінде студент қыздың өзімен бірге тұрған құрбысы қамауда отыр. 24 жастағы Баян Шалқарова қанды қылмысты жалғыз жасадым деп, бар кінәні өз мойнына алған. Алайда, Еуразия университетінің үздік студенті болған Ұлжан Рысқұлбекованың туыстары қанды қылмысты жалғыз қыздың жасағанына сенбейді. Бойжеткеннің құрбысын азаптап өлтіруіне не түрткі болды екен? Марқұмның туыстары полицияға қандай талап қойып отыр? Қанды оқиғаның жай-жапсарын Гүлбану Әниятқызы зерттеп көрген еді.

Астанаға қызымды оқытсам деп жіберіп, бір күнде тұңғышынан айырылып қалып аңыраған ана бүгін қанды қылмыс болған үйдің босағасын алғаш аттады. Еуразия университетінің төртінші курсында оқыған студент қызы Ұлжан Рысқұлбекова пәтерде құрбыларымен бірге тұрған екен. Бойжеткен, жазғы демалыс кезінде техника сататын дүкенге жұмысқа тұрып, Баян Шалқарова деген қызбен танысыпты. Жағдайын айтып жалбарынған қызды тіпті қасына алып, бір нанды бөліп жепті. Алайда, "Астанада баспанасы бар, әлеуметтік жағдайы жақсы құрбымды көре алмадым, қызғандым" деген Баян Шалқарова марқұмды 24 жерінен пышақтап өлтірген. Анасының айтуынша, Ұлжанның қол аяғын тілгілеп, басынан балтамен ұрып, азаптаған бойжеткен мұнымен тоқтамапты. Құрбысының өлі денесін үлкен кілемге орап, кіреберіске шығарып, пәтердің ішін қаннан тазартып, түнделетіп тайып тұрған.

ҚАЛАМГҮЛ РЫСҚҰЛБЕКОВА, марқұмның анасы:

- Өлтірген менің қызымды балтамен балғамен ұрып, бірақ мен сенбеймін бұл қыздың біреу болғанына қасында біреу бар.

Яғни, аңырап отырған Ұлжанның анасы қызын жалғыз Балжанның өлтіргеніне сенбейді. Өйткені, екі адам әрең көтеретін ауыр кілемге оралған денені бармақтай қыздың далаға шығаруға шамасы жетпейді. Сондықтан, күдіктінің қасында сыбайластары болуы мүмкін деп тұспалдайды. Ал, Баян Шалқарова болса полицияға қанды қылмысты жалғыз жасадым деп, тергеу барысында құрбысын не үшін өлтіргенін де айтып беріпті.

ҚАЛАМГҮЛ РЫСҚҰЛБЕКОВА, марқұмның анасы:

- Көре алмадым, ол әдемі, онда бәрі бар, менде ештеңе жоқ дегендей. Мен ойлаймын мүмкін ақша сұраған шығар. Қызым жағдайы бар, үйі бар, жақсы киінеді. Көре алмаған.

Полицейлер болса, жағаны ұстатар қылмысты жасағанын мойындаған Баян Шалқарованы екі айға тергеу абақтысына қамап қойыпты. Үстінен 99-бап, яғни қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде кісі өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Бірақ тергеу құпиялы деп, бар ақпаратты туыстарына да, ақпарат құралдарына да айтпай отыр.

Алайда, өткен аптада ғана жер қойнына тапсырылған 23 жастағы Ұлжан Рысқұлбекованың туыстары қылмыстық іс бұрмаланып кете ме деп қауіптенеді. Яғни, елорда полицейлері бар айыпты қылмысты мойындаған Баян Шалқароваға жауып, сыбайластары сытылып кете ме дейді. Сондықтан, елорда тергеушілерінен өрімдей қыздың өлімінің себебін жіті тексеруді сұрайды.

Гүлбану Әниятқызы

31 арна 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2118
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2528
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2231
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1632