Жұма, 26 Сәуір 2024
Әдебиет 8179 0 пікір 3 Қараша, 2015 сағат 08:43

НҰРҒАЛИ ОРАЗ. АЛМАНЫҢ ИСІ

Эссе

Жаз бойы біздің бақта алма төгіліп жатады. Кей күндері апам бұлқан-талқан боп ашуланып, бұл үйге өзінен басқа ешкімнің жаны ашымайтынын айтып ұрысқан кезде ғана ағам екеуміз шелек-шелек қып теріп әкелеміз де, қорадағы сиырдың, қойдың, есектің ақырына апарып саламыз. Кешкілік өрістен тыңқиып тойып қайтатын мал да: «Бұны қайтеміз? Анау бауда шашылып-төгіліп, шіріп жатыр ғой», - дегендей мұрнын шүйіріп, аспанға қарайды.

Сөйтіп жүргенде бір күні ауылға жүк машинасымен бірі ұзын, бірі қысқа бойлы екі орыс келе қалды. Естуімізше бақтан алма жинап өткізгендерге азын-аулақ ақша төлейді екен. Әр киллограмына екі тиыннан. Ол кезде біз үшінші сыныпта оқитынбыз. Сондықтан да, «бақтағы алма көп пе, әлде, бұлардың қалтасындағы тиын көп пе?» деп ойланып тұрғанымда, қыр жақтағы дүкеннен шыққан Әуесбай көкем: «Әй, неғып аузың ашылып қалған? Бар, жүгір. Алма алушылар келді деп айт апаңа!» деп иегін қағып, бір жұтынып қойды.

Зыта жөнелдім. Отхана жақта тамақ істеп жатқан апам «Алма алушылар... алма алушылар!..» деп алқынып жеткен маған әуелде таңдана қарап, бұл не айтып тұр дегендей ернін бір сылп еткізді де: «Маған десе, тегін алсын! Шарбақтың есігін кең қылып ашып қой», - деді. Сонсоң, менің негізгі шаруам алма теру емес, тамақ пісіру дегендей дәу қазанның ағаш қақпағын ақырын ғана көтеріп қалып еді, аппақ бу бұрқ ете түсті де, сақылдап қайнап жатқан ыстық сорпаның дәмді иісі танауымды қытықтай жөнелді.

Сол күні бүкіл ауылдың бала-шағасы кешке дейін әлгі дәу машинаға алма тасумен болдық. Қорабы да нән екен өзінің. Бір ауылдың жүгін артсаң да жұғым құрлы көрмейді-ау шамасы. Бірақ, біздің жақта не көп, алма көп. Қай үйдің бағына барсаң да, шашылып-төгіліп, құр босқа аяқ асты боп жатады.     

Алма алушылар басын шайқап, таңғалады. Шелек-шелек боп ағылып келіп жатқан ақ, сары, қызыл алмаларға қарап көздері күлімдеп:

-         Смотри, какое яблоко, а? – деп қуанады.

Кей кезде қасынан өтіп бара жатқан балалардың бірін тоқтатып, қолындағы шелектен Әбдіәкім шабандоздың жұдырығындай бір үлкен алманы іліп алып иіскейді де, рақаттанып тұрып қарш-қарш шайнайды.

О-о, шіркін, ол кездегі біздің ауылдағы алманың иісі қандай еді десеңізші! Дәмі қандай еді!..

Бүкіл әлемге әйгілі француз әтірінің иісі де тап біздің бақтағы алмалар секілді жұпар шашпаған болар-ау, сірә.

-Ой, как хорошо-о!

-Вкусно, да?

-Не говори... Аромат такой, обалденный!..

Алма алуға келген бірі ұзын, бірі қысқа екі орыс бастарын шайқап таңғалған сайын біз тымпыңдап, бірімізден біріміз озып, қолымыздағы шелектерді тез-тез толтырып әкелуге тырысамыз. Алғашқыда олар  дөңгелек қолтаразымен  бір-екі шелекті өлшеп көрді де, бірінен соң бірі шұбырып келе жатқан балаларға қарап, қолдарын бір-ақ сілтеп: «Засыпай!» деп бұйырды.

Барыс-келісі қиын Аспантаудың бөктеріндегі біздің ауылға ол кезде басқа ұлттың өкілдері өте сирек келуші еді. Сондықтан да, мына кісілердің сөзі бізге біртүрлі қызық көрініп, басымызды шайқап, күле береміз, күле береміз.

ххх

Ертеңіне таңға жуық  қара нөсер құйып өтті. Сәмбі талдың астындағы тапшанда ұйқтап жатқан ағам екеуміздің үсті-басымыз малмандай су болып, көрпе-төсегімізді арқалап, тісіміз-тісімізге тимей қалшылдап үйге қарай қаштық. Біздің жақтың ауарайы осындай енді. Күтпеген жерден жел соғып, бұршақ жауып, нөсерлетіп ала жөнеледі. Тура менің апамның мінезі сияқты.

Үйге кірген соң бойымыз әп-сәтте жылынып, көзіміз жұмыла берді.

Содан күн сәскеге көтерілгенде бір-ақ ояныппын. Терезеден төгілген жап-жарық сәуле сыртқа қарай шақырып, жымың-жымың етеді. Үстіме жеңіл мәйкімді іле салып, есік алдына атып шықтым. Аспан шайдай ашық. Күн ыси бастапты. Бақтағы алма ағаштардан аппақ бу көтеріліп жатыр.

Бүгін нағыз доп тебетін-ақ күн екен. Жерде бір түйір шаң жоқ. Түндегі нөсер бәрін жуып-шайып, тазалап кетіпті. Тоғай жақтағы алаңқайға барып, доп ойнап, өзенге шомылып қайтып келе жатқанымызда Әнтай бір қызық ойын бастады. Ол бізден бір сынып жоғары оқитындықтан ауылдағы  бастауыш мектептің нағыз серкесі болып саналады.

-         Әй, балдар, балдар, - деді ол екі қолын дирижер секілді жоғары көтеріп. –Давай, бір-бірімізбен орысша сөйлесейікші, а?!

Кеше ғана ауылға келіп-кеткен алма алушылардың әсері ме, әлде, бұл ойын шынында да, бізге бір тосын жаңалық болып көрінді ме, кім білсін, жапа-тармағай екі қолымызды аспанға көтеріп:

-Давай, давай! – деп шуылдай жөнелдік.

Сөйтіп, әуелгі орысшаны Әнтайдың өзі бастады.

- Смотри, а, - деді ол ауылды бүгін ғана көріп тұрғандай айналаға таңғала қарап. –Как хорошо, а?!

-Хорошо!

-Хорошо-о! – деп бәріміз жан-жақтан басымызды изеп, мәз-мәйрам боп мақұлдап жатырмыз.

-Яблоко укусный, да?!

-Да!

-Да-а!

-Аромат какой, а?!

-Какой!

-Какой!!!

-Абалден, да?

-Да!

-Қарашо-о! Не гавари!

Расында да, бұл бір қызық ойын болып шықты. Тынысымыз ашылып, сана-сезіміміз оянып, бұрын-соңды өзіміз көрмеген жаңа дүниеге енгендей қанаттанып кеттік. Бірақ, біз қостап, мақтаған сайын Әнтайдың кешегі алма алушылардан естіген орысша сөздері бірте-бірте таусыла бастады. Басқаларымыздың да өз жанымыздан қосып-алар түгіміз жоқ екені әп-сәтте белгілі болды. Өйткені ауылдағы төрт сыныптық бастауыш мектепті екіге бөліп, екі сыныпты түске дейін, екі сыныпты түстен кейін оқытатын Мүтән ағайдың осы күнге шейін үйреткен «папа, мама, хлеб, сахар» дегендері бұл  ойынға тіпті жарамайды екен. Бір қызығы, орыс тіліне келгенде бірінші сыныпта оқитын бала мен төртінші сыныпта оқитын баланың арасында бәлендей бір айырмашылық та байқалмады.

- Смотри, а, - дейді Әнтай сонда да есесін жібергісі келмей. –Түнде жаңбыр жауғанский, да?!

-Да!

-Да-а!

-Иә-ә! Жауғанский! – дейміз біз шулап.

-Смотри, қыста қар жауадский, да-а?

-Да!

-Да-а!

-Сонда таудан шанамен сырғанаймыз... ский!

-Маладес! Орысша жақсы біледский!

Сол күні біз кешке дейін құмарымыз қанғанша «орысша» сөйлеп, үйге бір үлкен шаруа бітіргендей сілеміз қатып, шаршап қайттық...

ххх

Алма бақ күнде шашылып-төгіліп, есін шығарған мол жемісінен құтылғанына қуанғандай сол жылы қысқа дейін жеңіл тыныстап жатты. Бірақ оның иісі, неге екені, бұрынғыдай бұрқырап, танауымызды қытықтамайтын болды...

ххх

Уақыт зымырап өтіп жатты. Бақтағы алмалар секілді пісіп-жетілген ауылдағы жастар да жылда-жылда қалаға оқуға кетіп, қызметке орналасып, үйлі-баранды, балалы-шағалы болып,  біржола сіңіп кете берді. Солардың бірі – өзіміз...

Өткен жылы қаладағы бір жерлес ағай қайтыс болып, панфиловшылар саябағындағы «Жұлдыз» мейрамханасында қонақ асы берілді. Көз көрген;  ауылдас, жерлес, жегжат-жұрағат, әруаққа серік ағайын-туыс жиылып, марқұмның тірісінде жасаған игі істері мен жақсы қасиеттерін еске алдық.

Кенет, үлкен залдың ортаңғы тұсында отырған бір қара торы, дөңгелек жүзді, тығыншықтай кісі көзіме жылыұшырай кеткені. Оу, мынау Әнтай ғой! Ол баяғыда орталықтағы мектеп-интернатты бітірген соң, Ресей жаққа  оқуға кетіпті деп естігенбіз. Кейін сондағы бір зауытта қызметке қалған...

Ішімнен қуанып отырмын. Бала кездегі балдай тәтті күндерді бірге өткізген ескі дос емес пе. Қайта-қайта ойым бөлініп, кімнің не айтып жатқанын онша түсінбей, Әнтай жаққа сүзіліп қарай беремін. Ол да мені байқап отырған сияқты. Жүгіріп шығып, бір-бірімізді құшақтай алуға айналадағы жұрттан қысыламыз. Тек әйтеуір, ас тарқағанша аздап сабыр сақтап, шыдай тұруға іштей құмбылмыз.

ххх

Енді міне, есік алдына шығып, бір-біріміздің иығымызға қолымызды артып, күлімсіреп қараймыз. Әнтайдың Алматыға ауысып келгеніне бес-алты жылдың жүзі болып қалыпты. Ауыл жаққа көптен ат ізін салмағаны түрінен де, сөзінен де ап-анық аңғарылып тұр.

Бір-бірімізбен телефон номерін алмасып, алдағы күндері хабарласамыз деп жатқанымызда, о тоба, көше жиегіне келіп тоқтаған ақ түсті «джиптен» сол баяғы, бала күнгі Әнтай секіріп түсіп, бізге қарап құлдыраңдап жүгіріп келе жатты.

- Папа, купи мне мороженое! – деп айқайлайды алыстан.

- Сейчась. Подожди, сынок, я же с дяденькой разговариваю, - деп менің қасымда тұрған үлкен Әнтай кіші Әнтайға тап-таза орыс тілінде жауап қатып жатты.

ххх

Саябақтағы жалғыз аяқ жолға қарап, жападан-жалғыз ойланып қалғам. Әдетте үйге  қарай асыққанда  тротуардан жалт бұрылып, тап осы соқпақпен тіке тартушы ем. Бірақ, қазір ешқайда да асыққым келмейді. Керісінше, бүгінге дейінгі жүріп өткен ізіме қарап, бәрін басынан, қайтадан бастағым келгендей өзегімді бір өкініш тырналайды.

Жаңа ғана Әнтайға қалжыңдаған боп: «Оу, мына бала бір ауыз қазақша білмейді ғой!..» деген өз даусым жаңғырып, өзіме қайтып оралғандай ішкі дүнием күңгірлеп тұр. Япыр-ай, бұл неғылған бос кеңістік?..

«Ауылға барып тұрасыңдар ма?» деп сұрап едім Әнтайдан.

Ол біртүрлі ыңғайсызданғандай төмен қарап, басын шайқады.

«Алманың иісін сағынбадың ба?..»

«Кейін ... – деді ол қолын сілтеп, - кейін...  бір... оңаша отырғанда айтам...»

Abai.kz

0 пікір