Сәрсенбі, 1 Сәуір 2020
46 - сөз 3540 0 пікір 4 Қараша, 2015 сағат 09:47

ШЫДАМ

(Ескі әңгімелерден)
Әйелдердің өте шыдамды, төзімді жан екендіктерін бұрын да мойындағанмын. Қырық жаны бары екеніне жақында тағы да көзім жетті.

Қазір балаларға сабақ оқыту деген бір азап. Әлде үй тапсырмасы көп беріле ме, жоқ, әлде қазіргі балалар сабақты түсініп оқымай ма, әйтеуір, мектептен алқын-жұлқын келгеннен қайтып сөмкесін асынып мектепке кеткенше сабаққа шұқшиюмен болады. Соның өзінде ара-арасында ұрыс-керіс, айқай-шу, соңы балалардың таяқ жеуімен аяқталады. 
Келіншегім балаларға өте қатал. Қабағымен зыр жүгіртеді. Жынына жақпағанын қамшымен сабап алады. Қамшысын алып балаларды тұра қуған кезде ашу үстінде мені де сабап жібере ме деп қыпылықтап, ғазиз басымды ол бөлмеден әрең алып шығамын. Ал, көңілді кезінде одан асқан мейірімді жан жоқ. Балалар да еркелеп, бір жетісіп, ойнақтап қалады. Араларында ыржиып мен де отырамын. 
Жалпы өзім баланың тәрбиесіне, сабақ оқуына көп араласпаймын. Келіншегім асханада қазандағы еттің сорпасын сапырып тұрып, бір қолында балалардың оқулығы, сабақ түсіндіріп жатады. Аяғына кішкентайымыз жабысып алған. Қайбір күні қатты кетіп, қамшымен балаларды «сойып» салды. Шыдай алмай ара түсіп едім, «Онда балаңа сабақты өзің оқыт...» деп есікті тарс жауып шығып кетті. «Оқытсам оқытамын...» деп күбірлеп қала бердім. 
Содан баламды он минөт оқыттым-ау деймін... Бар шыдамым осыған жетті. Он минөттен кейін «Ой, шешеңнің сенің... Бір айтқаннан неге ұқпайсың? Бар, шешеңе...» деп кітабын тарс жауып, бөлмеден шығарып жібердім. Әлде мен дұрыстап оқыта алмадым ба, әлде менің оқыту «стиліме» балам үйрене алмады ма, әйтеуір түсінісе алмадық. Қазір үйдегі балаға сабақ оқыту «пәшти» мұғалім болумен бірдей екеніне көзім жетті. Осыдан кейін үйдің шаруасынан бөлек екі баланың сабағын оқытып, үшіншісін жұбатып, менің жағдайымды жасап жүрген әйелімнің шыдамдылығына төзімділігін, сабырлылығын тағы бір мойындап, басымды идім. 
Тағы бір жағдай. Келіншегімнің күн сайын қайталайтын бір сұрағы бар. «Бүгін тамаққа не істейін?» Күн сайын таңертең жұмысқа шығып бара жатқанда сұрайды. Жаңа ғана түннен қалған тамақты соғып алып, қарын тоқ, тіс шұқып кетіп бара жатып: «Енді көрерсің... Жеңіл-желпі бірнәрсе істей салсайшы...» дейсің. Онсыз да шаруаң көп, көп әуреленбей-ақ қойсаңшы деп келіншегіңе жаныңның ашыған түрі ғой бұл. 
Жұмыс аяғына таман қарын аш, асқазан ұлиды. Үйге телефон соғасың.
- Не тамақ істеп жатырсың?
- Өзің жеңіл тамақ дегеннен кейін... борщ істеп жатырмын. 
- Жындысың ба, борщ деген тамақ па? Ең болмаса ет пен картоп қуырмайсың ба? 
- Енді өзің айттың ғой...
- Айтсам, таңертең айттым... Мен барғанша тез-тез бірдеңе қуырып қойшы...
Басқа-басқа асқазанның ашуы қатты. «Аш адам ашуланшақ келеді» деп бекер айтылмаған. Түске дейін былай жалт етіп, түс қайта былай бұлт ете қалған ерлерінің қиқарлығына төзіп жүрген әйелдердің қырық жаны бар демеске амал жоқ. Айналайындар-ай, қайтейін енді...

Оралхан Дәуіт

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір