Сенбі, 27 Сәуір 2024
Қоғам 5943 0 пікір 9 Қараша, 2015 сағат 13:12

KAZSPORT ҚАНАТТЫҢ ЖЕКПЕ-ЖЕКТЕРІН КӨРСЕТЕ АЛМАЙДЫ

Кәсіпқой боксшы Қанат Ислам өзінің спорттық карьерасындағы 20-шы таза жеңісіне қол жеткізгені туралы шетелдік БАҚ жаппай хабарлап жатыр.    

Қанаттың бұл жолғы қарсыласы Доминикан Республикасының өкілі - 31 жастағы боксшы Джонатан Батиста болды. АҚШ-тың Маями қаласында өткен жекпе-жек бірінші раундта-ақ мәресіне жетіп, жерлесіміз Қанат Ислам қарсыласын нокуатпен жеңген болатын.  

Ал доминикандық боксшы осыған дейін 23 кездесу өткізіп, 8 рет жеңіліс тапқан. 

Алайда кәсіпқой боксшы Қанат Исламның жекпе-жегін отандық телеарналардың бірде-бірі көрсеткен жоқ.  Бұл жайт өз кезегінде «abai.kz» порталы мен әлеуметтік желі қолданушылары арасында  қызу пікір-талас тудырды.

Қанаттың кезекті жеңісінен кейінгі түйінделген төте сұрақ – қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің жекпе-жектерін үздіксіз насихаттап келген  Қазақстан ұлттық арнасы мен оның жанынан ашылған KazSport арнасы Қанаттың Батистамен жекпе-жегін неге көрсетпеді дегенге саяды.

Осы сауалға жауап іздеп «abai.kz» порталының тілшісі KazSport арнасының басшылығына хабарласқан еді. Телефон тұтқасын алған хатшы қыз сіздің сұрағыңызға бас редактор Асхат мырза жауап береді деп,  спорттық арнаның редакторы Асхат мырзаға жалғады.

«Кешіріңіз, сіздің сұрағыңызды жақсы түсініп отырмын. Бірақ бұл сұраққа мен жауап бере алмаймын. Басшылыққа немесе баспасөз орталығына хабарласыңыз. Сіз ресми БАҚ атынан хабарласып тұрған соң, мен қандай да бір ақпаратты басшылықпен ақылдаспай тарата алмаймын. Ал дос ретінде немесе таныс ретінде мен сізге өз білетінімді айтар болсам, оның баспасөзге таралып кетпеуіне ешкім кепіл бола алмайды. Сондықтан, сізге баспасөз орталығындағылар жауап берсін»,-деп баспасөз ортылығының телефон номерлерін берді.  Бас редактор мырза берген номерлерге қанша хабарласқанымызбен, ондағылардан жауап болмады.

Асхат мырзаның айтқанынан ұққанымыз, боксшы Қанат Исламның жекпе-жектерін отандық арналардан насихаттауға белгісіз бір кедергілердің бар екені рас. Сонда Қанаттың жеңісімен, қазақтың жеңісімен бөлісе алмаса, KazSport не мақсатта ашылды? Бұл сұрақтың жауабын індете түсу үшін белгілі спорт журналисі Руслан Меделбекке хабарластық.

 

Руслан Меделбек, спорт журналисті:

-Қанат Исламның жекпе-жектері бірде-бір бокс телеарнасының трансляциясына кірмейді. Себебі бұл жекпе-жектің деңгейі төмен. Ал халықаралық HBO, Showtime сияқты бокс трансляциясын тарататын арналарда көрсетілмеген бокс кешін қазақстандық, ресейлік тітпі шетелдік телеарналар да көрсетуге мүмкіндіктері жоқ. Ал Қазспорт немесе Хабар бұл жекпе-жекті көрсету үшін АҚШ-қа арнайы техника, жылжымалы телестудия (ПТС) апаруы керек. Қазақстаннан АҚШ-қа Қанат Ислам үшін ПТС апару миға сыймайды. Ешбір телеарна мұндай тәуекелге бармайды. Сондықтан телеарналарды, олардың басшылықтарын кінәлауға болмайды. Қанат Исламның кездесулерін Қазақстан телеарналары көрсету үшін оның проумоутері жұмыс істеу керек. Қанат Исламның соңғы жеңген қарсыласы оның ең әлсіз қарсыластарының бірі.

Түйін: қазақстандық боксшы Қанат Исламның кезекті жекпе-жегі туралы abai.kz порталы сүйінші сұраған болатын (http://abai.kz/post/view?id=5377). Осыдан кейін сайтымыздың оқырмандары Қанат Исламның жекпе-жектерін отындық арналар неге көрсетпейді деген уәж келтірген еді. Оқырман уәжіне жауап іздеп спорттық арна – KazSport-қа хабарласқанда алған жауабымыз жоғарыдағыдай болды. Осы ретте ескере кететін бір мәселе – Головкин мен Ислам қазақстандық бокстың саңлақтары екені рас. Егер аталған арна Қанат Исламның жекпе-жектерін көрсету үшін трансляцияны сатып алуға қаражаттары жоқ болса немесе келісім шарттар бойынша қандайда бір кедергілер туындаса, осыған қатысты жұртты шулатпай шұғыл түсініктеме беруі тиіс еді. Алайда арна қызметкерлері мен басшылығы Қанат Исламның жекпе-жегін көрсетпеуіне байланысты сұрағымызға арнайы хат жазып, сауал жолдағаннан кейін ғана, қарап, талқылап, ойланып-толғанып барып жауап беретіндіктерін жеткізді. Басшылықтағы Асхат есімді редактордың айтқанындай-ақ, Қанаттың жекпе-жегін көрсетуге келісімшарттық кедергілерден өзге де себептердің болуы мүмкін. Тек бұл қандай себептер екенін айтуға арна басшылығының  дәті жетпегені өкінішті.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Аbai.kz

0 пікір