Сенбі, 18 Мамыр 2024
Мәйекті 8809 0 пікір 12 Қараша, 2015 сағат 13:32

ҚАЗАҚ ӨТІРІГІНІҢ ҚҰНЫ ҚАНША?

Қазіргі қазақ қоғамының түрлі салаларында түйінді мәселелердің пайда болуына алып келген бір феномен – өтірік. Көпшілік сырттан келетін жауды күтіп отырған кезде елді, қоғамды іштен ірітетін, ыдырататын факторлардың бірі осы. Өтіріктің бүгінгі түрлері – сандық көрсеткіштерді бұрмалау, жалған ақпар беру, уәдені орындамау, көзбояушылық, жағымпаздық және осыларға сүйенуден туындайтын сыбайлас жемқорлық.

Жалпы өтірік деген не? Айталық, «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде»: «Өтірік – шындыққа қарама-қарсы, шын емес, жалған; бұрмаланған, жала сөз айту; шын мәніндегі жағдайды әдейі бұрмалауға саятын қарым-қатынас феномені» делінеді. Ал, «Жантану атауларының түсіндірме сөздігі» бойынша өтірік, әдетте, нақты бір жағдаяттарда жекелей не әлеуметтік артықшылықтарға ие болуға тырысудан туындайды. Яғни, сөздіктердің бәрі бір ауыздан өтіріктің саналы түрде айтылатынын не жазылатынын келтіреді.

Ал, ислам дінінің басты кітабы бойынша «өтірік – бір оқиға туралы біле тұрып, оны теріс түсіндіру». Қасиетті Құранда өтірік үлкен күнәлар қатарына жатады. Өтірік айту – екіжүзді адамның немесе кәпірдің ісі. Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.): «Өтіріктен сақтаныңдар! Себебі ол бұзықтыққа апарады. Ал, бұзықтық тозаққа апарады» дейді. Ислам дінінде жалған сөйлеу рухани қылмыс саналады дейді ислам ойшылдары. Өтіріктің бастауы ібілістің өзі, ібілісте шындық жоқ. Өтірік айту, жалған сөйлеу имансыз, кері кеткен қоғамда бел алады. Қасиетті хадистерде «Өтірік айту ризықты, несібені азайтады» делінеді. Яғни, өтірік сөйлегені үшін адамның өзінің, кәсіпкердің кәсібінің берекесі кетеді, ырысы азаяды.

Иә, өтірік дегеніміз шындыққа әдейі сай келмейтін және саналы түрде айтылған тұжырым. Күнделікті өмірде өтірік деп фактілік және сезімдік ақпаратты беруші адамның өзі шындыққа сай келмейді деп есептейтін тұжырымды басқа адамға әдейі беруді атайды. Жалпы өтірік туралы айтқанда ересектер бірден баланың өтірігін ауызға алады. Дегенмен, бұл кішкентай сәбилердің жас ерекшелігіне байланысты өз қиялын шын деп беруі, шындық пен қиялдың ара-жігін ажырата алмауынан орын алатын, адам дамуындағы кәдімгі бір өтпелі кезең (7 жасқа дейін). Ал, ересектердің өтірікті жиі айтатыны соншалық, бұл әдетке айналып кеткен және оны көпшілік елей бермейді. Оны ақтап алуға итермелейтін мән-жайлар да бар. Адам баласы тіршілікте қалаған нәрсенің бәріне қол жеткізуі оңай емес. Адамды жетелейтін арманы мен үміті, үмітсіз шайтан ғана. Тірліктің бітпейтін күйбеңінен шаршаған кезде адам өзін-өзі алдауға жүгінеді – ішкі дүниесі сезе тұра, жалған тұжырымды шынайы деп сенуге тырысады. Қол жетпеске айналған арманын ақиқатқа балау өзіне берілген өмірді сүрудің бірден бір жолы болуы да мүмкін. Ал, өтірік айту үшін өтірік айтатын немесе патологиялық өтірікшілікке душар болған адамдар бұрын-соңды болған және бола береді. Қазақ оларды суайт деп сенбейді. «Өтірікшінің шын сөзі зая кетеді» дейді қазақ.

Өтірік сонау адамзаттың алғашқы дәуірлерінен бері бар құбылыс, оған әйгілі Платон мен Сократтан бастап талай ойшыл бас қатырды. Сократ өтірікті зұлымдық контексінде қарастырды, – яғни, өтірік білімсіздіктің, надандықтың салдары, сол себепті ол зұлымдық тудырады, әлеуметтік құлдырауға әкеп соғады. Платон болса ізгі, зиянсыз өтірік айтуды жақтайды, ол «Мемлекет» атты шығармасында мінсіз мемлекетте патша-философтар жалпының игілігі үшін өтірікті пайдаланады дейді. Билік деңгейіндегі ізгі өтірік қоғам мүшелерінің, ел тұрғындарының бойында белгілі бір пікірді қалыптастыруға қызмет етеді. Мысалы, Президент Н.Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елге инвестиция тарту үшін өзінің өтірік айтуға мәжбүр болғанын мойындайды. Әрине, кейде бұл табысқа жеткізуі де мүмкін, айталық, сол кезде Елбасы жетектеп жүріп, бизнеске тартқан азаматтар бүгінгі күні олигархтарға айналғаны мәлім. Билік қолданатын өтірік негізінен мемлекетті дамытуға қызмет ететін, қоғамдағы тыныштықты сақтаудан туған, саналы түрде таңдалған стратегия міндетін атқаруы да ықтимал. Бұл заманауи демократиялық мемлекеттердің бәріне дерлік тән құбылыс. Бірақ, мұндай «ізгі өтірік» те шектен асып, патологиялық сипат алып кеткен жағдайда тәртіп пен қоғамдық моральге нұқсан келтіретін өте ауыр әлеуметтік науқастарға (қылмыс, маскүнемдік, нашақорлық, бұзақылық және т.б.) әкеп соғады. Бұл ізгі өтіріктің салдары.

Олай болса, өтіріктің үлкен-кішісі бар ма? Тұрмыстық деңгейдегі өтірікті ұсақ-түйекке жатқызсақ, ал, ұжымдық, қоғамдық деңгейдегі өтіріктің де зияндысы мен зиянсызы бар. Ғалымдардың зерттеуінше, ерлі-зайыптылар бір-біріне күніне үш-төрт рет өтірік айтады екен. Ұсақ-түйектің өзі кейде үлкен жанжалға әкеп соғады. Демек, зиянсыз өтірік болмайды. Өтіріктің салдарынан қаншама ерлі-зайыптының сезімдеріне селкеу түсіп, шаңырақтар шайқалды.
Жалпы өтіріктің түрі көп екендігі анық, әсіресе, қазіргі күні саналы түрде ақпараттың сапасын өзгерту, яғни өтірік ақпарат беру немесе оны бұрмалау көп кездеседі. Өтіріктің бұл түрі – жалған мәлімет хабарлау, фабрикация – күнделікті тіршілікте, адами қарым-қатынаста, үлкенді-кішілі мекемелерде баршылық. Сондай-ақ, берілетін ақпараттың көлемін саналы түрде өзгерту – алдау немесе жасыруға жатады. Статистика деректері, түрлі сандық көрсеткіштер, мемлекеттік мекемелердегі мерзім сайын берілетін сандық есептер осындай жалған ақпаратқа толы. Мысалы, Статистика агенттігі Қазақстан бойынша жұмыссыздық деңгейін 5% деп көрсетеді, алайда, ауыл тұрғындарының басым көпшілігі жұмыссыз екенін, Алматы қаласының Сейфуллин көшесінде екі қолға бір күрек іздеген ер-азаматтардың әлі тұрғанын ескерсек, бұл мәлімет шындықтың аулынан әлдеқайда алыс жатыр.

Ұжымдық деңгейде кездесетін өте бір жағымсыз өтірік – жала жабу, яғни, біреу туралы әдейі оны қаралайтын жалған мәлімет тарату да белгілі бір мақсаттан туады. Кейбір жағдайда басшылар тарапынан өзіне жақпайтын адамды қызметінен кетіру үшін түрлі сылтаулар ойлап табу, басқан ізін аңду, сүріндіру жала жабумен астасып жатады.

Шағын ұжымнан мемлекеттік аппарат деңгейіне дейін жайлап алған бүгінгі өтіріктің өте тұрпайы түрі – жағымпаздық.  Өтірік пен жағымпаздықтың арасы алыс емес, екеуі туыс, себебі, жағымпаз, жағынғыш адам біреумен жақсы қарым-қатынас орнату, өз мақсатын жүзеге асыру үшін оның бойында жоқ қасиеттерді таңып, ұлғайтып көрсетуге ұмтылады. Ол өз мүддесі үшін керекті адамына жалған мақтау айтып, асыра дәріптеуден, көпшік қоюдан көрінеді. Өзі жағымпаздыққа жақын, айналасына да өзіне ұқсастарды жинайтын басшылар қатары аз емес. Тіпті, қазір жағымпаздық қалыпты нәрсе, солай болуы тиіс сипат алып кеткен сыңайлы. Өтірік феноменінің тағы бір түрі – мистификация (әдейі адастырушылық) немесе фактіге негізделмеген, шын да, өтірік те болуы мүмкін, шынайылығына сенімсіз сөз. Мистификация, әсіресе, ғылым саласы үшін аса зиян, – тәжірибемен, фактілермен бекітілмеген болжамдар мен теориялар ұсыну ғылымның дамуына кедергі.

Тарихи өтірік, тарихты бұрмалау мемлекет деңгейіндегі үлкен өтірік, саяси тәсіл санатында көптеген елде бар. Бұл саяси мүддеден туған қажеттілік және ол қай кезде де сұранысқа ие (Big Lie). Өйткені, тарих – кез-келген мемлекеттік идеологияның құрамдас бөлігі және өткен шақты бүгінгі өмірдің талабына сай қызмет етуге икемдеуші құрал. Үлкен өтірік А.Гитлердің бүкіл іс-әрекетінің басты тәсілі, насихат құралы болған. Ресейдің де дәстүрлі рухани ұстанымына айналған саяси деңгейдегі өтірік «орыс әлемі», «орыс өркениеті» іспетті жасанды идеялардан көрініс тапты. Олар осы жалған «орыс әлемімен» әлі де халықты алдап, зұлым пиғылын ақтауға тырысып отыр («Өтірік – бейсаналық агрессияның көрінісі» Фрейд). Орыс саясаты Русь тарихындағы Шыңғыс хан, Алтын Орда кезеңін мүлде бұрмалап көрсетуі тегін емес. Тіпті, «орда» сөзін теріс, жағымсыз мағынада қолдануының өзінен (мысалы, «фашистская орда») орыс мемлекетінің қалыптасуына бірден бір ықпал еткен Орда дәуірін өз тарихынан мүлде сызып тастағысы келетіні анық байқалады. Ресейлік ұлттық сана үшін өтірік, алдау кәдімгі типтік әлеуметтік-мәдени феномен болса («правду говорить – никому не угодить», «неправдою жить – не хочется, правдою жить – не можется», «сладкая ложь лучше горькой правды» және т.б.), батыстық мәдениетте өтірік адам құқығын бұзудың бір түрі ретінде қарастырылады, бұл батыстық қоғамдық моральдың заңдылығы, бұған жол беруге болмайды, ол зиянды.

Ал, дәстүрлі қазақ қоғамында өтірік, жалған сөйлеу әзіл-қалжыңмен қатар қолданылғанын ертегі, аңыздар, өтірік өлеңдер арқылы білеміз. Өтірік өлеңдер баланың қиялын қанаттандырып, қызығушылығын оятады, білмекке құмарлығын арттырады, қиялын шындыққа айналдыруға ертеді. «Алдар көсе» феноменінің өзі өтірікті шындық үшін күресте пайдаланатын құрал, әділеттілікті орнатудың бір тәсілі, сараң әрі қайырымсыз байлардан кек алудың жолы ретінде қолданудан туған. Әр ауылда кездесетін Судыр Ахметтер мен сужұқпас суайттарға көзқарас өтірікшіліктің жалпыға тән еместігін дәлелдейді. «Бұрынғы қазақта «қырық өтірік» ертегіде ғана айтылатын, бірақ әлеумет жұмысына инедей өтірік қатыстырылмаушы еді. Хүкімет көздері ақ жолдан адасқан соң, шын жолмен жүріп, талай жапа шегіп, запыс болғандықтан, қазақтың көпшілігі өтіріктің ордасы болып алды» (Қошке Кемеңгерұлы, 1924 ж.).

Қазақтың басы бодандық қамытын киген сәттен бастап, қияли қырық өтірік жайына қалды. Тек қазақ халқы емес, ХХ ғасырға дейін  көптеген халықтардың дүниетанымында, діни қағидаларда өтірік этикаға қайшы, жат құбылыс саналып келсе, бұдан былай ол билік деңгейінде қоғамдық сананы алдап-арбаудың нақты құралы, үстем құндылық, саяси құрал ретінде жаңа рөлдерге ие болды. ХІХ ғасырдағы орыс қоғамының халін сипаттаған тарихи-әдеби дереккөздерде өтіріктің жолындағының бәрін жалмаған жұқпалы дерт деңгейіне жеткені ашық жазылған. Осылайша, патшалық Ресейді апатқа ұшыратқан орыс өтірігі (Бердяев Н. «Правда и ложь в общественной жизни», 1917 ж.) большевиктік қоғамға да дендеп енді. «Еуропаны кезген коммунизм елесі»  Кеңес Одағына келіп тұрақтап қалды, – Кеңес халқы жетпіс жыл осы ертегіге алданып, өмір сүрді. Саяси билік күнде қайталай беретін коммунизм рахатын өздері көріп жүргендіктен сенген болар. Ал, қарапайым халық шын жүрегімен бүкіл еңбегі мен күш-қуатын коммунизм орнатуға арнады. Тұрмыстың бүкіл ауыртпалығын коммунизм келгенде еңсеретініне сеніп, жалған қиялмен күн кешті. Тіпті Н.Хрущевтің 1960 жылдары туған ұрпақ коммунизм тұсында өмір сүретінін мәлімдегені де бар. Осылайша жалған әлем құрып берген саясаткерлердің өтірігі салдарынан құдайсыз, ешбір қасиет тұтар рухани құндылығы жоқ қоғам құлап тынды.

Әр дәуірдің өзіне тән өтірігі бар, – өте күрделі, көпқырлы құбылыс ретінде қиратушы күшке ие бұл феномен құдды әзәзілдей түрі мен сипатын өзгертіп отырады. Егемендіктің алғашқы жылдары жетпіс жылғы жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға бірден қойып кеткен еліміз жаңа экономикалық саясатқа психологиялық тұрғыдан дайын емес еді. Барлығы жоғарыдан нұсқалатын жоспарлы экономика қағидалары дербес ойлауға, өз бетімен әрекет етуге үйретпеді. Нарыққа қажетті тетіктердің жеткіліксіздігі себепті,  басым көпшілік оған кірігудің өзге, оңай да бұралаң жолдарын іздестіре бастады, ол – пара беру, жағымпаздану, непотизм, тамыр-таныстық. Бірте-бірте бұл көпшілік үшін қанға сіңген әдетке айналды, – «бара бергенше пара бер», – заңдарды аяқасты еткен құқықтық нигилизм ең алдымен биліктің көптеген тармақтарының өз міндеттеріне жауапсыз қарауынан, мемлекет мүддесін мансұқ етіп, жеке құлқынын алдыңғы орынға қоюынан жаппай етек алды. Посткеңестік елдерге тән байлыққа күмәнмен қарау көзқарасы осы тұста пайда болды және кәсіпкерлік қызметті ақша табудың лас, заңсыз жолы ретінде қабылдауға әсер етті, бір жағынан бұған кәсіпкерлердің жеке мінез-құлқы, өзін өзгелерден жоғары ұстауы, халықтан алшақтауы да ықпал еткені сөзсіз.

Қай кезде де өтіріктің барлық түрі белгілі бір мақсатты көздеуден туатыны, әйтеуір бір нәтижеге қарай бағытталатыны байқалады. Өтірікті қолданушылар арнайы айтылған әлеуметтік-психологиялық сөздік актінің көмегімен саналы түрде ақиқатқа қайшы нәрсені орнықтыруға, адастыруға тырысады. Бүгінгі күні алуан түрлі БАҚ құралдарында жарияланып жатқан ақпараттың шынайылығы мен жалғандығын айыру қиын, – өтірік пен шындықтың ара-жігі бітісіп, шекарасы жойылып кетті. Әдетте журналистер қауымын шындықты асыра сілтеп, боямалап, әсірелеп беруге құмар кәсіп иелері санайтындар осыған сүйенеді. Ал, көрермен, тыңдаушы, оқырман өтірікке сүттей ұйып, үнсіз жұта беруде. Бұл көрініс негізінен БАҚ-тың коммерциялануынан, ақпарат атаулының сатылатындығынан болса керек. Арнайы тапсырыспен орындалатын ақпарат, хабарлама белгілі бір мүддені көздейтіні анық. Осыдан келіп, экрандағы, эфирдегі, басылым беттеріндегі өтірік кең таралуда, тіпті, жарнамадағы күніне жүз қайталанатын шылғи өтірікке көзіміз де, құлағымыз да үйір боп кетті. Бұл енді әркімнің өзіне қажетті деген деректерді талдап, көзін жеткізуіне байланысты орын алатын жайт.


Пайдалы нәрсені ғана шын деп санайтын прагматистік көзқараспен қарағанда, әлеуметтік өтірік қоғамды, өркениетті апаттан, жойылудан сақтайды-мыс. Әлеуметтік қатынастарды сақтап қалу үшін өтірік айту, халықты алдап-сулап ұстау, орындалуы күмәнді идеялармен алдарқату іспетті жартыкеш шындық феномені бұрын да, қазір де бар. Мұндай өтірік негізінен билік деңгейінде айтылады. Мемлекеттік деңгейдегі өтіріктер арасында ұлғайтып (азайтып) көрсету әдісі кең тараған. Берілген ақпарат шын болғанмен де, келтірілген сандық сипаттамалар шындыққа сай келмейді. Ресми статистикалық мәліметтерге жұрттың мүлде сенбеуі де осыдан.

Өтірік айтуда алдына жан салмайтын лауазымды бір топ – әкімдер. Жыл сайынғы есеп беру жиналыстарында (ол жиналысқа кімдер қатысатынын, сұрақ берудің мән-жайын көпшілік біледі) берілетін ақпарлардың тек бірыңғай позитивті сипаты мен жасандылығы халық пен билік арасын одан әрі алшақтатуға қызмет етуде. 2014 жылы Маңғыстауда бір ауылдың әкімі берген есептегі «жұмыссыз адам мүлде жоқ» деген сөз жұмыс таппай сенделіп жүрген ауыл тұрғындарының наразылығын туғызып, әкімнің жағасынан алуға дейін апарған.  Ал, еліміздегі үлкен бір қаланың үлкен әкімі бір жиналыста жасаған баяндамасын үш жерде оқып бергені біздің әкімдердің деңгейінің дәлелі.
Мемлекеттік қызмет саласындағы үрдіс бойынша лауазымды орынға қабылданған қызметкер арнайы ант береді. Алайда, лауазым иелерінің халық қызметшісіне жат тірлікпен айналысып, берген антынан айнитыны соңғы кезде жиілеп кетті. Бұл да өтіріктің бір түрі, – ант бұзу. Салтанатты түрде берілген антты бұзу халықты алдаумен тең, бұл ол адамның ар-намысынан айырылуы, ең ұят өтірік. Билік деңгейіндегі өтіріктер әсіресе сайлау науқандары кезінде қыза түседі. Сайлауға түсетін үміткерлерді түрлі мәлімдемелер мен үгіт материалдарында, жарнамаларда асыра дәріптеудің нанымдылығы сондай, олар өз өтірігіне өздері сеніп қалатын тәрізді. «Өтірікті шын қылған, ол – адамның қызылкөзді пәлесі!» деп, бұрынғы жыраулар осындайда айтқан болса керек.

Билік деңгейінде фактілер мен ресми ақпарат шынайы мәліметтерден асырып көрсетілуінің бір мысалы: 2014 жыл қорытындысында Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешов Қазақстанда ҮИИДМБ шеңберінде 1-бесжылдық бойынша 700-ден астам кәсіпорын іске қосылды деп есеп берді. Ал, 2015 жылдың мамыр айында ҚР Парламентінің мәжілісінде Есеп комитеті берген ақпарда пайдалануға берілген осы 770 жобаның жартысы (42%) немесе 322 кәсіпорын толық қуатымен жұмыс істеуде, ал қалғандары жартылай жұмыс істейді немесе мүлдем тоқтап тұр делінді. Сөйтіп, 2 мыңға жуық жұмыс орны құрылмаған. Алайда, осы өтірік есебі үшін министр де, кәсіпорынның басшылары да жазаланбады, жауап та берген жоқ, тіпті, ол туралы сөз қозғалған жоқ. Сонда лауазымды тұлғаның жауапкершілігі, желге ұшқан халық қаражатының сұрауы қайда?

Нақты шындықты бүркемелеп, оған балама ұсынып отырған билік деңгейіндегі өтіріктің жазаланбауының тағы бір себебі, – бұл сол өтірікті көпшілік қауымның мойындауы немесе соған сенушілердің кемшілігі. Бұдан әлеуметтік нигилизмнің де исі шығады. Алайда, бұл оның салдарынан туындайтын бір жағдаятқа да байланысты болуы ықтимал – өтірікке сенбей, оған мойынұсынбағандардың қандай күйге түскеніне куә болған көпшілік амалсыз сенген кейіп танытады. Осылайша, өтірікшілердің айы оңынан туып тұр. Осы іспетті өтіріктің неше алуан түрінің бүгінгі қазақ қоғамының барлық саласын жайлап алуына сеп болып отырған факторлар:
– қазақтың дәстүрлі адамгершілік мәдениетінің қолданыстан тыс қалуы (ар-ұят, тыйым және т.б.);

– ақпараттық кеңістіктің шектен тыс ұлғаюы нәтижесінде жат елдік жалған мәдениет экспансиясының бел алуы, қазақы дүниетанымға мүлде сыймайтын мінез-құлық үлгілерінің кең таралуы;

– баланың әлеуметтенуі үдерісінде отбасының ең басты тәрбиелеуші құрал міндетінен ішінара айрылып, интернеттің негізгі әлеуметтендіруші агент қызметіне ие болуы;

– қоғамда кез келген деңгейдегі өтірік пен жалған сөзге тойтарыс берілмеуі, адамгершілікке жат көріністердің айыпталмауы, жазаланбауы, – макиавеллизмге жол ашылуы (пара беру-алу, ашыналық, жағымпаздық, тамыр-таныстық, т.с.с.);

– әлеуметтік теңсіздіктің – бай мен кедей ара-жігінің тереңдей түсуі, материалдық байлықтың БАҚ арқылы шамадан тыс насихатталуы;

–  тұтыну қоғамында тек тұтынушыға айналған тұрғындар әр нәрсеге сын көзімен қараудан гөрі күнкөріс, бәсекелестік, пайдакүнемдікке шектен тыс берілуі.

Міне, осының бәрі бүгінгі біздің қоғамда өтіріктің легитимділікке ие болуына әкеп соқты, өтірік пен жалған сөз өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Иә, өтірікті бәріміз жек көреміз, біреуден алданып қалуды еш қаламаймыз. Бірақ, сонда да күн сайын үлкенді-кішілі, зиянды-зиянсыз өтірік айтуды жалғастырамыз. Егер де, осылай өзімізді өзіміз алдап жүре беретін болсақ, онда надандық жаппай сипат алады және бірте-бірте бүкіл қоғамды жайлап, оны тығырыққа тірейді. Жоғарыда айтылған имансыз және кері кеткен қоғам өз өтірігінің батпағына батып, одан шыға алмай, мемлекеттің, ұлттың түбіне жететінін тарих дәлелдеп берді.

Өтірікке деген немқұрайдылықтың бір себебі, шындықты айтудың қауіптілігі. Егер, қоғамда әділеттілікке, ақиқатқа апаратын жол жабылып, шындық қысым көрсе, адамдар арасындағы сенім әлсірейді. Сенім жоқ жерде өтірік айту басталады. Түрлі мекемелерде, тіпті мемлекеттік қызметте де шындықты бетке айтатын, жағымпаздыққа жаны қас, өз құқығын қорғауға ұмтылатын адамдар басшылық тарапынан қуғын-сүргінге ұшырап, қоғамнан аласталуы, жеккөрінішті көрсетілуі, жұмысынан айрылуы жиі кездеседі. Қаншама адам жалған жаламен нақақ күйіп кетті. Осылайша, адамдарды қорқыныш пен үрейде ұстау жалғандық жайлаған қоғамның әдіс-тәсілі. 
Қазіргі қоғам адамы өтірікке қалай қарайды? Мұнда бірнеше үрдіс анық аңғарылады, олар – өтірікпен өмір сүретіндер, оған немқұрайды, көз жұма қарайтындар және қоғамның, елдің болашағына алаңдайтындар. Пайдакүнемдік мақсатпен өтірік айтатындар үшін бұл өмір сүрудің бір әдісі, қанға сіңген әдет. Ал, басым көпшілік жалған айтудың салдары жайлы бас ауыртқанша, өтірік жайлаған қоғамда тып-тыныш жүре бергенді дұрыс көреді.

Өтіріктің жойылмауына мүдделі екіжүзді типтер, өкінішке орай, билікте де бар, олар жақсы сөздер айтады, елге жақсы көрінеді. Адамға табыну, шектен тыс дәріптеу үрдістерін таратып отырған да солар, – бұл олардың өмір сүруінің басты шарты. Алайда, екіжүздіге сенім жоқ, бүгін біреуге бас иген бұл типтердің ертең келесінің аяғына жығылмауына ешкім кепіл емес. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам», – өтірік айту жеке адамның қылығынан тұтас ұлттың мінезіне айналып кету қаупі төніп тұрғанын жасырып-жабатын уақыт өтті. «Ауруды өлім әшкерелейді». Егер халықтың санасын, жан-дүниесін өтірік жайлап алса, ондай қоғам одан әрі іріп-шіри бермек.

Өтірік тамыр жайған қоғамда өтірік айту адамдардың өзін-өзі сақтау инстинктіне айналады. Әсіресе айналадағы өтірікке күнде куә болатын жастардың, өскелең ұрпақтың өтіріктің құлы болып кетуінің алдын алу міндет. Жұқпалы ауруға қарсы екпе егілген жас бала тәрізді, өтірікке қарсы иммунитет те бесіктен басталады. Бұл ата-баба дәстүрімен, ұлттық тәрбиемен, отбасы үлгі-өнегесімен келетін нәрсе. «Не ексең, соны орасың».

Өтірікке қарсы күресті ұрандатып, науқандатып жүргізу қажетсіз. Біреу сырттан келіп түзетіп беруге де міндетті емес. «Бұл дүниенің ең бір жиіркенішті кесапатын әшкерелеу, өтірікшілердің бет пердесін аша сынау» (Абай) билік деңгейінде тиімді. Ал адами қатынаста әр адам өзінен бастаса, өтірікке үнсіз бағыныштылықтан бас тартса, өтірік араласқан істерге қатыспаса, ең алдымен өзімізді өзіміз алдауды тоқтатсақ, – бұл да өтірікке деген наразылық, қарсылық. Ар-ұятымызбен толық үйлесімде өмір сүріп кете қоймасақ та, ең болмаса соған ұмтылайық. Түптеп келгенде, өтірікке көзқарас –  адами қадір-қасиет, ар-ождан мәселесі.

Қатал нарық заңы жайбарақат, таңғы асын тәңірінен күткен қазақтың қазіргі  ең қиын мәселесі тұрмыс-тіршілік қамы, бала-шағаны асырау, оқыту етіп қойды. Жалған атқамінерлердің оңтайына келіп-ақ тұр. Болмашы жалақы басына тартса аяғына жетпей жатқанына қарамастан, отыз елдің елесі қол бұлғайды. Әлеуметтік өзара қарым-қатынастан мемлекеттік аппарат деңгейіне дейін өтірік жайлап бара жатқан қазақ қоғамының алдында дәл қазір ұлтты, қазақ ұлтын өтіріктен құтқару мәселесі тұр. Қазақ өтірігінің құны – қазақ қоғамының тағдыры, болашағы!!! Оны сақтап қалу – қазақ қауымының рухани тазаруына, жаңғыруына тікелей байланысты.

Дина Имамбаева, әлеуметтанушы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2142
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2547
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2337
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1653