Сенбі, 18 Мамыр 2024
Қоғам 4967 0 пікір 13 Қараша, 2015 сағат 11:01

ӘКІМІМІЗ - БИШІ, ГЕНЕРАЛЫМЫЗ - ӘНШІ

Біздің Қостанай облысы өнер тарландарынан кенде емес. Таланттар әсіресе билік басында өріп жүр десек артық айтқандық болмас. Облысымыздың бұрынғы әкімі Нұралы Сәдуақасов көрші Ресейден талай әншілер мен бишілерді қайта-қайта қолқалап жүріп шақырып алатын да, астына ат, үстіне шапа жауып мәз-мәйрам болатын.

Сосын бишілермен мың бұрала би билеп, әншілерімен гитараға қосылып ән шырқап, әй бір шалқып қалатын. Орыстың халық әндерін кемеліне келтіріп орындағанда осындағы орыстанып кеткен жұрттың төбесі көкке бір елі жетпей қалғандай көрінетін. Оған да кінә жоқ шығар, өзі орыс мектебін бітірсе, жоғары білімді Мәскеуде алса, жан-жарын сол жақтан ертіп келсе. Талантына таң болғаным соншалық, алыста жатқа қазақ ауылында өскен мен де кей-кейде «Ой, мороз» деп әндетіп кеткім келетін. (Қалжың ғой).

 «Бақсақ, бақа екен» дегендей талантты тек бұрынғы әкіміз ғана емес екен. Әншілік пен сазгерлік өнерден облымысымызды ішкі істер департаментінің басшысы Тілеген Мәткенов де кенде емес көрінеді. Өткенде осы генералдың ұйіне ұры түсіп бағасын айтуға ауыз бармайтын швецариялық аса құнды сағаттарының қолды болғандығын жазғанбыз. Генерал болса «ойбай, ол сағаттар менікі емес» деп азар да безер болған. Дей тұрғанмен, жергілілікті журналистердің «баспасөз мәслихатын өткізіп біздің сұрақтарымызға жауап берсеңіз қайтеді» деген өтінішіне алдымен келісіп, кейін уәдесінен тайқып кеткендігін де жазғанбыз. Сөйтсек, біз генералды босқа жазғырыппыз. Сөйтсек ол кісі жоғалған қымбат сағаттарын емес, көпшілік ауыздан тастамай айтып жүретін, сандаған жылдар бойы халық санасында жатталып қалатын ән шығарамын деп күндіз-түні шығармашылық азап тартып жүрген екен. Ол талантын сырт көзден өте құпия ұстапты. Алайда  алтын кездік қап түбінде жата ма, күндіз-күлкі, түнде ұйқыдан айрылып өзі шығарған әні көрші Ресейде кеңінен қалықтапты. Генералдың сөзін де, әнін де өзі жазған «Негасимая любовь» деген шығармасы осы елдегі Орынбор қаласында Ресей Федерациясы ішкі істер органдары қызметкерлері күні—10 қазанда салтанатты концертте орындалыпты. Осындағы бегілі әнші Азамат Ибраевтың кемеліне келтіре орындаған әні ресейлік тәртіп сақшыларына ұнағаны соншалық, залдағы отырған талай еркектер көзіне жас алған көрінеді. Генералдың әсіресе өзінің жан серігіне арналған махаббатын «Я в кобуре своей так часто ее записки находил» деген сөздеріне балқымаған әйел қалмаған деседі.

    Біздің бас полицейіміз «сегіз қырлы, бір сырлы» атанып, музыка саласында өзіндік өрнек қалдырғандығына бек қуаныштымыз, әрине. Алайда осындай «тамаша» әннің салтанатты тұсаукесері осы Қостанай топырағында неге өтпегендігіне өкпеміз қара қазандай. Ал, күні ертең осындай талантымызды көршіміз қалап алып кетсе қайтеміз? Полициямыздың даңқын шығаратын әндерді кім шығарады? Сосын, бұл генералды дереу Композиторлар одағына мүше етіп қабылдап, авторлық құқықты берік сақтауымыз керек. Интеллектуалдық меншік көршімізге жем болмасын.

   Қарап отырсақ, кейінгі кездері «облысымызда қылмыс, әсіресе ұрлық-қарлық ерекше белең алып кетті, полициямыз онымен күресуге дәрменсіз» деген ешбір негізсіз айыптаулар тым көбейіп кетті. Кейбір шолақ ойлылар  «генерал Мәткенов қайда қарап отыр?»  деген орынсыз сөздер айтады. Қазақ деген осы. Талантты көре алмайды. Оу, шабытқа беріліп, талай-талай тамаша әндер шығарам деп шығармашылық азапқа түсіп жүрген болашақ ұлы композиторымызды қайдағы бір ұрыны ұстамадың, қылмысты құрықтамадың деп кінәалау таза көреалмауышылық. Талантымызды қадірлей білейік, ағайын. Кейін өкініштен бармақ тістеп қалмас үшін.

    «Кезінде ескертпедің, қайда қалдың»  деп маған өкпелеп жүрересіңдер.

Таланттарға деген үлкен құрметпен,

Мұратбек Дәуренұлы.

Қостанай.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2143
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2549
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2346
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1654