Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Билік 3458 0 пікір 18 Қараша, 2015 сағат 03:00

ОҢТҮСТІКТЕР ЕЛ КУБОГЫН ЕНШІЛЕДІ

Жақында Ақтөбе қаласында грек-рим күресінен ҚР Кубогі өтті. Еліміздің 11 облысы өз сайыпқырандарын қосқан дүбірлі додада облысымыздың спортшылары топ жарды, - деп жазады "Оңтүстік Рабат" басылымының тілшісі.

Өңіріміздің намысын Нұрсұлтан Қалмұрзаев (59 келі), Жолдыбай Тоқбаев (59 келі), Әділхан Сатоев (66 келі), Рамазан Мұстафаев (75 келі), Шәміл Батыров (75 келі) Рашид Кочиев (80 келі), Агит Сулейманов (85 келі), Сәкен Сейітқалиев (130 келі), Асхат Жамбиров (71 келі) және Әлімхан Сыздықов (98 келі) сынды балуандар қорғады. Спортшылар сайыста командалық тұрғыда белдесіп, 8 салмақ бойынша бақтарын сынады. Біздің өрендер Алматы, Қостанай, Жамбыл облыстарымен бір топқа түсіп, бұл командаларды жарыс жолынан шығарды. Алдымен Жамбыл облысын 6:2, азулы қарсылас алматылықтарды 5:3, Қостанай облысын 5:3 есебімен тізе бүктірді. Басты қарсылас алматылық балуандармен болған белдесуде Әділхан Сатоев, Асхат Жамбиров, Рамазан Мұстафаев, Агит Сулейманов және Әлімхан Сыздықов сынды спортшыларымыз намысты қолдан бермей, жеңіс туын желбіретті. Нәтижесінде, ақтық сынға өтті.

Әбдірахман АРХАРБЕКОВ, грек-рим күресінен облыстың ересектер арасындағы құрама командасының аға бапкері:

– Сайыс өте тартысты болды. Командамыз ауыр топқа түсті. Алматылық балуандар байрақты бәсекелерде оза шауып жүргендер ғой. Қостанай облысынан келген спортшылар да осал емес. Алайда, шәкірттеріміз сенімді ақтады. Өз тобымыздан шығып, финалдық ойындарда да ешкімге дес бермедік. Нәтижесінде, Ел кубогын қанжығамызға байладық.

ОҚО грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының төрағасы Берік Оспанов сый-сияпат жасады. Бірақ, біздің ойлағанымыз тек қаржы емес. Көкейімізде еліміздің абыройын асқақтату арманы тұр. Осындай қадамның жетегімен бүгін Белоруссияның Минск қаласында өтетін Олимпиада чемпионы Олег Караваевті еске алу турниріне аттанамыз. Ол сайыс та Ақтөбедегідей командалық жарыс болады. Оған ел құрамасынан 8 балуан қатысады. Оның төртеуі біздің облыстан. Атап айтсам, Асхат Жамбиров (71 келі), Шәміл Батыров (80 келі), Агит Сулейманов (85 келі) және Әлімхан Сыздықов (98 келі). Аталмыш турнирде 14 елдің спортшылары бақ сынайды.

Әлімхан СЫЗДЫҚОВ, грек-римнен ҚР кубогының жеңімпазы:

– Топтық кезеңде ҚР, Азия чемпионы және студенттер арасында Әлем біріншілігінің жеңімпазы алматылық Марғұлан Асымбековпен өткен кездесу өте ауыр болды. Ал финалдық ойында ақтөбелік Жанарбек Қабдолов та айтарлықтай қиындық тудырды. Дегенмен, екі балуаннан да 1:0 есептерімен айламды асыра алдым. Қалған үш кездесуде қарсыластарымды айқын басымдықпен жеңдім.

Асхат ЖАМБИРОВ, грек-римнен ҚР кубогының жеңімпазы:

– Тараздық Қуандық Нұрғалымды 8:0, қостанайлық балуанды 6:4 есебімен тізе бүктірдім. Ал, басты қарсыласым алматылық Демеу Жадыраевты 4:0 есебімен жеңдім. Ақтық бәсекеде қарағандылық Ибрагим Магомедовты айқын басымдықпен, ал ақтөбелік Нұртас Өтепбергеновты 2:0 есебімен ұттым.

Финалдық ойындарда біздің команда Қарағанды облысы мен жарыс қожайыны ақтөбеліктерді 5:3 есебімен жеңіп, кубокқа қол жеткізді.

Аталмыш сайыс барысында облысымыздың балуандары тамаша өнер көрсетті. Тіпті, арасында бес кездесуде де жауырыны жерге тимеген жігіттер бар. Олар – Асхат Жамбиров пен Әлімхан Сыздықов. Осы ретте облыстың ересектер арасындағы құрама командасының аға бапкері Әбдірахман Архарбеков және жаттықтырушылар Бисолт Дециев, Нұрлан Жылқыайдаров, Хаким Мусаев, Александр Ершов пен Саддат Гелашвилидің еңбектері ерен екенін айта кеткен жөн. Өз кезегінде ОҚО грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының төрағасы Берік Оспанов облыстың мәртебесін биіктен көрсеткен спортшылар мен бапкерлерді қабылдап, сый-сияпат жасады. Қабылдау кезінде Берік Серікұлы: «Біз марапат үшін емес, оңтүстіктің атағын шығару жолында жұмыс жасауымыз қажет. Өңірде федерация құрылғалы жақсы нәтиже көрсетіп келеміз. Осы қарқыннан таймай, Олимпиадаға жолдама алып, ел намысын лайықты қорғауларыңызға тілектеспін» – деді.

Айта кетейік, Ақтөбеден олжалы оралған балуандардың ішінде Агит Сүлейманов пен Шәміл Батыровтан өзгелері Николай Ставицкий басшылық ететін ОҚО жекпе-жек мектебінде жаттығады.

Әділхан Абайұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1564
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1447
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1194
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1185