Сенбі, 27 Сәуір 2024
Алашорда 9049 1 пікір 20 Қараша, 2015 сағат 22:38

АБАЙ ЖАЗҒАН ЗАҢНЫҢ ҚАДІРЕНЕ ҚАШАН ЖЕТЕМІЗ?

Ең алғаш қолданыла бастаған қазақ қауымы өкілдерінің өз зердесінен туған тұңғыш заң нұсқасы – Тәуке ханның жеті жарғысы саналып келеді. Десе де қазақ даласында тұңғыш жарық көрген праволық құжат 73 баптан тұратын «Ереже» деп аталатын заң нұсқасын Абай жазып, Семей облысының Қарамола дейтін жерінде бес дуан елінің билері съезінде қабылданып, бекітілгенін білсек те, тереңдеп, дендеп зерттей алмай келеміз. 

Семей губерниясына қарасты бес ояздың би-болыстары, ел билеуші ақсақалдары бас қосқан Қарамола жәрмеңкесінде, 1885 жылдың мамыр айында өткен төтенше съезіне биыл 130 жыл толып отыр. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келсе де, Ұлы ақынның 170 жылдық мерейтойы қарсаңында  тақырыпқа сұранып тұрған бұл айтулы шара туралы ешқайсысы тіс жармады. Қазақ хандығы, қазақ тарихы жайлы не бір телеарналар, басылым беттері тұщымды хабар бере алмады. Қазақстан бойынша жоғары оқу орындары мен арнаулы оқу орындары Абайдың 170 жылдық мерейтойы қарсаңында әртүрлі іс-шаралар өткізіп жатқанымен қазақ тарихында ойып орнын алатын мерейлі Қарамолада жазылған ереже жайлы жақ ашпады. 

Қазір кез келген оқу ордаларында заң факультеттері мен арнайы заң туралы ғана білім беретін жетекші оқу орындары  да үндемеді.  Қазақ тарихында Шербешнай съезі, Шар съезі, Қарамола съезі сияқты бірнеше атауға ие тарихи оқиға бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда өз бағасын алуы заңдылық қой. Диплом жұмысы кезінде, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу кезінде тақырып таба алмайтындар бұл жөнінде білмейтін де шығар. Әйтпесе Сәкен Өзбеков, Салық Зиманов сынды бірер ғалымнан кейін назардан тыс қалған Абайдың қайраткерлік қызметіндегі жұлынды саласы осы «Қарамола ережесі». Бұл «Ереженің» 1886 жылы Қазақ университетінің баспаханасында араб әрпімен басылып шығарылған мұқият түптелген шағын кітапша түріндегі бір данасын белгілі жазушы Ғабит Мүсірепов ғұмырының соңғы кезінде Қазақстан Орталық мемлекеттік архивіне табыс еткен. Құжатпен бірге белгілі қаламгер Сапар Байжановқа төмендегідей хат жолдайды: «Сапар, 1885 жылы Қарамолада бес дуанның съезінде қабылданған ережені беріп жібердім.

  1. Ескіше білетін білетін біреуге түгел жаңа алфавитпен көшіртіп аларсың да бастырып шығарарсың (көшірмесін мұқият қарау керек болар)
  2. Ереже әуелі орысша басылған, Қазақ университетінің архивінен сол түпнұсқасын да алдырғаның дұрыс болар.
  3. Бұл өте мағыналы нәрсе ғой, екі тілде де басылып шыққаны үлкен еңбек болар еді. (Басқа көршілес бауырларымызда бұндай заң қабылданбаған ғой).

Абай арызын алдым. Рахмет.

Ғабит Мүсірепов. 21.11.85.

Р.С. Көшіргенде татарша текстің өзін қазақшалаған дұрыс болатын шығар.Ғ.М.» Өткен ғасырдың аяғында Қазақ қаласында араб әрпімен басылып шыққан қазақ тіліндегі тұңғыш праволық құжат Қазақстан Орталық архивінің қызметкерлері Б.Байғалиев пен Ж.Ахмадиевтің күшімен қазіргі қазақ әрпі мен әдеби тіліне икемдей көшіріліп, 1992 жылғы Абай журналының №3 санында тұңғыш рет жарияланды.

1885 жылы Қарамола деген жәрмеңкеде бірнеше дуан елдің ол күндегі әдеті бойынша бас қосатын Шербешнай съезі болады. Осыған Абай да келеді. Семей облысына қарасты бес уездің съезіне Абай би емес, Шыңғыс болысының «Құрметті қазағы» ретінде шақырылған. Бұған аталған съезді қабылдаған Ереженің соңына жазылған тізімдегі аты-жөні дәлел болады. Орайы келгенде айта кетуіміз керек, ғалым Бейсенбай Бағалиев «Абай өмірбаяны архив деректерінде» атты кітабында: «Құрметті қазақ» ел ұғымындағы ауылдың сыйлы ақсақалы, кез келген беделді адамы емес, жергілікті әкімшілік тарапынан ұсынылып, Дала губернаторы бекітетін – атақ-дәреже. Бұл дәреже өкімет алдында ерекше еңбегімен көзге түскен қазақтарға ғана берілген» – дейді. Бұл уақытта Тобықты ішінде Абайға жау болып шыққан кісілер, өздерін іштей ниеттес, тілектес болатын кісілерді басқа елдерден де тауып алған болады. Бұрын Абайдың өзге сырт елдегі достары көп болса, сол достарының қарсысында жүрген жауларының барлығы да енді Тобықты іші жіктеліп алғанда шұрқырасып келіп, оп-оңай Абайдың Тобықты ішіндегі жауларымен табысып, солардың қарасын көбейтіп, табын молайтады.

Шербешнайға жиылған топтың ішінде осы сияқты Абайға қастық ниет ойлайтын кісілердің барлығы Қарамолаға келетін жандаралдан Абайды жазалайтын қаттылықты күтеді. Абай айдалар деп те үміт қылатындар болады. Сонымен Жандарал келіп тобықты ішіндегі кісілерін жағалай жүріп, әрқайсысымен танысып келе жатып, Абайға келгенде; «Партияшыл, ел бүлдіргіш  Құнанбаев сенбісің?» дейді. Абай «мен» депті. «Неге партия қыласың?» дегенде; «Жалғыз мен партия қылмаймын, дүние түгел партия, жанды-жансыз мақұлықтың барлығы да алыс-тартыспен тіршілік етеді. Дүниедегі тіршілік күрес, партия тіршілігі, әуелі өзіңіз де партия қыласыз» дейді. «Сені ел неге көп жамандайды?» дегенде: «Ел көп, мен жалғызбын, көп әрқашан тентек, бұзық, бұзық көппен алысқан жалғыз жаманатты болмай тұрмайды. Қай қауымды алсаңыз да, жақсысынан жаманы көп емес пе? Бірақ, көп екен деп жаманның сөзін мақұлдау керек пе?» депті.

Осы сөздерден кейін «Абайды не қылар екен» деп анталасып,  асығып күтіп тұрған елдің барлығының көзінше жандарал Абайды өзіне тіккен үйге ертіп жүріп, ұзақ әңгімелесіп отырып қалады. Аздан соң, шай ішіп шыққанда елге «съезді жақсы өткізіңдер, ұрыда ақысы кеткендердің ақысын әперіңдер, съезді жақсы өткізу үшін Абай сияқты кісіні төбе би сайлаңыздар» деп, өзі Абайды Шербешнайдың төбе биі қылып қайтып кетеді. Сөйтіп, Семей губернасиясына қарайтын 5 уездің 100-ден астам би-болыстары бас қосқан төтенше  съезде Абай төбе би болып сайланады.

Бұл оқиға Абайдың білімділігі, жүйіріктігі арқасында мұнымен алысқан кісілердің әрқашан тең түсе алмай, ұлық алдына келгенде жеңіліп шығатыныны дәлелдейді.

Съезді Семейдің генерал-губернаторы, генерал Цеклинский басқарады. Бұл жәрмеңкеде өткен съезде Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы арнайы заң ережесін қабылдауды ұйғарады. Цеклинский Абаймен жолыққанда, Абай жалпы қазақ даласын орыс заңдарымен ғана басқаруға болмайтынын, бұл елдің өзінің ерекшеліктері бар екенін, атадан балаға ғасырлар бойы мирас болып келе жатқан әдет-ғұрпы, заңдары барлығын, көп мәселелерді қазақ ішінде осы заңдар негізінде шешуге болатындығын айтады. Бұл кезде Абайдың басына қара бұлт үйіріліп, кейбір атқамінерлер Абайды осы жиында құртамыз деп келген еді. Керісінше, Абайдың патша ұлықтарымен жолыққаннан кейін оның зерек, терең білімді адам екеніне көздері жетіп, ешқандай қиянатқа бармайтынын түсінгеннен кейін әлгі адамдар Абайды төбе би етіп сайлайды. Абай Шар бойында үш күннің ішінде жанына бірнеше адамды ғана алып, 100-ден артық баптан тұратын заңды жасайды. Абай қазақтың бұрынғы заңдарын жетік білетіндігін, сонымен қоса орыс заңдарын да терең білетіндігін көрсетіп, осылардың барлығын үйлестіре отырып, өзі өмір сүріп отырған дәуірдегі қазақ қоғамына қажетті заңдарды жазып шығады. Абай қазақ елінің әдет-салтын, жете зерттей отырып, адам құқын жан-жақты қорғауға белсене қатысады. Осылайша үш күн, үш түн ішінде Қарамола съезіне арнайы заң ережесі жасалып, билер талқысынан өтеді. Абай жазған қазақтың жаңа заң ережесі (74 статья) қабалданады.  Абаймен бірге Қарамолада болған Мүсірәлінің куәлігі бойынша Абай тізген ереже бабы жүзден асады. Шамасы келгенше көпшілік үшін әділет іздеген Абай ұрлық, қылмыс пен әйел мәселесіне арнап екі жаңа ереже айтады.

Абайдың ел билеудің әділеттік, құқықтық жүйесіне сай  заң нормаларын заман талабына сай жаңартады.  Бұл қазақ қауымында ежелден қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрып заңдарына да, патша өкіметінің халықты қанаушылыққа, зорлық-зомбылыққа негізделген заңына да ұқсамайтын, өзгеше құжат еді. Абай қазақ қоғамында әділеттілік пен тұрақтылықтың белгісіндей болған, ежелден келе жатқан билер институтының адамгершілікті һәм құқықтық мұрасын барынша игерді. Сонау ХІІІ ғасырда билер атасы атанған Мөнке бидің тәжірибесін, «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», Тәуке хан тұсындағы ұлы билер Төле, Қазыбек, Әйтекелер дайындаған «Жеті жарғыдан» рухани сусындады. Мұның бәрі Абайды би ретінде ерте танылуына ықпал етті.

Бұған дейін Республикалық «Абай» журналының 1992 жылғы №3 санында жарияланған Сапар Байжановтың нұсқасын жариялап отырмыз.

Семей облысының бес дуанының барша халқының сайланмыш адамдарының 1885 жылы май айында Шар бойында Қарамола съезінде жазылған ЕРЕЖЕ»

1-БАП.  Болыстық съезде даулар үлкендігіне қарай, сомасына қарай бітіледі. Төтенше съездерде ұлықтардың әмірі бойынша бір ояз бір оязбен кезектесіп бітіледі, әр ояздың барша билерімен емес.

2-БАП. Дауласқан әр екі тарап қалаған билерін таңдап алады. Бірақ, би есебін ереже бойынша ереже бойынша ұлықтар шығарады. Сұраймыз, әр тараптан үш биден артық болмаса екен. Би шешімін шығармас бұрын үштік бимен жарасады. Егер даугерлер үштік би бітімен бітпеймін десе һәм бітім болмаса, сонда жоғарыда айтылмыш бойынша билер таңдап шығарады. Екі жағының билері таласып, жұп болса, төменде айтылмыш рет бойынша бітіреді. Әр ояздың халқы орталарынан бір төбе басы би шығарады. Бұған қызметтегі һәм қызметсіз де құрметті кісілер сайлануға мүмкін. Егер билердің бітімі талас болса, сайланғандар екі төбе би шығартып алады, тиісті ояз халқынан. Егер бұлардың арасында талас болса, қалған ояздардың төбе басына жеребе салынып, шыққан кісі бітімдеріне араласып, сол кісінің ауған жағының бітімі орнығып, мақұл болады. Осы рет бойынша ояздық төтенше сьездерде екі жағы тең талас болса, төбе басы би бір жағына ауып тоқтатады.

3-БАП. Жауапкердің шақыру бойынша келмегендіктерін старшын мен болыстар куәландырып, келмегендігінің мақұл яки емесін билер тексереді. Егерде келмеген  себебі тексеру бойынша сыйымды болса, сыртынан билік шығарылады. Бір бидің яки съездегі билердің сыртынан қылған биліктері тағайынсыз болмақ. Билік көшірмесі старшындар яки болыс арқылы мақұлданады. Егерде жауапкер разы болса, билік тағайынды болып, бұзылмайды. Егерде разы болмаса, екі жұма арасында алғаш билік айтқан биге қайтадан арыз қылады. Сонда би жауапкердің құзырына қайтадан билік айтады. Егер жауапкер тексерілу бойынша ағарса яки болыстық съезге тыңдатса, съез билерінің билігін ұнатпаса, сонда айыпты жағын шығынын қайтаруға міндетті қылып һәм жаза бұйырылады. Жалған айтқаны үшін жоғарыда айтылмыш рет бойынша болыстық съезд сырттан билік құрады. Разы болмаған төтенше съезге билігін сынатады. Әр төтенше съездің билігі дер уақытында бұзылмайды.

4-БАП. Егер даугер шақырылған уақытында келмесе, сұралмыш дауын бос қалдырады. Сонда жауапкер арыз етсе, билердің ықтияры бойынша жауапкердің шығынын даугерден бұйырып береді. Бірақ даугер ықтиярлы дауын қайтадан сұрамаққа сол дауы билердің тексеруі бойынша жалған шықса, даудың сомасына қарай һәм жауапкердің қадіріне қарай шығынын тартады.

5-БАП. Бір старшын елдің ішінде даугер, жауапкерлердің барша жанжал, сұрау дауларын сол старшын елінің биі бітірмекке міндетті. Бірақ би өзін мынандай жағдайда билік айтудан босатады: егер дауласқан жағынан бірі туысқан жақыны болса, қайсы бірі ата-анасы, бір тума аға-інісі, әкесінің бір тума аға-інісі, жиені, немере баласы және туған құдасы һәм дұшпан, өштес адамдары, қайсы бірінің дұшпандықтары бұрын биге түсісіп, мойнына жаза салынып, анықталған болса, сыйымды болады.

(жалғасы бар)

Алмахан Мұхаметқалиқызы, Астана қаласындағы Зияткерлік Технологиялар академиясының «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығы қызметкері

Abai.kz

1 пікір