Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Қоғам 8970 0 пікір 23 Қараша, 2015 сағат 12:54

ҮКІМЕТ ҮШІН КЕДЕЙЛЕР ДЕГЕНІМІЗ КІМДЕР?

Қазақстанда тапқа немесе деңгейге бөліп қарауға болмайда дейміз-ау.  Бірақ, соның (жоғарғы тап, орта тап, төменгі тап) бар екенін бәріміз білеміз ғой. Тек мойындағымыз келмейді. Иә, мен байлар мен кедейлердің арасындағы айырмашылық туралы сөз еткелі отырмын.  Биліктің биігіндегі дәлізде жүрген көп лауазымды басшылардың жақын туыстары Қазақстандағы, «Қазақстандағы» дейміз-ау әлемдегі ең бай адамдардың қатарына қосылып жатқандары аз емес. Бұл туралы nur.kz сайты жазады (http://www.nur.kz/kk/962832-biliktegilerdinh-biznes-imperiyalary.html).


Американың Forbes.com сайты планета миллиардерлері тізіміне құлыбаевтардың отбасын енгізген.  49 жастағы Тимур мен 48 жастағы Динара Құлыбаеваның ортақ байлығы 4 миллиард 200 миллион долларды құрайды екен.  Динара Құлыбаева – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы. Ол Қазақстанның ең бай адамдары тізімінде үшінші орында тұр. Айта кетейік, Тимур мен Динара құлыбаевтар Халық банкіне «Алмэкс» компаниясы арқылы қожалық етеді. Халық банкі шетел инвесторлары кеткеннен кейін жуырда ғана HSBC банкін (атауы Altyn bank деп өзгерген) сатып алғанын ескерсек, қазір ерлі-зайыпты жұптың меншігінде екі банк бар.

Forbes.kz сайтының болжамына сүйенсек, 2013 жылдың мамырындағы есеп бойынша, 595 миллион доллары бар 52 жастағы вице-премьер, президент Назарбаевтың қызы әрі марқұм топ-бизнесмен, бұрынғы топ-шенеунік Рахат Әлиевтің бұрынғы әйелі Дариға Назарбаева Қазақстанның ең бай адамдарының тізімінде 13-орында тұр. Ол байлығы жағынан сіңлісі Динарадан 10 орын төмендк көрінеді. Сайттың жазуынша, оның байлық көздері – медиа, телекоммуникациялар, девелопмент және қаржы саласы. Ал Дариға ханымның тұла бойы тұңғышы, Астана қаласы әкімінің 30 жастағы орынбасары Нұрәлі Әлиевтің байлығы 200 миллион долларды құрайды екен.

Нұрсұлтан Назарбаевтың екі інісінің бірі – кәсіпкер Болат Назарбаев. Болат Назарбаев еңбек жолын совхозда слесарь-сантехник ретінде бастаған. Қазір ол – «Қазақмыс» корпорациясы директорлар кеңесінің мүшесі.  KASE келтірген дерекке сәйкес, 2014 жылғы қыркүйектің 1-індегі есеп бойынша, Bank RBK акционерлерінің тізімінде  7,83 пайыздық үлесі бар жаңа акционер Болат Назарбаевтың да есімі көрсетілген.

Қазір 45 жастағы Қайрат Сатыбалдыұлы – 35 жасында ҰҚК генералы болды. Ол жақында Kaspi холдингінің акционерлері мен инвесторларының біріне айналды. Бұл холдинг Kaspi Bank акцияларының шамамен 90 пайызының жанама иегері болып табылады.

Бақылаушылардың пікірінше, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын адамдарының ішіндегі ең білікті, дағдарыстарды шешуге қабілетті менеджерлер – қазіргі қорғаныс министрі 58 жастағы Иманғали Тасмағамбетов пен Астананың қазіргі әкімі 61 жастағы Әділбек Жақсыбеков. Иманғали Тасмағамбетов пен Әділбек Жақсыбековтің туыстарының ішінде сәтті кәсіпкерлікке жеткендері бар. Олардың ішінде жұртқа ең танымалы – қорғаныс министрі Тасмағамбетовтің күйеубаласы, кәсіпкер әрі мультимиллионер Кеңес Рақышев деуге болады.

Кеңес Рақышев «Қазкоммерцбанк» директорлар кеңесіне кірген. Ол өзге коммерциялық құрылымдарға да мүше. Forbes.kz сайты Кеңес Рақышевтің байлығын 684 миллион доллар деп бағалайды; ол Қазақстанның ең бай 50 адамы тізімінде 10-орында тұр.

Forbes.kz сайты жақсыбековтер отбасы байлығын 628 миллион доллар деп бағалаған. Сайт деректеріне сүйенсек,  Жақсыбековтің отбасы мүшелері – Цеснабанк, «Цесна-Астық» Концерні» ЖШС, «Медет-Холдинг» ЖШС, «Цесна-Капитал» брокерлік компаниясы мен «Цесна-Гарант» сақтандыру компанияларына бақылау жүргізеді.

Qazaq banki акционерлері тізімінде жоғары лауазымды шенеуніктердің екі туысы бар. Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының баласы Нұрхан Нұрланов – 9 пайыз үлеске ие. БАҚ «вице-премьер Бақытжан Сағынтаевтың күйеубаласы» деп атайтын Бақыт Ибрагимнің банкте 10 пайыз үлесі бар.

Түйін: Миллиардерлер Қазақстанда да жетерлік. Forbes.com-ның рейтингісіне сүйенсек, қазақстандық байлардың қаржысы 25 миллиард доллардан асып жығылады.  Ал  ресми деректерге үңілсек, Қазақстанның қазіргі деңгейі  (ЖІӨ көрсеткіші бойынша)  Африканың ең кедей елдері мен Чад Республикасының деңгейіне жеткен (http://alashainasy.kz/economica/kazakstan-alemdeg-en-kedey-elderdn-kataryina-kosyildyi-73713/).

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысының өзі бүгінгі экономикалық һәм күнкөріс ахуалына қатысты,  «Қазіргі жағдайда қарапайым халықтың әл-ауқатын ұмытпау қажет. Бүгін әлем бойынша 1,5 миллиардқа жуық адам күніне бір-ақ долларға өмір сүреді. Ал шамамен 2,5 миллиард адам бір күнде 2 доллардан да аз ақша алады. Бұл – жер-жаһандағы халықтардың 40 пайызы. Африка мен Азияның көптеген елдері осындай проблемаға тап болып отыр»,-деген еді.

Статистика агенттігінің есебіне қарағанда, елімізде әлеуметтік жәрдем ақы   алатын адамдар саны 100 мыңға да жетпейді. Жалпы қазақ үкіметі кімді кедей деп есептейді? Қазақстанда билік сізді кедей деп есептеуі үшін кіріс адам басына шаққанда айына  8 мың теңгеден аспауы керек.  Бұл – ең аз жалақының 40 пайызы. Төрт адамнан тұратын отбасына айына 50 мың теңгеден артық табыс кірсе, ол отбасыны мемлекет байлар тобына жатқызбаса да, кедейлер қатарына қоспайды. Ресми билік кедейлік шегін барынша төмендете отырып, елдің тартымды имиджін қалыптастырмақ болады. Әйтпесе, бүгінгі қазақтың шылқып байығандары мен қызыл сирақ кедейінің арасындағы кіріс 30 еседен асқанын билік мойындамайды. Мысалы, қоңторғай тірлікі кешетін отбасында бір адамның кісінің айлығы 40 000 теңге болса, шонжардікі 1 млн. 200 мың теңгені құрайды. Шын мәнісінде, біздегі ауыл адамдарының кедейшілігі қала кедейлерінен бес-он есеге өсіп кетті. Ең кедей адамдар оңтүстік өңірлерде, сосын, Солтүстік пен Батыс аймақтарында (мұнайлы өлке?..) тұрып жатыр десек, танауларына есекқұр түскен бай-шонжарлардың дені – Астанада екенін жоғарыдағы дерктер дәлелдеп береді. Оның үстіне,  жаңа одақтың (ЕАЭО) саяси һәм  қаржылық салқыны Қазақстан экономикасын одан әрі әлсіретіп жібергені рас. Ендігі қазақтың негізгі талғажау ететіні қара нан мен қара су болса, Мәсімов мырза жетекшілік ететін үкімет – оған да ауыз сала бастады. Бұқара – бұған да шыдап бағуда. Шарасыз, өйткені.   Ал, байлығы асып-тасқан мырзалар мен ханымдар қаржылық қиындық қос өкпеден алған тұста мемлекет үшін не істеді? Не істеп келеді? Жабыла жауап іздеп көрейікші...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір