Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Қоғам 8164 0 пікір 24 Қараша, 2015 сағат 07:18

ГРОЗНЫЙ МЕН КӨРЕГЕН ОЛЕГ "ИСЛАМ ДІНІ" ҮШІН КҮРЕСКЕН


Белгілі фольклоршы Исмаил Мунаев «Нахчийн фольклор» атты кітаптың алтыншы томын құрастырып жарыққа шығарды. Оны түсініктірек болуы үшін фольк сөзін алып тастап «Нохчиин халқының лары» десе де болар еді. Егер оқырман осы сөздерге тереңірек мән берсе чечендер қай халықтың сөзінен де өз тіліне ұқсас әйтеуір бір нәрсені табатынына көзі жетер еді.

Мәскеуді ляхтардан (поляктардан) азат етуші Минин мен Пожарскийдің Қызыл алаңдағы ескерткішін бәріміз де білеміз. Бірақ бұл жеңістің ұйымдастырушысы һәм шабыттандырушысы чечен князі Черкасский екенін екінің бірі біле бермейді. Бұл сөзімізге күмәнданған пенде болса, ол М.Н.Загоскиннің 1829 жылы шыққан «Юрий Мстиславский или русские в 1612 году» деген тарихи романына назар аударса да жетіп жатыр. Онда: «Юрий Дмитрич, батыл сөйлегейсің! Мен  біздің тыныштығымызға ең әуелі Дмитрий Мамстрюкович Черкасский князь, сосын Григорий Образцов қарсы болатынын айтпай-ақ білемін. Бұл екеуінің біріншісі шешен князь Мамстрюктің ұлы болғандықтан әрі шешендер сияқты кескілесуге даяр тұратындықтан сөйтеді. Ал екіншісі туабітті нижегородтық болғандықтан поляктарды ит етінен жек көреді...» деп жазылған. «Мен бізді өзіміз қалап алған князь Дмитрий Михайлович Пожарский Мәскеуге бастап баратын болсын дегенмін» дейді Черкаский. «Біз гетманға нағыз жауапты сонда қайтарамыз! Біз мәскеулік алқапқа өліктерді төсек қып тастағанда ол нижегородтықтарға не керек екенін сонда ғана білетін болады. Сөйтіп сен Юрий Дмитрич, айтшы жалғыз лях немесе жалғыз  сатқын өлтірілгенге шейін олардың  ымырасыз дұшпаны болатыныңды ашық жариялайсың ба, жоқ па? Қанға – қан! Жанға – жан!».

«Черкаский князьдің осы сөздерімен шабыттанған орыс жасақтары мен қосындары Минин мен Пожарскийдің басқаруымен жауға аттанып, Мәскеуді азат етеді. Олар православиелік Русьті поляктардың езгісінен құтқарып қалды?!» дейді автор.

Иә, бүгінде Қызыл алаңдағы Минин мен Пожарскийдің жанында чечен Черкаский князьдің жоқтығына таңғалуға да болмайды. Кешегі Отан соғысы кезінде ерлігімен көзге түсіп Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылған чечендердің құжаттары не күйге түскенін де жақсы білеміз. Тіпті, рейхстагтың шатырына ту тіккен чечен Абдулхаким Исмаиловқа оның өзі жасаған ерлігі туралы да, ұлты кім екенін  айтуға да рота командирі тиым салған. Сөйтіп, тек Егоров пен Кантария ғана ерлік даңққа бөленді.

Орыстың «аптада бес жұма бар» деген мәтелін талайымыз естіген болармыз. Ал оның шын мағынасы не екенін ойлап көрдік пе? Бұл бір аптада жеті күн демалыс бар, яғни жеті күн сандалып бос жүреміз деген сөз. Сөйтсек, православиелік Русьте де жұманы демалыс күні деп атаған екен. Ресми тарих бойынша Русь христиан дінін қабылдап шоқынғанға шейін язычествода болған яғни, отқа, суға, пұтқа табынған. Яғни, жай наным, сеніммен өмір сүрген. Сөйтіп, тек Х-шы ғасырдың соңында ғана Владимир князь елді бір дінге енгізуге кіріседі (988 ж.). Ол иудаизмді қабылдайын десе Израиль халқы Жаратушының қаһарына ұшыраған деп есептеледі. Ислам діні салауаттылықты талап ететіндіктен ішімдіксіз өмірді өмір құрлы көрмейтін орыстарға ол тура келмейді. Сондықтан православие орыстарға лайық деп табылады. Алайда, енді бір болжамдар мен аңыздарға сенсек, оны жасаған Иван Грозный екен дейтіндер де бар. Сол Иван Грозныйдың  күні бүгінге шейін Стокгольмдегі мұражайда сақтаулы дулығасы ғалымдар жазған Ресей тарихының шәт-шәлекейін шығарды. Бұл жерде мәселе сол дулығадағы арабша жазуда болып отыр. Оны Иран Ислам республикасының осы мұражайда болған консулы Сейіт Ғоламрез Мейғуни тәржімалап, бұл көне әрі өте сирек диалектіде жазылған деп мағлұмдады. Оны тәржімалағанда «Аллаһ ұлық! Мұхаммед оның пайғамбары» боп шығады екен. Осыны естіп, білген Андрей Рачев жеке өзі зерттеу жүргізіп («Русьтің аспанында жарқырайды жарты Ай»  (Nww.stihi.ru 2010.02), Ресейде 13-14 ғасырларға шейін қасиетті Ислам діні уағыздалып келгенін анықтады. Тіпті, кейбір жерлерде ол 15-ші ғасырға шейін уағыздалып, салтанат құрып келгені айтылады. Бұл дулыға Иван Грозныйдікі екенін оның төменгі тұсында таза славян тілінде жазылған «Шелом (шлем.-М.К) князя Ивана Васильевича, Великого Князя сына Василия Ивановича, господаря Всея Руси самодержца» деген жазу да нақтылай түседі. Бұл бұл ма, көне Русьтегі князьдар мен патшалардың арабша жазулары бар бас киімдер тек Иван Грозныйда ғана емес, оған дейінгі ұлы князьдердің де басқалардың да бәрінде де болған екен. Және бұл дулығаларды атақты ұста Никита Давыдов сияқты орыстың төл шеберлері жасаған. Ал Александр Невский князьдің дулығасында араб әріптерімен жазылған Құранның  «Шынайы Құдай жолын ұстанғандарға Аллаһтың шапағаты тиетінін және көп ұзамай жеңіске жететінін айтып қуант» деген сүре сөздері болған. Қадірлі оқырман бұның бәріне тағы да дәйек іздеп әуреге түспеуі үшін Рачевтің мақаласынан үзінді келтірейік: «Айтпақшы, араб әрпімен жазылған Құран сүрелері Ресей князьдарымен өзге де айтулы тұлғаларының дулығаларында ғана емес, сонымен қатар олардың қылыштары мен қалқандарында да, сауыттары мен тіпті ыдыс-аяқ, құрал-саймандарында да өрнектелген еді. Ал Радзивиллов жылнамасында Көреген Олегтің, яғни, ресми тарихта  екі мәрте өзінің астындағы тұлпарынан қаза тапқан, екі бейітке жерленген Олегтің сарбаздары ұрысқа мұсылманның жасыл жалауын көтеріп кіретін болған. Ал Олегтің өзінің қалқанында «Ад-дин ул Ислам!», яғни, «Киелі ислам діні үшін!» деген араб қарпімен жазылған жазу тұрған. Иә, Олег көріпкел шайқаста жеңіске жетіп, Царьградтың дарбазасына өз қолымен қағып қойған қалқанындағы жазу осы! Дәл осындай көркем де қасиетті жазу Аскольд және Дира князьдердің қалқандарында да жазылған. Ол қалқандар Стокгольмдегі король мұражайында күні бүгінге шейін сақтаулы тұр. Алайда, бұның бәрі былайша айтқанда жанама дәйектер ғой дейтіндер де табылуы мүмкін. Ендеше, бұлардан басқа тура да нақты деректер бар ма? Бар! Ол үшін сол замандардың тарихи жазбаларын зерделеп көрсек те жеткілікті болар еді. Иә, айтарлықтай дәлме-дәлдікті ұстанатын араб тарихшыларына бір сәт назар салайықшы. Мәселен, араб тарихшысы Мұхаммед әл-Иафи әл Салих: «Хижраның 300-ші жылы болгарлардың, славяндар мен русстардың жабайы тайпалары мұсылмандықты қабылдады. Бірақ олар Аллаһ жолынан тайып кейін христиан болды», – деп жазған. Ал парсы тарихшысы Зард Фахристани Киев Русіне келгенде оларды доңыз етін жейтін, ораза тұтпайтын өте жаман мұсылмандар екен деп қапаланады. Ерте ортағасырлардағы Русьте де исламның көптеген айғақтарын кездестіруге болады, ол кездегі шіркеулер құрлысы, күмбезі мешіттермен егіз қозыдай ұқсас болды. Ал көне православиелік әдет-ғұрыптардың ырымдары мен тыйымдары мұсылмандыққа өте ұқсас еді. Мысалы, ежелгі русьте жұма демалыс күні болып белгіленген.

Русьтің мұсылмандықтан православиеге өтуі 15-16 ғасырларға шейін созылды. Біз бүгін көне Ресейдің, орыс халқының ислам дініне тікелей байланысты тұстарынан аздаған ғана мысал келтірдік. Бұған шейін Мәскеу князі Василийдің Алтын Орда ханының мәрмәр тақтадағы табанының таңбасына тәу етіп, өзі князь атану үшін ант беріп жатқан суретін, гетман Богдан Хмельницкийдің намаз оқып отырған суретін баспасөзде жариялағанбыз. Сол сияқты, А. Пушкиннің, И.Буниннің қасиетті Ислам дініне, Құранға, орамал тартатын мұсылман әйелдеріне арнап жазған мақтау өлеңдерін қазақшаға тәржімалап та бергенбіз.

Ал Л.Толстой, А.Блок, А.Куприндер ислам діні туралы оның ақиқатшылдығына, әділетшілдігіне, аса жоғары адамгершілік пен мәдениеттілігіне таңдай қағып тамсана жазған. Тіпті, солардың біразы мұсылмандықты қабылдаған көрінеді. Әттең, әлі де болса империалистік, шовинистік пиғылдан арылмай, әлі де біз «ұлы орыс халқымыз» деп кеудесін сабалайтын тарихшылар мен ғалымдар мұның бәрін жұртшылықтан жасырып ұстап, білдірмеуге тырысады. Сондықтан мұндай зор тарихи маңызы бар дүниелерді тек әлеуметтік желілерден ғана алып жүрміз. Бұларды жариялағандағы біздің мақсатымыз бүгінгі орыс ұлтының өкілдеріне сендер бұрын мұсылман болғансыңдар, қане сол ата діндеріңе қайтып оралыңдар деу емес. Біздің ойымыз тек кім-кім де өз ұлтының арғы-бергі тарихын білуі керек дегенге ғана кеп тіреледі.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Abai.kz

0 пікір