Сенбі, 27 Сәуір 2024
Уақ-түйек... 10186 2 пікір 25 Қараша, 2015 сағат 03:00

ОҚО: ТУБЕРКУЛЕЗДІ САУМАЛМЕН ЕМДЕУДЕ

Биыл облыстық туберкулезге қарсы диспансерге – 90 жыл. Ғасырға жуық тарихы бар аталмыш мекеменің ұжымы осы датаны ашық есік күндерін өткізіп, түрлі емдік-сауықтыру шараларын насихаттаумен атап өткенді жөн көріпті. Сондай-ақ қабылдау-тексеру жұмыстарын жүргізіп, құрт ауруының алдын алған. Себебі, әлемде кеңінен тараған аты жаман ауру жас та, жыныс та талғамай, жайылып барады. Бұл туралы "Оңтүстік Рабат" басылымының тілшісі хабарлайды.

44 бала шалдыққан

Туберкулез – адам ағзасына туберкулез таяқшаларының енуінен пайда болатын жұқпалы ауру. Оған тырнақтан басқа барлық дене мүшелері шалдығады. Оның пайда болуының негізгі факторлары – әлеуметтік жағдайдың төмендеуі, экология, дұрыс тамақтанбау, иммунитеттің әлсіреуі, суық тию, стресс, науқас адамдармен қарым-қатынаста болу. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, туберкулезбен ауыратындардың 75 пайызы 20-40 жас аралығындағылар. Бүгінде облыстық туберкулезге қарсы диспансерде 1870 науқас есепте тұрса, 2014 жылы диспансерлік есепке 2367 адам алынған. Биыл есепке алынғандардың ішінде 44 бала мен 62 жасөспірім бар. Осы жылдың 9 айлық қорытындысы бойынша балалар арасында аурушаңдық көрсеткіші 8,9 пайызға төмендесе, жасөспірімдер арасында бір деңгейде сақталып отырғанын айтады. Науқастардың басым бөлігі – Мақтарал, Қазығұрт, Шардара, Арыс, Ордабасы, Түлкібас, Шымкент қаласының тұрғындары. Бір қуанарлығы, мамандардың сөзінше, соңғы 3 жыл көлемінде туберкулездің асқынған түрлерімен тіркеуге алынғандар жоқ. Осыдан-ақ, өңірімізде туберкулезге шалдыққандардың саны жыл өткен сайын азайып отырғаны аңғарылады. Мұның барлығы да жүйелі жүргізілетін жұмыстар мен уақытылы ем-домның арқасы болса керек.

Мән беріңіз!

Диспансердің бас дәрігері Болатхан Сағымбековтың  айтуынша, бұл дерт баяу дамиды, бірақ ұзаққа созылады. Алайда, оның жылдам басталатын жедел түрі де бар. Аурудың қай түрі болмасын оны емдеу үшін ұзақ уақыт пен шыдамдылық керек. Егер ауруды ерте анықтап, дер кезінде емдесе, толыққанды айығып кетуге болады. Сондықтан да:

— жөтел,

— әлсіздік,

— дене қызуының көтерілуі,

-кеуде тұсының ауруы,

-тәбеттің, салмақтың, жұмысқа деген қабілеттің төмендеуі байқалысымен-ақ, дәрігерге қаралу керек. Себебі, тек дәрігер ғана сіздің жағдайыңызды саралай алады. Керек болса, рентгенография, флюрографияға жібереді. Сондай-ақ, ауруды анықтау үшін, қақырықты сараптамаға жіберсе, балалар мен жасөспірімдерге туберкулин сынағын (манту) қояды. Егер сараптама қорытындысы оң болса, науқас тез арада ауруханаға жатқызылып, оған ауруына байланысты ем-дом тағайындалады.

Ем-дом

Диспансерде дертті анықтау және емдеу үшін қысқа мерзімді қатаң бақылауда жүргізілетін ем (ДОТС), саумал ішу бағдарламасы енгізілген. ДОТС бағдарламасына сәйкес мемлекет науқастарды құнарлы тағаммен, дәрі-дәрмектермен тегін қамтамасыз етсе, саумал науқастардың иммунитетін көтеруде таптырмас ем. Осы бағдарлама аясында туберкулезден кейінгі қалдықты өзгерістері бар және өкпе-бронхы ауруларына шалдыққандар емін «Балықшы» шипажайында жалғастыра алады. Бұдан бөлек, облыстағы барлық туберкулезге қарсы мекемелерде бактериоскопиялық зертханалар жұмыс істейді. Ал, туберкулездің жұқпалы түрін анықтау мақсатында қосымша жаңа 6 микроскопиялық зертхана бар. Сондай-ақ, мұнда химиорезистентті туберкулезді диагностикалау, туберкулезге қарсы дәрілерге сезімталдық тесті қойылады. Республика бойынша теңдесі жоқ «Бактек» аппараты арқылы сезімталдықты 2 сағатта анықтауға болады. Дәрігерлердің айтуынша, жүргізілген тиімді шаралардың арқасында басқа өңір-лермен салыстырғанда облыс-та туберкулезбен ауыратын науқастардың саны біршама азайып келеді. Бірақ, мамандар сақтықта қорлық жоқ екенін айтады. Сондықтан да, жылына бір рет профилактикалық тексеруден өтуге кеңес берді. Ал, туберкулезге қарсы күресу үшін:

– БЦЖ вакцинасынан кейін тыртық дамыған балаларға екпені қайталап егу керек;

– науқастың емін орталықтан бақылау қажет;

– химиопрофилактиканы және амбулаторлық емді тікелей бақылауды кеңейту керек;

– туберкулез ошағындағы жұмыстарды күшейту керек.

Ишанбай Құдайбергенов, ұйымдастыру әдістемелік бөлімінің меңгерушісі:

– Егер де әрбір адам өз денсаулығына немқұрайлы қарамай, жылына профилактикалық тексеруден өтіп тұрса ғана аурудың алдын алуға болады. Бірақ, көп жағдайда науқастар дертін асқындырып алып келеді. Асқынған ауруды емдеу әрине қиын. Бірақ, бізде барлық ем тегін жасалады.

Айтпақшы…

Облысымызда туберкулезбен ауыратындардың саны жыл өткен сайын азайып отырғандығы қуантарлық жайт, әрине. Бұл облыстық туберкулезге қарсы диспансер мамандарының қарқынды жұмысының нәтижесі екенін де айта өткен жөн. Бірақ, бір әттеген-айы бар. Ол аталмыш диспансердің қаланың қақ ортасында қалып кеткені болып тұр. Қазір емдеу мекемесінің жан-жағында тұрғын үйлер, базар, басқа да ауруханалар бар. 1925 жылы мекеменің іргетасы қаланғанда шаһар халқының саны – 691 571 адам болатын. Уақыт өте Шымкенттің ауқымы ұлғайып, халық саны біршама өсті. Сөйтіп, аурухана қаланың қақ ортасында қалып қойды. Аурудың ауамен таралатынын ескерсек, сол маңдағы тұрғындардың алаңдаушылығын түсінуге болады. Себебі, мұндағы жұрт диспансер емделушілерінің ғимарат ауласында емін-еркін жүргенін, оларға келушілердің саны үзілмейтінін жиі айтып жүр. Дәл осындай жағдай қалалық тубдиспансерде де қалыптасып отыр. Осыған орай бірқатар халық қалаулылары үкімет басшысынан аталған емдеу мекемелерін эпидемиологиялық тұрғыдан қауіпсіз қала сыртына шығару мәселесін сұраған болатын. Депутаттық сауалдың толық мәтінін газетіміздің №44 санында жарияладық.

Ал, сіз не дейсіз, оқырман?!

Айжан Ермекқызы

Abai.kz

2 пікір