Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3206 0 пікір 3 Желтоқсан, 2015 сағат 03:00

ОҚО-ДА «САЛАМАТТЫ ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ӨМІР СҮРУ САПАСЫ АРТТЫ

Өңір басшысы Б.Атамқұловтың төрағалығымен облыс әкімдігінің кезекті мәжілісі өтті. Жиында облыстық қаржы басқармасы мен денсаулық сақтау басқармаларының басшылары баяндама жасап, салада атқарылған жұмыстар бойынша мәліметтер келтірді. Облыстық қаржы басқармасының басшысы К.Мендебаевтың баяндамасы мемлекеттік басқару органдарының облыс бойынша коммуналдық меншігінің сақталуы мен пайдаланылуына бақылау барысы туралы өрбіді. Басқарма басшысының мәліметіне сәйкес, 2015 жылдың 9 айында облыстағы 74 мемлекеттік мекемеден 697,8 миллион теңге табыс түсіп, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 50 миллион теңгеге артқан. Сонымен қатар, 2009-2014 жылдар аралығында облыста 252 әрекетсіз мемлекеттік заңды тұлғаларды жою бойынша жұмыстар жүргізіліп, осы жылдың басынан бері 21 мемлекеттік заңды тұлға жойылып, тізімнен алынған. Баяндаманы тыңдаған облыс әкімі басқарма басшысына мемлекеттік мүліктің сақталуы мен тиімді пайдалануына бақылауды күшейту керегін айтты. Б.Атамқұловтың сөзінше, Мемлекет Басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған мемлекеттік құрылымдардың тиімді жұмыс істеуіне айрықша назар аударылып жатқан тұста бұл мәселе маңызды болып табылады. Сондай-ақ, мәжілісте «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтауды дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының ОҚО-да орындалуы жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Пакеев есеп берді. Еске салсақ, 2015 жылы бұл бағдарламаның жүзеге асу мерзімі аяқталады. Осыған байланысты атқарылған жұмыстар бойынша жетістіктерді айтуға болады. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында орташа өмір сүру ұзақтығы 2010 жылы 69,5 жас болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 71,79 жасты құрап отыр. Жыл сайын 70 мыңнан астам немесе елдегі әрбір 5-ші сәби өңірімізде дүниеге келеді. Мұнан бөлек, осы жылдар аралығында 310 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріліп, 152 ғимарат күрделі жөндеуден өтті. Бағдарлама іске асырылған кезеңде медициналық ұйымдардың жарақтандырылуы 25,3 пайыздан 65,4 пайызға жеткізілді. Жаңғырту жұмыстары басым бағыттар болып саналатын – ана мен бала денсаулығын қорғау, кардиология, онкология және фтизиатрия салалары бойынша іске асырылды. Жедел медициналық көмек қызметі үшін санитарлық көмектің 128 бірлігі алынды. Қалалардағы маман тапшылығы 2 есеге, ауылдық жердегі кадр жетіспеушілігі 2,5 есеге азайды. Бүгінгі таңда облыста 7303 дәрігер мен 22 134 медбике жұмыс істейді. Сондай-ақ, басқарма өкілі өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы негізгі бағыттарды атады. Яғни, олардың қатарына мамандарды қайта даярлау, жоғары технологияларды дамыту мен медициналық құрылғыларды ұтымды пайдаланудың мониторингін күшейту мәселелері кіреді. Жиын соңында ОҚО әкімі басым бағыттар бойынша жұмыстарды жалғастыру керегін айтып, бірқатар тапсырмалар берді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

0 пікір