Жұма, 26 Сәуір 2024
Әдебиет 7244 0 пікір 4 Желтоқсан, 2015 сағат 08:15

ҚАЛЕКЕҢ КОЛОНИЯҒА ҚАЛАЙ БАРДЫ?..

Қазақтың белгілі жазушысы, драматург Қалмұқан Исабаев дүниеден озды. Аbai.kz порталы марқұмның туыстары мен қалың оқырманына көңіл айтады.

Abai.kz

ЭССЕ

Ол кезде біз «Қазақ әдебиеті» газетінің қолды-аяққа тұрмай, зыр жүгіріп жүретін жап-жас тілшісі едік. Күндердің бір күнінде бас редакторымыз – барша жұртқа белгілі Халық жазушысы, аса қадірлі  Шерхан Мұртазаның қабылдау бөлмесіндегі хатшы апайымыз ұзын дәліздің бойымен аяғын тық-тық басып келді де: «Бастық іздеп жатыр,» деп шақырып кетті.

Қас пен көздің арасында жетіп бардық. Бас редактордың алдында ардагер жазушы  Қалмұқан Исабаев отыр екен. Біз ішке кіргенде Шер-ағаң екеуара әңгімесін бір сәтке үзіп, келіңдер дегендей Қалекеңнің қарсы алдындағы орындықты ақырын ғана иегімен нұсқады.

Отырдық.

- Әлгі... – деді Шер-ағаң отты көзін тура қадап, - балалар колониясы деген бар емес пе. Сонда небір құлағы қалқиған, мойны қылқиған жасөспірім балалар жүреді. Ресми тілмен айтқанда, олар да – қылмыскер. Біреуі ақша ұрлаған, біреуі қой ұрлаған, енді біреуі... дүкеннен үш литрлік банкіге жабылған қияр ұрлаған. Дұр-ре-е-с!.. Әрине, жазалау керек. «Ұрлық түбі - қорлық» екенін жас ұрпақ біліп өсуі қажет. Бірақ... Үш литрлік банкідегі тұздалған қиярға бола түрмеге жаба салу қиянат емес пе?!

- Иә, - деді осы сәтте Қалекең де басын шұлғып. – Барып тұрған қиянат!..

- Осы тақырыпты зерттеп, іші-сыртына үңіліп көрсеңдер қайтеді? –  Шерағаң бізден көзін алмаған күйі сөзін жалғады. – Бала тағдыры ойыншық емес. Ретін тауып, барыңдар, көріңдер. Әңгімелесіңдер. Колонияның тіршілігімен танысыңдар...

Манадан бері бас редактордың әрбір сөзіне зейін қойып, қоштап, қуаттап, ернін жымқырып ойланып отырған Қалекең осы тұста тағы да әңгімеге араласып, мына тапсырма бізге емес, тап бір өзіне жүктеліп отырғандай басын шайқап, қиналып:

- Үйбай-ау, ол колонияға кіру дегеніңіз қалай болар екен, - деп қалды. – Оған жоғарғы жақтың рұқсаты керек қой.

Шер-ағаң енді бізден көзін тайдырып, Қалекеңе шаншыла қарады да:

- Жолдас Исабаев, - деді даусы қырандай саңқ ете түсіп, - Сіз біздің ішкі жұмысымызға араласпаңыз!

Біз әлі барып көрмеген колониядағы жап-жас балалардың жай-күйін ойлап, күйзеліп отырған Қалекең кенет селк етіп, ұйқыдан шошып оянғандай орнынан атып тұрды да:

- Құп болады! – деді әскери адамдарша тез жауап қатып.

Бөлме ішінде бір сәтке үнсіздік орнады. Сапқа тұрған солдаттай көпе-көрінеу қалшия қалған Қалекеңнің басынан аяғына дейін бір сүзіп өткен Шер-ағаң жүзін лезде жылытып, мырс етіп күліп жіберді де:

- Отырыңыз, - деді қысқа ғана. –Ә-әй... жоқ жерде, әртіс бола қаласыз ғой, Қалеке!..

Екі алыптың арасындағы әзіл-шыны аралас осы бір күлкілі эпизодқа еріксіз куә болған біз сәлден соң бас редактордың бөлмесінен жымыңдап, күліп шықтық.

ххх

Сонымен...

«Сұрай-сұрай Меккеге де барасың» демекші, білетіні бар, білмейтіні бар, бірер күнде қаладағы бір қауым елге телефон шалып, жөн сұрап, кеңес алып жүріп, Никольский базарының маңындағы құқық қорғау мекемелерінің бірінің есігін қақтық.

Әттең...

Жас шамасы елуді алқымдап қалған, жылы жүзді әскери кісінің есімін тарс ұмытыппын. Кәмелетке толмаған жасөспірім қылмыскерлермен жұмыс істейтін бөлімнің бастығы еді. Мақала жазған кезде менің атымды атап көрсетуге болмайды деп ескерткен де өзі. Иә-ә... Ол кезде заман басқа, заң басқа. Тәртіп басқа. Жүйе басқа еді ғой.

Біздің өтінішімізді тыңдап болған соң ол кісі бірден сұқ саусағымен бөлменің төбесін нұсқап, Қалекеңнің сөзін қайталағандай: «Ол үшін жоғарғы жақтың, Мәскеудің рұқсаты керек қой, қарақтарым-ау!» деді.

Әрі-бері қипақтап отырып, ақыры бұл ісімізден түк шықпайтынын білген соң, енді шығып кетуге оқтала бергеніміз сол екен:

- Тоқта, - деді әлгі кісі есіне бірдеңе түскендей жалт етіп қарап. Сөйтті де, орнынан тез қозғалып, шкафты ашып, қолына бір альбом секілді қалың  құжатты алып, үңіліп қарай бастады. – Ім-м-м!..

Әлден соң өзі іздеген бетті тапқанын бізге саусақ қимылымен түсіндіріп, бері келіңдер деп ымдады.

- Иә-ә, - деді сонсоң жымия қарап, - біздің жоспарымызда колонияда тәрбиеленушілерді соғыс ардагерімен кездестіру деген пункт бар екен. Міне... міне. Ал енді, сендер...  соғыста болған, ардагер жазушы ағаларыңның бірін колонияға ертіп келе аласыңдар ма?

- Әрине!

- Рас па?

- Сөз жоқ.

- Олай болса, келістік!

Сөйтіп, жаңағы сымбатты да, сырбаз ағамызбен бірге колониядағы балалардың соғыс ардагерімен кездесетін күнін белгілеп, нақты уақытын келісіп алдық. Ендігі шаруа бізге байланысты. Кімді шақырамыз, колониядағы балалармен қалай сөйлесеміз, қандай мақала жазамыз – енді, соны ойласуымыз керек.

Көз алдыма бірден Қалекең елестей қалды. Несі бар?! Солдат десең – солдат, жазушы десең – жазушы, ардагер десең – ардагер. Міне, нағыз «Іздегенге – сұраған» осы емес пе?! Оның үстіне, Қалекең біздің редакциядағы әңгімеміздің де кездейсоқ куәгері. Тек әйтеуір, аяқ астынан бір қырсық шалып, келіспей қоймаса болғаны.

Иә, сөйтіп...

Редакцияға келдік те, Қалекеңнің үйіне қоңырау шалдық.

- Әй, сендер немене, колонияға кіруге рұқсат та алып қойғансыңдар ма? – деді ол кісі аз-кем таңырқап қалып.

- Сіздің көмегіңіз қажет болып тұр, аға.

- С удовольствием!..

- Соғыс ардагері ретінде колониядағы балалармен кездесу өткізуіңіз керек. Мен сізбен бірге кірем.

- Да-а.. это, уже, дело – серьезное!..

Тү-у сонау, қырқыншы жылдары Баянауылдан аттанып, Берлинге жаяу жеткен майдангердің кей-кейде осылай, дәп бір фронттағыдай орысша сөйлеп-сөйлеп жіберетіні бар.

ххх

Ерте көктемнің қоңыр салқын таңы. Күн енді көтеріліп келе жатқан шақ. Фурманов көшесінің бойында маужырап Қалекеңді күтіп тұрмын.

Колония әкімшілігі бізге кішкентай ғана автобус бөліпті. Сағат тілі тұп-тура сегізді көрсеткенде Қалекеңнің үйінің алдына келіп тоқтады. Жүргізуші кісінің ұқыптылығы ма, әлде басшылықтың тапсырмасы ма, әйтеуір, автобустың іші-сырты тап-таза болып жуылып, сүртілген.

Қалекең де әскерде әбден шыңдалған кісі емес пе, дәл уақытында шықты.

Қозғалып кеттік. Автобуста екі жолаушы ғанамыз. Қаланың қай тұсына бара жатқанымыз белгісіз. Шофер үнсіз. Біраз  жүретін шығармыз деп ойлап, орындықтың арқалығына басымды сүйеген күйі қалғи бастадым. Қанша жуып-тазалады дегенмен, автобустың ішінен бір қоңырсық, жағымсыз иіс шығады...

Жо-о-қ. Көп жүрген жоқпыз. Айналасы жиырма минуттың ішінде бір сұп-сұр қорғанға жақындап та қалдық. Биік дуалдың үстіңгі жағына тікенек сым тартылыпты. Міне, колония деп жүргеніміз осы сияқты. Алыс та емес, жақын да емес, өзіміз тіршілік кешіп жатқан қаланың бір бұрышында екен.

Есік алдындағы аз-кем кідірістен соң екі офицер бізді бір үлкен сарайға қарай бастай жөнелді. Мынаның іші кем дегенде бес жүз адам емін-еркін сиятындай кең зал екен. Өңшең бір тақырбас, қарасұр күпәйкелі балалар құстың балапандарындай үрпиіп-үрпиіп, есік жаққа қарап жалтақтап отыр.

- Встать! – деген офицердің қатқыл бұйрығы естілді.

Бәрі орнынан дүр етіп түрегелді. Біз залды жарып өтіп, қақ төрдегі қызыл мата жабылған үстелге келіп отырғанша ешкім орнынан қозғалған жоқ. Тырс еткен дыбыс та естілмеді.

- Садитесь!

Дүр етіп балалар орындарына қайта жайғасты. Байқаймын, бұлар мынау кездесуге күні бұрын тәп-тәуір дайындалған сияқты. Үстел үстінде су құйылған қос графин. Тап-таза стакандар. Зал тып-тыныш. Бәрінің зейіні бізде. Қадірлі қонақ - Қалекеңді балаларға таныстырған жас офицер де жазушының біраз кітаптарын қарап, тыңғылықты әзірленгені көрініп тұр.

Ардагердің өмір жолына қысқаша шолу жасай келіп, фашистік Германия күйрегеннен кейін онда бейбіт өмір, тыныш тіршілік орнату үшін  соғыс қиратқан қалалардың бірінде комендант болып  істегені жайында жап-жақсы баяндап өтті.

Балалар болса, кәдімгідей елеңдеп, өз жерімізде емес, өзге елде, қиын кезде қала тізгінін қолына алған жауынгерге қызыға қарап қалыпты.

Сәлден соң сөз кезегі Қалекеңе берілді. Ол басындағы көнетоздау қалпағын шешіп, үнемі қылтанақ қалдырмай жып-жылтыр қып ұстарамен қырғызып жүретін жалтыр басын балаларға көрсете сипап-сипап қойды да, мінбеге қарай беттеді.

Зал ішінде бір жұп-жұмсақ, ерке самал есіп өткендей балалардың жүзі  жылып, жымия бастады.

«Мына ағайдың да басы біздікі сияқты тап-тақыр екен-ау!» дейтін сияқты бір-біріне қарап.

Қалекең аяғын нық басып келді де, қос шынтағын мінбеге тіреп, залда отырғандарды асықпай бір шолып өтті.

Содан соң, даусы микрофоннан саңқ етіп:

- Я всегда утверждал и буду утверждать, что в мире самые красивые мужчины, это – бритоголовые! («Мен әманда айтып келемін және айта да беремін, әлемдегі ең сұлу, ең мықты еркектер – тақырбас еркектер!» - ред.) - деп бастады әңгімесін.

Зал ішінде бір сәтке шыбынның ызыңы естілердей жым-жырт тыныштық орнай қалды да, кенет біреу тарс еткізіп салют атқандай бәрі ұшып түрегеліп, дуылдата қол соғып, мәз-мейрам боп, қуанғанынан секіріп-секіріп кетті. Бес минуттан соң балаларды тәртіпке шақырған офицер оң қолын жоғары көтеріп, өзі де жымиып:

- Хватить! – деп әзер тоқтатты. –Садитесь и слушайте дальше.

Осыдан кейін Қалекең:

- Я вам сегодня расскажу одну очень интересную историю из дневника коменданта, - деп, әңгімесін жалғады.

ххх

«Лақ сойса да, қасапшы сойсын!» демеуші ме еді осы жұрт.

Еһ, соғыс жайлы әңгіме айтса, Қалекең айтсын да!

Фашистік режим, антифашистік қозғалыстар, Гитлерге ерген немістер мен ермей қалған немістер, Бетховен симфониясын сүйетін Клаустар – ұзын сөздің қысқасы, екінші дүниежүзілік соғыс дегеніңіз, ол айтқан кезде, қатпар-қатпар саяси ойындар мен әлеуметтік қайшылықтардың, қоғамдық топтар мен саяси қозғалыстардың бас айналдырар лабиринті болып шыға келеді.

Күнбе-күн ажалмен беттесіп, оқ пен оттың ортасында арпалысып жүрсе де, көзі ашық, көкірегі ояу Қалекең осының бәрін түсініп, біліп, көкейіне түйіп алып соғысқан ба дейсің.

Сондықтан да, оның соғыс жайлы әңгімесі әдеттегі «Ура! Сталин үшін, партия үшін!» деген ұрандардан әлдеқайда биік әрі саяси тұрғыдан алғанда өте сауатты болып шығады.

Және оның жазған шығармаларының аты да, заты да сол кездегі халықаралық терминдер мен еуропалық атауларға тұнып тұрады. Айталық, «Жолдас комендант», «Бент – Словен жорығы», «Облако Бр... соғысы», «Авче соғысы», «Златица» т.б. Ал кейіпкерлерінің аты-жөні: Курд, Эмба, Эрика, Лотто, Анзольм т.б.

Бірақ, Қалекең бұл жолы балаларға мүлде басқа әңгімесін тарту етті. Екінші дүниежүзілік соғыстың тактикасы мен стратегиясын бес саусағындай жатқа білетін білікті жауынгер өзі алғаш комендант болып тағайындалған кездегі достарының бір аңғал қылығын еске түсіріп, тыңдаушылардың ішек-сілесін қатырды.

Бұл оқиғаны біз де кезінде жазушының «Күміс шынар» атты әңгімесінен оқып-біліп, мәз-мейрам болғанымыз бар.

Ол өзі,  былай басталатын-ды:

«Ертеңгілік тағамнан кейін комендант екі офицерді оңаша шақырып алды.

- Кеше генерал маған кел деген. Мен үшін мұнда лейтенант Сахаров жолдас, сіз қаласыз. Бүгінше екеуің мына адамдардың аты-жөні мен адрестерін сұрап, тіркеп ала беріңдер.

- Біз «Хенде хох!», «Капут Гитлер!» дегеннен басқа неміс сөзін білмейміз. Олардың фамилиясын қалай сұраймыз? – деді Сахаров.

- «Фамилия» деген сөздің түбірі Европадан шыққан дейді. Олар түсінуге тиіс. Сұрай беріңдер.

Арғынбаев неміс тілінде адресті қалай сұрауға болатынын айтып еді, капитан бұл сөз жөнінде де «фамилияға» байланысты түсіндірмесін қайталап шықты.

Осылай Мұрат кетті комендатураның жалғыз машинасын мініп, осылай Сахаров пен Арғынбаев немістермен жасампаз құрылысты бастауға білектерін сыбанып қалды.

Сахаров сыртқы есікке жақын стол қойып, оның үстіне әлі басталмаған дәптер-журналды жайып Арғынбаевқа бұрылды.

- Мен қазір бір-бірлеп шақырып, фамилиялары мен адрестерін сұраймын. Сен жазып отырасың!

- Құп! – деді қолына қаламын алып, отыра берген Арғынбаев.

Міне, Сахаровтың ымымен бірінші неміс табалдырықты жасқана аттап кірді. Онымен Сахаров қол алысып, жылышырайлы амандасты да, бетіне тесіле қарап тұрып:

- Фамилияңыз кім болады? – деді.

- Вас... – деді анау. (Немісше: «Түсінбедім. Не айттыңыз?» деген сөз – ред.)

Оның түрінде де, көзінде де жұмысы болмаған Сахаров Арғынбаевқа бұрылды:

- Кіші лейтенант жолдас, жазыңыз!  Мынаның фамилиясы Вас екен.

Әрине, Арғынбаев дәптерінің қақ басына «Вас» деп жазып қойды.

Сахаров адресін де сұрап көріп еді, неміс бұған көзі жыпылықтап қарай қалды. Сахаровтың да көзі жыпылық қақты. Содан кейін ол неміске:

- Адресті артынан білісіп алармыз. Әзірге былай тұра тұрыңыз? – деп ымдады да, келесі немісті шақырды.

- Сәлеметсіз бе? Фамилияңыз кім болады?

- Вас? – деді бұл неміс те.

- Кіші лейтенант, мынаның фамилиясы да «Вас» болып шықты.

Арғынбаев дәптерге екінші «Васты» жазды. Мұның адресі жөнінде де көз жыпылықтатудан артыққа бара алмаған Сахаров бұған да алғашқының жанына баруға нұсқады. Табалдырықты басып тұрған келесі жергілікті тұрғынға кіре беруіне белгі көрсетіп, онымен де қол алысып амандасты...

«Вастардың» саны беске жетті. Жұмысының жүріп жатқанына риза Сахаровтың жүзінде – нұр, көзінде – мейір. Ол Арғынбаевқа жақын келіп, мұртын қайыра ширатып, бөксесімен оны сүйкеп өтіп:

- Минск қаласында менімен госпитальда бір майор жатып еді – деді. – Өзі жоғары білімді. Сол бізге «Неміс халқы табиғатында ақылды, мәдениетті және өте тәртіпті» деген. Соның сөзінің шындығына көзімнің бүгін жетіп отырғанын қарашы. Түнде ғана шақыру жарияладық. Таңертең қала халқы жинала қалыпты. Ал тіркелуге семьяларымен келе бастағандары мынау. Мына «Вастар» біткеннен кейін, қарап тұр, тағы да басқа семья тұтасымен келеді әлі.

Осыдан кейін ол жұмысына қайта кірісті. Сахаровтың бірінші сұрағына келесі неміс те «Вас» деп жауап берді.

- Кіші лейтенант, мында Вастардың алтыншы ағайыны қалып қойыпты, - деді Сахаров...

Вастардың саны онға жеткенде, Сахаров Арғынбаевтың жанына тағы келді. Бұл жолғы өңі әлгіндегідей емес, қабағы түйілген, мұрты салбырап кеткен. Еріндерін қатты жымқырып алыпты. Бұл жолы оны Арғынбаев бөксесінен түйіп жіберді.

- Ей, не болып бара жатыр-ей, өзі! Мына Вастар қашан таусылады-ей? Фашистер ашқан пәленбай жылғы соғыстан қалай шетінемей шыққан семья? Әлде коменданттың жоқтығын пайдаланып, екеуімізді мазақтап жүр ме екен бұлар, а?

- Жұмысты тоқтатпайық, жолдас лейтенант. Есікке келіп тұрған ана бадырақ көз, тақырбастан мүмкін басқа семья басталар, - деді Арғынбаев.

- Егер осы бадырақ көз «мен де Васпын» десе бар ғой, - деді Сахаров жолдасына, - айтпады деме, менен ол көресіні көреді.

Сахаров ананы ыммен шақырып, қол алысып, жылышырайлы амандасты да, фамилиясын сұрады. Анау әрине, «Вас?» деді. Сол-ақ екен лейтенант жұдырығын тас түйіп алып, бадырақ көзді мұрын жотасынан торс еткізсін!

Қос қолмен қорғалаңдаған бадырақ көз жығылып бара жатып:

- Варум? -  деп дауыстап жіберді. (Немісше: «Неге бүйттіңіз? Жазығым не?» деген сөз – ред.)

- Ә, оңбаған! – деген сөзін Сахаров анаған арнағанымен жалғасын Арғынбаевқа бұрылып айтты. –Жаны қысылғаннан кейін шынын айтқанын естідің бе? Мұның фамилиясы «Варум» екен. Жаз!

Варум сол сәтінде төрт тағандап тайып тұрды. Адрестері анықталмаған «Вастар да» сытылып, шығып кетті. Мұны көрген ауладағы халық та тарай бастады...

Армия штабында бізге тілмаш бөліп қойған екен. Кешке соны алып қайтып келдім, - деді неміс жолдастарының күлкісінің басылуын күтіп қалған Мұрат. – Сахаров алдымнан шығып, мен жоқта комендатурада өрескел ештеңенің бола қоймағанын баяндап, тындырылған іс ретінде дәптерді ұсынды, оның бетіне жазылған он Вас, бір Варумның сырын, әрине, тілмаш ашты. Күлкіден ішегіміз түйілген біз жан-жаққа құладық.»

ххх

Зал тола тақырбас балалар. Бәрінің үстінде біркелкі көксұр күпәйке. Әрқайсысының омырауына тігілген бір жапырақ ақ матаға аты-жөні жазылыпты.

Мінбеде тұрған Қалекеңе қарап, көздері бақырайып, ыржиып тыңдап отыр. Кей сәттерде олар өздерінің қайда отырғандарын ұмытып, аяқтарын топылдатып, іштерін басып, бірінің иығына бірі басын сүйеп, есі кетіп, көздерінен жас аққанша шиқылдап күледі...

Кенет алдыңғы қатарда, менің жанымда отырған офицер құлағыма сыбырлап: «Сіз балалармен сөйлеспек болған едіңіз. Қазір андағы бір бөлмеге олардың үш-төртеуін алып барамыз. Бір сағат уақыт бөлдік, жете ме?» деді.

Мен ақырын ғана орнымнан тұрып, әлгі офицердің соңынан ере жөнелдім. Ұзын дәліздің бойымен жүріп өтіп, қаз-қатар тізілген есіктердің бірін аштық. Залдағы балалардың ду-ду күлкісі көпке дейін естіліп тұрды.

ххх

Сол жолы колониядағы балалар бізге өз қолдарымен жасаған бір-бір желдеткішті (вентилятор) сыйға тартты. Кішкентай ғана қорапқа салынған, құдды бір зауыттан жаңа шыққан бұйым сияқты. Кейінірек білдік, олар расында да, күндіз зауытта жұмыс істеп, мамандық алып, әр түрлі дәрежедегі слесарь-механик, токарь болып шығады екен.

ххх

...Ол кезде біз қаланың жоғарғы жағындағы «Алатау» кеңшарында тұрушы едік. Әлгі балалар сыйлаған төртбұрышты кішкентай желдеткішті үйге әкеліп, тау жақ беттегі үлкен терезенің желкөзіне іліп қойдым.

Өзі де бір, мықты, сапалы зат екен. Көп жылдар бойы кәдеге жарады. Оң жақ бетіндегі кішкентай түймесін басып қалсаң болды, зырылдап шыркөбелек айнала жөнелетін де, үй ішіне Алатаудың қоңыр салқын ауасы лап қоятын.

Нұрғали Ораз

Abai.kz

0 пікір