Жұма, 26 Сәуір 2024
Қоғам 7558 0 пікір 23 Маусым, 2015 сағат 14:58

ТӘҢІРШІЛДІК ЖӘНЕ ИСЛАМ: ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР (Жалғасы)

(Жалғасы. Басы мына сілтемелерде:

http://abai.kz/post/view?id=3654

http://abai.kz/post/view?id=3663

http://abai.kz/post/view?id=3689)  

 

Ислам тарихында дінді ұғынудың, қабылдаудың ерекше формасы ретінде пайда болған “сопылық ағым” ресми діндегі (калам мен фиқх) шектен шыққан трансцендентальдылыққа қарсы күрескені сияқты Иасауи ілімі де түркілік дүниетанымның негізгі категориясы болып табылатын универсализмге сай, Тәңірді бір жазалаушы тылсым күш ретінде емес, Тәңірді және оның үкімдерін сүю арқылы, “ғашықтық-махаббатпен” құрметтеуді, сонымен қатар Аллаға махаббатпен қауышу-ұласу әдісін қалыптастырды. Махаббат адамдағы жауапкершілік сезімді, иман, жанпидалық, т.с.с. асыл құндылықтарды қалыптастырып жандандырады. Адам хикмет көмегімен ғана мәнді-мағыналы өмір, “адамша тіршілік ету өнерін” меңгере алады. Сонымен Хикмет ұғымының мәні, “құндылықтардың танылуы”, “шындыққа жету ілімі”, “Тәңірінің махаббатпен танылуы” дегенге саяды. Кезінде түркі мәдениеті, фольклоры, сенімі, тілі, әдебиеті, аңыз-әфсанасы мен әдет-ғұрыптарына байланысты ресейлік миссионерлер тарапынан терең этнографиялық зерттеу жұмыстары жүргізілгендігі баршаға аян. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде «біріккен материалдар» Кеңес басшылығы немесе коммунистік жүйе тарапынан бізге қарсы ассимиляция, дінсіздендіру және барлық рухани құндылықтарымыздан аластату әрекетінде үлкен рөл ойнағандығы да белгілі. Қожа Ахмет Йасауидің сопылық дәстүрі Түркістанда, яғни Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан, Түркіменстанда кең тамыр жайған және ауыр қысым, барлық қарсы шабуылдарға қарамастан коммунистік режимде де өмір сүруін тоқтатпаған. Коммунистік режимнің идеолог-кеңесшілері бұл мәдениетті, әдет-ғұрыпты атеизмнің алдында тұрған қауіпті күш ретінде танып және осы күшті “ғылыми тұрғыдан” қайта түсіндіріп коммунистік идеологияның мүддесіне қолдануды мақсат еткен, сондай-ақ оны өздерінің атеистік үгіт-насихат әдістерінде қолданғандығы да мәлім. Кеңес идеологтарының жалпы ислам дінін Батыстың терезесінен көріп, бағалағандығы белгілі. Мысалы, ислам туралы кіріспе жасаған кезде христиан діні тұрғысынан қарастырады. “Орта ғасырдағы Шығыс пантеизмі Батыстағыдай натуралистік және мистикалық бағытпен дамыған еді” деп сөз бастағаннан кейін, Йасауи мәдениетін “Батыс қалыбына” қарай өлшеп, пішкен. Кеңес идеологтары материалистік көзқараспен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Ибн Сина (980-1037), Фараби (870-950) секілді ұлы ойшылдарды да қасақана дінге қарсы және “табиғат құбылыстары мен адамды жүйелі түрде қарастыратын натуралис-пантеист ортағасырдың еркін ойшылдары” ретінде таныстырған. Ғылыми атеизм мамандары сопылықтағы Мухаббатуллах (Аллаға ғашықтық) термині және “ғашықтық – Алланы танудың (мағрифатуллах) дәл өзі” деген көзқарасты негізге алып, дәстүрлі ислам көзқарасына бұның қарама-қайшы екендігін «дәледеп», ислам дінінің сүйіспеншілік діні емес, қорқыныш діні ретінде танытып баққан. Бұлар “Аллаға ғашықтық арқылы жақындайтын “пантеистік көзқарас” адамды Тәңірге айналдыру идеясын өзімен бірге ала келгені үшін қанаушы, биліктегі топтың идеологиясына айналған ислам дінінің беделін түсіретін қарсы көзқарас болған” секілді нәтижеге қол жеткізуге тырысқан.

Міне, марксистік түсіндіру бойынша, Йасауи мәдениетінде билікке оппозициялық әрекет пен сопылықтың барлық негіздері мен ұстанымдары (принциптері) бар. Мысалы, Йасауидің ішіндегі ең басты қазына-фақр, яғни кедейлік. Фақр мақамы “байлыққа ” қарсы, билікке қарсы оппозициялық форма алып отыр. Демек, марксистердің түсіндіруі бойынша, «Йасауи билеуші тап емес, езілгендердің жаршысы, ұстазы. Ол, хикметтерінде діни-мистикалық, абсолюттік моральдық құндылықтарды, әділет, теңдікті, жақсылықты уағыздап, Қарахан мемлекеті мен жоғарғы билеуші таптың зұлымдықтарына қарсы шықты, мінеп, сынады. Осы сияқты түсініктері мистикалық формада болса да прогрессивтік мағынада ілгері тұр. Өйткені, бұл идея, тобырдың еркімен қалауы, арман тілегін білдіреді. Сондай-ақ, “Құран мен Сунна бойынша әйел мен еркек тең емес, әйел еркектен төменгі дәрежеде тұр. Әйел үйдің күңі, қоғамдағы істерді өз алдына шеше алмайды, бөтен адамдардың алдында жүзін ашып жүре алмайды. Йасауи мәдениетінде тариқаттағы зікірге әйелдер қатыса алады». Осындай мәліметтер мен дәлелдер Йасауи мәдениетіндегі әсіресе әйелдерге қатысты мәселеде исламда жат екендігін көрсетеді.

Түйіндей түссек, Йасауи мәдениеті ислам дінінің ішкі (батини) мәні, рухани психотехникалық этикалық кемелденудің өзіндік әдістемелік қағидасы мен ережелері қалыптасқан дәстүрлі түркі сопылық ілімнің қазақ түсінігіндегі, діни танымындағы көрінісі. Осы мәдениет кешегі жетпіс жылдық қызыл империяның темір құрсаулы қыспағынан құтылып, ғылыми атеизмнің көздеген «синтезі» мен көрігінен ерімей аман сақталды. Қазақ өз болмысынан алыстамай ұлттығы мен дәстүрлі тарихи сабақтастығынан қол үзіп қалмайынша, Йасауи мұрасы мен мәдениеті тіршілігін жалғастыра береді. Йасауи тағылымы мен мұрасы жүректің түкпірінде жатқан терең (деруни) субстанционалдық Аллаға деген ғашықтық. Кешегі коммунистік режим тарихтағы калам мен суфизмнің «улама мен суфилердің» қақтығыстары мен түсініспеушіліктерін зерделеп, өте нәзік ұсталықпен өз мүдделеріне пайдалана білді. Жалпы ориенталистика, шығысты аңдып, сырттай бақылап өте арзан әрі оңай олжа қылып келген. Бұл мәселе тарихтан белгілі. Мұндай әрекет бүгін де басқа формада жалғасын табуда. Сондықтан егер біз өткенімізден тағылым, тарихтан сабақ алуды үйренгендей болсақ, онда, «Сіз, біз деген халайықтан қаштым мен» деп, ескертіп кеткен Қожа Ахмет Йасауи бабамыздың аманат-өсиетін жадымызда сақтап, «менің жолым хақ, сенің жолың шатақ» деп, екі жікке бөлінбей өзара кеңпейілділікпен, діни төзімділікпен (толеранттылық) өзіміздің біртұтас қазақы мәдениетімізді зерделеуде, зерттеуде өте мұқият әрі ояу болуды сезінгеніміз абзал.

Қазіргі таңда қоғамымызда әруақ, әулие, сопылық, зікір арқылы қалыптасқан қазақ мұсылмандығы исламға жат дүниетанымдағы жеке ағым ретінде көрсету белең алып барады. Қазақтың дәстүрлі діни түсінігін сынап, оның негізгі ұстанымдары мен идеяларын жоққа шығару әрекеті Құран мен хадис шеңберінде жүріп жатыр. Яғни, діни танымдағы әрбір ұғым, категория, символдар мен тұғырлардың Құранда орын алғандығы немесе алмағандығы негізгі өлшемге айналды. Бұл жерде тек салафилер ғана емес, исламдағы барлық ағымдар өздерінің негізгі өлшемі ретінде Құранды таниды. Қазақ мұсылмандық түсінігінің негізінде Иасауи ілімі жатыр. Сонымен «Менің хикметтерім Құран мәні» – деген Иасауи ілімі, мәдениеті және жолына деген тарихи санаға құрметтің орнына оны қаралау, жоққа шығару белең алып отыр. Қазақ мұсылмандығы да Иасауи мәдениеті арқылы Құранға негізделген. Өкінішке орай, бүгін оны мақсатты түрде басқаша түсіндіріп, танытуға тырысушылық тенденциясы басым. Міне, осы бетперде, осы қалып, бұқаралық ақпарат құралдарында жиі тілге тиек етілетін болды. Тарихи құндылық көзіне айналған, дәстүрлі мұсылмандық түсінігіміздің айнасы болған Иасауи мұрасын аксиологиялық қабылдау аясынан шығаруға ұмтылатын күштер немесе топтардың белсенділігі көзге түседі. Бұған қоғамдағы дін мәселесі, діни таным мен ғылыми таным арасындағы үйлесімділік пен тепе-теңдіктің болмауы себеп болса, екінші жақтағы, яғни, бүгінгі қазақ мұсылман өкілдерінің өздерін қоғамға тиісті дәрежеде түсіндіре алмауы және олардың Иасауи мәдениетін жетік меңгермеуі де осы құбылыстың басты компоненті дер едік. Бұқаралық ақпарат құралдарының дін мен саясат арақатынасына немқұрайлы қарауы және дінді саяси топтардың құралына айналдыруы да негізгі фактор. Әлемдік жаҺандық құбылыспен бірге келе жатқан исламофобия, террорлық әрекеттің дінге, исламға негізделуіне көзжұмушылық, түсіне алмаушылық сияқты психологиялық кедергілердің барлығы жалпы алғанда діни танымға тіреліп отыр. Қоғамымызда сыртқы және ішкі топтардың әрекеті арқылы тарихи сабақтастыққа, санаға қарсы жұмыс жүргізіп, өткен тарихымыз бен дін тәжірибеміз туралы теріс пиғыл тудырып жатыр. Осы дерт яғни, исламофобия бүгін Қазақстанға ауды. Мысалы жасанды және мақсатты суфизмофобия құбылысы шын мәнінде исламды өркениет, дүниетаным және философиялық дәстүрі бар дін ретінде қабылдағысы келмейтіндердің әрекеті. Сопылыққа, зікірге, әулие түсінігіне қарсы шығу деген Иасауиға, бүкіл тарихымызға, мәдениетімізге, сайып келгенде, қазақ халқының тарихына қарсы шығу болып табылады. Өйткені, Иасауиден бастап Асан Қайғы, МәшҺүр Жүсіпке дейінгі қазақ даналары сопылық мәдениет негізінде ой толғады. Бұл – қазақтың дәстүрлі мұсылмандық түсінігінің айнасы – сопылық философия деген сөз.

Бүгін салафилік бағыттағы яғни дәстүрлі ханафи мазхабын мойындамайтын жахандық саясаттың құралына айналған бүгінгі вахабилік жолындағы миисионерлер қазақ мұсылмандық түсінігіне оның тарих бойы жинақталған, болмысқа айналған, түсінік танымын жоққа шығарып бағуда. Бұл дегеніңіз зардабы кешегі коммунистік идеология жүргізген ұлтсыздандыру саясатынан да асып түсетін қасірет. Бұлар қазақты бүгін ғана мұсылмандықты қабылдаған ел сияқты көрсетіп, өздерін таза ислам атынан, кей жерлерде Алланың атынан сөйлеп халықты қалыпты діни сенімі мен танымынан бездіруге жұмыс жүргізіп жатыр. Демек олар қазақтың сан ғасырлық тарихы мен діни тәжірибесін жоққа шығаруды мақсат еткен. Бұл нағыз революциялық тенденция. Ал исламның рухында револция емес, эволюция ғана бар екендігін салафилер сезінбейді де. Тек өздерінің танымын ғана тықпалай береді. Еркін сұхбатқа емес, психологиялық қысымға негізделген рухани экспанциясын жүргізіп отыр. Олардың ойынша қазақтың мұсылмандық түсінігі пұтқатабынушылық екен. Демек өздерін жоғары санап біздің таным түсінігімізге менсінбеушілік пен сыйламаушылықтарын ашық айтуға батылы жетіп жүр. Бұдан салафилердің билікпен, діни басқармамен, БАҚ тығыз байланысы бар деуге толық негіз бар. Бірінші сын, ғибадаттың формасы мен мәніне байланысты яғни, ғибадаттың формасын анықтайтын да, ғибадат етілетін де тек Бір Алла ғана. Бұған дау жоқ.

Рас, ислам негізі бойынша адамзат және басқа барлық жәндіктер Алланы ұлылау, оған табыну үшін жаратылды. Әр дінде Аллаға табыну формасы әр түрлі. Исламда табыну формасын уақытын ритуалдық негіз ретінде анықтаған Хз.Мұхаммед пайғамбар болатын. Қазақтар бұл ғибадат феномені шеңберінің сыртына шыққан емес. Ғибадаттың формасы мен уақытын сол күйінде қабылдайды, шариғатты негізге алады. “Алладан басқа табынар ештеңе жоқ” (Ла мағбуда илла Алла) деп зікір салды. Ғибадаттың мәні мен маңызын, мақсаты мен негізгі идеясын терең түсінеді. Олардың рухани жаттығулары ғибадатқа барар жолдағы рухты әр түрлі кедергілер мен алаңдаушылықтан арылтудың методы ғана. Әрбір зікір, сама, жүректі шынайы ғибадат етуге дайындап, Алла мен адам арасындағы байланыс тірегін күшейтудің құралы, әдістемелік жүйесінің тұғырлары.

Екінші сын: сопылық пайғамбардың сүннетіне, формасына, шариғатқа сәйкестігі немесе қайшылығы: мысалы: зікір салу (Алла, Алла, ху, ху) өлең, ракс, сама, шаң, рубаб – бұларды күнаҺарлық деп қарайды. Бұлар бидғат, яғни, дінге кейіннен енген жаңашылдық. Енді Алланы еске алу, зікір, пікір ету мәселесіне келейік. Зікір, зікір салу Құранда бар. Хадисте бар. Зікір туралы аят көп: Құранның жеті атының бірі – зікір. “… Азықтың ең абзалы – зікір. Қажылықта да мені еске алыңдар”. “Аталарыңызды еске алғандай мені еске алыңдар”, “Қауіптен құтылғаныңызда сізге білмегендеріңізді үйреткен Алланы еске алыңдар”, Жер мен Көктің жаратылуы, күн мен түннің ауысып келуі туралы отырса да, жүрсе де, жатса да Алланы еске алғандар, көк пен жердің жаратылысын терең ойлағандар. “Ей, Жаратушымыз, сен бұларды мәнсіз мақсатсыз жаратпадың. Сен ұлысың. Бізді тозақтың азабынан сақта деген көңіл иелері үшін айғақтар бар”. “Сен Жаратушыңа, ішіңнен, қарапайым кішіпейілділікпен, қауіптеніп, өте нәзік дауыстап, таңертең, кешке Алланы зікір ет! ” Демек зікір, Алланы еске алу Алланың бұйрығы. Шариғатта бар деген сөз. Ал енді ислам тарихында би, музыка харам деушілер болған. Бүгін олардың сындары мен міндері құнсызданған.

Себебі бүгін дін ғылым ретінде өткенге қарағанда әлдеқайда дамыды. Экзистенция философиясы, дін феноменологиясы мен психологиясы әр құбылысының танымы, ұстаным мен мұратын анықтай алатын сатыға көтерілді. Әрине, діни таным табиғаты жағынан күрделі әрі уақыт пен кеңістік, дүниетанымдық мәдени көпқабаттылықты да өз ішінде қамтиды. Сондықтан ислам ешқашан музыканы жатсынбаған. Исламда музыка өмірдің өзі. Жаратылыс сол музыкадан басталған. Исламда, әлемде музыканың, теориялық және философиялық теорияларын қамтитын зерттеулерді Әбу Насыр әл-Фараби атамыз жасағаны белгілі, бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Иасауидің музыкалық тұжырымы тікелей әл-Фарабидің саз философиясына негізделген. Ракс – ритуалдық би, сама діни әуен тыңдау – Алланы еске алудың, рухани шабыт шақырудың әдістері ғана. Ал әдіс ешқашан мұрат болмаған. Келесі бір сында, суфи сөзі исламға гректің “софия” (даналық) сөзінен енген дейді. Сопылық әр түрлі ағымдар мен философиялық мектептердің идеяларының қосындысы. Осыларды исламмен араластырып, өздерін мұсылманмын деп көрсетеді. Грек пантеизмі сопылық доктриналардың негізі, неоплатондық ілімі осы сопылыққа еніп, тәржіме арқылы қабылданды. Манихейлік пен суфизм Иранның негізгі танымы. Веданта ілімі де сопылықта бар. Исламда алғашқы үш ғасырда “суфи” сөзі, ұғымы болған емес. Исламға кейіннен енген философия және басқа діндердегі рухани кемелдік, құдайлық нұр, құдайлық таным – мағрифат, Алламен рух арқылы қосылу барлығы бидғат. Бұл идеялар сабиин, қайсанилер, карамиттер мен батинилер арасында кең тарады. Суфи идеологиясында Құранның сыртқы және ішкі мәні бар (Захир, Батин). Бұл шиалар мен батиниліктен енген. Оларға жалқаулық, енжарлық, қайыршылық тән. Кереметтері де бидғат, сиқыр. Олар Алла жолында жихадтан қашады.

Шындығына келсек, суфи ұғымы пайғамбарымыз дәуірі кезінде және одан бұрын да болған. Ал осы ұғымның ішкі мәнін толтырған ислам болды. Суфилік Құранмен көктеп, дамыды, тамырын Құраннан алды. Бұған талас болмау керек. Өйткені, сопылықтың алғашқы кезеңі зухд туралы жоғарыда жеткілікті дәрежеде тоқталып өттік. Әрбір мәдениет бір жағынан өзінің қасиетті кітабымен тікелей байланысты. Батыс мәдениетінің негізінде Інжіл болғаны сияқты ислам мәдениетінің негізінде Құран бар. Ислам философиясы, мәдениеті мен өркениетінің ең маңызды қыры болып табылатын сопылықтың негізгі іргетасы – Құран. Сопылықты тарихи процесс ішінде сараласақ, ішінара басқа мәдениет, дүниетанымдармен байланыста болған. Бірақ, сопылық жолындағылар үшін ең бастысы әрі маңыздысы Құран Кәрімнің бұйрығы, көрсеткен жолы мен ұсыныстары. Сондықтан Құран мұсылмандар үшін мәні мен маңызы, орны мен ролі бірінші орында тұратын Алланың каламы, сөзі (логос). Сопылықтағы Құранның әсері де өзге ислам ғылымдары сияқты ең басты және ең маңызды фактор болып қала береді.

         Жалпы сопылыққа сын айтушы салафилер кешегі коммунистік идеологияның желісінде оның исламға үйлеспейтін қырлары көп дейді:

Қазақ мұсылмандық түсінігінде Алла мәні жағынан бар жерде, ал салафилер бұл түсінікті Құранға сәйкес емес деп таниды. Бұл сынға Құран аяттарымен жауап берер болсақ: “Көкте де, жерде де – Тәңір – Алла”. 43/84. Бұдан басқа Алланың ал-Ахир, ал-Захир, ал-Аууал, ан-Батин және т.б. есімдері бар. Осыған қарап-ақ жоғарыдағы сынның негізсіз екендігін көруге болады.

Қазақ мұсылмандық түсінігінде Алла бұл әлемді Мұхаммед үшін жаратты. Ал салафилер болса, бұл түсінікті де Құранға сәйкес келмейді деп таниды. Оған жауап терінде айтарымыз Алланың өзі Хз.Мұхаммедті адамзаттың тәжі десе, әлемді Алла адам үшін жаратса, адамзат үшін рахмет ретінде жіберілген Мұхаммед пайғамбар болса, бұл сөздің Құранның мәніне сәйкес келмейтін ештеңесі жоқ. Алла, бұл дүние де, о дүние де маған тән (ал-Лайл, 13). (Зариат, 56) – Мен жындарды, адамдарды маған құлшылық етсін деп жараттым. Салафилер Қазақ мұсылмандық түсінігіндегі әулиелерге құрмет, молаларды қастерлеуі, өлікке ескерткіш орнатуы, зікір жасауы, тұмар тағу – олардың исламға әкелген бидғаттары деп қарайды. Иасауи ілімі ең үлкен ширк, яғни, көпқұдайлық негіздегі исламға жат, таухидтен алыс діни таным деп таниды. Бұлар салафилер мен уаххабилердің өзгермейтін танымынан қағидашыл ұстанымынан туындаған сындар.

 

Әмірғазин С.Т. ф.,ғ.,канд., профессор

ҒЗТО жетекші маманы

(Жалғасы бар)

 

Abai.kz  

0 пікір