Жұма, 26 Сәуір 2024
Әдебиет 5684 0 пікір 24 Маусым, 2015 сағат 16:16

МЕНІ ҚҰТҚАРҒАН – «ОМПЫ»


(Ауыл әңгімесі)

  Асығың бір сәтте ирелеңдеп ұшып барып омпы тұра қалса, сенен асқан сірә бақытты жан болмайды-ау?! Көргендер көріп тұрып «қолмен қойдың»,-деп пәле салуы ғажап емес. Әй, асық ойнағанның өзіндік бір тылсым күштілігі бар. Біреуден ұтып аласың, келесіге барып ұтыласың. Мықты асықтарыңды (сақа, құлжа) елу асық, жүз асыққа алмастырасың. Қойдың сирағынан алынған асықтан қарағанда, арқардың арбыйған құлжасы тәуір-ақ тұрады өзі. Қарсыласыңның асығын көріп барып ойынайтын кездер болады. Есіме ауылдағы тамаша сәттер түсіп отыр. Тарбағатайда асықты тарсылдатып күшті ойнайды. Жалпы таулы аймақтағы тұрғындардың негізгі күн көрісі – мал. Ал, мал болған жерде асықта көп. Арқары бар... Есепке алсақ, табиғаты тамаша Тарбағатайда асықты балақты түріп қойып тәуір-ақ лақтырыппыз. Санап отырып жаңылдым. Ал, асықтың санын бес жүзден ары асыра алмадым.

  Көктемнің ыбылжып тұрған күні. Қардың жөнді ерімей жатқан шағы. Ала-бұжық, ақ-қара болып жер жатыр. Үйдің төбесінен, шатырдың шетінен сарылдап су ағып, еріген жерлер кеуіп кетуде. Кепкен жер ауыл балаларына жақсы. Арманның ауласыда быт-шыт болып жатыр. Қара жері көрінген біраз алқап бар екен. Улап-шулап балалар сол жерге жиналдық. Араның ұясындай ызың-қызың, шүйіркелескен оқушылар. «Мен - тіктім. Мен - біттім. Мен - ұттым. Тағы ойнайық. Соңғы асық»,-дген сөздер жиі естіледі. Артылып қалған ойыншылар, асығы таусылғандар қаздың балапандарындай қаз қатар отырып шетінде тамашалап отыр. Алдыңнан арлы-берлі өткендердің қалтасы шытырлайды. Асықтары симай бір-біріне тиіп, қалтасының аузынан шығып артылып жатады. Қулауы бір-екі түскен асықты аяғымен баса қойып, тесіліп тұрған көздер кеткенен кейін ала қояды. Асық ойнау алаңында асықтан асқан байлық жоқ. Ол жерде сауда жүргізіп кетуіңе болады. Өткенде Дәркембай солай жасады. Барлық баланы «тыржалаңаш» етіп сыпырып, асықсыз қалдырды да, жинап-терген асықтарын өзінің бастапқы иелеріне ақшаға сатты келіп. Тәп-тәуір пайда жасап алды. Жартысынан көбін сатып болған соң, қынаға боялған құлжасын «сен аман бол!»,- деп балалардың көзінше сүйіп алды. Намыстанып қаласың. Асықты барлық бала бірдей ойнай бермейді өзі. Дәркембайдың құлжасын уақытша алып ойнаған Ербол көңге жеткенше үш-төрт рет қана тәйкісі мен алшысын түсірді. Ал, қарсыласы Балғын жиырма беске дейін жалықпады. Отырып алып тамашалап отырған Дәркембай ашуланып кетіп, орнынан атып тұрып: «-Ой, соны да түсіре алмай»,-деп бұлқан-талқаны шығып, құлжасын қолына алды. Балғынмен қайта ойнап еді, Балғынды есептің басында қалдырып кетті. Дәркембаймен көп ешкім ойнай бермейді. Бір, асығың сыймай жүргенде бағыңды сынап көрмесең, әйтпесе Дәкең сыпырып алып қарап тұрады. Дәркембаймен көбісі келісіп алады. Дәкең :«ұтылсам екі асық беремін, сен ұтсаң бір асық»,- деп жағдайыңды жасап тастайды.Ұтатына сенімі мол. Кейде, жасы үлкендер араласып ойынның қызығын кетіріп, тәтті дәмін сорып алады. Оларға жұмсай қоятын қайдағы күш? Табаныңдай тасты ыңқылдап әрең көтересің. Сол үшін көшенің ортасына емес, Арманның ауласына ойнап жатырмыз. Біреудің ауласына баса-көктеп кіретін қайдағы ержүректік оларда?
 Бүгінгі ойын қызып жатыр. Еркінбектің беріліп алғаны соншалық, тұрған тәйкілерді тұрып, өзі асық лақтырғанда еңкейіп алып жүр. Тұрған тәйкіні көздер кезде «ох-ах!»,-деп қолдарын беліне қойып, шалқайыңқырап, ауырсынған жерін жазып алады. Еңкейіп жүргендер көп. Шоқиып отырғандар бүгін аз. Еркінбек – бүгінгі күннің жұлдызы. Түгелін сыпырып жатыр. «Дәркембай көрінбейді. Өздері ойнасын, мен ұта беремін бе деп келмеген ғой»,-деген мысықоймен отырғанымызда, гүрп-гүр еткізіп қоңыр бәтеңкесін сүйретіп жеткені. Үстіндегі қалың қыстық киімін шеттегі балаларға ұстатып, асық алаңына кіріп кетті. Өзі тез-ақ кіреді. Басқалар сияқты кезек күтіп тұрмайды. Ойынның келесі бөлігі басталып кетті. Енді көңге асық тігіп ойнап жатыр. Көңдестер - Еркінбек пен Дәркембай. Қарсыластары Дастан мен Дархан. Жұлдызды жұп сыпырды келіп. Әр алшысына бір асық алады. Еркінбек мықты көздеп ата біледі, Дәркембай алыста тұрған тәйкілерді атпай «есептей сал»,-деп жүре беретін. Ал, бүгін бап қосылды. Бүгінгі асық бітті. Асық ойынының соңынан Еркінбек пен Дәркембай ұтқандарын теңдей бөлісіп, қалталарына басып алды. Ұтылғандар қастарында жүр «қайтара ма екен»,-деген дәмемен. Әй, қайтармайды-ау!.
Үйге жеткенше әңгіме айтып, асықты қызу талқылаймыз. Дәркембайдың үйі менің үйімнің тура қарама-қарсысында болды. Көп болып Арманның ауласынан шыққан баладан екеуіміз ғана қаламыз күнделікті. Ал, өсек:
-Осы Мырзабек, сен неге асық ойнамайсың? Күнде келесің, қарап отырасың да кетесің...
-Ойнай алмаймын. Асық иіру қолдан келгенімен, ебін тауып тұрғыза алмаймын.
-Ой, қойшы! Қазақтың балалары асықты алшысынан тұрғызу керек.
Сасып қалдым. Дәркембайды басқа балалар қалай ойлайтынын білмеймін, бірақ, өз басым қатарласым, сыныптасым болса да ағамдай көремін. Кей ойлары бір балаларға ауадай қажет.
-Мырзаш, ертең менің орныма ойна, мә асықтарым! Мен ертең кезекке кетемін. Санап берейін, мә, жиырма бес асық. Бір күнге жетеді ғой. Ұтасың. Ұтшы. Саспа! Мен саған үйренбесең, үйретемін, Мырзаш.
 Көңілім қаламаса да қолыма асықтарын шытыр-пытыр еткізіп ұстата салды.
-Енді мынау менің жұлдызды асығым,- деп құлжасын да берді. Дәркембайдың осындай қасиеттері көңілге жағады. Бірақ ертең асықтарынан толықтай ұтылып қалсам қайтемін? Асық жинаған емеспін. Не болса да, досың сеніп тұрған соң, кері қайтуға болмады. Ертесінде ойнадым. Тәйкі жағын сұқ саусағыммен майдалап қойып, шік пен бүкті қырындатып тұрып лақтырсам да түспеді. Қарсыласымның бір-екі тәйкісін қағып түсіріп мәз болдым. Бірақ, Дәкең берген жиырма бес асықтан толықтай сыпырылдым. Қолымда қалғаны Дәркембайдың құлжасы. Ойлана келе, не болса да тәуекел деп құлжаны, көң үшін елу бес асыққа бағалап тіктім де жібердім. Ұтылсам беремін деген уәде бердім. Ойнап жүрген балалар басында сенбеді. Өтірікті қиыстырғаным-ай сендіру үшін. Дәркембайдан бақандай бір лаққа айырбастап алдым дедім. Өтірігімнің түрін-ай, қазір күлемін.
-Мырзаш, шынымен бе?
-Өй, сенбейді-ау, менің өтірік айтқанымды болмаса бет-албаты қалжыңдағанымды көрдің бе?
 Осы сөздерден кейін қарсыласым Дастан келісті. Ойын басталды. Көңді жиырма бес деп алдық. Кімнің асығы бірінші жетеді, соған елу бес асық (маған), Дастанға құлжа кетеді. Топыралап жүрген балалар тып-тыныш. Асық алаңының жиегінде тізелеріне қос білектерін қойып тамашалап отыр. Көктемгі ауа-райының үні мен кішкенелердің мұрынынан шыққан пысылдағаны ғана естілді. Асық иірілді. Бастайтын Дастан болды.
   Оймақтай жерді қолымен сілтеп: «мынау менің бақытты жерім. Қара!»-деп еңкейіңкіреп барып лақтырып еді, алшы тұрды. Өз сөзін жоққа шығармағанына риза болып қайта барып: «Тағы қара, міне кетті», -деп лақтырып еді асығы қисалаңдап барып бүкірейіп барып бүк түсті. Кезек менде, лақтырдым, құлжасы қуысын көрсетіп шік түсті. Басталғаннан жолым болмады. Ойнап жатырмыз, менде қалсыпай терлеп-тепшіп бірдеңемді түсіремін. Ішімнен ұтуымды қалап, жақсы ниетпен лақытырамын.  Көңге таяп қалдық. Дастан көзді ашып жұмғанша жиырма төртке келді, мен болса езліңкіреп, кішкене қалып жиырма екі де тұрмын. Кезек менде еді, құлжаны ішімнен «суфлеп», кішкене түкіріктеңкіреп «ал, түс!»,-деп атып жіберіп едім, алшы тұра қалғаны. Қуанып кетіп, лақтырған жерімдегі асықты алып, қайта орныма келе қалдым. Қимылдарым баяу шығып жатыр. Дастан екі көзін алмай үңіліп қарап тұр. Шамасы, қаралық жасап кетеді деген пікірі болса керек. Қайта лақтырдым, домалаңдап барып тәйкі тұрды. Ал Дастан тұрған орнында атады. Қобалжу бар: «орныңнан жылжыма, адымдап атпа!»,-деп ескерту жасап жатырмын. Дастан оң көзін жұмып, сол көзімен нысанаға алып, бар күшімен, оң қолымен атып жіберді. Ұшып келіп бәтіңкеме «тарс!» тиді. Қуанып кеттім. Есеп теңесті. «Ух, Дәркембайға алшы, тәйкі тұрғанда, маған тұрмағаның жарамас»,-деп ішімнен күбірлеп байыппен алдыма тастап жіберіп едім «омпы» түсе қалды. Отырғандар шулап кетті. Біреуісі «омпы», енді біреуісі «оңқы» деп қолдарымен көрсетіп мәз болып қалды. Дастанның көзі шарасынан шығып кете жаздады. Елу бес асығын қимастықпен беріп еді бес асығын жомарттықпен қайтарып бердім. Кешкісін, қалтамдағы асықтардың түгелін Дәркембайға апарып бердім. Ал, Дәкең күткендей қуанып кетті. Бірақ, құлжасын бәске тіккенімді біраз уақыттан кейін бірақ айтып едім, күлгені.
-Не үшін күлдің?
-Жаның мұрыныңның ұшына бірақ келіпті ғой. Жарайсың, әй азамат!-деп арқамнан оң қолымен дүңк-дүңк еткізіп қағып жіберді. Бар шаруаны бітіргеніме риза болдым. Қазақ айтады: «Тәуекел түбі желқайық, өтесің де кетесің»,-деп. Дәп солай болды. Құлжаны бәске тікпесем, онда Дәркембайдың жүзіне бедірейіп тұрып қарай алмаушы едім. Дәркембай ұтқан елу асығымды қайтарып берді. Құрығанда өзің бергендерін ал деп едім, азарда-безер болды.
-Мырзаш, үйренесің, қорықпа! Мынау сақа,-деп арасынан сақасын сайлап берді. Содан бері ес білгенше көктем шықса болғаны асық қуатын болдық. Ауылдағы ең аз асық жинағандардың бірі менмін – бес жүз. Дәркембай болса дорба-дорба сықырлатып жинады. Кейіндері Дәркембай ес білді, ал інілері болса Дәкеңнің түгел асығынан айырылды. Үстіне саспай көп бергендей менде бес жүзімімді бергенмін, ол да жоқ. Ал, менің қолымда жалғыз қалғаны Дәркембайдың өзі сайлап берген сүйек-сақасы ғана. Көктем мезгілінде ауылға барғым келіп жүргені... Асық ойнауды сағындық.

Серік ҚАНТАЕВ.

Abai.kz

0 пікір