Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 7997 0 пікір 27 Мамыр, 2010 сағат 04:17

Қобыланды батыр көп тәңірге табынған ба?

Редакциядан: «Ана тілі» республикалық апталығының 2010 жылдың 15 сәуіріндегі №15 санында осы газеттің тілшісі Жанар Елдосқызының «Қарақыпшақ Қобыланды» атты мақаласы жарық көрген болатын. Мақала авторы фольклорлық мұраларды талдап, халықтың рухани мұрасын насихаттауға тырысқанымен, бірқатар астары күмәнді пікірлерге де орын берген. Оған дәлел - біздің редакциямызға хабарласқан Нұраддин Өзбекхан атты жас әдебиеттанушының осы мақаласы. Н.Өзбекхан бізге жазған хатында Ж.Елдосқызының жоғарыда аталған мақаласына қарсы мақаласының бір айдан бері «Ана тілінің» ауылын жағалап, есігінен сығалай алмай жүргендігін ашына жазыпты. Сөз бостандығын ту еткен қазіргі қоғамда өздері жариялаған мақалаға қарсы пікірге орын бермеген газет басшыларының біржақты ұстанымы - бізді де бейжай қалдырмады. Оның үстіне, әңгіме бүгінгі таңдағы әдебиеттану ғылымына сыналап кіріп келе жатқан жат қылық, жағымсыз құбылыс жайлы болғандықтан, Н.Өзбекханға «Үш қиян» мінберін ұсынғанды жөн көрдік.

Редакциядан: «Ана тілі» республикалық апталығының 2010 жылдың 15 сәуіріндегі №15 санында осы газеттің тілшісі Жанар Елдосқызының «Қарақыпшақ Қобыланды» атты мақаласы жарық көрген болатын. Мақала авторы фольклорлық мұраларды талдап, халықтың рухани мұрасын насихаттауға тырысқанымен, бірқатар астары күмәнді пікірлерге де орын берген. Оған дәлел - біздің редакциямызға хабарласқан Нұраддин Өзбекхан атты жас әдебиеттанушының осы мақаласы. Н.Өзбекхан бізге жазған хатында Ж.Елдосқызының жоғарыда аталған мақаласына қарсы мақаласының бір айдан бері «Ана тілінің» ауылын жағалап, есігінен сығалай алмай жүргендігін ашына жазыпты. Сөз бостандығын ту еткен қазіргі қоғамда өздері жариялаған мақалаға қарсы пікірге орын бермеген газет басшыларының біржақты ұстанымы - бізді де бейжай қалдырмады. Оның үстіне, әңгіме бүгінгі таңдағы әдебиеттану ғылымына сыналап кіріп келе жатқан жат қылық, жағымсыз құбылыс жайлы болғандықтан, Н.Өзбекханға «Үш қиян» мінберін ұсынғанды жөн көрдік.

Ресей империясының күшіне мініп, айналасындағыларға билігін жүргізе бастаған тұстан-ақ, европацентристік көзқарасқа сәйкес, қазақ халқының рухани мол мұрасын көзге ілмей, сендерде тарих, мәдениет, білім-ғылым деген өркениеттік ұғымдар болмаған деген «ғылым» қалыптасты. Сол «ғылымның» кесірінен, көшпенді түріктің ұрпағы надан, сауатсыз, мәдениеттен тысқары деп танылып келді. Орта ғасырлардан бері әлемге өркениет ұрығын сепкен дінің мен мәдениетің - ескілікке, шаманизге телініп, жарымжан ұлт болып таныстырылдық. Соның салдарынан, қазақ халқының өткендегі рухани мұрасына ортағасырлық, артта қалушы мәдениет деп тыжырына қарайтын, немесе, «мұндай мәдениетті «ғылыми» негізде ғана зерттеу керек» деп астамсып, жоғарыдан қарайтын тұтастай бір «элиталық» толқын қалыптасты. Солар жасаған қазақтың мәдениетін кемсітуге бағытталған шовинистік ғылым, солар ашқан жаңалықтар тәуелсіздігімізді алғалы қанша жыл өтсе де үстемдік етіп отыр.

Бұл сөзіміздің дәлелін 2010 жылдың 15 сәуірінде республикалық «Ана тілі» басылымының №15 санында жарық көрген «Қарақыпшақ Қобыланды» мақаласынан байқадық. Мақала авторы - Жанар Елдосқызы атты замандасымыз екен. Автор, негізінен, жырға талдау жасауға тырысқан. Қобыландының дүниеге келуінен бастап, оның батырлығы, ақылдылығы, сымбаттылығы, шешендігі мен оны қоршаған жақын-жуықтары, тұлпары сөз болады. Бұларға қоса, Ж.Елдосқызы жырдағы діни сарындар мен мұраның тарихилығына «Әрине, Мәлік Ғабдуллин келтіргендей, жырда көп тәңірліктің, аруаққа сыйынудың көріністері көптеп кездеседі, дегенмен туынды тарихи факт емес екендігін мойындай отырып, оның 19-ғасырда ғана жинақталғанын ескерсек, халықтың бертін келе Исламға қарай бет бұра бастағандығы, жастардың бойынан имандылықты іздегендері жоғарыда айтқан дәлелдерден айқын байқалады» деп, «баға береді». Біз енді автор тарапынан білдірілген осы пікірге тоқталайық.

Ең әуелгі әңгіме Ж.Елдосқызының «туынды тарихи факт емес» деген пікіріне байланысты болсын. Бұған қатысты тарихшы Е. Бекмаханов өзінің «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» еңбегінде: «Фольклорлық материалдың маңыздылығы сонда, ол тарихи оқиғалар мен жеке адамдарға дәл және көбінесе дұрыс бағасын береді. Себебі, тарихты жасаушы және суреттеліп отырған оқиғалардың тікелей қатысушысы халықтың өзі болып табылады» - десе, оның ойын белгілі фольклортанушы О.Нұрмағамбетова «Некоторые вопросы сопоставительного изучения казахского эпоса» еңбегінде былай деп жалғастырады: «В его фольклорном репертуаре наряду с песнями, сказками, пословицами и поговорками имеется много традиционных эпических произведеий, отражающих жизнь и историю казахского народа с древних времен до наших дней».

Бұл ғалымдарды алаштың біртуар азаматы Әлихан Бөкейханов «Қара Қыпшақ Қобыланды» еңбегінде: «Тарихтың екінші түрлісінің (мұны орыс тілінде история культуры дейді) пайдаланғаны - жұрттың болмыс-салты, рухани мәдениетінің дәрежесі. Бұлардың бәрі сол жұрттың сол заманғы тіккен үйінен, киген киімінен, ұстаған аспаптарынан, сөздерінен білінеді. Анық тарих - осы екіншісі. Бұған жем нәрселер (материал) жақсы, шын ақындар шығарған, бұзылмаған жырларда болады», - деп құптай түседі. Сонымен, осы фольклордың тарихи дерек көзі ретіндегі маңыздылығына келгенде ғалымдарымызыдың пікірі бір жерден шығып отыр. Халықтың тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымын көрсеткен тарих қана анық тарих екендігіне біз де қосыламыз. Ал, ондай тарихты біз кейбір сыңаржақ ғалымдарымыз мойындағысы келмейтін жырлардан, шежірелерден, мақал-мәтелдерден, аңыз-әңгімелерден, тіпті әжелеріміздің қызықтыра айтқан ертегілері мен аналарымыздың ыңылдай айтқан бесік жырларынан таба аламыз. Себебі, халық ауыз әдебиетінің қай жанры болмасын, өзінің пайда болған уақытының көңіл-күйін білдіреді.

Қазіргі таңда батырлар жырын филологиялық тұрғыдан зерттеп жүрген ғалымдарымыз баршылық. Бірақ бұл мұра әлі күнге дейін Қазақстан тарихы ғылымы тұрғысынан өз бағасын ала алмай келеді. Оған жоғарыда сөз еткен европацентристік ұстанымдар себеп болып отыр. Сондықтан, бүгінгі таңда тарихи кезеңдер бойынша мағлұмат алатын дерек көзі ретінде пайдаланатын уақыт жетті.

Енді «Қобыланды батыр» жырын этнологиялық дерек көзі ретінде қарастыртырып көрейік. «Қобыланды батыр шынайы тарихи тұлға. Ерліктің символына айналған тарихи қайраткер. Қазақ халқының қаһармандық жырындағы ең танымал батыр, қазақ эпосына кейіпкер болған адам. Оның тарихи тұлға екендігін дәлелдейтін жайт - 2006 жылдың 26 тамызында Қобда ауданының Жиренқопа ауылында Қобыланды батырдың сүйегін қайта жерлеу рәсімі өткізілді», - дейді Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Е.Құрманбеков. Бұл келтірілген деректер - Қобыландының тарихи тұлға болғандығын, ал жырдың тарихи дерек көзі бола алатындығын айғақтай түседі.

Хош, сонымен, Жанар Елдосқызының «жырда көп тәңірліктің, аруаққа сыйынудың көріністері көптеп кездеседі» деген екінші пікіріне келейік. Бұл пікір де тым дәлелсіз, ұшқары айтылған.   Халықтың рухани мұрасын ескіліктің қалдығы, көпқұдайлық дәуірдің сарқыты етіп көрсету - қазіргі таңда елімізде кеңінен қанат жайып келе жатқан кейбір керітартпа діни көзқарастағы «ғалымсымақтардың» әрекеті. Олардың мақсұты - қазақ халқының ауыз әдебиетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін көпқұдайлық дәуірден қалған деп көрсетіп, онда монотеистік ислам дініндегі кешірілмес күнә - құдайға серік қосу (ширк, мушрик) элементтері бар деп көрсетіп, түбегейлі жойып тыну. Ал мұнда ешқандай тәңірлік наным-сенімдердің, көпқұдайлықтың элементтері жоқтығын, керісінше, дәстүрлі ислам діні, оның ішінде түркі топырағында өркен жайған сопылық ілімнің элементтеріне толы екендігін - жырдың өзін оқығанда көз жеткізуге болады. Мұны неге екені белгісіз, мақала авторы еш жерде атамайды. Әлде білімі жетпеді (байқамады деуге келмейді, өйткені жырдың бойында тұнып тұр), әлде мойындағысы келмеді, ол жағы Ж.Елдосқызының өзіне аян.

Сөзіміз құрғақ болмас үшін жырдан үзінділер келтіре отырып дәлелдейік. Әлқисса, жырда Қобыланды дүниеге келмес бұрын, бір перзентке зар болған атасы Тоқтарбай мен анасы Аналық оны әулиелерді жағалап жүріп табады. Яғни ол жырда
Әулие қоймай қыдырып,
Етегін шеңгел сыдырып,
Жеті пірге танысқан.
Әулиеге ат айтып,
Қорасанға қой айтып,
Қабыл болған тілегі. -
деп келеді. Энциклопедиялық еңбектерде «әулие» сөзі - «тақуалығымен, Құдайға ғашықтығымен оның сүйікті достарына айналған құлдар» деп анықтама берілсе, «пір» дегеніміз - «қажы, қазірет, ишан сияқты ірі дінбасыларына байланысты қолданылатын ұғым. «Пір» сөзі - парсы тілінен аударғанда «ұстаз» дегенді білдіреді. Көп жағдайда пір - әулие атанып, тақуалық ғұмыр кешеді. Діни ұғымда пір - қолдаушы, сүйеніш болып есептелінеді, аруақ туралы түсінікке жақындайды» деп түсіндірілген. Яғни жеті пір дегеніміз - сопылық ілімнің негізгі культі әулиеліктің сатылары. Бұл әрбір сатының белгілі бір мөлшерде әулиелері болады. Бұлар туралы жырдың өне бойында ондаған рет қайталанады.

Осылайша, Құдайдың беруімен, әулие-пірлерінің демеуімен дүниеге келген Қобыландының көкірегі елдің қайғысына жүкті болып ер жетеді. Батыр да, батыл, ақылды жаратылған Қобыланды - ауыл-аймағы, алыс-жақынына сыйлы болып өседі. Оны қырық мың әскер қол алып қызылбасты шабуға ноғайлы аймағындағы Қырлы қала мен Сырлы қалаға аттанып бара жатқан Қараманның
Дуа тиген керемет,
Атағы жұртқа мәлім ед.
Баса жүріп қонысын,
Барса ертіп алайық.
Ермесе бата сұрайық,
Жақсыдан тиер шарапат! - деген сөзі дәлелдей түседі. Бұл жердегі «дуа тиген» тіркесі - бата алған дегенді білдіреді. Яғни, Қобыланды батырдың әу баста - Ақтамберді жырауша айтсақ, «пірлердің демі, шілтеннің шылауы тиіп» дүниеге келгенін меңзеп отыр. Бұған қоса, «жақсыдан - шарапат, жаманнан - кесапат» деген халық даналығына да мән берілген.


Қараман туралы сөз еткен соң, басты қаһарманның жан жары - ақылды сұлу Құртқаның көрегендігі туралы айтпай кету мүмкін емес. Қызылбасты шабуға кеткен қият тайпасының батыры Қараманнан бір күн кеш шыққан Қобыландының жорық жолын айна-қатесіз дәл болжап, қалай әрекет етуі керек екендігіне дейін ақыл-кеңесін берге Құртқаның да әулиеліктен ада болмағандығын байқауға болады.
Жанар замандасымыз жырда қандай көпқұдайлықты меңзегенін қайдам, онда тек
Артымда жау қалдырман,
Берсе құдай несіпті... -
деген, немесе
Батасын беріп қол жайып,
Жад қылады құданы...
...Артымнан жоқтар ағам жоқ,
Алладан басқа панам жоқ...
тіпті, қала берді
Маңдайынан иіскеп,
Шүкір ғып хаққа тұрады...
...Жалғыздықты айтып жабығып,
Бір тәңірге зарығып,
Сонда тұрып налыды...
деген жолдар кездеседі. Егер, Қобыландының қысылған кездегі
Жар болғай алла өзіме,
Шыбын жаным көрінді
менің көзіме.
Кәміл пірлер, құлақ сал
Ауыздан шыққан сөзіме...
деген шумақтардан, немесе
...Қысылған жерде дем берер
Ықылас ата, Шашты Әзіз,
Жеті кәміл пірім-ай,
Сарт болып-ақ кеттің бе?
Жалғыздық қайғы басымда,
Жолдасым жоқ қасымда,
Мұндай қайғы көріп пе ем,
Өзімнің өмір жасымда?
Кәміл пірлер, жар болмай,
Салғаның ба уайым?
Бір өзіңе сыйындым,
Жарылқаушы құдайым!
деген жолдардан көп құдайға сыйыну элементтерін іздесек - анық адасқанымыз. Себебі, үзіндіні зер салып оқыған адам жырдағы кейіпкерлердің әулие-әнбие, машайық, пірлерді жағалап, жәрдем тілеуінің өзіндік сыры барлығын ұғынады. Олар (әулиелер, пірлер) - пендесінің мұң-мұқтажын, тілегін жаратушыға жеткізуші, сол тілектің орындалуын Құдайдан жалынып сұрайтын ақ жүрек, ізгі жандар. Дәлірек айтсақ, адам баласын Алла Тағаламен жалғастыратын себепші (уәсила) десек те болады. Олар тек Құдайдан перзент сұрағанда ғана емес, қаһармандарының басына қандай да бір қиын іс түскен сын сағатында да рухани көмек қолын созып, демеу болады. Кейіпкерлердің қысылған шағында ауызға әуелі Алладан соң әулие-әнбие, кәміл пірлерді алуы да сондықтан.

Жырда Қобыландының пірі деп, көбіне Баба түкті Шашты Әзиз әулие аталады. Мұның өзіндік себептері бар. Біріншіден, оның өзі және ұрпақтары - «Ноғайлы жырлары» деп аталатын үлкен эпикалық топтаманың кейіпкеріне айналған Едігенің арғы бабасы. Екіншіден, ол - Ислам дінін таратушылардың бірі. Халық ұғымында оның өзі де қолына қару ұстаған батыр ретінде белгілі. Сол себепті ол ел қорғаған батырларға пір болуға лайықты.
Сопылық танымда әулиеліктің жоғарғы сатысына жетпеген адамның дұға-тілегі қабыл болуы үшін, пірлерінен медет тілейтін салты бар. Мысалы, осы жырда
...Қырық пайғамбар аты бар,
Қырда Қыяс пайғамбар,
Ойда Илияс пайғамбар,
Сізден басқа кімім бар?..
...Қысылған жерде дем берсін,
Жылқышы Қамбар піріміз...
...«Түсірем, - деп, - атып дәл,
Кәміл пірлер болса жар»... -
деп жәрдем тілейді. Мұны көп тәңірге табынушылық деп бағалауға болмайды. Себебі, мұнда тілектің қабыл болуы үшін жәрдем сұралады. Аруақ ешқашан Құдайдың барлық сипаттарымен теңестірілмейді. Мұнда бар болғаны, Құдайға бар қылығымен, құлшылығымен жаққан, бір табан жақын әулиенің тілегі менікінен бұрын мүлтіксіз қабыл болады деген сенім ғана бар.
Құдайды жад етпей, пірлерді елемей іс қылғанның ақыры қандай болатыны да жырда анық сипатталады.
Асып-тасып екеуі
Алланы алмай аузына,
«Барайық десең жүр», - дейді.
Ер салды атқа батырлар
Алтынды тұрман тағынып,
Екі батыр жөнелген,
Сыйынбай пірге жаңылып.
Осылайша Қараман мен Қобыланды Қырлы қала мен Сырлы қаладан олжалаған жылқыны місе тұтпай, Көбіктінің жылқысын шабуға аттанады. Мақсаттарын орындап, қайтып келе жатқанда Көбіктіге жайсыз хабар жетіп, ол жылқы соңынан шабады. Ал бұл кезде Қобыланды қалың ұйқыға кетеді. Арттарынан қуып жеткен Көбікті Қараманды құлатып, Қобыландыны жатқан жерінен басып, екеуін де тұтқындап, пенде қылып еліне әкеліп, зынданға тастайды. Жырда бұл тұс
Бағы тайып басынан,
Пірлері тайып қасынан,
Жан торсыққа ұсады.
Жеті кәміл бабасын
Жад етуге жаңылып,
Енді қара басады!
деп суреттеледі. Сөйтіп, байлауда жатып зарланып, Құдайы мен пірлерін еске алып, тәубаға келгеннен кейін ғана қайтадан әруағы асып, мейманасы тасады.
Екі батыр зарланып,
Жатқаннан соң байлауда
Кәміл пірі жебеді.
Пірлері мәдет бергесін
Қобыландыны көргесін
Нұры балқып батырдың
Балқыды сұлу денесі.
Қобыландыдай батырдың,
Аруағы асады,
Қобыландының айбаты
Арыстанға ұсады.
Енді жырда көп кездесетін жад қылу тіркесіне тоқталайық.

Жад деген сөз - қазақ тілінде «ес» деген сөздің мағынасын білдіреді (мысалы, «жадыңа тоқып ал»). Сонда жад ету - «еске алу» деген сөздің мағынасын беретін болып шығады.
Дұрыс, Жанар Елдосқызы өз пікірін М.Ғабдуллинге сүйеніп жасаған. Алайда, ол дәуірде мүмкіндіктердің шектеулі болғандығынан, мұндай еңбектер дінтанулық тұрғыдан әлсіз зерттелгені ешкімге жасырын емес. Енді осындай азаттық алған тұсымызда күні өткен тұжырымдарды алға тартып «еңбек» жаза берсек не болады? Ол ұғымдардың қазір қате екендігін айтпасақ, ғылымның дамығаны қайсы?
«Қобыланды батыр» жырындағы діни ұғымдардың мағынасын ашып, діни қайраткерлердің шығу тегін талдап, түсіндірген осы мақаланы оқыған көзі ашық адам мұндағы діни қайраткерлер - Қ.А.Ясауи негізін салған сопылық ілімнің өкілдері екендігін, діни ұғымдар - осы тариқаттың аясында қолданылатын сөздер екендігін, жырда ешқандай да көптәңірліктің, пұтқа табынудың көріністері жоқтығын ұғынған болар.
Күні кеше ғана кейбір ғалым апаларымыз бастап, жыраулар мұраларын қайта басып шығарамыз деп, Алла сөзін Аллаһ деп өзгертіп, рухани дәстүрімізді унификациялауға ұмтылғаны есте. Сол сияқты Жанар замандасымыздың да аталған мақалада батырлық жырлардан көп тәңірліктің сарынын іздеуі - тұтастай дәстүрлі мәдениетімізге жасалатын ревизиялаудың басы болмасын!..

Нұраддин ӨЗБЕКХАН
Алматы

«Үш қиян» газеті, 20-мамыр, 2010 жыл

 

0 пікір