Жұма, 26 Сәуір 2024
Мәйекті 4354 0 пікір 2 Шілде, 2015 сағат 13:40

МҰРАТ БАҚТИЯРҰЛЫ: ҰРПАҚТЫ ҰЛТ ҚАЖЕТІНЕ ТӘРБИЕЛЕЙІК


         Бүгінгі талқыланып отырған заң жобасы еліміздегі дербес білім беру ұйымдары үшін құқықтық ортаны қалыптастыруымен қатар, дарынды жастардың бәсекеге қабілетті жан-жақты білім алуына толық жол ашады. Елбасының тікелей бастамасы мен қолдауының арқасында 2011 жылы арнайы заң қабылданып, онда Зияткерлік мектептерді құру арқылы білім беру жүйесінде басқарудың жаңа формаларын енгізу, академиялық еркіндік, оқытудың инновациялық бағдарламалары мен ғылыми жобаларды жүзеге асыру міндеті тұрды. Бұл жоба қазір өз дәрежесінде жүзеге асырылып келеді деп айтуға болады. Сондықтан да заң жобасын толық қолдай отырып, білім беру саласында әлі де болса шешімін таппай келе жатқан мәселелерге министрдің назарын аударғым келеді.

         Министр Аслан Бакенұлы өзінің баяндамасында айтқанындай, қазір елімізде 19 «Назарбаев зияткерлік мектептерінде 11714 дарынды оқушылар білім алып, оған 2044 мұғалім сабақ береді, олардың орташа айлығы 250-300 мың теңге, ал шетелден шақырылған 283 мұғалімнің жалақылары 740-925 мың теңге шамасында, сонымен қатар олардың әрқайсысының пәтер ақыларына жылына 2 млн теңге, ал өз елдеріне жылына екі рет барып қайтуы үшін 460 мың теңге көлемінде көмек беріледі. Яғни, шетелден шақырылған бір мұғалімді ұстап тұру үшін жылына 12 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалады екен».

         Бұл өте қомақты қаржы. Сондықтан да көп қаржыны қажет ететін шетелден мамандарды шақыртуды азайтудың жолы Елбасының тікелей қолдауымен әлемнің үздік оқу орындарында «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқып келген білікті мамандарымызды тартуды жедел қолға алу керек.

Қазір елімізде 7561 орта білім беретін мектептерде 2,5 млн оқушы оқиды, оларға 300 мыңға жуық мұғалімдер сабақ береді. Олардың орташа жалақысы 45-62 мың теңге шамасында ғана. Мұның үстіне осы мектептердегі қағазбастылық мәселесі сын көтермейді. Қазір мұғалімдердің пәнді терең білуі, оның ізденуі мен сабақтың мазмұнын терең түсіндіріп беруі басты талапқа жатпайтын болды. Керісінше сабақ жоспарының жасалуы, баға қою дәптері, оқушылардың сабаққа келуін тексеру журналы, факультатив журналы, оқушының жеке іс-парағы, ҰБТ-ға дайындау басты көрсеткішке айналды. Сонымен бірге мектептерде таусылмайтын тексеріс, қаптаған комиссияларға қаржы жинау орта білім беру саласын шырмап алған. Ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілігі – білім беру сапасына тікелей байланысты. Бірақ қаптаған қағаз, бітпейтін комиссия тұрғанда білім бәсекеге қабілетті бола ала ма?

Бізге таусылмайтын қағаз толтырудан гөрі, терең білімді, сауатты ұрпақ  дайындау маңызды болса керек. Демек, орта мектептерге қағазбастылық пен тексерулерге шектеу қойылу керек.

Биылғы мектеп бітірген оқушылардың 44-мыңы ҰБТ-ге қатысқан жоқ, ал ҰБТ-ге қатысқан 81-мың оқушының 15-мыңы, яғни әрбір бесінші талапкер 50 баллдан төмен балл алды. Демек биылғы оқу жылында еліміздің орта мектептерін бітірген 125-мың оқушының 60-мыңы, яғни әрбір екінші оқушыны 9-шы сыныптан кейін кәсіптік оқу орнындарына бағыттай алғанымызда мемлекеттің 25 млрд. қаржысын үнемдеп қалған болар едік.

Министрлік орта білім беру саласында жан басына қарай қаржыландыру жүйесіне көшуді кешеуілдетіп келе жатқаны түсініксіз нәрсе, мұны бұдан әрі соза беруге болмайды.

Осыдан үш жыл бұрын Білім және ғылым министрлігі кәсіптік орта оқу орындарын бітірушілердің  жоғарғы оқу орнына түсулері үшін олардың орта мектеп бағдарламасы негізінде тест тапсыру туралы асығыс шешім қабылдады. Өйткені орта мектептің толық бағдарламасы бойынша 10-11 сыныптарда, яғни екі оқу жылында оқитын пән сабақтары 9-сыныптан кейін  оқуға түскен колледж оқушылары қысқартылған түрде, 1 жыл көлемінде ғана оқыды. Мысалы, жоғарғы оқу орнына түсу үшін кешенді тестілеу бойынша міндетті түрде тапсыруға тиісті математика пәні колледждерде 66,7%(пайыз), тарих пәні 38,2%  (пайыз) көлемінде ғана оқытылады. Енді келіп кәсіптік орта оқу орындарында оқытылмаған, өтілмеген, түсіндірілмеген пән тақырыптары бойынша тест сұрақтарына олар қалай жауап береді?

Осыған дәлелді мысал келтірейік. Елімізде жыл сайын кәсіптік орта оқу орындарын 80-мыңдай оқушы бітіреді, олардың басым бөлігі жоғарғы оқу орнына кешенді тест тапсырады, соңғы үш жыл бойы кәсіптік орта оқу орындарын бітіріп, жоғарғы оқу орнына түскісі келгендердің 70% (пайызы) кешенді тестілеуден өте алмаған. Бұл өскелең жас ұрпаққа тәжірибе жасау сияқты болып көрінеді. Сондықтан колледж түлектерін жоғарғы оқу орнына кешенді тест тапсыру арқылы қабылдау жүйесін орта мектеп бағдарламасы негізінде емес, кәсіптік орта мектеп оқу стандарты негізінде енгізу керек еді, бір топ депутаттар бұл мәселені үкімет басшысының назарына жеткізген де болатынбыз. Өкінішке орай құрғақ уәде, сырғытпа жауаптардан министрлік аса алмай келе жатыр.

Жыл сайын ҰБТ-ден 50 баллдан төмен алған мыңдаған талапкер жекеменшік жоғарғы оқу орнының дизайн, денешынықтыру  және т.б. творчествалық мамандықтарына қабылданып, бір жылдан кейін экономика, юриспруденция сияқты мамандықтарға ауысып жатады. Білім деңгейі төмен, талапкерлер оқу ақысын төлейді де қалаған мамандықта оқуына жағдай жасалынып қойылды. Мұндай келеңсіздікті тоқтатуға министрліктің құзіреті жетеді деп ойлаймын.

Қазіргі еліміздегі бакалавр деңгейіндегі мамандықтардың 61% (пайызы) бірін-бірі қайталайды, яғни олар өздерінің өңірлеріне қажетті мамандар даярлауды мүлдем назарға алмайды. Жоғары білім алудың қол жетімділік принціпін сақтай отырып, оларға қойылатын талаптарды барынша күшейтіп жоғарғы оқу орындарын тек өңірлердің қажеттілігіне қарай мамандар дайындауды министрлік қолға алуы тиіс.

 Қазір еліміздегі 127 жоғарғы оқу орындарының 82-сі университет статусына ие екен. Оның басым көпшілігінде 2-6 мың аралығында ғана студенттер оқиды, ГЗИ-жоқ, материалдық-техникалық базасы төмен,  классикалық формадағы университетке сәйкес келмейтін жоғарғы оқу орындарының университет мәртебесінен айырып, салалық бағыттағы институт, не академия статусын түсіру тетіктерін жасау қажет деп есептейміз.

Министрдің назарын алыс және жақын шет елдердегі, соның ішінде Өзбекстан, Қытай, Монғолия сынды мемлекеттердегі қазақ тілінде білім беріп жатқан мектептерге, атап айтқанда  шет елдегі қандастарымыздың балалары оқып жатқан қазақ мектептерін оқулықтармен, әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуге және олардың материалдық оқу базасын осы заманға сай болуы үшін нақтылы қолдау мен көмек көрсетіп отыруға да аударғым келеді. Бұл біздің шет елдік бауырларымызға жасаған үлкен бір қолдауымыз болар еді.

Елбасының еліміздегі барлық деңгейдегі білім беру саласын бәсекеге қабілетті болуы үшін берген тапсырмаларын Үкімет, Парламент және қоғам болып бірлесіп толыққанды жүзеге асыруға болады деп есептеймін.

Рахмет!

 

02.VII.2015 ж.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты М.Бақтиярұлының

Палатаның отырысында сөйлеген сөзі

 

Abai.kz

0 пікір